
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Несіпбай Олжас Мұратұлы «8D04121 – Мемлекеттік аудит» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстан Республикасында салықтық әкімшілендірудің мемлекеттік тиімділік аудитін жетілдіру» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Мемлекеттік аудит кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Куандыков Нуржан Кадырович – бейіні бойынша доктор, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құқықтық даму және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл департаментінің мемлекеттік органдармен коммуникация тобының жетекшісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Лукпанова Жанар Оралхановна – экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры, «Esil University» «Қаржы» кафедрасының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Киреева Елена Федоровна – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен қаржы саясатын зерттеу институты директорының орынбасары (Мәскеу қ., Ресей Федерациясы);
Сыздыкова Эльмира Жаслановна – экономика ғылымдарының кандидаты, Е.Б. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің бухгалтерлік есеп және аудит кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Есымханова Зейнегуль Клышбековна – экономика ғылымдарының кандидаты, Esil University «Қаржы» кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Серикова Мадина Амангалиевна – философия докторы (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Мемлекеттік аудит» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Башкирова Надежда Николаевна – экономика ғылымдарының кандидаты, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Мемлекеттік аудит жоғары мектебінің (факультеті) мемлекеттік және муниципалдық қаржы кафедрасының доценті (Мәскеу қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 26 желтоқсан, сағат 14:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D04121 – Мемлекеттік аудит» білім беру бағдарламасы бойынша «8D041 – Бизнес және басқару» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі.
Сілтемесі: https://surl.lu/wrntgb
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, Мәжіліс залы (№302 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеудің мақсаты – салық-бюджет саясаты саласындағы мемлекеттік басқару жүйесінде салықтық әкімшілендіру тиімділігінің аудитін жетілдіру бойынша теориялық-әдіснамалық тәсілдерді зерделеу және ғылыми-практикалық ұсынымдар әзірлеу арқылы экономиканың тұрақты дамуы мен мемлекеттің әл-ауқатын қамтамасыз етуге үлес қосу. Қойылған мақсатқа жету үшін төмендегідей зерттеу міндеттері: шетелдік және отандық ғалымдардың пікірлерін зерделеу мен жүйелеу негізінде салықтық әкімшілендіру тиімділігінің мемлекеттік аудиті ұғымына авторлық анықтама беру; халықаралық мемлекеттік аудит модельдерін талдау негізінде салықтық әкімшілендіру тиімділігін бағалаудың негізгі ерекшеліктерін айқындау және бағалау критерийлерінің жүйесін әзірлеу; иерархияларды талдау әдісіне негізделген салықтық әкімшілендіру тиімділігін кешенді бағалау моделін әзірлеу; INTOSAI GUID 5290 «Негізгі ұлттық көрсеткіштерді қалыптастыру мен пайдалануға аудит жүргізу жөніндегі нұсқаулық» құжатына сүйене отырып, салықтық әкімшілендірудің негізгі ұлттық көрсеткіштерін қалыптастыру мен пайдаланудың тиімділігін бағалау моделін әзірлеу; салықтық әкімшілендіру тиімділігі аудитінің әдіснамасын талдау және оны мемлекеттік басқару жүйесінде жетілдіру бағыттарын айқындау; Қазақстан Республикасындағы салықтық әкімшілендіру процесінде деректер аналитикасына негізделген тәуекелдерді бағалау жүйесін жетілдіру бағыттарын әзірлеу. Зерттеу әдістері. Зерттеудің әдіснамалық негізін жалпы ғылыми тәсілдер – жүйелі және кешенді талдау әдістері құрайды. Бұл тәсілдер салықтық әкімшілендіру тиімділігінің мемлекеттік аудитінің мәнін ашуға, оның нәтижелерін бағалау тәсілдерін қалыптастыруға және дамудың негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Жұмыста ғылыми абстракция, индукция мен дедукция, салыстырмалы талдау, синтез, эконометрикалық және математикалық модельдеу әдістері және зерттеудің кешенділігін әрі тұжырымдардың жоғары негізділігін қамтамасыз ететін басқа да аналитикалық құралдар қолданылды. Аталған әдіснамалық тәсіл мемлекеттік аудит контекстінде салықтық әкімшілендірудің тиімділігі мәселелерін жан-жақты зерделеуге және оны жетілдіру бойынша ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік берді. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар) 1. Шетелдік және отандық ғалымдардың пікірлерін жалпылау мен жүйелеу және халықаралық тәжірибе нәтижелерін зерделеу негізінде салықтық әкімшілендіру тиімділігінің мемлекеттік аудиті ұғымына авторлық анықтама берілді. 2. Мемлекеттік аудиттің халықаралық үлгілері шеңберінде салықтық әкімшілендірудің тиімділігін бағалау критерийлері халықаралық стандарттарға сүйене отырып әзірленді, бұл салық органдары қызметінің үнемділік, тиімділік және нәтижелілік қағидаттарын ескеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Tax Administration Diagnostic Assessment Tool сияқты халықаралық модельдер мен әдістемелер негізінде негізгі көрсеткіштерді пайдалану арқылы тиімділікті бағалау тәсілдері негізделді. 