
ЕҰУ-дың Шетел филологиясы кафедрасында DAAD өкілімен кездесу өтті

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шетел филологиясы кафедрасына Орталық Азиядағы Неміс академиялық алмасу қызметінің (DAAD) өкілдігінің директоры, PhD, Гизела Циммерманн ресми сапармен келді.
Кездесу барысында кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Д.Х. Байдрахманов қонақты қарсы алып, университеттегі неміс тілін оқытудың қазіргі жағдайы мен даму мүмкіндіктерін таныстырды. Әңгіме барысында неміс тілін меңгеруге қызығушылық танытатын студенттер саны, оқыту әдістемесіндегі жаңа бағыттар және оқытушылардың кәсіби дамуына қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты С.М. Дүйсенғазымен кездесу өтті. Әңгіме барысында DAAD орталығы мен ЕҰУ филология факультеті арасындағы бірлескен жобаларды іске асыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, ғылыми зерттеулер мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері көтерілді.
Құрметті қонақ өз сапарын Неміс-қазақ орталығында жалғастырып, орталық жұмысының бағыттарымен, студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктермен және неміс тілін дәріптеу іс-шараларымен танысты.
DAAD өкілі Гизела Циммерманн:
«Біз үшін Қазақстандағы университеттермен серіктестік орнату аса маңызды. ЕҰУ студенттері мен оқытушыларына академиялық ұтқырлық пен ғылыми жобалар арқылы жаңа мүмкіндіктер ашылады деп сенемін».
Филология факультетінің деканы С.М. Дүйсенғазы:
«DAAD-пен бірлескен жұмыс факультетіміздің халықаралық байланыстарын күшейтіп қана қоймай, студенттеріміздің кәсіби көкжиегін кеңейтеді. Бұл ынтымақтастық екіжақты пайда әкелетіні сөзсіз».
Бұл кездесу ЕҰУ-дың халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадамы болып табылады. Университеттің әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдасуына және студенттердің халықаралық деңгейдегі білім алуына жол ашатыны сөзсіз. ЕҰУ филология факультеті мен DAAD арасындағы әріптестік болашақта білім, ғылым және мәдениет салаларында жаңа жобаларға негіз боларына сенім мол.
