
«6D052100 - Мемлекеттік аудит» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін СПАТАЕВА САУЛЕ БАКЫТОВНА диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін СПАТАЕВА САУЛЕ БАКЫТОВНА «6D052100 – Мемлекеттік аудит» мамандығы бойынша «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудиті» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Зейнельгабдин Алтай Болтайханович - профессор
Есенова Гульмира Жексеновна - Кафедра меңгерушісі
Клычова Гузалия Салиховна
Петров Александр Михайлович - ғылым докторы, профессор, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Қаржы университеті
Ғылыми кеңесшілер:
Бейсенова Ляззат Зияденовна – э.ғ.к., қауымдастырылған профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Мемлекеттік аудит» кафедрасының профессоры м.а.
Никифорова Елена Владимировна – э.ғ.д., Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университеті «Экономика және қаржы» кафедрасының профессоры
Қорғау 2024 жылғы 15 наурыз, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D052100 – Мемлекеттік аудит» мамандығы бойынша «8D041 – Бизнес және басқару» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: http://surl.li/pizvb
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, Мәжіліс залы (№302 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): АННОТАЦИЯСЫ Спатаева Сауле Бакытовнаның «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудиті» тақырыбындағы «6D052100 – Мемлекетік аудит» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған диссертациялық жұмыстың Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. Агроөнеркәсіптік кешен – көптеген құрылымдық элементтерді қамтитын күрделі әлеуметтік-экономикалық жүйе бола отырып, мемлекеттің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуші стратегиялық бағыты болып табылады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты 2023 жылдың 16 наурызындағы жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл стратегиялық міндет. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек» деп жазған. ҚР-да АӨК-н дамытуға бөлінетін бюджет қаражаты қомақты, және оны пайдалану тиімділігін тәуелсіз бағалау мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының басты мақсаты болып табылады. Аталған мәселелерді шешу мемлекеттік бюджет қаражатының көмегімен іске асырылатыны, яғни оны өз кезегінде тиімді және мақсатқа сәйкес жұмсалуына баға беруге мүмкіндік беретін, соның ішінде АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитін ұйымдастыру және өткізу тәртібін, рәсімдерін жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Осы орайда АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудиті әдістемесінің толық әзірленбегендігін ескере отырып, анықталған мәселені шешуге байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі диссертациялық жұмыс тақырыбының өзектілігін анықтайды. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Диссертациялық зерттеудің теориялық негіздерін шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектері құрады, алайда зерттеу барысында АӨК-н дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің теориялық және әдіснамалық негіздерін айқындайтын ғылыми жұмыстар саны көп еместігі анықталды. Тиімділік аудиті туралы жалпы кезеңдік басылымдардағы еуропалық Kells, Stuart, English, M. Linda, Barzelay, Persi, M. Bowerman, H. Raby and Humphrey, Grönlund et al., Lonsdale, Glynn, J.Christopher Mihm, Dr. Alexia Nalewaika, Professor Anthony Mills, Alexandra Otetea, Cristina Maria Tita (Batusaru), Mihai Aristotel Ungureanu және тағы басқа ғалымдардың еңбегі зерттелді. Сонымен қатар тиімділік аудитінің тәжірибедегі маңыздылығы туралы келесі шетелдік авторлардың S.Umor, Zakaria, Z. Sulaiman N.A., R.M. Kutty, Zhou Yarong, Yin Xin, Alwardat, Yousef Ali Benamraoui, Abdelhafid Rieple, Alison, Dingzu Zhang, Xingjie Shen and Cong Peng, ресейлік авторлардың А.Н. Саунин, А.С. Садчиков, О.И. Карепина, О.А. Фролова, Е.Ю. Грачева, С.Н. Рябухин, Ю.Б. Слободяник, В.А. Жуков, В.В. Филлипова, Е.Ю. Грачева, О.А. Фролова, Н.Г. Барышников, О.В. Котлячков, С.Н. Коваленко, Трунова Е.А., Макарова Л.Г., және отандық авторлардың Сембиева Л.М., Бейсенова Л.З., Карыбаев А.А., Шахарова А.Е., С.Н. Нугербеков, Ә.М. Қари, Ғ.А. Құлмурзинова, А.