30 Марта 2018
2018 жылы 30 наурызда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жұмыс берушілер Кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиын алдында Жұмыс берушілер кеңесінің мүшелері Start-up бизнес–инкубаторы және «ENU-lab Ғылыми өндірістік орталығында» болып, зертханалық жабдықтарды аралап көрді. Кеңес мүшелеріне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Start-up бизнес–инкубаторының жетекшісі Айболат Есентеміров және «ENU-lab Ғылыми өндірістік орталығы» директоры ғылыми орталық және зертханалық жабдықтардың атқаратын қызметі мен жобалары туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Жұмыс берушілер кеңесінің кезекті мәжілісін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры Әсемгүл Молдажанова ашып, бүгінгі басқосуда Жұмыс берушілер кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу, цифрландыру мүмкіндіктері, ІТ саласы – кәсіби стандарт негізі, ИИДМБ-2: жаңа жобалар және оны шешудің жолдары сынды өзекті мәселелер қарастырылатынын жеткізе келіп, Жұмыс берушілер кеңесінің құрамына енген жаңа мүшелерді таныстырды.
Естеріңізге сала кетейік, Жұмыс берушілер кеңесінің алғашқы отырысы осыдан тура екі жыл бұрын өтсе, бүгін оның құрамы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен толықты. Олардың ішінде «Холдинг-кәсіпқор» ҰАҚ стратегиялық даму және мониторинг Басқармасының бас менеджері Азель Шайхина, Астана қаласы №48 мектеп-лицей директоры Зәуре Садықова, Ақмола облысы, Аршалы ауданы И.Құтпанов атындағы орта мектеп директоры Ғалия Махметова, т.б. бар.
Жұмыс берушілер Кеңесінің қызмет атқаруы университетті дамытуға және жұмыс берушілермен байланысты нығайтуға мүмкіндік туғызатыны анық. Оның құрамына енген мүшелер негізінен алғанда, университетте мамандар даярлау жүргізілетін қызмет саласы бойынша кәсіпорындар мен компаниялардың өкілдері.
Жұмыс берушілер кеңесінің бүгінгі отрысында ЕҰУ Ақпараттық-технологиялар факультетінің деканы Жанат Нұрбекова «Цифрландыру аясында жоғары білім мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара мүмкіндіктер», Экономика және көлік пен телекоммуникацияны ақпараттандыру ғылыми-зерттеу институтының директоры Ләззат Мейрамбекова «Кәсіптік стандарттардың негізі ретінде ІТ саласының финкционалдық моделі», ЕҰУ Технологияларды коммерциаландыру департаментінің директоры Жұмат Каргин «Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының ЕҰУ-де жүзеге асырылуы: жаңа сынақтар және шешу жолдары» тақырыбында арнайы баяндама жасады.
Жұмыс берушілер Кеңесі университетті дамыту мен жоғары білікті мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелерді шешуде нақты ұсыныстарды жасау мақсатын көздейтін университет пен жұмыс берушілер өкілдерінің арасындағы сұхбат алаңы болып табылады. Кеңестің шешімі ұсыныс және кеңес беру сипатында.
Жұмыс берушілер Кеңесінің мақсаты мен міндеттері:
- сапалы білім беру ортасын қалыптастыру саласындағы мәселелерді шешуге, еңбек нарығының заманауи талаптарын есепке ала отырып, университеттің білім беру және ғылыми әлеуетін нығайтуға жәрдемдесу;
- кәсіби білім беру жүйесін дамытуға, жұмыс берушілердің ұсыныстарын есепке ала отырып, түлектердің кәсіптік құзыретін қалыптастыруға жәрдемдесу;
- білім беру бағдарламаларын сараптау мен әзірлеуге, кәсіптік тәжірибені өткізуге, тәжірибе базаларын кеңейтуге, бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын, жобаларын, іс-шараларын орындауға қатысу;
- түлектерді жұмысқа орналастыруға көмектесу.
Баспасөз қызметі