
ЕҰУ оқытушылары «Оқытушыларға арналған EdMedia» біліктілікті арттыру курсын аяқтады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Онлайн оқыту департаменті әзірлеген «Оқытушыларға арналған EdMedia» біліктілікті арттыру курсы 2026 жылғы 20 мамыр мен 3 маусым аралығында өткізіліп, сәтті аяқталды. Курс университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің цифрлық құзыреттілігін дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын білім беру процесінде тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Бағдарламаға университеттің 92 оқытушысы мен қызметкері қатысып, 72 академиялық сағат көлемінде заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша білімдері мен тәжірибелерін жетілдірді. Курс барысында тыңдаушылар Microsoft 365 экожүйесіндегі AI құралдарымен, Google Gemini платформасының мүмкіндіктерімен және ChatGPT Edu жүйесімен жұмыс істеуді меңгерді. Сонымен қатар интерактивті оқу контентін әзірлеу, цифрлық бағалау құралдарын құру, промпт-инжиниринг негіздері және жасанды интеллектті этикалық әрі жауапты қолдану мәселелері қарастырылды.
Оқыту практикалық бағытта ұйымдастырылып, қатысушылар пәндік AI-агенттер құру, тест тапсырмаларын әзірлеу, презентациялар дайындау, оқу материалдарын генерациялау және цифрлық білім беру ресурстарын жасау бойынша практикалық тапсырмалар орындады. Бағдарламаның қорытынды кезеңінде тыңдаушылар өз пәндері бойынша жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып әзірленген оқу материалдарын ұсынып, алған білімдері мен дағдыларын тәжірибеде қолдана білді.
«Оқытушыларға арналған EdMedia» курсы университеттің білім беру процесін цифрландыруға, оқытушылардың заманауи технологияларды меңгеру деңгейін арттыруға және жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне тиімді енгізуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
Курс қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға біліктілікті арттыру туралы сертификаттар берілді. Сертификаттардың электрондық нұсқалары SmartENU ақпараттық жүйесіне енгізіліп, тыңдаушыларға қолжетімді болды. Сондай-ақ, курсқа қатысқан оқытушылар бағдарлама туралы өздерінің оң пікірлерімен бөлісіп, оның практикалық маңыздылығы мен өзектілігін ерекше атап өтті.
Татигүл Самуратова, «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасының профессор міндетін атқарушысы:
«Курс өте пайдалы және мазмұнды болды. Жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде қолданудың нақты жолдарын меңгердік. Әсіресе ChatGPT Edu мен Google Gemini мүмкіндіктері күнделікті жұмысымызды жеңілдетуге көмектесетініне көз жеткіздік.»
Даурен Матин, “Жоғары математика” кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
«EdMedia курсы заманауи білім беру талаптарына толық сәйкес келеді. Теория мен практиканың үйлесуі, нақты тапсырмалар мен пайдалы құралдар курсты ерекше тиімді етті. Алған білімімді келесі семестрге арналған сабақтарымда қолдануды бастадым.»
