
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Зинедина Айерке Сағынғалиқызы «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша ««Гүлістан бит-түркі» мәтіні арқылы қазақ тілінің тарихи синтаксисін оқыту әдістемесі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Ермекова Тыныштык Нурдаулетовна – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (Алматы қ., Қазақстан).
Жуынтаева Замзагул Нагашыбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті (Қарағанды қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ағжа Феррух – доктор, Ескішехир Османғазы университеті Түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры (Ескішехир қ.,Түркия).
Кенжемуратова Салима Кенжемуратовна – филология ғылымдарының кандидаты, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалы Филология кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан).
Адилов Марлен Ерланович – философия докторы (PhD), Freedom Horizons ЖШС Жоба менеджері (Астана қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
Кенжалин Қуанышбек Кәрімұлы – философия докторы (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Айше Илкер – ғылым докторы, профессор, Желал Байар университеті Түрік тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (Маниса қаласы, Түркия Республикасы).
Қорғау 2026 жылғы 25 мамыр, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clc.li/QvoZj
Конференция идентификаторы: 414 395 783 090 93
Кіру коды: 6WZ765mT
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Зинедина Айерке Сағынғалиқызының «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған ««Гүлістан бит-түркі» мәтіні арқылы қазақ тілінің тарихи синтаксисін оқыту әдістемесі» атты диссертация жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты – «Гүлістан бит-түркі» мәтінінің синтаксистік жүйесін қазақ тілінің тарихи синтаксисі тұрғысынан саралап, соның негізінде ЖОО-да тарихи синтаксисті оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесін ұсыну. Зерттеу міндеттері: – ортағасырлық түркі жазба дәстүрі, ескі қазақ жазба тілі, шағатай дәстүрі мен мәмлүк қыпшақ жазбасының ғылыми негіздерін талдау; – «Гүлістан бит-түркі» ескерткішінің тіл біліміндегі зерттелу деңгейін саралау; – «Гүлістан бит-түркі» мәтінінің синтаксистік түзілімін сөз тіркесі, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, шумақ синтаксисі деңгейінде анықтау; – мәтіндегі сабақтас қатынас модельдерін сипаттау; – салалас қатынас деңгейлері мен олардың құрылымдық-мағыналық сипатын айқындау; – жазба тілдегі синтаксистік валенттілік ерекшеліктерін анықтау; – тарихи синтаксисті «Гүлістан бит-түркі» мәтіні арқылы оқытудың ғылыми-теориялық негіздерін белгілеу; – тарихи мәтінді іріктеу қағидаларын және тапсырмалар жүйесін жасау; – тарихи синтаксисті оқытуға арналған тиімді әдіс-тәсілдерді ұсыну; – ұсынылған әдістеменің нәтижелілігін эксперимент арқылы тексеру. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында ғылыми әдебиеттерді талдау, жинақтау, жүйелеу, салыстырмалы-тарихи, сипаттамалы әдіс, құрылымдық-семантикалық талдау, мәнмәтіндік талдау, синтаксистік модельдеу, экперимент өткізу, тест алу, нәтижелерді сапалық және сандық тұрғыдан талдау әдістері қолданылды. Бұл әдістер «Гүлістан бит-түркі» мәтініндегі синтаксистік құрылымдарды, сөз тіркесі мен сөйлем жүйесін, салалас және сабақтас қатынастарды, синтаксистік модельдер мен валенттілік ерекшеліктерін анықтауға және оларды қазіргі қазақ тілі деректерімен сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік берді. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): – «Гүлістан бит-түркі» мәтіні – қазақ тілінің тарихи синтаксистік жүйесін танытатын құнды тілдік дереккөз; – ескерткіш мәтініндегі синтаксистік құрылымдар қазақ тілінің тарихи даму жолын айқындауға мүмкіндік береді; – мәтіндегі сөз тіркестері, изафет құрылымдары, жай және құрмалас сөйлем үлгілері қазіргі қазақ тілі синтаксисімен сабақтас; – сабақтас және салалас қатынас модельдері тарихи синтаксистің негізгі құрылымдық белгілерін танытады; – жазба тілдегі синтаксистік валенттілік ерекшеліктері тарихи мәтіндегі сөздердің тіркесу мүмкіндігін және сөйлем құрау жүйесін анықтайды; – тарихи синтаксисті тиімді оқыту тарихи мәтінді сөз тіркесі, сөйлем, шумақ және мәтін деңгейінде кешенді талдауға негізделуі тиіс; – «Гүлістан бит-түркі» ескерткіші негізінде жасалған мәтін іріктеу қағидалары мен тапсырмалар жүйесі студенттердің тарихи-синтаксистік білімін тереңдетуге мүмкіндік береді; – ұсынылған әдістемелік жүйе болашақ тіл мамандарының зерттеушілік және кәсіби құзыретін дамытуға ықпал етеді. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: – «Гүлістан бит-түркі» ескерткішінің ескі қазақ жазба тілі мен мәмлүк қыпшақ жазба дәстүрі аясындағы орны нақтыланды; – ескерткіштің тіл біліміндегі зерттелу тарихы жүйеленді; – мәтіннің синтаксистік түзілімі жан-жақты сипатталды; – сөз тіркесі, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, шумақ синтаксисі деңгейлеріндегі ерекшеліктері айқындалды; – сабақтас қатынас модельдері мен салалас қатынас деңгейлері жүйеленді; – жазба тілдегі синтаксистік валенттілік сипаты анықталды; – тарихи синтаксисті оқытудың ғылыми-теориялық маңызы негізделді; – мәтінді іріктеу қағидалары мен тапсырмалар жүйесі әзірленді; – тарихи синтаксисті оқытуға арналған әдіс-тәсілдер жүйеленді; – эксперимент жұмысы ұсынылған әдістемелік модельдің тиімділігін көрсетті; – эксперимент нәтижесінде студенттердің тарихи синтаксис бойынша білім деңгейі, тарихи мәтіндермен жұмыс істеу дағдысы артқаны анықталды. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Диссертация жұмысы XIV ғасырдағы түркі жазба мұраларының бірі – Сайф Сарайидің «Гүлістан бит-түркі» ескерткіші негізінде қазақ тілінің тарихи синтаксисін оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесін айқындауға арналған. Зерттеуде аталған жазба ескерткіш тарихи синтаксистік бірліктердің табиғатын танытатын құнды тілдік дереккөз ретінде қарастырылып, оның синтаксистік құрылымы қазіргі қазақ тілінің синтаксистік жүйесімен сабақтастықта зерделенеді. Осы арқылы тарихи синтаксисті оқытудың мазмұны, ұстанымдары, әдістері мен тиімді жолдары ғылыми тұрғыдан негізделеді. Жұмыстың мазмұны өзара сабақтас екі бағытты қамтиды. Біріншісі – «Гүлістан бит-түркі» мәтінінің синтаксистік жүйесін тарихи-лингвистикалық аспектіде талдау. Бұл бағыт бойынша ескерткіштегі сөз тіркестерінің құрылымы, изафеттік қатынастар, сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі, жай сөйлем мен құрмалас сөйлем үлгілері, салалас және сабақтас құрылымдар, байланысу тәсілдері, етістіктің синтаксистік валенттілігі, мәтін түзудегі синтаксистік амалдар қарастырылады. Екіншісі – осы тілдік материалдарды жоғары оқу орнында болашақ тіл мамандарына қазақ тілінің тарихи синтаксисін оқыту үдерісінде тиімді қолданудың әдістемелік моделін жасау. Бұл ретте тарихи мәтінді іріктеу, оны тақырыптық және құрылымдық тұрғыдан жүйелеу, студенттердің синтаксистік білімін қалыптастыратын жаттығулар мен тапсырмалар кешенін ұсыну, олардың нәтижелілігін тәжірибе жүзінде тексеру көзделеді. Зерттеудің ғылыми мазмұны қазақ тіл біліміндегі тарихи синтаксис мәселелерін тек сипаттап қоймайды, оны оқыту әдістемесімен ұштастыруымен ерекшеленеді. Яғни диссертацияда тарихи синтаксистік категориялар таза теориялық нысан ретінде емес, болашақ филолог мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіретін, тілдің даму заңдылықтарын терең түсінуге мүмкіндік беретін білім мазмұны ретінде қарастырылады. Осыған байланысты жұмыста тарихи мәтінді қазіргі қазақ тілі деректерімен салыстыра оқыту, синтаксистік құрылымдардың эволюциясын түсіндіру, студенттің зерттеушілік және аналитикалық қабілетін дамытуға бағытталған оқу амалдары сараланады. Зерттеу барысында тарихи синтаксисті меңгертуде мәтінге сүйенген оқыту, салыстырмалы-тарихи талдау, ретроспекциялық зерделеу, құрылымдық-семантикалық саралау сияқты ғылыми ұстанымдардың дидактикалық мүмкіндіктері анықталады. Сонымен қатар «Гүлістан бит-түркі» мәтіні негізінде тарихи синтаксисті оқытудың мазмұндық жүйесі жасалып, оқу үдерісіне бейімделген тапсырмалар мен практикалық жұмыстардың үлгілері беріледі. Ұсынылған әдістемелік жүйенің тиімділігі жоғары оқу орны студенттері қатыстырылған тәжірибелік-эксперимент жұмысы арқылы дәлелденеді. Осылайша диссертация жұмысы ортағасырлық түркі жазба ескерткішінің синтаксистік табиғатын қазақ тілінің тарихи дамуымен сабақтастыра қарастырып қана қоймай, сол мұраның білім беру кеңістігіндегі қызметін айқындайды. Зерттеу нәтижелері