Кастамону университеті ЕҰУ-мен бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастықты ұсынады
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде академиялық бағдарламалардың кең ауқымын ұсынатын және жоғары стандарттарға сай білім беретін Түркияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі Кастамону университетінің өкілдерімен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты туралы Сыртқы байланыстар жөніндегі үйлестірушісі Мұстафа Ақчаоғлу пен Эразмус және шет тілдері бойынша үйлестіруші Мехмет Боллук айтып берді.
Қонақтарды қарсы алған ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләзат Нұрқатова университетіміздің ынтымақтастыққа әрқашан ашық екенін атап өтті.
«Бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркияның 40 серіктес университетімен ынтымақтасады. Биыл университетте 9 түрік студенті білім алуда. Біз екіжақты келісімдер бойынша студенттер мен оқытушылар құрамы үшін академиялық ұтқырлық бағдарламалары, MEVLANA мен ORHUN және шетелдік мамандарды тарту аясында түрік университеттерімен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істейміз», - деді Л.Нұрқатова.
Сондай-ақ ол қонақтарға биылғы жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қонақжайлылық және демалысты ұйымдастыру» пәні бойынша әлемнің үздік елу университетінің қатарына кірген Орталық Азиядағы жалғыз университет екенін айтып берді. Сонымен қатар 2023 жылы ЕҰУ алғаш рет тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу саласындағы үздік университеттер – QS Sustainability Rankings 2024 рейтингіне енгенін жеткізді.
Кездесу барысында Кастамону университетінің өкілдері ЕҰУ-дағы әріптестеріне 2006 жылы құрылған өз білім ордаларын таныстырып, екі бағдарламаны – қос дипломдық білім беру мен академиялық ұтқырлықты жүзеге асыруға назар аударды.
«Біздің университет тек оқудағы табысқа ғана емес, сонымен қатар студенттік өмірді дамытуға және студенттердің мәдени тәжірибесін байытуға да ұмтылады. Университетте 13 факультет, 2 институт, 4 колледж, 13 кәсіптік лицей және 35 кафедра бар. Оқу кампустардағы Османлы дәуіріндегі тарихи ғимараттарда өтеді, бірақ заманауи оқу ғимараттары, кітапханалар, зертханалар және басқа да білім беру ресурстарымен жүзеге асырылады. Университетте 20 мыңға жуық студент бар, оның 3 мыңға жуығы шетелдіктер. Ал профессорлық-оқытушылық құрамға келетін болсақ, бұл құрамда 840 оқытушы бар», - деді Кастамону университетінің сыртқы байланыстар жөніндегі үйлестірушісі Мұстафа Ақчаоғлу.
Мұстафа Өзтүріктің айтуынша, 13 факультеттің ішінде туризм факультеті бар, оның аясында ынтымақтастықты дамытуға әбден болады.
«Біз келесі бағыттар бойынша қос дипломдық білім беруді ашу мәселелерін қарастыруды көздеп отырмыз: түркітану, педагогика, физика, туризм, екі шет тілі, сонымен қатар академиялық ұтқырлыққа ашықпыз», - деп атап өтті Кастамону университетінің Эразмус және шет тілдері жөніндегі үйлестірушісі Мехмет Боллук.
Айта кетейік, 2018 жылдың қазан айында Кастамону университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Университеттің 3 профессоры ЕҰУ докторанттарының шетелдік ғылыми кеңесшілері болып табылады.