Т. Молдашевтың еңбектерін атауға болады. Диссертациялық зерттеудің мақсаты АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің теориялық аспектілерін зерттеу және тәжірибесіне талдау мен бағалау жасау арқылы оны ұйымдастыру және жүргізу әдіснамасын кешенді жетілдіру жолдарын ұсыну болып табылады. Диссертациялық жұмыстың мақсатына жету үшін келесі міндеттер анықталды: – АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің мақсатын, мәні мен маңызын анықтау; АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің әдіснамасын зерттеу; АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудитін ұйымдастырудың шетелдік тәжірибесін зерттеу; ҚР АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдаланудың ағымдағы жағдайына талдау жасау, АӨК дамытудың бағыттарын анықтау; АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің нәтижелерін бағалау; АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудитіндегі критерийлер рөлі мен маңызын зерттеу; АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің сапасын жетілдіру бойынша кешенді ұсыныстар әзірлеу; АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі аудитінде экономикалық-математикалық модельдерді қолдануды зерттеу. Диссертациялық жұмыстың зерттеу объектісі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану бойынша қызметі болып табылады. Диссертациялық жұмыстың пәні АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділік аудитін жүргізу үрдісінде туындайтын экономикалық қатынастар жиынтығы болып табылады. Ғылыми зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Диссертациялық зерттеуде шетелдік және отандық ғалымдардың мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудағы тиімділік аудитінің маңызы, түсінігі, оны ендіру қажеттігі туралы еңбектері, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау аясындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері, ҚР АӨК-н дамыту бойынша үкімет қаулылары, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары, стратегиялық бағдарламалар, ұлттық жобалар, даму жоспарлары, бюджеттік есеп берулер, мемлекеттік аудиттің халықаралық стандарттары ISSAI, GUID, ЖАП мен тексеру комиссияларының аудиторлық есептері және тағы басқа ресми құжаттар қолданылды. Әдістемелік база ретінде зерттеудің келесідей жалпы ғылыми әдістері қолданылды: байқау, мәліметтерді статистикалық өңдеу, оқиғалар мен құбылыстардың сандық мәліметтерінің динамикасын салыстыру талдауы, жүйелік талдау, мазмұнды талдау, кешенді талдау, топтау, есептеу, коэффициенттер әдісі, санау, эксперттік бағалау, бақылау. Статистикалық мәліметтерді талдау топтау, жинақтау, салыстыру, интегралды бағалау, иерархиялық талдау моделі әдістерін қолдану арқылы жасалды. Ғылыми зерттеудің негізгі гипотезасы. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін жоғарғы сапада ұйымдастырылған мемлекеттік аудит арқылы бақылау деңгейінің күшейтілуі, аудиторлық есептердегі қорытындыларға көзқарастар арқылы, сонымен қатар әлеуметтік, экономикалық, экологиялық қысымның әсерінен бюджет қаражатын басқарушы мемлекеттік орталық органдар, бюджет қаражатын алушылар жауапкершілігінің өзгеруіне әкелуі мүмкін. Гипотезаны негіздеу: 1) жоғары сапалы тиімділік аудиті арқылы күшейтілген бақылау: Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудиті бөлінген ақшалай қаражаттар бағытының және көлемінің оның нәтижелермен сәйкестігін егжей-тегжейлі зерделеуді және талдауды көздейді. Бұл аудиторлар мен басқа да мүдделі тараптар жүргізетін бақылау сапасының жоғарылауын білдіреді. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдаланушылардың ең жақсы тәжірибелерді көрсету және қаражатты ұқыпты пайдалану қажеттілігін сезінуі мүмкін; 2) АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудиті бойынша аудиторлық есептерге көзқарастар әсері: бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің нәтижелері әдетте мемлекеттік органдар мен қаржы институттары, салық төлеушілер сияқты мүдделі тараптарға ұсынылатын есепте келтіріледі. Қолайсыз аудиторлық есептерді алу агроөнеркәсіптік кешен қатысушыларының беделі мен қаржылық жағдайына теріс әсер етуі мүмкін; 3) әлеуметтік, экономикалық, экологиялық қысым: бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану анықталған жағдайда, агроөнеркәсіп кешеніне қатысушылар жұртшылық пен мүдделі тараптардың әлеуметтік қысымына тап болуы мүмкін. Қоғамның теріс көзқарасы сенімінің жоғалуына және іскерлік қатынастардың бұзылуына әкелуі мүмкін. Мұндай ықпалды болдырмау үшін агроөнеркәсіп кешеніне қатысушылар бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін жауапкершілігін өзгерте алады. Қорғауға шығарылатын негізгі