
«8D07102 - Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Танирбергенова Алуа Амирхановна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Танирбергенова Алуа Амирхановна «8D07102 – Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша «ЛГ қондырғысы гидротазалау блогы жұмыс режимдерін басқару бойынша шешім қабылдау модельдері мен эвристикалық тәсілдерін жасақтау» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жүйелік талдау және басқару» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Рецензенттер:
Иманбек Бағлан Талғатқызы - философия докторы (PhD), доцент, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Доцент (и.о.)
Сугурова Лаура Алхайдаровна - философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Кадыролдина Альбина Талапжановна - философия докторы (PhD), Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, аға оқытушы
Швец Ольга Яковлевна - ғылым кандидаты, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті
Раевич Ксения Владиславовна - ғылым кандидаты, Сібір федералды университеті
Моисеев Александр Николаевич - ғылым докторы, Ұлттық зерттеу Томск мемлекеттік университеті, Кафедра меңгерушісі
Ғылыми кеңесшілер:
Оразбаев Батырбай Бидайбекович – техника ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Жүйелік талдау және басқару» кафедрасының профессоры.
Марков Александр Владимирович – техника ғылымдарының кандидаты, доцент, Басқару жүйелері кафедрасының меңгерушісі, Беларусь мемлекеттік информатика және радиоэлектроника университеті (Белорусь Республикасы).
Қорғау 2023 жылғы 20 желтоқсан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D07102 – Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша «8D071 – Инженерия және инженерлік іс» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/l/meetup-join/19%3ae8sitCVDaL5sddkcKQEfLa_-OFywt86lSr2NqddxtqQ1%40thread.tacv2/1700186726535?context=%7b%22Tid%22%3a%225a2fd781-9261-485a-af2b-6171d0efab73%22%2c%22Oid%22%3a%2233d66466-78cc-4bf3-817c-92b97d57eb7b%22%7d
Мекен-жайы: г. Астана, ул. Пушкина, 11, №2 корпус, ауд. №222.
Аңдатпа (қаз.): Тәңірбергенова Алуа Амирхановнаның «8D07102 - Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «ЛГ қондырғысы гидротазалау блогы жұмыс режимдерін басқару бойынша шешім қабылдау модельдері мен эвристикалық тәсілдерін жасақтау» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары технологиялық процестер мен объектілерді басқаруда шешім қабылдау мәселелеріне арналған. Бірақ бұл мәселелер, бастапқы ақпараттың тапшылығы мен айқынсыздығы жағдайында математикалық модельдер негізінде шешім қабылдау әлі толық шешілген жоқ. Шешім қабылдаудың мұндай мәселелерін тиімді шешу үшін технологиялық объектілердің модельдерінің өзара байланысқан жүйесін құруға мүмкіндік беретін жүйелі тәсілді қолдану және оның негізінде айқынсыз ортада жұмыс істейтін технологиялық объектілерді басқару бойынша шешімдер қабылдау қажет болады. Шешім қабылдаудың мұндай әдістері өндірістік персоналдың тәжірибесін, білімін және интуициясын есепке алуға мүмкіндік беретіні белгілі, яғни маман-сарапшының тәжірибесі мен білімі айқынсыз, сөздік формада (пікір, қорытынды, сөздер мен сөйлемдерді қолдану түрінде) рәсімделеді. Мұндай айқынсыз ақпаратты формализациялау мен пайдаланудың ең тиімді аппараты айқынсыз жиындар теориясының әдістері болып табылады. Айқынсыз ортада мұндай есептерді ресімдеу және шешу кезінде жиналған және қол жетімді айқынсыз ақпаратты барынша пайдалану қажет, яғни эвристикалық тәсілді қолдану керек. Өндірістегі технологиялық жүйелердің жұмыс режимдерін басқару процесінде тиімді шешім қабылдау өзара байланысты, яғни жүйе элементтерінің модельдер пакеті негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Жүйе элементтерінің математикалық модельдері