
Жаратылыстану ғылымдары факультетінде білім беру бағдарламаларының таныстырылымы өтті

2025 жылғы 21 қаңтарда сағат 15:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің №3 оқу ғимаратындағы 333 аудиторияда «Жаратылыстану ғылымдары факультетінің білім беру бағдарламаларының бүгіні мен ертеңі» атты семинар өтті. Іс-шараның модераторы – Басқарма мүшесі, Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бақытұлы Бейсенбай.
Семинарға университеттің Директорлар кеңесінің мүшелері, жұмыс берушілер, кафедра меңгерушілері, факультет оқытушылары және білім алушылар қатысты. Жұмыс берушілер қатарында «KMG PetroChem», Ұлттық биотехнология орталығы, «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы», «Gronos Group» және «Эко-Дос» ұйымдарының өкілдері болды.
Семинар барысында жаратылыстану ғылымдары факультетінің бес кафедрасы өздерінің білім беру бағдарламаларын таныстырды:
- «Химия» кафедрасы – 9 білім беру бағдарламасы;
- «Физикалық және экономикалық география» кафедрасы – 8 білім беру бағдарламасы;
- «Биотехнология және микробиология» кафедрасы – 6 білім беру бағдарламасы;
- «Жалпы биология және геномика» кафедрасы – 4 білім беру бағдарламасы;
- «Қоршаған ортаны қорғау саласында басқару және инжиниринг» кафедрасы – 4 білім беру бағдарламасы.
Семинарда жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларын жетілдіруге қатысты маңызды ұсыныстар айтты. Сонымен қатар, студенттер мен жұмыс берушілердің пікірлері тыңдалып, бағдарламаларды нарық талаптарына сай дамыту жолдары талқыланды.
Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Жарас Ғалымжанұлы Берденов осындай семинарлардың маңыздылығын атап өтіп, олардың білім беру бағдарламаларын дамытуда және жаңа кәсіби бағыттарды анықтауда шешуші рөл атқаратынын айтты.
Семинар білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, жаңа тәсілдерді енгізуге және болашақ мамандарды даярлаудағы тиімді жолдарды анықтауға бағытталған нәтижелі талқылаумен аяқталды.
