
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жуманбаева Риза Оразгалиевна «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «Жарнама дискурсының вербалды және бейвербалды кодтары (теориялық және әдістемелік аспект) » тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Садирова Кулзат Каниевна – филология ғылымдарының докторы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының профессоры (Ақтөбе қ., Қазақстан Республикасы);
Жапарова Баглан Магауовна – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Педагогика жоғары мектебінің деканы (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Хусаинова Ляйля Мидхатовна – филология ғылымдарының докторы, профессор, М. Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті Башқұрт филологиясы факультетінің деканы (Уфа қ., Ресей Федерациясы);
Мукушева Алмагуль Наурызбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Ауыл мектептерін және шағын жинақты мектептерді дамыту орталығының жетекші ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Шадиева Нургуль Хамзахановна – педагогика ғылымдарының кандидаты, А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Еспекова Ләззат Аубакировна – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Гүрер Гүлсевин – ғылым докторы, Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры (Измир қ., Түркия Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 24 желтоқсан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (онлайн, офлайн) өткізіледі.
Сілтемесі: https://clck.ru/3QHgVD
Конференция идентификаторы: 448 659 591 589 2
Кіру коды: NY9Yb7yr
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Жуманбаева Риза Оразгалиевнаның «8D01717 - Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынған «Жарнама дискурсының вербалды және бейвербалды кодтары (теориялық және әдістемелік аспект)» диссертациялық жұмысы. Диссертациялық зерттеудің мақсаты – жарнама дискурсын түзуші вербалды және бейвербалды кодтардың тілдік ерекшеліктері мен әдістемелік негіздерін анықтау. Зерттеу міндеттері: – жарнама дискурсының зерттелуіне шолу жасау; – тіл біліміндегі дискурс теориясы туралы жазылған ғылыми зерттеулер негізінде «жарнама дискурсы», «жарнама мәтіні» терминдерін саралау; – ақпаратты кодтау жүйелері, кодтың түрлері мен типтері, қызметін анықтау; – поликодтық жарнама дискурсындағы вербалды және бейвербалды компоненттердің функциялары мен формаларын, лингвопрагматикалық, стилистикалық ерекшеліктерін көрсету; – жарнама дискурсын оқытудың әдістемелік әлеуетін зерттеп, жарнама дискурсы арқылы «Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы» мен «БАҚ тілі мен стилі» курстарын оқытуда қолдануға арналған тапсырмалар әзірлеу; – жарнама дискурсы бойынша студенттердің түрлі құзіреттілігін қалыптастыруға бағыттала құрастырылған лингвистикалық-әдістемелік тапсырмалардың тиімділігін эксперимент арқылы дәйектеп, ғылыми тұжырым жасау. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында теориялық материалдарды өңдеуде жинақтау, сұрыптау, талдау, сипаттау, қорытындылау әдістері; жарнама мәтінінің дискурстық ерекшелігін, вербалды және бейвербалды кодтардың қолданысы мен өзара әрекеттесу ерекшелігін көрсетуде мазмұндық, құрылымдық, семантика-прагматикалық, стилистикалық талдау; эксперимент барысында бақылау, сауалнама, сұхбат, диагностикалық талдау әдістері қолданылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): – Жарнама дискурсы және жарнама мәтіні терминдеріне анықтама беруде жалпы дискурс пен мәтін туралы айтылған ғылыми тұжырымдарға сүйенеміз. Жарнама дискурсы – жарнама жасау, тұтынушыларға тарату, адресаттың қабылдауын қамтитын үш жақты өзара әрекеттесу процесі болса, жарнама мәтіні – жарнамаланатын өнімге/қызметке назар аудару үшін жарнама дискурсында қолданылатын мәтін. – Жарнама дискурсының түрлі жанрларындағы графикалық таңбалар (әріп, түстердің қолданысы, кеңістіктік композициялық шешім); кинетикалық амалдар (ым мен ишара, қалып (поза) , бет қимылы (мимика); аудио (есту, интонация, ырғақ, дыбыстық түрлендірулер және т.