
ЕҰУ Күміс университетінің тыңдаушылары Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мәселелерін зерделеді

Еуразия ұлттық университетінің Күміс университеті Үздіксіз білім беру институты мен Халықаралық қатынастар факультетінің Саясаттану кафедрасы бірлесіп қазақ тілінде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі» курсын табысты өткізді.
Курс дәрісшісі, саясаттану кафедрасының доценті Бибігүл Бейсенбайқызы Бүлегенова тыңдаушыларды Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарымен, қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен сын-қатерлермен таныстырып, еліміздегі демократиялық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін жан-жақты түсіндірді.
Өзекті мысалдар мен тәжірибелік жағдайларға негізделген мазмұнды дәрістер тыңдаушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Әсіресе табиғат аясында креативті форматта ұйымдастырылған қорытынды көшпелі сабақ қатысушылардың алған білімдерін бекітуіне ғана емес, өзара достық қарым-қатынастарын нығайтуына да мүмкіндік берді.
Оқу барысында тыңдаушылар ұлттық қауіпсіздік мәселелері, қазіргі қоғамдық-саяси үдерістер және мемлекеттің даму басымдықтары жөніндегі білімдерін кеңейтті. Сонымен қатар курс еркін пікір алмасу мен мазмұнды талқылаулар алаңына айналды.
Тыңдаушылар өз пікірлерінде оқу бағдарламасының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Солардың бірі Вилен Дәржанов:
«Курс өте жоғары деңгейде өтті. Қоғамның өзекті мәселелері, адамгершілік пен дәстүрлі құндылықтар тақырыптары кеңінен талқыланды. Осындай мазмұнды білім алғаныма қуаныштымын және құрметті дәріскер Бибігүл Бүлегеновамен кездесулеріміздің жалғасқанын қалаймын», – деді.
Тыңдаушы Айжан Долдина өз әсерімен бөлісіп:
«Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің маңызы арта түсуде. Әсіресе Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігі мәселелерін табиғат аясында талдау мүмкіндігі бізге ерекше әсер қалдырды. ЕҰУ Күміс университетіне шынайы алғысымды білдіремін», – деп атап өтті.
Тұлғалық дамуға, жаңа құзыреттерді қалыптастыруға және өмір сапасын арттыруға бағытталған барлық жастағы азаматтарға қолжетімді әрі сапалы үздіксіз білім беру үшін жағдай жасау Үздіксіз білім беру институтының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
