
«8D01717 - Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жанжигитов Сырым Жанмуратович диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жанжигитов Сырым Жанмуратович «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «Әлеуметтік өзгерістер динамикасы және құқықтық лексиканы дамыту әдістемесі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тіл білімі» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Әлісжанов Сарқыт Қалымұлы - ғылым докторы, профессор, "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымы, профессор
Кенжебаева Гульдарига Мерекебаевна - ғылым кандидаты, доцент, Ғылыми қызметкер
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Құрман Несібелі Жәкенқызы - ғылым докторы, профессор, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы бөлімшесі, профессор
Иманбердиева Сауле Курманбаевна - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Төраға
Шадиева Нургуль Хамзахановна - ғылым кандидаты, доцент
Рауандина Айтжамал Калкеновна - ғылым кандидаты, доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ, доцент
Шормакова Айжан Ботановна - ғылым кандидаты, доцент
Ғылыми кеңесшілер:
Бекжан Әбдуәлиұлы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан)
Тұрғыт Ток – доктор, Памуккале университеті түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры (Денизли қ., Түркия)
Қорғау 2023 жылғы 28 желтоқсан, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/82728159785?pwd=FLSHaXusDl9psDAbsFldHv1Du5JPse.1
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Жанжигитов Сырым Жанмуратовичтің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Әлеуметтік өзгерістер динамикасы және құқықтық лексиканы дамыту әдістемесі» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Құқықтық лексика және терминология мемлекеттік деңгейдегі маңызы зор мәселе. Ол тіл, құқық салаларының ғалымдары мен практик-мамандар назарында тұр, алайда құқық жүйесінің дамуымен бірге пайда болып жатқан ұғымдар мен түсініктердің жаңа атауларға деген сұранысы үнемі артып отыр. Демек, бұл проблема ұзақ уақыттар бойы жалғаса беретіні сөзсіз, сондықтан оның практикалық шешімдерін ұсынумен қатар, ғылыми негіздемесін дамыту мен әдістемесін қалыптастыру өз алдына арнайы зерттеулер жүргізуді қажет етеді. Бүгінге дейінгі зерттеулер жеке ғылым салалары бойынша жүргізіліп келді, ал алдымызда пәнаралық байланысқа басымдық беру міндеттері тұр. Осы тұрғыдан қарағанда құқықтық лексика мен терминология өзінің пәнаралық сипатымен назар аударады, ол тілші, заңгер ғалымдар тарапынан қатар зерттелуі тиіс және бұл екі саланың ғалым-мамандарының өзара ғылыми-әдістемелік әріптестікте болуы шарт, алайда бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Өткен дәуірлердегі құқықтық ойлар мен ұғым-түсініктердің дамуы және олардың тілдегі көрінісі әрі сөздермен таңбалануы – бүгінге дейін арнайы назар аударылмай келе жатқан мәселе, сондықтан қазіргі құқықтық тілдің даму бағыттарын айқындауда осы тарихи құндылықтарды негізге алу мен сабақтастығын сақтап отыру өзінің өзектілігімен күн тәртібіне шығып отыр. Екіншіден, құқықтық лексика мен терминдерді қамтитын тілдік құзыреттілік мамандардың кәсіби құзыреттілігімен теңестірілуі тиіс. Тілдік құзіреттілік мамандардың мамандық тілін меңгеруіне жол ашу, оларды тілдің практикалық кеңістігіне дайындау болып табылады. Құқықтық лексика бойынша зерттеулер әлемінде бұл мәселе де өзінің толық шешімін таба алмай келеді. Заңгерлердің тілдік құзыреттілігі (қазақ тілі), заңнамалық нормативтік актілердің аударма нұсқалары (орысшадан қазақшаға), ресми-іскери құжатнаманың қазақ тіліндегі толыққанды үлгілері, заң мамандығында оқитын студенттердің кәсіби қазақ тілі мен терминологиясын меңгеру дәрежесі т.