ЕҰУ мен Малайзияның ашық университеті іскерлік байланыс орнатуда
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Малайзия ашық университетінің делегациясымен кездесу өтті. Сапар мақсаты – екі жетекші университет арасындағы ғылыми және білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылау.
Кездесу барысында екі университет арасындағы академиялық ұтқырлық, профессор алмасу, қос дипломдық бағдарламалар және ЕҰУ жанынан Малайзия мәдениеті орталығын ашу аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тараптар алдағы уақытта екі университет арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға келісті.
ЕҰУ-дың стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов атап өткендей, Қазақстан мен Малайзияның екі жетекші жоғары оқу орны өзара тиімді ынтымақтастық үшін үлкен перспективаларға ие.
«Біз Малайзияның 7 жоғары оқу орнымен ынтымақтасамыз. Ынтымақтастық Малайзиядан ЕҰУ-ға сабақ беру үшін шетелдік мамандарды шақыру шеңберінде жүзеге асырылады. Жыл сайын Малайзия технологиялық университеті мен Путра университетінен докторанттарға дәріс оқуға және кеңес беруге профессорлар тартылады. 2022 жылдан бастап 3 шетелдік маман шақырылды. 2013 жылдан бастап академиялық ұтқырлық бойынша Малайзияның жоғары оқу орындарына 18 студент барды. 2023 жылы Малайзия Келантан университетімен бірлесіп MBA бойынша қос диплом бағдарламасын жүзеге асыру туралы шартқа қол қойылды. Біз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз», - деді Д.Айтмағамбетов.
Өз кезегінде Малайзия ашық университетінің проректоры Ахмад Изани ЕҰУ-дың Жазу тарихы мұражайына таңданысын білдірді және оның ғасырлар бойына үзілмес байланысын сезінетінін баса айтты. Сондай-ақ ол бүгінде екі университеттің бірлесіп жұмыс істеуіне көптеген мүмкіндіктер бар екенін және оған бұл ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті барын қосты.
Ахмад Изани сонымен қатар Малайзиядағы 7-ші жекеменшік университет болып табылатын Open University Malaysia (OUM) қызметі туралы да айтып берді.
«Бүгінгі таңда біздің университетте 50-ден астам академиялық бағдарлама бойынша жүз мыңнан астам студент оқиды. 2023 жылы QS Stars үш жыл бойы онлайн оқыту сапасын бағалағаннан кейін OUM-ға 5 жұлдызды рейтинг берді.
OUM-да 4 факультет бар: Бизнес және менеджмент, Технологиялар және қолданбалы ғылымдар, Филология, Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар»,-деп түсіндірді Малайзия ашық университетінің вице-канцлері.
Айта кетейік, бүгінде ЕҰУ-да Малайзиядан 7 серіктес университет бар:
Малая Уэльс халықаралық университеті (2025 жылға дейін);
Паханг университеті (2019-2029);
Путра Малайзия университеті (2022-2032);
Малая университеті (2023-2028);
Мара технологиялық университеті (2023-2026);
Келантан Малайзия университеті;
Малайзия қалалық университеті (2023-2033).