3. Иерархияларды талдау әдісіне негізделген диагностикалық құралдар арқылы салықтық әкімшілендірудің тиімділігін кешенді бағалау моделі әзірленіп, ұсынылды. Мемлекеттік аудиттің негізгі үрдістерін талдау арқылы мұндай модельді құрудың маңыздылығы дәлелденді. Сонымен қатар, INTOSAI GUID 5290 «Негізгі ұлттық көрсеткіштерді қалыптастыру мен пайдалануға аудит жүргізу жөніндегі нұсқаулық» құжатына сүйене отырып, салықтық әкімшілендірудің негізгі ұлттық көрсеткіштерін қалыптастыру және пайдалану жетілгендігін бағалау моделі жасалды. 4. Мемлекеттік аудиттің даму кезеңдері мен оның жұмыс істеу ерекшеліктерін талдау негізінде салықтық әкімшілендіру тиімділігінің аудиті әдіснамасын жетілдіру бағыттары әзірленді. Бұл бағыттар тиімділік, үнемділік және нәтижелілік қағидаттарына сәйкес мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету мен сапасын арттыруға бағытталған. 5. Қазақстан Республикасында салықтық әкімшілендіру процесінде деректер аналитикасына негізделген тәуекелдерді бағалау жүйесін жетілдіру бағыттары әзірленіп, негізделді. Деректер аналитикасы технологияларын қолданудың тиімділігі дәлелденді — ол тәуекелге бағытталған тәсілді іске асыруға, салықтық бақылаудың цифрландыру деңгейін арттыруға, салық ақпаратын жинау мен өңдеу процестерін оңтайландыруға және салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: 1-нәтиже. Шетелдік және отандық ғалымдардың көзқарастары жинақталып, жүйеленді, халықаралық тәжірибе зерттеліп, салықтық әкімшілендіру тиімділігінің мемлекеттік аудиті ұғымына анықтама берілді. Зерттеу нәтижесінде салықтық әкімшілендіру мемлекеттік тиімділік аудиті – бұл мемлекеттік органдардың салық-бюджет саясаты және салықтық әкімшілендіру саласындағы қызметін стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі және кешенді түрде талдау, бағалау және тексеру процесі болып табылады деген қорытынды жасалды. 2-нәтиже. Мемлекеттік аудиттің халықаралық үлгілері аясында салықтық әкімшілендіру тиімділігін бағалау кезіндегі негізгі ерекшеліктер анықталып, бағалау критерийлері айқындалды. 3-нәтиже. Шоғырландырылған бюджет аясында салықтық әкімшілендіру саласындағы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау моделі талданып, әзірленді. Бұл модель Tax Administration Diagnostic Assessment Tool әдіснамасына негізделіп, сегіз критерийден тұрады. 4-нәтиже. Мемлекеттік аудиттің даму кезеңдері мен оның қызмет ету ерекшеліктерін талдау негізінде салықтық әкімшілендіру тиімділігі аудитінің әдіснамасын жетілдіру бағыттары әзірленді. Бұл бағыттар тиімділік, үнемділік және нәтижелілік қағидаттарына сүйене отырып, мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету мен сапасын арттыруға бағытталған. 5-нәтиже. Қазақстан Республикасының салықтық әкімшілендіру жүйесінде деректер аналитикасына негізделген тәуекелдерді бағалау әдістерін жетілдіру бағыттары әзірленіп, ғылыми тұрғыдан негізделді. Деректер аналитикасы технологияларын енгізудің тиімділігі дәлелденді — ол тәуекелге бағдарланған тәсілді жүзеге асыруға, салықтық бақылаудың цифрландыру деңгейін арттыруға, салық ақпаратын жинау, өңдеу және талдау процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аналитикалық құралдарды қолдану салықтық әкімшілендірудің ашықтығын және бейімделгіштігін арттыру үшін маңызды екені негізделді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – салықтық әкімшілендіру тиімділігінің аудитін жетілдіру бойынша теориялық-әдіснамалық тәсілдерді зерттеу және ғылыми-практикалық ұсынымдар әзірлеу арқылы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, салық-бюджет саясаты саласында экономикалық тұрақтылық пен мемлекеттің әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталғандығында. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі.Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасының 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес ғылымды дамытудың басым бағыттарына сай келеді. Докторанттың әрбір жарияланымды әзірлеудегі ізденушінің үлесінің сипаттамасы Диссертациялық зерттеудің негізгі ғылыми тұжырымдары мен нәтижелері халықаралық, республикалық және шетелдік ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалып, талқыланды. Алдын ала сараптама нәтижелері бойынша, барлық жарияланған материалдар зерттеу тақырыбына толық сәйкес келетіні және мазмұндық тұрғыдан толық ұсынылғаны расталды. Барлығы 11 ғылыми мақала жарияланды, олардың ішінде: 1 мақала Scopus және Web of Science деректер базасына енгізілген рецензияланатын журналда – «Montenegrin Journal of Economics» (81-процентиль); 6 мақала ҒЖБСҚК тізіміне енгізілген басылымдарда; 4 мақала Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жарияланған.Барлық мақалаларда автор бірінші және корреспондент автор ретінде қатысқан.Диссертациялық жұмыстың ғылыми нәтижелері іс жүзінде қолданылғанын растайтын енгізу актісі бар. Бұл акт «Зерттеу, талдау және тиімділікті бағалау орталығы» ЖШС және Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті тарапынан ғылыми-зерттеу және қолданбалы қызметте диссертациялық зерттеу нәтижелерінің пайдаланылғанын дәлелдейді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=807LS48cui0
