ЕҰУ Қоғамдық қабылдау: ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор студенттердің сұрақтарына жауап берді
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор Жанна Құрманғалиева қабылдау өткізіп, студент-жастардың сұрақтарына жауап берді.
Сонымен, журналистика және саясаттану факультетінің студенті Ерлан Киікбай, сондай-ақ физика-техникалық факультетінің студенттері Жансая Болат және Ақжарқын Қадыл проректорға ғылымға қатысты мынадай сұрақтар қойды:
«ЕҰУ үшін қуанышты жаңалық: екі жыл бұрын білім ордамызға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Бұл қандай мүмкіндіктер ашты, ғылымға қаншалықты тыныс берді? Университеттегі жас ғалымдарға ғылыммен айналысуға қандай жағдайлар қарастырылған?, Скопуспен парапар ғылыми журнал ашуға мүмкіндік бар ма, жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайына байланысты қандай қолдау көрсетіліп жатыр?, Жастардың ғылыми потенцалы мен әлеуметтік деңгейі сізді қаншалықты толғандырады? Жас ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз?”
Студенттердің сұрақтарына жауап берген ЕҰУ ғылым жөніндегі проректоры ел Президентінің тапсырмасы бойынша білім мен ғылым культін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылатын көптеген іс-шаралар өткізілгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға көп көңіл бөліп отыр. Қазір ғылымға бөлінген қаржы 3 есе өсті, 247 зерттеу жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жас ғалымдар салмағы басым. Соңғы екі жыл ішінде 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар үлесі 36 пайыздан 54 пайызға дейін артты. «Жас ғалым» жобасы қолға алынып, жүзеге асуда. Оның мақсаты елімізде ғалымдардың санын көбейту. Мегагранттар бөлінуде және үш жылда 100-ден астам ғалым әлемдік тағылымдамадан өтті. Демек, жыл сайын 500 ғалым тағылымдамаға барып жатса, соның қырық-елуі біздің Еуразия ұлттық университетінен», - деді проректор Жанна Құрманғалиева.
Оның айтуынша, соңғы жылдары отандық ғылымға бөлінетін бюджет қаражаты бірнеше есеге өсті. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ғылым қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және «Отбасы Банкі» АҚ-мен келісімге қол қойып, жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз етудің арнайы бағдарламасын іске қосты.
Екі сағатқа созылған сұрақ-жауап барысында зерттеу университетінің мақсаты мен міндеттері, стратегиялық жоспары, жас ғалымдардың нәтижелі ғылыми жұмыстары және әлеуметтік жағдайына байланысты көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлық, оның ішінде күні кеше ғана баспаналы болған жас ғалымдар қуанышы, тағы басқа да тақырыптар әңгіме арқауына айналды.