б.) барлығы бірлесе қолданылып сендіру, жарнама дискурсының тиімділігін қамтамасыз ету қызметін атқарады. – Жарнама дискурсындағы бейвербалды кодтардың қызметі – вербалды код арқылы берілген ақпаратқа назар аударту. Алдымен жарнаманың визуалды көрінісі, содан кейін ғана мәтінге мән беріліп, вербалды код қабылданатындықтан, дизайнерлер тарапынан кескіндер мен әріптердің, түстердің экспрессиясына ерекше мән берілуі жарнама дискурсына тән сипат. Адамның қабылдау ерекшелігіне байланысты бейвербалды кодтар бірінші орынға шығып, жарнаманың жетекші құрамдас бөлігіне айналады, ал мәтін (вербалды код) олардың толықтырушысы ретінде әрекет етеді. – Жарнама дискурсының ерекшелігі ретінде ондағы вербалды және бейвербалды кодтардың өзара әрекеттесуін айтамыз. Кодтардың өзара әрекеттесуі арқылы құрылған жарнама дискурсы халықтың этностық ерекшелігі мен қоғамдағы әлеуметтік топтардың кодтарды қабылдау ерекшеліктеріне сай болады. Соған орай дискурстағы прагматикалық бағыттылықтың маңызды критерийлерінің бірі ретінде адресат категориясын атаймыз. – Жарнама дискурсында адресантқа түрлі әсер ету мақсатында сендіру, жеңілдіктер беру, қызығушылықты тудыру, иіс, дәм, есту т.б. сезім мүшелеріне әсер ету, дефицит және жайлылық сезімін беру, жеке тұлғаның әлсіз жақтарына психологиялық әсер ету әдістері; вербалды кодты бейнелеу өнерінің элементтерімен жеткізетін экфрасис әдісі, стилистикалық интимизациялау әдісі (адресатпен сенімді қарым-қатынас жасау үшін тілдік құралдарды қолдану, вербалды компоненттегі дыбыс деңгейінің жоғарылығы т.б.) қолданылады. Экфрасис жарнамалық хабарламаға үйлесімді түрде біріктіріліп, жарнаманың жалпы стилі мен үніне сәйкес келуі тиіс, ал басқа әдістердің тиімділігі аудиторияға, жарнамаланатын өнімге/қызметке байланысты болады. – Стилистика мен жарнама дискурсы екі түрлі ғылым саласы болғанымен бір-бірімен өте тығыз байланысты. Тығыз байланысуының көрінісі стилистиканың жарнама дискурсын көркемдеуіш құралдармен байытуы болса, жарнама дискурсының стилистиканы бай тұрмыстық мысалдармен қамтуы. Синтетикалық өнер түріне жататын жарнама дискурсының көркемдік сипаты тіл деңгейлері мен троптардың стильдік ерекшелігінен көрінеді. Сондықтан жарнама дискурсының негізгі элементі тіл, яғни сөз болса, оны көркемдеудің, безендірудің негізгі құралы стиль екені анық. – Жарнама дискурсы бойынша стилистиканы оқытуға арналған лингвистикалық-әдістемелік тапсырмалардың жүйелі түрде оқу үдерісіне енгізілуі студенттердің тілдік, коммуникативтік, креативтік, мәдени-танымдық, ақпараттық-коммуникациялық құзіреттіліктері мен жарнама дискурсын талдау, жазу және бағалау дағдыларын қалыптастырады. Бұл олардың функционалдық сауаттылығы мен шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға, жарнама дискурсының стилистикалық мүмкіндіктерін терең түсінуіне мүмкіндік береді. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: – Қазақ тіл білімінде жарнама дискурсы, жарнама дискурсын түзуші вербалды және бейвербалды кодтардың өзара әркеттесуі алғаш рет дербес қарастырылып, ғылыми тұжырымдар жасалды. – Жарнама дискурсының зерттелуі, жанрлық тұрғыдан жіктелуі сараланып, жарнама дискурсы, жарнама мәтіні терминдеріне анықтама берілді. Жарнама мәтінінің жарнамаланатын өнімге/қызметке назар аудару үшін жарнама дискурсында қолданылатын мәтін екендігі; бір немесе бірнеше жарнама мәтіні бірлесе келе бір жарнама дискурсын құрауы мүмкін екендігі анықталды – Жарнама дискурсындағы вербалды және бейвербалды компоненттердің функциялары мен формалары қарастырылып, әсер ету әдістері, семантика - прагматикалық, стилистикалық және өзара әрекеттесу ерекшеліктері қарастырылды. – Жарнама дискурсының лингвометодикалық әлеуеті сараланып, стилистиканы оқытуға арналған лингвистикалық - әдістемелік тапсырмалар әзірленді. Эксперименттік оқыту барысында ұсынылған тапсырмалардың тиімділігі тексерілді. Жарнама дискурсының лингвистикалық зерттеулермен қатар тілді оқыту әдістемесі үшін де бай материал болып табылатыны анықталды. Ол әр түрлі дидактикалық материалдарды әзірлеуге негіз болуымен қатар білім алушылардың оқу ақпаратын тиімді меңгеруіне ықпал етеді. Жарнама дискурсындағы вербалды және бейвербалды кодтарды стилистикалық, прагматикалық, танымдық, лингвомәдени және тағы да басқа лингвистикалық аспектілер тұрғысынан талдау мен талқылау студенттердің лингвистикалық білімдерін толықтырумен қатар сыни ойлауы мен аналитикалық дағдыларын дамытуға көмектесері анық. Стилистиканы оқытуда жарнама дискурсы бойынша фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және синтаксистік стилистикадан жасалған тапсырмалардың тиімділігі эксперимент арқылы тексеріліп, студенттердің түрлі дағдылары мен құзіреттіліктерін қалыптастыратыны дәлелденді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі. Ғылыми