объектілердің табиғатын, сипаттамаларын және күйін және ондағы процестерді ескере отырып жасалуы керек. Ал өндірісте жиі болатын бастапқы ақпараттың тапшылығы жағдайында модельдерді жасау кезінде шешім қабылдаушы тұлғанын (ШҚТ), сарапшылардың тәжірибесі мен білімі түріндегі айқынсыз ақпаратты пайдалану қажет. Осыған байланысты каталитикалық риформинг қондырғысының гидротазалау блогының модельдер жүйесін құруға және эвристика негізінде гидротазалау процесін басқарудың тиімді шешім қабылдау әдісін жасауға арналған осы диссертацияның зерттеу тақырыбы модельдеу және шешім қабылдау теориясындағы аса өзекті мәселе, сонымен қатар мұнай өңдеу өндірісіндегі маңызды мәселелердін бірі болып табылады. Диссертациялық зерттеудің мақсаты – технологиялық объектілердің (каталитикалық риформинг қондырғысының гидротазалау блогының технологиялық агрегаттар мысалын пайдалана отырып) жұмыс режимдерін басқару бойынша шешімдерді қабылдау үшін бастапқы ақпараттың тапшылығы мен айқынсыздығын ескере отырып модельдер жүйесін және эвристикалық әдістерді әзірлеу болып табылады Зерттеу міндеттері: 1. ХТЖ жүйелік модельдеуге арналған модельдер пакетінің тұжырымдамасын құру; 2. бастапқы ақпараттың белгісіздігі мен айқынсыздығы жағдайында модельдерді құру тәсілдеріне негізделген ЛГ риформинг қондырғысының гидротазалау блогының негізгі агрегаттарының модельдерін әзірлеу; 3. айқынсыз ортадағы математикалық модельдер негізінде гидротазалау блогының жұмыс режимдерін басқаруға арналған шешімдерді қабылдау есептерінің математикалық тұжырымдарын тұжырымдамалау және тиімді әдісті таңдай отырып, оларды шешудің эвристикалық әдістерін әзірлеу; 4. ғылыми-зерттеу нәтижелерін өндірістік мәселелерді шешу үшін қолдану, гидротазалау блогының технологиялық объектілерінің жұмыс режимдерін басқару үшін шешімдер қабылдауды қамтамасыз ету жүйесінің құрылымы мен функционалды блоктарын құру. Зерттеу тәсілдері. Диссертациялық жұмыста жүйелік талдау әдістері қолданылады; математикалық модельдеу, оңтайландыру және шешім қабылдау әдістері, соның ішінде айқынсыз ортада; сарапшылық бағалау әдістері және айқынсыз ақпаратты жинау, ресімдеу және пайдалану үшін айқынсыз жиындар теориялары; программалау құралдары; нәтижелерді эксперименттік әдістермен тексеру Зерттеудің ғылыми жаңалығы. 1. Модельдер пакетін құрудың ұсынылып отырған тұжырымдамасының жаңалығы жүйе элементтерінің тиімді модельдерін құруда оларды өзара байланысты модельдер пакетіне біріктіру мүмкіндігін ескере отырып, ХТЖ жүйелік модельдеуге мүмкіндік беретін жүйелік талдау әдістемесін қолдануда жатыр. 2. технологиялық агрегаттардың модельдерін құрудың әзірленген әдістері, бастапқы ақпарат айқынсыз болған кездегі белгілі тәсілдерден айырмашылығы, жүйелі тәсілді қолданады және әртүрлі сипаттағы және айқынсыз дәрежесіндегі қолжетімді ақпарат негізінде айқынсыз, лингвистикалық немесе аралас модельдер құруға мүмкіндік береді; 3. Есептердің тұжырымдалған математикалық тұжырымдарының және оларды шешудің ұсынылатын әдістерінің жаңалығы - бұл есептер әртүрлі оңтайлылық принциптерін модификациялау және біріктіру негізінде айқынсыз ортада қойылады және шешіледі. 4. айқынсыз ортада гидротазалау блогының жұмыс режимдерін басқаруға арналған шешімдерді қолдау жүйесінің ұсынылатын архитектурасының артықшылықтары сарапшылардың интеллектісі және шешім қабылдаушының интеллектісі мен шығармашылық қабілетін пайдаланатын эвристикалық әдістерді ескере отырып әзірленген модельдер есебінен интеллектуалды бөліктің болуы. Қорғауға шығарылатын негізгі ережелер: 1. Гидротазалау блогының мысалын пайдалана отырып, ХТЖ жүйелік модельдеуге арналған модельдер пакетін құру тұжырымдамасы, жүйелік талдау негізінде жүйенің әрбір элементінің тиімді түрін таңдауға, құруға және оларды ХТЖ жүйелі модельдеу үшін тұтастай бірыңғай пакетке біріктіруге мүмкіндік береді. 