б. секілді жұмыстарда шешімдері қарастырылған теориялық әрі практикалық мәселелер зерттеу жұмысымыздың өзектілігін айқындайды. Зерттеу нысаны ретінде құқықтық лексиканың терминологиялық жүйесі алынды. Зерттеу пәні. Заңнамалық терминдердің диахрониялық әрі синхрониялық сипаты және құқық тілін болашақ заңгерлердің кәсіби құзыреттілігінің басты компоненті ретінде дамыту әдістемесі. Зерттеудің мақсаты. Әлеуметтік өзгерістер аясындағы құқықтық лексиканың даму ерекшеліктеріне тарихи және сипаттамалық, лингвистикалық және экстралингвистикалық тұрғыдан талдаулар жасау және заңнамалық терминдерді кәсіби құзыреттіліктің компоненті ретінде педагогикалық тәжірибе арқылы зерттеу. Зерттеу мақсатын жүзеге асыру үшін келесі міндеттер қойылды: – құқықтық лексиканың әлеуметтік өзгерістер аясындағы даму кезеңдерін зерделеу; – қазақ құқықтық лексикасының дамуындағы экстралингвистикалық факторларды анықтау; – қазақ құқықтық лексикасының лингвистикалық сипаттарын зерделеу мен қазіргі даму ерекшеліктерін айқындау; – құқықтық терминологияны кәсіби лексиканың жүйелі тілдік қабаты ретінде зерделеу; – болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігінің мәні мен құрылымын анықтау; – құқықтық терминологиялық құзыреттілікті дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін тәжірибелік зерттеу; – болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігін тиімді дамытудың педагогикалық моделін құрастырып, оқу үдерісінде апробациялау мен ғылыми негіздемесін беру. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында жалпы ғылыми әдістер мен арнайы зерттеу әдістері қолданылды. Жалпы ғылыми әдістер: болжам жасау, шолу, сипаттау, салыстыру, талдау, саралау, жүйелеу, топтастыру, тұжырымдау, деректер мен мысалдарды іріктеу, статистикалық талдау, графикалық ресімдеу (сызба, кестелер, суреттерді дайындау). Арнайы зерттеу әдістері: лексика-семантикалық талдау, мағынаны компоненттік талдау, ассоциативтік тәжірибе (эксперимент), үлгілеу, педагогикалық тәжірибе (эксперимент), эмпирикалық талдау. Педагогикалық тәжірибелік (эксперименттік) зерттеуА. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің П.И. Чужинов атындағы экономика және құкық институтының «Мемлекет және құқық теориясы» мен «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедраларында, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жүргізілді. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалық дәрежесі төмендегідей тың мәселелердің күн тәртібіне қойылуы мен ұсынылған нақты шешімдері арқылы көрінеді: – құқықтық терминологияның тарихи даму кезеңдері және әлеуметтік өзгерістермен сабақтастығы, экстралингвистикалық және лингвистикалық сипаттары, заңнамалық нормативтік мәтіндердегі қолданылу ерекшеліктері, кәсіби құзыреттілік ретінде оқыту әдістемесі т.б. мәселелер кешені біртұтас жүйенің құрылымдары ретінде қарастырылды; – құқықтық терминологияның қолданбалы саласы жобаланды – кәсіби терминологияны тиімді оқытудың педагогикалық моделі құрастырылды, электронды қазақ терминологиялық сөздігінің жобасы ұсынылды, терминологиялық сауаттылықты анықтаудың ассоциативтік және педагогикалық эксперименті түріндегі екі тәжірибелік зерттеу (эксперимент) жүргізілді; – кәсіби қазақ тілін құқықтық пәндермен бірге интегративтік әдістемелік модель негізінде меңгерту жолдары ұсынылды; – «кәсіби терминологиялық құзыреттілік» ұғымының мәні, құрылымы, кәсіби және тілдік құзыреттілік жүйесіндегі орны анықталды; – қазақ құқықтық заңнамалық лингвистикасы мен лингвистикалық конфликтологияның ерекшеліктері анықталып, ғылыми сала ретінде дәлелденді; – құқықтық терминологияны зерттеу әдістемесі, ғылыми тұжырымдары, оқыту және дамыту жолдары қазіргі тіл білімі, заңнамалық лингвистика және кәсіби оқыту теориясы тұрғысынан нақтыланды. Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу нәтижелері құқықтық терминологияның ғылыми сала ретіндегі жүйелік сипаттарын тереңдетуге, тілдің теориялық және қолданбалық өзге салаларымен байланысын зерделеуге үлес қосады. Құқықтық терминологияның дербес бағыт ретінде дамуына, оның негізгі ғылыми категорияларының нақтылануына теориялық негіздемелер ұсынады. Заңнамалық лингвистика, лингвистикалық конфликтология және лингвистикалық сараптама салаларын жаңаша теориялық талдаулармен толықтыруға және жаңа бағыттардың (өзекті құқық салаларымен байланысты) әрі қарай дамуына септігін тигізеді. Зерттеу жұмысының нәтижелері жалпы тіл білімі, қазақ тіл білімі, заңнамалық лингвистика, әлеуметтік лингвистика, педагогика, кәсіби білім беру теориясы аясында қаралатын проблемалармен тікелей байланысты болып отырғандықтан, оларға қатысты зерттеулердің ғылыми шешімдерін өзіндік тұжырымдармен толықтырады. Бұл зерттеу жұмысы қазақ құқықтық терминологиясының ғылымитеориялық негіздерін дамытуға өз үлесін қосады. Жұмыстың практикалық маңызы. Диссертациялық зерттеу барысында алынған нәтижелер құқық теориясының бірқатар бөлімдерін практикалық тұрғыдан дамытуға өз әсерін тигізеді. Атап айтқанда, заң шығару, заң техникасы, құқық нормалары, құқық көздері және т.б. мәселелердің тілдік тұрғыдан ресімделуі, құқық терминдерінің бірізденуі, құжаттардың мемлекеттік тілде дайындалуына ықпал ете алады. Сонымен қатар диссертацияның жекелеген тұжырымдары салалық құқықтық пәндерді оқыту үдерісінде, нақтылап айтқанда, жоғары оқу орнының білім алушыларына құқықтық лексиканы меңгертуге, болашақ мамандарды кәсіби дайындауда элективтік (авторлық) курстардың мазмұнын толықтыруға, құқық пәндері мен кәсіби тілді интегративтік әдістеме негізінде меңгертуге мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының деректерін, тәжірибелік зерттеу әдістемесін магистранттар мен ізденушілерге, «Қазақ тілі» және «Кәсіби қазақ тілі» пәндерінің оқытушыларына көмекші құрал ретінде пайдалануға болады. Алынған қорытынды нәтижелер мен зерттеу деректерін кәсіби тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгерту тәжірибесінде, Қазақстанда заң шығару қызметін жүзеге асыру үдерісінде, құқықтық терминдерді аудару және біріздендіру, терминологиялық сөздіктерді (сонымен қатар электронды сөздіктерді) құрастыру мақсатында қолдануға болады. Ұсынылған педагогикалық модель, оның жүйелік-әрекеттік сипаттағы әдістемесі, модельді оқу үдерісіне тиімді енгізу мақсатында қалыптастырылған ұйымдастыру-педагогикалық шарттар кешені, ұсынылған оқыту әдістері «Кәсіби қазақ тілі», «Практикалық қазақ тілі» пәндерін оқыту сапасын арттыруға үлес қосады. Қорғауға ұсынылатын диссертацияның негізгі тұжырымдары: – байырғы қазақ қоғамындағы құқықтық ұғым-түсініктер және олардың даму сатылары мен әлеуметтік өзгерістер барысындағы терминдену үдерістері; – тілдік, метатілдік, кәсіби лексика, стилдік компоненттер бойынша арнайы сөздер қабаты қамтылған құқықтық лексика жүйесінің лексика-семантикалық сипаттамасы; – құқықтық лексиканың қалыптасуы мен дамуының лингвистикалық (лексика-семантикалық кеңеюі, тарылуы, актив немесе пассив қорға ауысуы, қайта жаңғыруы т.