С.М. Киров атындағы зауыт ЕҰУ студенттерін ақылы тағылымдамаға қабылдайды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар өнеркәсіптік технологияларды дамыту бойынша тәжірибе алмасуға, ғалымдар мен инженерлерді техникалық қайта даярлауды дамытуға ниетті. Зауыт өкілдері ЕҰУ студенттерін ақылы өндірістік тағылымдамаға қабылдауды жоспарлап отыр.
Еуразия ұлттық университеті және С.М. Киров атындағы зауыт ғалымдары ғылыми бағыттағы ынтымақтастықты дамытуда. ЕҰУ «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» кафедрасының меңгерушісі Қанат Маханов «RFID жүйесі үшін дөңгелек поляризацияланған антеннаны жобалау» жобасын жүзеге асыруда. Ғалым ғылыми зерттеулерін жүзеге асыру барысында қажетті заттарын осы зауыттан сатып алады.
«Біз зауыттан өзіміздің зерттеу жобамыз үшін баспа платаларын сатып алдық. Себебі олардың бұл өнімі жоба шеңберіндегі талаптарға толық сәйкес келеді. Болашақта біз өз университетімізде жобаның алғашқы нәтижелерін енгізу бойынша ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытамыз», - деп түсіндірді ғалым.
Тараптар ғылыми және білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Физика-техникалық факультетінің 15 жылдығына арналған «Ғылым және бизнес: даму жолдары» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оған акционерлік қоғамдардың, ғылыми институттардың, геология, космология, өнеркәсіп, физика саласындағы бірлестіктердің өкілдері және академиялық қауым мен студенттер қатысты.
«Меморандумға қол қою - ғылым, білім және өндірістік интеграция саласындағы стратегиялық маңызды қадам. Біз ынтымақтастық шеңберінде бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ студенттерді өндірістік базада тәжірибеден өткізу арқылы жоғары білікті кадрларды даярлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Меморандум ел игілігі үшін ғылым мен өндірістің одан әрі байланыстарын нығайтуға берік негіз қалады деп сенемін», - деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов.
С.М. Киров атындағы зауыттың бас директоры Алмас Нұрмағамбетов теміржол, мұнай-газ, энергетика салаларында пайдалануға арналған 100-ден астам өнім түрі шығарылатынын атап өтті.
«Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-мен интеграцияны нығайту біз үшін үлкен маңызға ие. Ынтымақтастығымыздың бірінші кезеңінде студенттерді тегін тамақпен, жатын орынмен және ақылы тәжірибеге қабылдауға дайынбыз. Сонымен қатар, ынтымақтастығымыздың аясында ЕҰУ-дың физика-техникалық факультетіне 5 компьютер сыйға тарттық. Алда көптеген жоспарлар мен жобалар бар. Бірлескен жұмыс нәтижелі болады деп үміттенеміз», - деді спикер.