ЕҰУ-да түлектердің кәсіби дамуы мен жұмысқа орналасуы талқыланды
Еуразия ұлттық университетінде «Түлектердің кәсіптік дамуы және жұмысқа орналасуы: қазіргі еңбек нарығының үрдістері, тәуекелдері мен мүмкіндіктері» халықаралық форумы өтті. Сарапшылар өмір бойы білім беру, студенттердің кәсіпкерлік және кәсіби дағдыларын жетілдіру, жоғары оқу орындарының халықаралық білім беру жобаларына қатысу мәселелерін кеңінен талқылады.
Форумға мемлекеттік органдардың, бизнестің, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, Еуропа елдерінің сарапшылары, Қазақстандағы Ұлттық Эразмус+ кеңсесі, жұмыспен қамту орталықтары, білім беру орталықтары қатысты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің бейнеүндеуінде қазір біз «Өмір бойы білім алу» парадигмасында өмір сүріп жатқанымызды және үнемі біліктілікті арттыру қажет екенін атап өтті.
ЕҰУ ректоры жұмыс берушілермен, оқытушылармен, студенттермен және түлектермен бірлесіп эксперименттік бағдарламалар құруды ұсынды.
«Университеттің мақсаты – елімізге қажетті жоғары білікті мамандар даярлау және жан-жақты дамыған зиялы тұлға тәрбиелеу. Бүгінде экономиканың түрлі салаларында жауапты қызметтерде ЕҰУ дипломын алған мамандар қатары көбейіп келеді. Соңғы жылдары біздің оқу ордамыздағы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішіне 90% жақындады. Біз түлектер мен жұмыс берушілерді біріктіретін платформа жасадық. Жұмыс берушілермен ынтымақтастықты үнемі кеңейтіп, оқу барысында практикаға бағытталған тәсілге басымдық береміз. Бірлескен білім беру бағдарламалары бар және оқудың тәжірибелік бөлігін өткізу үшін кафедралардың филиалдары ашылуда», - деді ректор.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев өмір бойы білім алудың маңыздылығына тоқталды. Ол жастардың еңбек нарығында үнемі білім алып, еңбек нарығына тез бейімделу және икемді болу керектігін атап өтті.
«Қазір білімнің валидтілігі 2 жыл деп белгіленеді және әр екі жыл сайын жаңа нәрсені үйрену керек. Өзгермелі әлемде университеттердің рөлі тек өсіп келеді. Студенттердің біліктілігін арттыруға ЖОО қайта оралуын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау қажет. Бұл мәселеде ЕҰУ үлгі деп ойлаймын», - деді спикер.
Форум барысында «Орталық Азиядағы университеттердің дамуына еуропалық жобалардың әсерін бағалау», «Кәсіпкерлік білім беру бағдарламалары арқылы студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын арттыру», «Көпір салу: іскерлік желіні нығайту үшін университетте кәсіби байланыстарды дамыту», «Кәсіби даму және мансаптық өсу: табысты мансап үшін бітірушілердің дағдыларын қалай дамытуға болады?», «Жеке компаниялар мен ұйымдарды қаржылық қолдау: шәкіртақылар, демеушілік, гранттар және серіктестік университет студенттерін тұрақты қолдау көзі ретінде», «Университет тәжірибе алмасу және ынтымақтастық мүмкіндіктері үшін түлектермен қалай байланыс орната алады?» тақырыптарында панельдік сессиялар өтті.