Жаңа оқу жылы: ЕҰУ 6000 бірінші курс студенттеріне есік ашты
Еуразия ұлттық университетінде Білім күні аталып өтті. Университет 6000 бірінші курс студенттеріне, оның ішінде 4000-нан астам грант иегерлеріне есігін айқара ашты. Мереке аясында әр факультетте салтанатты жиындар мен концерттік шаралар өткізілді.
Бұл күн тағы бір қуанышты оқиғамен есте қалды – ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов алғашқы тұрғындарға биыл салынған жаңа студенттер үйінің кілтін табыс етті.
«Сіздерді өміріңіздің жаңа кезеңіне тағы бір мәрте өтуіңізбен құттықтаймын – сіз енді студентсіз. Сіздерді де, ұстаздар тұлғасындағы әріптестерімді де жаңа оқу жылының басталуымен құттықтауға рұқсат етіңіздер.
Үздіктер Еуразия ұлттық университетіне түседі деп сенген едік, өйткені ЕҰУ – кәсіби кадрлар дайындайтын қазақстандық және әлемге әйгілі университет. Биыл 6 мыңға жуық дарынды студенттерді бірінші оқу жылына қабылдадық.
Студенттік жатақхана тапшы университет едік, енді осындай студенттік үйлерді салуды қолға алдық. Күзде 3000 орындық жатақхана пайдалануға берілсе, келесі жылы тағы бір мың орындық тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Осылайша, алдағы оқу жылында университет студенттерін 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етеміз. ЕҰУ тарихында мұндай жағдай болған емес», - деді ЕҰУ ректоры студенттер алдында сөйлеген сөзінде.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, ЕҰУ профессоры Жандарбек Мәлібеков студенттерді қоныс тойларымен құттықтап, жатақханада жаңа достар табуларына тілектестігін білдірді.
Жаңа студенттер үйінің тұрғыны, бірінші курс студенті Еркежан Сансызбай ЕҰУ студенті атану өзі үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.
«ЕҰУ-ге оқуға түскеннен кейін оқу орнының қызметімен таныстым. Жатақханалар, коворкинг орталықтары, спорт кешені, тамақтандыру орындары – бәрі жоғары және заманауи деңгейде. Әрбір резидент емес студент үшін жатақхананың болуы өте маңызды. Сондықтан университет ұжымына жасалған жағдай үшін алғыс айтамын», - деді студент.
Мерекелік күн ашық аспан астындағы жарқын концертпен аяқталды, онда талантты студенттік ұжымдар шығармашылық нөмірлер көрсетті.