жұмыстың теориялық маңыздылығы жарнама дискурсы мен дискурс түзуші кодтарды зерттеп, лингвистикалық және әдістемелік тұрғыдан ғылыми тұжырымдар жасауында жатыр. Адресатқа әсер ету мақсатындағы вербалды және бейвербалды кодтардың өзара әрекеттесуі арқылы құрылған жарнама дискурсын зерттеу дискурс туралы теориялық түсініктерді толықтырып, оқыту әдістемесін жетілдіретіні анық. Диссертациялық зерттеудің практикалық құндылығы бар. Зерттеу жұмысының нәтижелерін, жинақталған материалдар мен тұжырымдарды ЖОО - да бакалавр бойынша «БАҚ тілі мен стилі», «Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы» элективті курстарын оқытуда, жарнама мәтіндерін құрастыруда, журналистика бойынша болашақ кәсіби мамандарды даярлауда, магистратура мен докторантурада «Мәтін және дискурс», «Прагмалингвистика» курстарында қолдануға болады. Диссертациядағы теориялық зерттеу мен оқыту әдістемесіне байланысты тұжырымдарды, әдіс-тәсілдерді практикалық сабақтарда қолдану сабақ сапасын арттыруға септігін тигізеді. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертациялық зерттеуде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізге алынды. «Білім туралы» Заңға сәйкес жарнама дискурсын оқыту әдістемесі зерттелді және білім алушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының нысандары пайдаланылды. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Диссертациялық зерттеу нәтижелері бойынша 10 мақала жарық көрді. ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 5 мақала, отандық және шетелдік халықаралық конференция жинақтарында 5 мақала жарияланып, секциялық және пленарлық отырыстарда баяндалды. ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда жарияланған мақалалар: 1. Жарнама тілінің зерттелуі//Торайғыров университетінің хабаршысы. Филология сериясы –2022 – №1. – Б. 39-47. (бірлескен автор: Гүрер Гүлсевин, докторанттың үлесі – 90%). 2. Жарнама дискурсы лингвистикалық зерттеу нысаны ретінде // Торайғыров университетінің хабаршысы. Филология сериясы.– 2022. №4.– Б.100-110. (бірлескен автор: Еспекова Л., докторанттың үлесі - 90%). 3.Жарнама дискурсындағы бервалды және бейвербалды коммуникация // Торайғыров университетінің хабаршысы. Филология сериясы.– 2023. №4 – Б.117-125. (бірлескен автор: Гүрер Гүлсевин, докторанттың үлесі - 90%). 4. Methods of teaching verbal and non-verbal codes of advertising discourse in a cross-cultural context//Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті. «3i: intllect, idea, innovation – интеллект, идея, инновация» көпсалалы ғылыми журналы – 2024. №1 – Б.123-130 . (бірлескен автор: Еспекова Л.Ә., докторанттың үлесі - 90%). 5. Жарнама дискурсындағы визуалды код // Қарағанды университетінің хабаршысы. Филология сериясы. –2024 №3 ( 115). – Б.141-149. (бірлескен автор: Еспекова Л.Ә., докторанттың үлесі -90%). Отандық және шетелдік халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда, симпозиумда, 5 мақала жарияланып, секциялық отырыстарда баяндама жасалды: 6. Жарнама мәтіні және жарнамадағы дискурс // БІЛМ және ҒЫЛЫМ атты ІV Халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция, – 2021. – Б. 124-127. ( докторанттың үлесі – 90%). 7. Қазақ баспасөзіндегі жарнама тілі// Жас ғалымдар, магистранттар, студенттер және мектеп оқушыларының «ХХI Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми конференциясының материалдары. Павлодар. 15 том, – 2021. – Б. 250-255. ( докторанттың үлесі – 100%). 8. Жарнама мәтінін оқытудың ерекшеліктері // Жас ғалымдар, магистранттар, студенттер және мектеп оқушыларының «ХХIІI Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми конференциясы. Павлодар, 12- сәуір, – 2023 ж. 13 том, – Б. 111-116. ( докторанттың үлесі – 100%). 9. Жарнама дискурсындағы лингвомәдени код // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуына орай және гуманитарлық ғылымдар академигі Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың 90 жылдығына арналған «ТҮРКІ ӘЛЕМІ: ТІЛ, ТАРИХ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ» атты XXVII Халықаралық «Аханов оқулары» 31.05.2024 ж. – Б.161-164.( докторанттың үлесі – 100%). 10. Жарнама дискурсының әдістемелік аспектілері // Зия Гекалпқа арналған Түрік жас ғалымдарының 1-Халықаралық симпозиумы. 6.11.2024 ж. – Б. 344-349. ( докторанттың үлесі – 100%)
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=bKnoOf6ohwg
