6 Октября 2017
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ФАО «Файн Отель Туризм Ишлетмеджилик» (Rixos President Astana) қонақ үйімен 2008 жылдан бері ынтымақтастық етіп келеді.
«Туризм» кафедрасының ұйымдастыруымен 2016 – 2017 оқу жылының 5В090200 – «Туризм» мамандығының білім алушылары жазғы практиканың қорытынды есебін қыркүйек айының 29 күні «Rixos President Astana» қонақ үйінде өткізді.
Ынтымақтастық аясында 2016 жылдың сәуір айында университетіміздің ректоры Сыдықов Ерлан Бәтташұлы отельдің бас директоры Тансел Терджан мырзамен кездесіп, «Туризм» мамандығы мен жалпы қызмет көрсету саласындағы білім беру үрдісін жетілдірудегі екі жақты қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, осы мамандықтың практика базасы ретінде меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар «Туризм» мамандығының 1, 2, 3 курс студенттерінің оқу-өндірістік практикадан өту есебінің конференциясы өткізілді.
Қорытынды есепте мамандық студенттері баяндама жасады. Конференцияға «Туризм» кафедрасының меңгерушісі А.А. Дүйсембаев, кафедрада практика жетекшісі Б.Ж. Шарапаева, кафедра оқытушылары мен студенттері, университеттің «Карьера және бизнес әріптестік» бөлімінің практика жетекшісі У.К. Килибаева мен бөлімнің бас маманы К.К. Маусымбаева, сонымен қатар, «Rixos President Astana» қонақ үйінің мамандары қатысты.
Конференция соңында «Туризм» кафедрасының меңгерушісі А.А. Дүйсембаев «Rixos President Astana» қонақ үйінің «Сусындар және тамақтандыру» бөлімінің басшысы Исагалиев Серік пен кадр бөлімінің маманы Турганбаева Асемге студенттердің қорытынды практикасының есебін осы отельде өтуіне қолғабыс бергені үшін экономика факультеті деканы атынан алғыс хаттарын табыстады.