
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Рахимжанова Каламкас Кадировна «6D050900 – Қаржы» мамандығы бойынша «Қазақстан Республикасындағы екінші деңгейлі банктердің проблемалық несиелерін басқару тетігін жетілдіру» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қаржы кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Курманалина Анар Кайратовна – экономика ғылымдарының кандидаты, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Қаржы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Касымбекова Гульжахан Рыскуловна – PhD докторы, «Тұран университеті» Қаржы және есеп жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Асилова Айжан Сарсеновна – экономика ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қаржы және есеп» кафедрасының доценті (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Досжан Райгүл Дүкенбайқызы – PhD докторы, қауымдастырылған профессоры, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономикалық зерттеулер орталығының директоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Юзвович Лариса Ивановна – экономика ғылымдарының докторы, профессор «Ресейдің Тұңғыш Президенті Б.Н. Ельцин атындағы Урал федералдық университеті» ФМББҰ ЖОО, «Қаржы, ақша айналысы және несие» кафедрасының меңгерушісі (Екатеринбург қ., Ресей федерациясы).
Ғылыми кеңесшілері:
Мақыш Серік Биханұлы – экономика ғылымдарының докторы, профессор «Esil university» мекемесінің Бірінші проректоры – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Кантороева Гулзат Кантороевна – экономика ғылымдарының докторы, Қ.Ш. Тоқтомаматов атындағы Халықаралық университетінің «Экономика және қаржы» кафедрасының профессоры (Бішкек қ., Қырғыз Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 26 маусым, сағат 16:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050900 – Қаржы» мамандығы бойынша «8D041 – Бизнес және басқару» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3M3MG5
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, Мәжіліс залы (№302 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. 2023 жылдың басында Дүниежүзілік банк Қазақстан бойынша арнайы есеп шығарды. Онда 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысынан бастап 2021 жылға дейінгі мемлекеттік реттеуде Қазақстанда проблемалық банктерді құтқару үшін мемлекет, кейбір нарықтық емес тәсілдерді қолданылғаны, мемлекеттік қаражатты ашық пайдаланылғаны және ол шараның өз кезегінде мемлекеттік қаражаттың өте үлкен шығынына әкелгені туралы айтылады [1]. Сол уақыттары Проблемалық банктерді реттеу үшін мемлекет бірнеше тәсілдерді қолданғандығы белгілі, оның ішінде: банк капиталына мемлекеттік қаражатты құю, жеңілдетілген борыштық қаржыландыруды ұсыну (депозиттер, несиелер, облигациялар) немесе мемлекеттік немесе квазимемлекеттік борыштық қаржыландыруды қайта құрылымдау; банктің проблемалық активтерін жоғары бағамен сатып алу. Бұл тәсілдердің ішінде мемлекеттік қаражатты пайдалану бойынша банктің капиталына мемлекеттік қаражатты құю ғана нарықтық әдіс болып табылады. Бұл жерде мемлекеттің банктің акционерлік капиталдағы үлесі өседі. Дүниежүзілік банктің есебінен отандық проблемалық банктердің пайда болуы себебін олардың несиелік портфелдеріндегі проблемалық несиелердің шамадан өсуімен байланыстыру қажет. ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктердің несие портфелінің жалпы көлеміндегі NPL үлесі 2014 жылы ең жоғары мәнге жетіп, 32,24% құрады [2]. Мемлекеттік реттеу шараларының нәтижесінде отандық банктердің NPL несиелердің үлесі біршама төмендеді, бірақ абсолютті түрде оның мәні өсуде. Бірақ та ондай несиелердің мемлекеттік ықпалымен азаюы жалпы алғанда банктердің несиелік порфельдеріндегі проблемалық несиелердің азаюын көрсетпейді және оның сапасының одан әрі нашарлауын күтуге негіз бар екендігін сипаттайды. Проблемалық несиелерді басқару саласындағы шетелдік зерттеулерді талдау қарыз алушыны қаржылық сауықтыруға бағытталған және онымен стратегиялық серіктестік аясында жүзеге асырылатын тиімділік тұрғысынан ең қолайлы болып табылатын проблемалық несиені басқару тетіктерін жетілдіру қажет екендігін де айқын көрсетті. Қазақстандық банктік тәжирибеде екінші деңгейдегі банктердің несиелік қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарда несиелік портфель құрылымын, сапасын сипаттайтын көрсеткіштерге қойылатын шектеулер мен талаптар бар. Мұндағы ең негізгі көрсеткіш бұл несие портфелінің сапасы. Банктің қаржылық тұрақтылығы мен табыстылығы да осы несие портфелінің сапасына байланысты болып келді. Несие беруді реттейтін нормативтік актілердің кемістігі банктердің несиелік портфелінің сапасыздығына жол беріп нәтижесінде мерзімі өткен берешек немесе проблемалық несиелердің ұлғаюына жол береді. Проблемалық несиелерді басқаруға арналған мамандандырылған зерттеулерде қарыз алушының қызметіндегі проблемаларды олардың пайда болуының алғашқы кезеңдерінде анықтау, сондай-ақ проблемалық несиелерін басқару бойынша жеткілікті әдістемелік ұсыныстар жоқтығын дәлелдеуде. ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктердің несиелік портфеліндегі проблемалық несиелердің болуы, шетелдік ғалымдардың проблемалық несиені басқару процесінде қарыз алушымен стратегиялық серіктестіктің артықшылығы туралы теориялық тұжырымдарды практикалық қолдану үшін қажетті әдістемелік қолдаудың жеткіліксіз дамуымен бірге осы зерттеу тақырыбының өзектілігін анықтады. Зерттеудің мақсаты проблемалық несиелерді басқарудың теориялық және әдістемелік тәсілдерін дамыту арқылы ҚР екінші деңгейдегі банктердің проблемалық несиелер портфелін басқарудың тетіктерін әдістемелік және ұйымдастырушылық тұрғыдан жетілдіру болып табылады. Зерттеудің логикасы мен диссертациялық жұмыстың құрылымы қойылған міндеттерді анықтады: ‒ проблемалық несиелерді басқарудың элементтерін жүйелеу және дамыту; ‒ проблемалық несиелерді басқарудың әртүрлі әдістерін қолдану бойынша шетелдік тәжірибені зерделеу және негізгі басқару тәсілдерін бөліп көрсету; ‒ ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктердің проблемалық несиелер портфелін басқару жағдайына талдау жасау арқылы қазіргі тенденциялар мен проблемаларды анықтау; ‒ «Проблемалық несиелерді басқару қоры» АҚ-ның проблемалық несилерді басқаруға ықпал ететуін бағалау; ‒ шетелдік банктік тәжірибенің негізінде проблемалық несиелерді алдын-ала анықтау және басқару үлгісін әзірлеу; ‒ проблемалық несиелерді басқару тетіктерін жетілдіру бағытында проблемалық несиелерді басқарудың және оны болжаудың математикалық моделін ұсыну. Тақырыптың ғылыми зерттелу дәрежесі. Экономикалық әдебиеттегі проблемалық несиелерді басқару мәселелері коммерциялық банктің несиелік тәуекелін басқару, несиелік талдау және банк менеджменті туралы ғылыми еңбектерде қарастырылады. Бұл бағыттардың дамуына ресейлік авторлардың жұмыстары айтарлықтай үлес қосты, олардың ішінде: Белоглазова Г.Н., Валенцева Н.И., Коробова Г.Г., Кроливецкая Л.П., Лаврушин О.И., Ларионова И.В., Мешкова Е.И., Ольхова Р.Г., Смулов А. М., Соколинская Н.Э., Тагирбеков К.Р., Шаталова Е.П. және басқалары бар. Проблемалық несиелерді басқару саласындағы бірқатар шетелдік зерттеушілердің: Синки Дж.Ф., Роуз П., Альтман Э., Грэхам А., Гройнинг Х., Даффи Д., Койл В., Гамптон Дж., Шафера С.Р. Херринг Дж,. Греппет Дж.М., Кареле Г.В., Риддоу Т.