тұжырымдамалар: 1. «АӨК-н дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудиті» ұғымына авторлық анықтама беріліп оны ұйымдастыру кезеңдері анықталды; 2. ҚР АӨК-н дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне баға берілді, оларды тиімсіз пайдалану себептері анықталды; 3. ҚР АӨК дамыту жөніндегі жоспарлы көрсеткіштерін талдау негізінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитіндегі критерийлердің орны, маңызы және аудит сапасына әсерінің моделі анықталып оның бағыттары толықтырылып жүйеленді; 4. АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі аудитінің сапасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді; 5. ҚР АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділік аудитінде иерархиялық талдау моделін қолдану ұсынылды. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: Бірінші тұжырымдама: АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудиті туралы шетелдік және отандық ғалымдардың зерттеулеріне шолу жасалды. АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражаты тиімділігі аудитінің мақсатын дұрыс анықтау және оны ұйымдастыру сапасын жақсарту мақсатында диссертациялық жұмыста оған авторлық анықтама берілді. Сонымен қатар, АӨК дамытуға жұмсалған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің бағыттары белгіленді, кезеңдері анықталып, оны жүргізетін мемлекеттік аудит органдары белгіленді. Екінші тұжырымдама: «ҚР-да АӨК-н дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану жағдайына талдау жасалды. Соңғы 30 жылда іске асырылған мемлекеттік бағдарламаларға шолу жасалды, 2017-2022 жылдар аралығында іске асырылған бағдарламаның мақсаты, нысаналы индикаторлары, нәтижелі көрсеткіштері мен іс-шараларының орындалуы, саладағы негізгі мәселелер бойынша ұсынылған шараларға баға берілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында жарияланған 2016-2022 жылдар аралығындағы 40 бюджеттік бағдарламалары бойынша динамикасы талданып, бюджет бағдарламаларын іске асырудан күтілетін нәтижелері, АӨК дамытудың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өзгерісі, АӨК-де жүйелі кемшіліктері зерттелді. АӨК-н дамытуға бағытталған бюджет қаражатының көлемін жоспарлайтын, облыстарға, аймақтарға бөліп тарататын және оның мониторингін жүзеге асыратын бюджеттік бағдарлама әкімшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің нормативті-құқықтық базасын зерттей отырып, бюджет қаражатының қозғалысы сипатталды. 2015-2022 жылдар аралығында АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің есептері зерттеліп, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану себептері жіктелініп, жүйеленді. ҚР АӨК дамытудың жалпы бағыттары ұсынылды. Үшінші тұжырымдама: АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудитін ұйымдастыру және жүргізудің шетелдердің аудиторлық есептері негізінде тәжірибелері зерттелді, отандық тәжірибемен салыстыру жасалды. Мемлекеттік аудиттің халықаралық стандарттарында тиімділік аудитінің мақсаты және осы мақсатқа жетудің нақты критерийлері оның мазмұнын ашудың белгілі сипаттамалары зерттелді. АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің негізгі тақырыптары және критерийлері әзірленіп жүйеленді. Тиімділік аудитінің маңызды кезеңі тиімділік аудиті аяқталғаннан кейінгі ұсыныстардың орындалуы, яғни, тиімділік аудитінің тиімділігін бағалау, берілген ұсыныстардың анықталған мәселелерді шешуге қаншалықты ықпал еткеніне баға беру ұсынылды. Төртінші тұжырымдама: ҚР АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудитін жүргізу кезінде аудитордың пікірі жеткілікті және сапалы аудиторлық дәлелдемелерге негізделу мақсатында тиімділік жүйелері (экономикалық, әлеуметтік, технологиялық, бюджеттік және экологиялық) және әр тиімділік жүйесін сипаттайтын көрсеткіштері әзірленіп ұсынылды. АӨК дамыту ұлттық жобасының мақсатына қарай қойылған міндеттеріне қол жеткізу жоспарланған нәтижелі көрсеткіштер мен іс-шаралардың орындалуына баға беру үшін тиімділік жүйелерінің үлес салмағына қарай интегралды бағалау моделі ұсынылды. АӨК-н дамытуға жұмсалған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудитін ұйымдастыру мен өткізуге ұсынылған қадамдар моделі әзірленді. АӨК-н дамытуға жұмсалған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің рәсімдік стандартына тиімділік көрсеткіштері бойынша өзгеріс енгізу, яғни, тиімділік көрсеткішінің орнына әділдік және қоршаған орта деген көрсеткіштері ұсынылды. АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінде критерий орны, маңызы және аудит сапасына әсерінің моделі әзірленді. ҚР АӨК-н дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудитін сапалы жүргізілуіне кедергі келтіретін фактілер жинақталып толықтырылды. Тиімділік аудитін жүргізу кезінде салыстырмалы талдау, жүйелік талдау, мазмұнды талдау, кешенді талдау әдістерін қолдану ұсынылды. ҚР АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудиті кезінде бағалау үрдісі сызба ретінде әзірленді. АӨК дамытуға жұмсалған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін жоғарылату үшін бұзушылықтар сыныптауышына бұзушылықтар енгізу ұсынылды. Аудиторлық тексерісті жүргізу барысында аудиторлық пікір беру үшін аудиторлық дәлелдемелер жеткіліксіз болған жағдайда пікір беруден бас тарту, немесе теріс пікір беру тәжірибесін енгізу ұсынылды. АӨК дамытуға пайдаланылған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитін ұйымдастыру мен жүргізудегі кемшіліктері, оны жетілдіру жолдары мен оны енгізу нәтижелері келтірілді. АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудитінде инновациялық әдістері ұсынылды. Алтыншы тұжырымдама: Диссертациялық жұмыста ҚР АӨК-н 2017-2025 жж. аралығында дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін тәуелсіз бағалау мақсатында мемлекеттік бағдарламаның/жобаның мақсаты мен нысаналы индикаторлары негізінде альтернативалары-критерийлері анықталды, альтернативаларға эксперттік бағалау беру арқылы олардың үлестерінің жұптап салыстыру матрицасын анықтай отырып, иерархиялық талдау моделі әзірленді, нәтижелеріне баға берілді, тәжірибеде пайдалану ұсынылды. Зерттеу тақырыбының ғылыми жаңалығы АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі аудитінің теориялық-әдіснамалық және тәжірибелік аспектілерін зерттеу және тиімділік аудитінің сапасын жақсарту және жетілдіру бойынша әзірленген кешенді ұсыныстар болып табылады. Зерттеу тақырыбының теориялық маңыздылығы АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудитін ұйымдастыру әдіснамасын жетілдіруге, ғылыми және практикалық деңгейін арттыруға бағытталған теориялық материалдар негізінде жасалған тұжырымдар мен анықтамалар болып табылады. Зерттеу тақырыбының практикалық маңыздылығы АӨК дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің аудитін жетілдіру бойынша ұсыныстардың және тиімділік аудитінде иерархиялық талдау моделінің қолданылу мүмкіндігі. Диссертацияның жалпы ғылыми және жалпы мемлекеттік бағдарламалармен байланысы бар: «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жж. мемлекеттік бағдарламасы», «ҚР АӨК-н дамытудың 2017-2021 жж. мемлекеттік бағдарламасы», «ҚР АӨК-н 2021-2025 жж. дамытудың ұлттық жобасы». Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Диссертациялық зерттеудің негізгі ғылыми ережелері мен нәтижелері халықаралық, республикалық және шетелдік ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды және талқыланды: ҚР ұлттық валютасының 25 жылдығына арналған «Қазақстан экономикасын жаңғырту – мемлекеттің қаржы жүйесі мен ұлттық валютасының тұрақтылық факторы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы (Астана, 2018 ж.); «Жаңа қаржы үлгісі – қазақстандықтардың əл-ауқатын арттырудың негізі» халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясы (Астана, 2019 ж); «XXI ғасырдағы ғылым және білім» атты ІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Нұр-Сұлтан, 2020 ж.); Journal of advanced research in law and economics (Румыния, 2020 ж.); Public Police and Administration Research journal (Литва, 2021ж.); Жаңа тарихи шындық жағдайындағы мемлекеттік аудит жүйесі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы (Астана, 2021 ж.); Самара жолдар мен хабарламалар мемлекеттік университетінің ғылыми семинары (Самара қ. Ресей Федерациясы, 2021ж.). Зерттеу нәтижелерін ендіру. Зерттеу нәтижелері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Аудит және салық салу» Білім беру бағдарламасы тобының 6B04106 «Бухгалтерлік есеп, аудит және салықтық консалтингі» білім беру бағдарламасының білім алушылары үшін «Мемлекеттік аудит» және «Мемлекеттік қаржылық бақылау» пәндері бойынша оқу-әдістемелік кешендерін дайындау кезінде пайдаланылды. Сонымен қатар автор ұсыныстары ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Алматы қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінде қолданылуда. Зерттеу нәтижелері ендіру актілерімен расталды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/CK4ZL3ZAvPA
