27 Марта 2018
PROTELECOM - «Казақтелекоммен» кәсіби маман бол!»
2018 жылғы 27 ақпанда Академиялық мәселелер департаменті карьера бизнес-әріптестік бөлімі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, жұмысқа орналасу сұрақтары бойынша студенттермен кездесу өткізді. Аталған кездесуге техникалық мамандық бойынша білім алушылар қатысты.
Қазіргі таңда «Қазақтелеком» Акционерлік қоғамында PROTELECOM - «Казақтелекоммен» кәсіби маман бол!» атты пилоттық жоба жүзеге асуда. Бұл бағдарлама студенттерге ірі Компанияда сынақ мерзімінен өтуге, арнайы белгіленген жетекшіден нұсқаулықтар алуға, мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. «Қазақтелеком» АҚ өкілі – HR директоры Эльвира Анкапова пилоттық жоба жөнінде толық мәлімет берді, оның кезеңдерімен таныстырды. Алғашқы кезең сауалнама толтырудан басталады, одан кейін білім деңгейі тексеріледі, білім алушы өзі жайлы презентация әзірлейді. Кезеңдерден сүрінбей өткен үміткер Қазақтелекомда сынақ мерзімінен өтуге мүмкіндік алып, кадрлар резервіне тіркеледі.
Келесі Астана қаласы жергілікті желілерінің техникалық торабының техникалық директоры Александр Валерьевич Горасько сөз алды. Ол өзінің еңбек жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, студенттердің сұрақтарына толық жауап берді.
Орталық аппараттың менеджері Маржан Омбаева аталған пилоттық жобаға Қазақстанның екі ірі қаласы – Астана мен Аламаты оқу орындарының білім алушыларына жалпы 100 орын бөлінгендігін және Астана қаласынан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Назарбаев университетінің студенттері қатыса алатындығын айтып, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Студенттер іріктеу кезеңіне ерекше қызығушылық танытты. 50-ден аса сауалнама толтырылды. Кездесу соңында белсенді қатысушыларға сыйлықтар берілді.