ЕҰУ-да шахматтан турнир өтті
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті механика-математика факультеті, «University Sport Centre» кешені және University Chess League (UCL) клубының ұйымдастыруымен студенттер арасында шахматтан турнир өтті.
Отан қорғаушылар, Жеңіс күні және ЕҰУ-дың туған күніне орай ұйымдастырылған турнирдің ашылу салтанатында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, механика-математика факультетінің деканы Данияр Қозыбаев және UCL шахмат клубының ұйымдастырушысы Әлмұханбет Орынбасар сөз алып, шахмат ойынының студенттердің ой-өрісін дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Турнирге 8 факультеттен 9 команда, 27 спортшы қатысты. 200 мың теңге жүлде қорын ұйымдастырушылардың бірі UCL шахмат клубы құрды. Турнир айналма жүйе бойынша өтті. Бірінші орынды жаратылыстану ғылымдар факультеті, екінші орынды сәулет-құрылыс факультеті, үшінші орынды экономика факультетінің «Экономика-1» командасы жеңіп алды.
«Мен шахматты 7 жасымнан ойнаймын. Шахмат тез ойлауға, шешім қабылдауға үйретеді. Пара Азия ойындарында үшінші орын, республикалық жарыста екі рет бірінші орын алдым. Балаларды осы спорт түріне қызықтыру керек», - деді экономика факультетінің команда капитаны, 1 курс студенті, спорт шеберлігіне кандидат Әлімжан Аяпов.
«University Sport Centre» кешенінде жарысқа қатысушыларға барлық жағдай жасалған.
«Біздің шахматшылар жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Жаратылыстану ғылымдары, экономика, механика-математика, сәулет-құрылыс, физика-техникалық факультетінің студенттері қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Біздің міндетіміз шахмат спортына келгендерге жағдай жасау», -дейді спорт клуб менеджері Ерик Чинчалинов.
Турнирге халықаралық дәрежедегі ұлттық төреші Данағұл Айбек төрелік етті.
Сайыс қорытындысы бойынша командалық есепте ІV орын – Механика-математика, V орын – Көлік-энергетика, VІ орын – Заң, VІІ орын – Экономика-2, VІІІ орын – Халықаралық қатынастар, ІX орын – Журналистика және саясаттану факультеті.
Жеңімпаздар мен турнирге қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.