2. Объектінің кіріс және шығыс параметрлерінің, сонымен қоса әртүрлі типтегі қолжетімді және жиналған ақпарат айқынсыздығына байланысты айқынсыз немесе лингвистикалық тәсілдер негізінде құрылған Атырау мұнай өңдеу зауытының (МӨЗ) ЛГ-35-11/300-95 риформинг қондырғысының гидротазалау блогының негізгі агрегаттарының математикалық модельдері. 3. Әртүрлі оңтайлылық принциптерін модификациялау және біріктіру негізінде гидротазалау блогының жұмыс режимдерін басқаруға арналған шешімдер қабылдау есептерінің жаңа математикалық тұжырымдары және оларды шешуге әзірленген ШҚТ тартуға бағытталған, эвристикалық әдістері. 4. Айқынсыз ортада гидротазалау блогының жұмыс режимдерін басқаруға арналған шешімдерді қолдау жүйесінің, құрамында әзірленген модельдер мен әдістер бар архитектурасы және функционалды блоктары. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңыздылығы. ХТЖ жүйелік модельдеуге арналған модельдер пакетін құрудың ұсынылған тұжырымдамасы және айқынсыз ортада математикалық модельдерді құрудың әзірленген әдістері мұнай өңдеу, химия, металлургия және басқа да салалардың ХТЖ тиімді модельдерін және жүйелік модельдеуін әзірлеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Жүйелік талдау және басқару кафедрасының ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарына сәйкес орындалды. Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті № AR08855680 (2020-2022) қаржыландырған «Каталитикалық риформинг қондырғысының жұмыс режимдерін басқарудың шешімдерін қабылдауды қолдаудың интеллектуалды жүйесі» ғылыми жобасының бөлігі болып табылады. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Диссертацияда ұсынылған зерттеу жұмысы автордың тікелей қатысуымен жүргізілді. Есептің қойылымы, барлық қарастырылған есептерді формализациялау, оларды шешудің әдістері мен алгоритмдерін әзірлеу, сонымен қатар диссертацияда ұсынылған ғылыми және практикалық нәтижелер, оларды талдау, қорытынды шешімдерді қалыптастыруды жеке автордың өзі жүзеге асырды. Нәтижелері ғылыми мақалалар мен баяндамалар түрінде жарияланды. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Диссертациялық жұмыс барысында алынған негізгі нәтижелер Way Science International Scientific and Practical Internet Conference «Development of Education Science and Business: Results 2020» (Dnipro, 2020) халықаралық ғылыми конференциясында баяндамалар түрінде сынақтан өтті; Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Жүйелік талдау және басқару» кафедрасының, С.Утебаева атындағы АУНГ «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының ғылыми семинарларында талқыланды. Зерттеу нәтижелерін жариялау – Scopus және Web of Science-те индекстелген ғылыми журналдарда жарияланған мақалалар: 1. Tanirbergenova А., Orazbayev B., Ospanov Y, Omarova SH, Kurmashev I. Hydrotreating unit models based on statistical and fuzzy information // Periodicals of Engineering and Natural Sciences. – 2021. – Vol. 9, №4. – P. 242-258. Scopus, Процентиль – 76. WoS квартиль –Q2; – Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми журналдарда жарияланған мақалалар: 1. Айқын емес шектеулер жағдайында өндірістік жоспарды оңтайландыру // Алматы энергетика және байланыс университетінің хабаршысы. – 2020. – №1(48) – C. 44–53. 2. Задача минимизации в условиях дрейфа минимума критерия и симплексные методы ее решения // ҚазҰТУ Хабаршысы.– 2020. – №2(138). – С. 721-727. 3. Разработка комплекса математических моделей колонн и печи блока гидроочистки на основе исходной информации различного характера // ҚазҰТУ Хабаршысы. – 2020. – №4(140). – С. 261-269. 