Дж., Виатт С., Гривз Р. еңбектерінде көрініс тапқан проблемалық несиелерді басқарудың оңтайлы стратегиясын таңдауға арналған Проблемалық несие терминінің мазмұнымен байланысты теориялық және әдістемелік аспектілер, оның экономикалық категориялар жүйесіндегі орны, пайда болу факторлары А.А. Кованевтің, О. Купчинованың, К. Тихонковтың, А.В. Славянскийдің, Е.П. Шустованың еңбектерінде, сондай-ақ Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің және Халықаралық валюта қорының материалдарында және ҚР Ұлттық банктің нормативтік-құқықтық базасында көрініс тапты. Қазақстандық банк секторындағы проблемалық несиелерді басқарудағы заманауи тенденцияларды талдау мәселелеріне Сейтқасымов Ғ.С., Баймұратов О.Б., Хамитов Н.Н., Калиева Г.Т., Ілияс А.А., Мақыш С.Б. және басқалардың ғылыми жұмыстары арналған. Зерттеушілер алған нәтижелердің құндылығына қарамастан, проблемалық несие ұғымының мазмұны, проблемалық несиелердің егжей-тегжейлі жіктелуі, проблемалық несиелерді басқару жүйесін құру туралы тұтас көзқарас сияқты кейбір маңызды теориялық негіздер ғылыми әдебиеттерде жеткілікті деңгейде жарық көре алған жоқ. Бұл теориялық мәселелер коммерциялық банктегі проблемалық несиелерді басқару процесін ұйымдастыру тұрғысынан да, тәуекелдерді басқару тұрғысынан да маңызды. Сонымен қатар, корпоративті қаржы бойынша шетелдік ғылыми әдебиеттерде ұсынылған нұсқаулықтар банктік практикада өзгеріссіз қолданыла алмайды. Мәселенің өзектілігі, проблемалық несиелерді басқарудың теориялық және аспектілерінің жеткіліксіз дамуы, сондай-ақ банк тәжірибесіне енгізу үшін әдістемелік ұсынымдардың жетіспеушілігі диссертация тақырыбын және зерттеудің негізгі бағыттарын таңдауды алдын-ала анықтады. Зерттеудің жұмыс гипотезасы ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктердің проблемалық несиелерді басқарудың тетігінің қызмет ету тиімділігін арттыру үшін, проблемалық несиелердің көлемін азайтуда және реттеуде шетел тәжірибесінде іске асыралтын басқарудың тиімді құралдары мен әдістерін қолдануды көздейді. Зерттеу объектісі ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктердің проблемалық несиелерді басқару қызметі болып табылады. Зерттеу пәніне қарыз алушының проблемалық несиелерін басқарудың теориялық және әдістемелік мәселелері, оларды жетілдіру бағыттарында туындайтын экономикалық қатынастар жатады. Диссертациялық зерттеудің теориялық негізі қазақстандық және шетелдік ғалымдардың классикалық және заманауи еңбектерінде, ғылыми және практикалық конференциялардың, симпозиумдардың және т.б. материалдарында ұсынылған проблемалық несиелерді басқару саласындағы іргелі тұжырымдамалар мен теориялар болды. Айта кету керек, қазіргі заманғы қазақстандық экономикалық ғылымның қолданбалы сипаттағы мәселелерді шешуге шоғырлануының жоғары дәрежесін ескере отырып, проблемалық несиені басқару теориясына қатысты мәселелер қазіргі уақытта отандық экономикалық ғылымда нашар дамыған десе болады, ал батыс экономикалық ғылымында теориялық зерттеулер несиелік қатынастардың алуан түрлілігін толық қамтымай, негізінен фрагментті сипатта болады. Диссертациялық жұмыстың әдіснамалық негізі ретінде экономикалық құбылыстарды танудың жалпы ғылыми принциптері қолданылды, оның ішінде проблемалық несиелерді басқарудың әдістемесін құруға мүмкіндік беретін диалектикалық, нақты тарихи, жүйелік тәсілдер. Теориялық және практикалық аспектілерді қарастыру кезінде талдау, синтез, шегеру және индукция, модельдеу, агрегаттау сияқты әдістер қолданылды. Жұмыстың ақпараттық базасы ретінде қазақстандық және шетелдік ақпараттық агенттіктер мен қызметтердің, мамандандырылған ұйымдардың ақпараттық-аналитикалық материалдары, ғалымдардың, сондай-ақ банк мамандарының сараптамалық бағалары, мерзімді баспа материалдары, Интернет