
Цифрлық трансформация туризм индустриясының болашағын айқындайды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Цифрлық технологиялардың туризм индустриясына әсері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Пәкістан және басқа елдердің ғалымдарын, оқытушыларын, жас зерттеушілері мен білімалушыларды біріктірді. Іс-шара аралас форматта – офлайн және онлайн өтті, бұл кең аудиторияны қамтуға мүмкіндік берді.
Конференция қатысушыларын құттықтай отырып, ЕҰУ-дың ғылым департаментінің директоры Алма Закирова:
«Бұл тұрғыда кадрларды даярлау ерекше маңызға ие. Цифрлық трансформация мамандардан тек технологияларды білуді ғана емес, сонымен қатар стратегиялық ойлауды, инновацияларды туристік өнімдерге енгізуді, олардың тұрақты дамуға әсерін бағалауды талап етеді. Сондықтан біз ғылыми зерттеулердің нәтижелері тікелей оқу бағдарламаларына әсер етіп, болашақ салалық көшбасшылардың құзыреттерін қалыптастырып, ғылымды бизнес пен мемлекеттік құрылымдармен байланыстыруға ұмтыламыз» - атап өтті.
Конференция модераторы, «Туризм» кафедрасының меңгерушісі Ляйля Муталиева айтуынша:
«Бүгінгі таңда туризм – қарқынды дамып келе жатқан индустрия, онда цифрлық технологиялар басты драйвер рөлін атқарады. Олар дестинацияларды ілгерілету тәсілдерін өзгертеді, жаңа туристік өнімдер жасайды және тұрақты даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Конференция – ғылымды, білімді және бизнесті тоғыстыратын идеялар туындайтын алаң».
Пленарлық отырыс барысында шетелдік және отандық жетекші сарапшылар баяндама жасады. Мысалы, профессор Раб Наваз Лодхи (Пәкістан, Пенджаб университеті) тұрақты туризмді ілгерілетуде нейромаркетингті қолдану туралы зерттеу ұсынды; Ольга Зевеке (Ресей, РУДН) жаңа туризм бағыттары мен инновациялық трендтері жайлы баяндады; Роман Сухов (РФ, Оңтүстік федералдық университет) Үлкен Сочидегі таулы кластерлердегі туризм дамуын талдады; Наталья Биттер (Ресей, Алтай мемлекеттік университеті) «Приоритет 2030» бастамасы аясындағы білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті; Камол Юлдашев (Өзбекстан, Бұқара мемлекеттік университеті) халықаралық тәжірибе негізінде дербес туризмнің перспективаларын қарастырды.
Секциялық отырыстарда жас зерттеушілер мен білімалушылар цифрлық туризмді дамытудағы негізгі мәселелер бойынша жобаларын ұсынды:
халықаралық нарықтағы квест-турлар концепциясын талдау;
B2C, B2B және B2G платформаларын интеграциялау арқылы экожүйелік тәсіл;
мәдени мұра нысандарын музейлендіруде цифрлық технологияларды қолдану (Байқоңырдағы Гагарин стартын мысалға ала отырып);
Қазақстандағы қасиетті туризмді цифрландыру;
этнокейтерингті гастрономиялық туризм үлгісі ретінде;
цифрландыру жағдайындағы іскерлік этикет пен сервистердің трансформациясы;
инновациялық технологиялар көмегімен туристік тәжірибе мен VIP-сервистерді жекелендіру.
Конференция жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар келесі қаулы қабылдады:
туризм саласына цифрлық технологияларды белсенді енгізу қажеттілігі;
инновацияларға негізделген тұрақты, қасиетті және мәдени туризмді дамыту;
жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына цифрлық құзыреттер мен смарт-технологияларды енгізу;
тәжірибе алмасу және бірлескен жобалар үшін халықаралық зерттеу консорциумдарын құру;
жастар бастамаларын қолдау және студенттерді қолданбалы зерттеулерге тарту;
конференцияны жыл сайын өткізу – ғылыми нәтижелер мен үздік тәжірибелер алмасу алаңы ретінде.
Осылайша, конференция академиялық және кәсіби қауымдастық үшін маңызды оқиғаға айналды, цифрлық трансформация туризм индустриясының болашағын айқындайтынын көрсетті.