4. Задача принятия решений по управлению процессом гидроочистки установки каталитического риформинга в нечеткой среде и разработка метода ее решения // ҚР ҰИА Хабаршысы. – 2021. – №4(82). – С. 158-167. – Халықаралық конференциялар материалдарында және ғылыми журналдарда жарияланған мақалалар: 1. Оптимизация процессов гидрроочистки и каталитического риформинга риформинга бензина // Way Science International Scientific and Practical Internet Conference «Development of Education and Business: Results 2020» (Dnipro, 2020. – P. 197-200). 2. Технология проведения гидроочистки бензина каталитического реформинга // «Беларусь мемлекеттік информатика және радиоэлектроника университеті» оқу орнының аспиранттары, магистранттары мен студенттерінің 57-ші ғылыми конференциясы (Минск, 2021 ж. – 19-23 сәуір). Сонымен қатар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ғылыми журналында 1 мақала жарияланды: 1. Исследование проблем оптимизации процессов риформинга при переработке нефти и подходы к их решению на основе математических методов и информационных систем // АУ Хабаршысы. – 2019. – №4(52). – С. 295-305. – Авторлық құқық объектісіне мемлекеттік тіркеу туралы куәлік: «Система поддержки принятия решений по управлению режимами работы блока гидроочистки установки риформинга», ЭЕМ-ге арналған бағдарлама, ҚР ӘМ ҰЗМИ РМК 09.08.2022 жылғы № 28205 куәлік. Енгізу актісі Әзірленген бағдарламалық өнімді зерттеу нәтижелері: бастапқы ақпараттын тапшылық және айқынсыз жағдайында Атырау мұнай өңдеу зауытының гидротазалау блогынын агрегаттар кешенінің жұмыс режимдерін тиімді басқару мәселелерін шешу бойынша зерттеулер негізінде жасалған жүйе сынақтан өткізіліп, өндіріс жағдайында қолданыс тапты (авторлар Оразбаев Б.Б., Тәңірбергенова А.А.). Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және сегіз қосымшадан тұрады. Зерттеу жұмысы 137 бетте, сызбалар және кестелер түрінде ерекше мән берудің компьютерлік мүмкіндіктерін қолдана отырып, баспа әдісімен орындалды. Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі, мақсаты, нысаны, міндеттері мен зерттеу әдістері, ғылыми жаңашылдығы, ғылыми ережелер, практикалық құндылығы мен жұмыс нәтижелерін іске асыру негізделген, жұмыстың жарияланымдары мен апробациясы туралы мәліметтер келтірілген. Бірінші бөлімде мұнай өңдеу өндірісінің гидротазалау блогының технологиялық объектілерінің математикалық модельдеу және оңтайландыру мәселелерінің қазіргі жағдайы және оларды шешу тәсілдері талданады. Екінші бөлімде риформинг қондырғысының гидротазалау блогының негізгі технологиялық агрегаттарының математикалық модельдерінің пакеті әзірленді. Үшінші бөлімде гидротазалау блогының жұмыс режимдерін басқару бойынша шешім қабылдау есептерінің тұжырымы тұжырымдалған және оларды шешудің эвристикалық әдістері әзірленген. Төртінші бөлімде әзірленген модельдер мен шешім қабылдаудың эвристикалық әдістерін пайдалана отырып, гидротазалау процесін басқаруға арналған шешімдерді қолдау жүйесінің архитектурасы мен негізгі блоктары жасалған. Бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу жүзеге асырылды және құрылған жүйенің интерфейсінің сипаттамасы берілді. Зерттеу нәтижелері мен оларды қолдану перспективалары сипатталған. Қорытындыда диссертация аясында атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды жасалып, нәтижелерді нақты қолдану бойынша ұсыныстар мен экономикалық тиімділігі келтірілген. Диссертация мазмұны пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалармен аяқталады. Автор ғылыми кеңесшілеріне «Жүйелік талдау және басқару» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Оразбаев Б. Б. және шетелдік кеңесшісі, БГУИР «Басқару жүйелері» кафедрасының меңгерушісі т.ғ.к., доцент Марков А. В. зерттеу барысында кеңес бергендері үшін алғысын білдіреді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/1BpVoVyQCRI?si=w3RpGAiT47n8mK5r