көздері, ҚР Ұлттық банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, сондай-ақ «Проблемалық несиелерді басқару» АҚ-ның есептік және статистикалық материалдары мен сайттары алынды. Пайдаланылған дереккөздердің едәуір бөлігіне дамыған елдердің банктерінде проблемалық несиелерді басқарудың кешенді әдістерін кеңінен енгізумен, сондай-ақ халықаралық қадағалау органдары аясында осы проблеманы егжей-тегжейлі көрсетумен байланысты шетелдік әдебиеттер мен шетелдік мерзімді басылымдарығ сондай-ақ халықаралық ұйымдардың құжаттары мен материалдары жатады. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы проблемалық несиелері бар банк жұмысының мазмұнын ашатын теориялық ережелерді дамыту және проблемалық несиелер портфелін басқарудың экономикалық-математикалық моделдерін әзірлеумен байланысты. Ғылыми жаңалықтың элементтері келесі зерттеу нәтижелері болып табылады: ‒ авторлық көзқарас тұрғысынан нақтыланған "проблемалық несиелердің" кешенді анықтамасы, олардың жіктелімі және анықтау тәсілдері, сондай-ақ олардың практикада және теорияда өзара байланысы мен айырмашылықтары берілген; ‒ шет мемлекеттердің проблемалық несиелермен жұмыс жасаудағы тәжірибесін әдістемелік тұрғыдан зерделеу негізінде нақтыланған «проблемалық несиелерді басқарудың» мазмұны, жүйесі, субъектілері және оның негізгі аспектілері туралы авторлық тұжырымдама ұсынылды; ‒ ресми статистикалық деректер негізінде ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктердің проблемалық несиелер портфелін басқарудың қазіргі жағдайына кешенді талдау жасалып, оның сапасына баға берілді; ‒ отандық банк секторында проблемалық несиелерді басқаруда экономикалық-математикалық моделдеу әдістерін пайдалану арқылы проблемалық несиелерді болжау әзірленді. Диссертациялық жұмыстың теориялық маңыздылығы бұл автордың проблемалық несиелерді басқарудың теориялық базасын дамытуы, зерттеу әдіснамасын тереңдету және жекелеген практикалық басылымдарда көрінетін осы саладағы ғылыми білімнің үзіндісін жеңу. Алынған тұжырымдар мен негізделген ұсыныстардың практикалық маңыздылығы оларды банк құрылымдарындағы проблемалық несиелермен жұмыс тиімділігін арттыру үшін пайдалану мүмкіндігі болып табылады. Жұмыс аясында проблемалық несиелерді басқарудың бірқатар практикалық тәсілдері ұсынылды. Зерттеу нәтижелерін апробациялау және енгізу. Диссертациялық зерттеу тақырыбы бойынша 23 ғылыми мақала шықты. Диссертацияның жекелеген ережелері халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда және ғылыми-әдістемелік семинарларда баяндалып, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың материалдардарында, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ұсынған журналдарда 5 мақала, сондай-ақ Scopus халықаралық рецензияланатын журналында 2 мақала жарық көрген. Сонымен қатар кейбір диссертациялық жұмыс нәтижелерін «First Heartland Jusan Вank» АҚ және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тәжірибесінде пайдаланылады және ол туралы енгізу Актілерімен расталады. Оқу процесіне енгізу. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері "Ақша, несие, банктер", «Банк ісі», «Коммерциялық банктердегі қаржылық талдау» пәндер бойынша, 6В04109-"Қаржы" білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар арналған. 2024-2025 оқу жылының 2 семестрінде оқу-әдістемелік кешенді дайындау кезінде пайдаланылды. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері Қарағанды қаласы «Bolashaq» академиясының 6В04101 «Қаржы» білім беру бағдарламасының «Банк ісі», «Ақша, несие, банктер», «Банктік тәуекелдер» пәндер бойынша оқу үрдісіне енгізілді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=mA5fOYOOnFs&ab_channel=ENUOFFICIAL