б.) және экстралингвистикалық (әлеуметтік өзгерістер, қоғамның тарихи даму кезеңдері және кәсіби саладағы өзгерістер) заңдылықтары; – заңнамалық нормативтік актілер мәтіндеріндегі құқықтық терминдердің, терминологиялық сөздіктердегі нұсқаларымен лингвистикалық салыстырмасы; – конфликтогенді мәтіндер құрамындағы конфликтогенді лексиканың лингвистикалық сипаттамасы; – терминологиялық сөздіктерде қамтылған және заңнамалық нормативтік актілерде, заңнамалық тәжірибеде сирек, жеткіліксіз дәрежеде қолданылатын арнайы салалық (мамандырылған) құқықтық терминдердің қазіргі мәселелері; – болашақ заңгерлердің терминологиялық құзыреттілігінің, кәсіби қызметі мәнін құрайтын және тұлғалық әлеуетін сипаттайтын маңызды кәсіби құзыреттілігінің құрамдас бөлігі ретіндегі ерекшеліктері; – кәсіби терминологиялық құзыреттілік болып табылатын тілдік пәндердің арнайы құқықтық пәндермен сабақтастықта оқытылуы, яғни пәнаралық байланыста оқыту әдістемесі; – болашақ заңгерлерге кәсіби терминологиялық білім беру үдерісінде жүйелік-әрекеттік педагогикалық модельді тиімді жүзеге асыру жолдары. Жұмыстың жариялануы мен талқылануы (апробация) жалпы зерттеу нәтижелері 10 жарияланымда көрініс тапты. Скопус (Scopus) мәліметтер баспасына 1 мақала, ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы бақылау комитеті (ҒЖБСБК) ұсынған тізімге енетін журналдарда 5 мақала, шетелдік халықаралық конференцияларда 4 мақала жарияланды. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, әр тараудың тұжырымдарынан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады. Тараулар мазмұнында кестелер, сызбалар, суреттер бейнеленген. Диссертациялық жұмыстың қысқаша мазмұндамасы. Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны, зерттеу пәні, зерттеудің ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық негіздері, зерттеу әдістері, диссертациялық зерттеудің дереккөздері, зерттеу жұмысының негізгі кезеңдері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, зерттеу жұмысының сарапталуы мен жариялануы секілді зерттеу талаптары қамтылды. Жұмыстың «Қазақ тіліндегі құқықтық лексиканың тарихи негіздері» атты бірінші бөлімі іштей бес тараушадан тұрады. Тарауда әлеуметтік өзгерістердің құқықтық лексикадағы бейнеленуі, қазақ қоғамындағы әлеуметтік-құқықтық қатынастар лексикасының қалыптасуы, хандар жарғыларының құқықтық мәні мен тілдік ерекшеліктері, кеңестік жүйе тұсындағы құқықтық терминологияның қалыптасуы мен тәуелсіздік жылдарындағы құқықтық лексика мәселелері қарастырылады. Қазақ құқықтық лексикасының қалыптасуы мен даму тарихы қазақ даласының сол кезеңдегі өмір салтының «заңдылықтары» оның экстралингвистикалық алғышарттары ретінде назар аудартады. Тілдік деректерді талдау нәтижесінде Дала заңдарының сипаттары байырғы әкімшілік-құқықтық лексикалық қолданыста бейнеленгені көрініс тапты – дербес атауларда, мақал-мәтелдерінде, нақыл сөздерде. Байырғы және кейінгі құқықтық лексиканың сабақтасу жүйесі мен дәстүрлі қазақ қоғамындағы мемлекеттік (хандық билік) құрылымның лингвистикалық көрінісі сызба арқылы бейнеленді. Хандық билік дәуіріндегі «Жеті жарғыда» қамтылған баптардағы әкімшілік-құқықтық мәндегі лексикаға талдау жасау арқылы хан жарғыларында қолданылған әскери-әкімшілік және құқықтық мәндегі атаулардың қазіргі терминдік баламасы, яғни байырғы (хандық басқару жүйесіндегі) терминдік жүйе мен бүгінгі терминдік атаулар сабақтастығы сипатталды. Заң терминдерінің қалыптасу және даму жолдары әлеуметтік өмірдегі болып жатқан әр түрлі экономикалық, мәдениет, тұрмыстық, құқықтық өзгерістермен байланысты екендігі анықталды. Қазақ тіліндегі заң терминдер жүйесінің ғылыми термин ретінде қалыптасуын, зерттелуін кеңес дәуірімен байланыстыра отырып, оның бастауының өзі ерте дәуірлерде болғандығы дәлелденді. Қазақ терминологиясының қалыптасу жүйесі және даму тарихы мемлекеттік құрылым мен қоғамдық