қазақ тілінің тарихи синтаксисін оқытудың ғылыми-теориялық негіздерін толықтырып, жоғары мектепте тарихи лингвистикалық білім берудің мазмұнын жетілдіруге бағытталады. Қазақ тілінің тарихи дамуын танытатын ортағасырлық жазба мұралар тіліміздің қалыптасу жолын, грамматикалық жүйесінің эволюциясын, сөз байлығы мен синтаксистік құрылымдарының тарихи сабақтастығын танытуда айрықша маңызға ие. Алайда қазақ тіл білімінде тарихи синтаксисті арнайы мәтін негізінде оқыту мәселесі толық жүйелене қойған жоқ. Көне және орта ғасыр жазба ескерткіштерінің фонетикалық, лексикалық, морфологиялық қырлары көбірек сөз болғанымен, олардың синтаксистік қабатын зерттеу де, оны оқу үдерісіне тиімді енгізу де жеткілікті деңгейде жүйеленбеген. Әсіресе болашақ филологтар мен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне тарихи синтаксисті нақты тілдік дерекпен, мәтіндік талдаумен, салыстырмалы және ретроспекциялық тұрғыдан меңгертудің әдістемелік моделі қажет. «Гүлістан бит-түркі» мәтіні – қыпшақтық негізі басым, шағатайлық жазба дәстүр мен мәмлүк қыпшақ жазба мәдениетінің белгілерін бойына сіңірген, сөздердің байланысу жүйесі, изафет құрылымдары, сабақтас және салалас сөйлемдер, поэтикалық және прозалық синтаксис, сөйлеу етістіктерінің валенттілігі сияқты күрделі тілдік құбылыстарды тұтас қамтитын ескерткіш. Сондықтан бұл мәтінді қазақ тілінің тарихи синтаксисін оқытуда тірек материал ретінде пайдалану – ғылым мен білім беру үдерісі үшін өзекті мәселе. Зерттеудің өзектілігі, бір жағынан, тарихи синтаксис теориясын толықтыру қажеттігімен, екінші жағынан, жоғары мектепте болашақ тіл мамандарының кәсіби құзыретін күшейту міндетімен айқындалады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертация жұмысы Қазақстан Республикасында жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының басым бағыттарымен, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, «Білім туралы», «Ғылым туралы», «Тіл туралы» заңдармен, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартымен өзектес. Зерттеуде тарихи мәтін талданып, оны жоғары оқу орнында оқыту әдістемесі ұсынылғандықтан, болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің кәсіби құзыретін дамытуға, тарихи мәтіндерге лингвистикалық талдау жүргізу, оның ішінде синтаксистік талдау жүргізу дағдыларын дамытуға қызмет етеді. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Зерттеу жұмысының қорытындылары мен нәтижелері бойынша Scopus (Elsevier) халықаралық ақпараттық ресурстарына енгізілген ғылыми жарияланымда 1 (бір) мақала, ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған отындық басылымда 4 (төрт) мақала, халықаралық конференцияларда 2 (екі) мақала жарық көрді. 1. The Valency and Actant Structure of Speech Verbs in the Monument Gulistan bit Turki (on the Example of the Verb ayt) // Educational Sciences: Theory and Practice, 2025. – №25(1). – Р. 268-274 (бірлескен автор: K. Kenzhalin, G. Begimova, G. Otelbay, A. Tansykbay, M. Akhmetova. Докторанттың үлесі – 75%). 2. «Гүлістан бит-түркі» ескерткішіндегі изафет құрылымдар (синтаксистік-семантикалық талдау) // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Шығыстану сериясы, 2024. ‒ №4. – Б. 252-262 (бірлескен автор: М. Ескиндирова, Л. Еспекова. Докторанттың үлесі – 85%). 3. «Гүлістан бит-түркі» ескерткішінің синтаксистік ерекшелігі // Торайғыров университетінің Хабаршысы. Филология сериясы, 2024. ‒ №4. – Б. 170-182 (бірлескен автор: А. Зейнулина, К.А. Кусманова. Докторанттың үлесі – 85%). 4. «Гүлістан бит-түркі» ескерткіші мәтініндегі «айт» етістігінің валенттілігі // Turkic studies journal, 2025. – №2. – Б. 167-181 (бірлескен автор: Қ. Кенжалин. Докторанттың үлесі – 90%). 5. Болашақ тіл мамандарына тарихи синтаксисті оқыту әдістемесі // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Педагогика сериясы, 2025. – №2. – Б. 166-174 (Қ. Кенжалин, Ә. Таңсықбай. Докторанттың үлесі – 85%). 6. Шағатай тілі және оның қазақ лингвистикасындағы зерттелімі // «Мырзатай Серғалиев және филология мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2023. – Б. 212-215. 7. «Гүлістан бит-түркі» мәтіні эпилогындағы автор интенциясының синтаксистік тәпсірі // «Филологиялық зерттеулер» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=DXkTeqDAfPs&t=5268s