жүйенің әр тарихи кезеңін сабақтастықта өткергені анықталды. Екінші «Қазіргі қазақ құқықтық лексикасының ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты бөлім іштей алты тараушаны құрайды. Бұл тарауда құқықтық лексикасының ғылыми-тәжірибелік негіздері алты позиция тұрғысынан зерттелді: тіл мен құқықтың тоғысында пайда болатын пәнаралық сипаттағы деректер мен ғылыми мәселелерді зерттейтін сала – заңнамалық лингвистиканың қарастыратын проблемалары; құқықтық конфликт (жанжал) тудыратын тілдік және сөйлеу факторлары мен құралдарды қарастыратын конфликтогенді лексика және лингвистикалық сараптаманың арақатынасы мәселелері; құқықтық лексиканы аударуға және оның дамуына байланысты қаралатын проблемалар мен мүмкіндіктер; құқықтық терминологиялық жүйенің лексика-семантикалық бейнесі; құқық тіліндегі клише, штамп қолданысының ерекшеліктері; заңнамалық нормативтік актілер мәтіндеріндегі атаулардың ақпараттық сипаты мен мазмұндық құрылымы. Аталған зерттеу мәселелері осы тарау бойынша келесі негізгі тұжырымдарды қалыптастыруға мүмкіндік берді: – заңнамалық лингвистиканың нысаны – тіл мен құқықтың өзара арақатынасы, ал зерттеу пәні – тіл мен құқық қиылысатын шеңбердегі түрлі тілдік қатынастар, атап айтқанда, заң шығару қызметінің және заңды түсіндірудің маңызды элементі ретіндегі заңнамалық тілді талдау мен сипаттау; тілді қолданумен (кеміту, зорлық-зомбылыққа шақыру, сөйлеу манипуляциясы, жала жабу, тұлғаның ар-намысына тіл тигізу т.б.) байланысты жанжалдарды (конфликт) заңнамалық реттеу; көпұлтты мемлекетте тілдік-әлеуметтік ішкі мемлекеттік қатынастарды (мемлекеттік тіл мәселесі, ұлтаралық қарым-қатынас тілі, лингвоэкология проблемалары т.б.) және мемлекетаралық қатынастарды реттеу; заңнамалық қызметті терминологиялық және аудармалық тұрғыдан қамтамасыз ету; құқық саласы мамандарының лингвистикалық білімі; халықты лингвозаңнамалық тұрғыдан сауаттандырып ағарту; тілдік-құқықтық сананы зерттеу; – лингвистикалық конфликтология мен заңнамалық лингвистиканың ортақ зерттеу саласы – заңнамалық және лингвозаңнамалық мәні бар жанжалдар (конфликт), яғни конфликтінің тілдік көрсеткіштерін талдау, жанжалдың алдын алу және сотқа дейін оны шешу жолдарын іздеу т.б. сияқты мәселелер. Лингвистикалық сараптамаға түскен мәтіндер сипатына қарай конфликтогенді болып келеді. Конфликтогенді лексиканы қамтитын мәтіндердің лингвистикалық сараптамасы тілдік деректерден (мәтіндерден) заңнамалық болмысын анықтап, құқық тәжірибесінің қажеттіліктерін жүзеге асырады. Лингвистикалық сараптама саласы заңнамалық лингвистикаға қарасты қолданбалы лингвистикалық зерттеу, сонымен қатар құқық қорғау, заң және сот саласындағы істерге қатысты сараптамалық зерттеуде дәлелдеу (істің ақ-қарасын) тәсілі болып табылады; мәтіндердің тілдік деректерін заңнамалық деректерге айналдырып қарастырады; – құқықтық лексиканы аудару жолдары немесе заңнамалық аударма түрлерін анықтауда құқық саласындағы жазбаша мәтін түрі аударманың жіктелуіне негіз болады. Жазбаша мәтіндер – заң, нормативтік-құқықтық акт, сот жүйесінің құжатнамасы т.б. заңнамалық дискурстың басты түрі ретінде аталатындықтан, олар аударманың да нысаны болып келеді. Заңнамалық аударма – техникалық аударма түріне жатады және осы аударма саласының категорияларын, әдіс-тәсілдерін қолданады. Заңнамалық мәтіндер аудармасының сапасын арттыру және аудару үдерісін оңтайландыру үшін сол мәтіндердің салалық жіктелімін есепке алу қажет, себебі аудару барысында қабылданатын шешімдер мен стратегиялар заңнамалық мәтін түріне тікелей байланысты болады. Заңнамалық мәтіндер жіктелімі, оларда қамтылған лексиканың нақты категориясы – заңнамалық аударма түрлерін ажыратуда негізге алынады. Құқықтық лексиканы аударуда назарға алынатын мәселе – терминдік сөздер, әсіресе, мемлекеттердің саяси-басқару жүйесі мен құқықтық жүйелерінің сәйкес келмеуі, термин-сөздердің басқа тілдегі аналогтарымен мағыналық жағынан алшақ болып келуі аудармада қиындықтар мен қателіктер туындатады; – құқықтық лексикалық қордың негізін заңнамалық терминдер құрайды және құқық саласының нормативтік актілері, құжаттары мен деректері оның қалыптасу көзі болып табылады. Терминдер – құқықтық лексиканың басты белгілеуші сипаты; терминологияның лексика-семантикалық сипаты оны біріздендіру мәселесімен байланыста қаралып, келесі қағидаттарға сүйенеді: бір мағыналылық (біртұтастық); синонимдердің болмауы; тұрақтылық; жүйелілік; ықшамдылық; аббревиатуралар мен қысқарған терминдерді шамадан тыс қолданудан бас тарту; лингвистикалық және стилистикалық дұрыстық, үйлесімділік; экспрессивті бейтараптық, коннотацияның болмауы; дәлдік; айқындық; шетелдік терминдерді теріс пайдаланудан бас тарту; жалпыға бірдей танылу; заманауилық; дефинитивтілік; – заңнамалық салада қызмет түрлері мен үдерістер белгіленген тәртіп бойынша жүргізілетіндіктен, нормаланған, реттелген, қайталанатын болғандықтан, бұл салада окказионалды сөз қолданысына жол берілмейді, терминдер мен арнайы лексикалық қор қалыпты, барлығына ортақ, түсінікті, заңнамалық актілермен бекітілген болуы шарт. Сондықтан клишелердің қолданылуы құқық тілі үшін қалыпты тілдік құбылыс. Кәсіби орталарда және құқық субъектілері арасында кеңінен тараған, әбден қалыптасып кеткен клише түрлері заңнамалық сала үшін кәсіби тілдік нормасы болып қабылданады; заңгер клише мен штамптың аражігін ажыратуы тиіс – клишелер қолданысы берілетін түсініктердің дәлдігін қамтамасыз етумен байланысты болса, штамптарды қолдану ресми-іскери сөйлеу стилі ережелерінің бұзылуына әкеледі; – заңнамалық мәтіндер лингвистикасы арнайы ғылыми назарға алынуы тиіс деп есептейміз, себебі оның лингвистикалық, коммуникативтік, ақпараттық, құрылымдық, жүйелік, салалық сипаттары анықталып отыр. Нормативтік актілердің құрылымы құқық саласының ерекшеліктерімен бейнеленеді. Заңнамалық нормативтік актілердің мазмұны мен ақпараттық сипаты – тақырып, тақырыпша, диктема сияқты бірліктер арқылы көрініс табады; мәтіндерде бұлардың өз орны мен рөлі бар. Диссертациялық жұмыстың «Қазақ тіліндегі құқықтық терминологиялық құзыреттілікті дамыту тәжірибесі» атты үшінші бөлімінде құқықтық терминологиялық құзыреттілікті дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздері келесі зерттеу мәселелері арқылы анықталды: 1. Құқықтық терминологиялық құзыреттіліктің мәні мен құрылымын зерделеу, атап айтсақ, құзыреттілік, кәсіби құзыреттілік, тілдік құзыреттілік, кәсіби әлеует, кәсіби тұлға және солардың нәтижесінде терминологиялық құзыреттілік ұғымдары нақтыланып, болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігі деген ұғымның мәні мен құрылымы, тілдік және кәсіби сипаттары белгіленді; сонымен қатар болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігінің мәнін зерделеуде оны анықтайтын негізгі факторлар анықталды. 2. Болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігін дамытудың педагогикалық моделін қалыптастыру – педагогикалық тәжірибе (эксперимент) барысында ұтымды зерттеу әдісі ретінде педагогикалық үлгілеу қолданылды; оның мақсаты мен міндеттері, әдістемелік және дидактикалық қағидаттары, ғылыми-теориялық тұжырымдары, сайып келгенде, құқықтық лексиканы оқытудың және кәсіби терминологиялық құзыреттілікті дамытудың әдістемесі болып қалыптастырылды. Болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігін дамыту жүйелік-әрекеттік педагогикалық моделі арқылы жүзеге асырылғанда, осы мақсаттағы педагогикалық үдерістің көптеген құраушы элементтерін – мысалы, ресурстық, ұйымдастыру, әдістемелік, дидактикалық, дамытушы, бақылау т.б., олардың өзара ықпалдасуы мен байланысын, себеп-салдарлы қатынастарын айқын көріп зерделеуге мүмкіндік берді. 3. Модельді оқу үдерісіне енгізіп, тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін тәжірибелік зерттеу жұмысы, яғни педагогикалық эксперимент ұйымдастырылды. Педагогикалық экспериментті жүргізу нәтижесінде «Кәсіби қазақ тілі» пәнін оқыту тәжірибесінде педагогикалық модель апробацияланып, модельді оқыту үдерісіне енгізудің тиімді жолдары – ұйымдастыру-педагогикалық шарттар кешені анықталды; сонымен бірге эксперимент зерттеу сипаты мен сатыларды, әдістемелік негіздерін, зерттеу кезеңдерін қалыптастыруға мүмкіндік берді. 4. Модельдің тиімді жүзеге асырылуын ұйымдастыру-педагогикалық шарттар кешені қамтамасыз етті. Олардың құрамында мыналар қамтылады: білім беру үдерісінде (процесінде) интербелсенді кәсіби коммуникативтік ортаның жүйелі сипатта қызмет етуі; модельдің оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуі; ұйымдастыру-әдістемелік қамтамасыз етілуі мен ақпараттық-ресурстық қамтамасыз етілуі. Шарттардың барлығы кешенді іс-әрекет пен шараларды, нақты оқу-әдістемелік, ақпараттық-ресурстық құралдар мен жобаларды қамтыды, мысалы – жаттығулар, тапсырмалар мен шаралардың мазмұны, жобалық жұмыстар тақырыптары, кейстер базасы, бақылау-бағалау сауалнамалары, тест материалдары, Электронды терминологиялық сөздіктің лингвистикалық жобасы, Студент-заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігін дамыту бағдарламасы. Орындалған жұмыстың қорытындысы: Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері келесі мазмұнда тұжырымдалды: 1. Құқықтық лексиканың әлеуметтік өзгерістер аясындағы даму кезеңдері байырғы қазақ тіліндегі құқықтық лексиканың қайнар көздерін анықтаудан бастап, байырғы қазақ қоғамындағы және ХХ-ХХІ ғасырлардағы құқықтық терминология мәселелерін зерттеу, әлеуметтік өзгерістердің құқықтық лексикадағы бейнеленуін сипаттау, қазақ даласындағы әлеуметтік-құқықтық қатынастар лексикасының қалыптасу ерекшеліктерін қазіргі құқықтық лексикалық қормен сабақтастырып, хандар жарғыларының құқықтық мәні мен тілдік ерекшеліктерін талдау, Кеңес одағы тұсындағы және Тәуелсіздік жылдарындағы құқықтық лексиканың дамуы мен терминжасам мәселелерін сипаттау арқылы зерделенді. 2. Қазақ құқықтық лексикасының дамуындағы экстралингвистикалық факторлар заңнамалық лингвистиканың қалыптасуы мен зерттелуін, негізгі категорияларын айқындау, конфликтогенді лексика мен лингвистикалық сараптаманың арақатынасын сипаттау, тілдік конфликтогендердің түрлерін жүйелеу, оларды тудырушы факторларды саралау мен конфликтогенді тұлға ұғымын сипаттау, тілдік деректер мен құқықтық нормалардың арақатынасын қарастыру, құқықтық лексиканың дамуындағы аударма мәселелерінің рөлі мен проблемалық тұстарын бағалау арқылы анықталды. 3. Қазақ құқықтық лексикасының тілдік сипаттары ретінде құқықтық терминологиялық жүйенің лексика-семантикалық категориялары, олардың терминжасам мәселелеріне әсері, тілдік нормалануы мен функционалдық-семантикалық көрінісі зерттелді; заңнамалық салада жиі қолданылатын клише мен штамп ерекшеліктері, функциялары, жағымды-жағымсыз тұстары айқындалды; заңнамалық нормативтік актілердің атауларындағы және сол актілердің мәтінінде қолданылатын тақырып, тақырыпша, диктема сияқты бірліктердің ақпараттық сипаты мен мазмұндық құрылымы, кәсіби тіл мен мәтінге тән белгілері талданды. 4. Құқықтық терминдердің номинативтік қызметі, кәсіби маркерленген семантикалық мазмұны, лексика-семантикалық парадигмалары, стилистикалық ерекшеліктері секілді құқықтық терминологияның лексикалық жүйесіне лингвистикалық сипаттама жасалды. Құқықтық терминдер лексика-семантикалық бірліктер ретінде өз мазмұндық құрылымында тілдік, метатілдік және экстралингвистикалық ерекшеліктерді, кәсіби мәндегі мағыналық, стилистикалық компоненттерді өзара ұштастыратын арнайы лексикалық қабат ретінде қарастырылды. 5. Болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігінің мәні мен құрылымы «тілдік құзыреттілік» және «кәсіби құзыреттілік» сияқты іргелі ұғымдарды зерттеу негізінде анықталды. Кәсіби терминологиялық құзыреттілік – кәсіби тілдік құзыреттілікке жататын, болашақ заңгердің жалпы кәсібилік дайындық деңгейі мен кәсіби құзыреттілігінің басты көрсеткіші. Құқықтық терминология бойынша қалыптастырылған білім, білік пен дағдылардың кәсіби жағдаяттарда табысты қолданылуы, болашақ заңгердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігін сипаттайтындығына көз жеткізілді. 6. Педагогикалық тәжірибелік зерттеу жүргізу арқылы құқықтық терминологиялық құзыреттілікті дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздері нақтыланды. Болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігі педагогикалық модельдің жүйелік-әрекеттік түрі арқылы тиімді меңгерту проблемасы ғылыми идея ретінде «қызмет-әрекет арқылы оқыту» тұжырымына негізделіп, ассоциативтік және педагогикалық эксперименттер арқылы шешілді. 7. Болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігін тиімді дамыту мәселесі «Болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігін дамытудың жүйелік-әрекеттік педагогикалық моделін» құрастыру арқылы шешілді. Педагогикалық модель А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, П.И. Чужинов атындағы экономика және құқық институтының «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасында бекітілген «Кәсіби қазақ тілі» пәні бойынша оқу үдерісінде апробацияланып, ғылыми және әдістемелік негіздемесі берілді. 8. «Болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық құзыреттілігін дамытудың жүйелік-әрекеттік педагогикалық моделін» оқу үдерісіне тиімді енгізу үшін ұйымдастыру-педагогикалық шарттар кешені дайындалды, олардың құрамында – интербелсенді кәсіби коммуникативтік ортаның қалыптастырылуы, оқу-әдістемелік, ұйымдастыру-әдістемелік және ақпараттық-ресурстық мүмкіндіктердің қамтамасыз етілуі жүзеге асырылды. 9. Құқықтық терминологиялық құзыреттілік қазақ тілі, тіл білімінің негіздері, кәсіби тіл мен терминология салалары бойынша білім мен біліктілікті, іс-әрекет дағдыларын қалыптастыруды талап етіп, кәсіби терминологиялық құзыреттілікті арнайы ұйымдастырылатын оқу үдерісі негізінде тиімді дамытуға болатындығы педагогикалық тәжірибе, ассоциативтік эксперимент, эмпирикалық зерттеу арқылы дәлелденді. Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстар тізімі 1. The problem of systematization of terms in turkic languages and technologies of teaching at universities // Cypriot Journalof Educational Science. – 2022. –Vol. 17, №4. – P. 1077-1089. 2. Заң құжаттарындағы даулы мәтіндер // Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ Хабаршысы. – 2023. – №1(68). – Б. 73-88. 3. Cтуденттердің құқықтық сауаттылығын қалыптастыру әдістемесі // ҚР Ұлттық ғылым академиясы Хабаршысы. – 2023. – №1(401). – Б. 140-159. 4. Заң құжаттарының стилистика саласында зерттелуі // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. – 2023. – №2(143). – Б. 39-52. 5. Methods of studying legal terminology in the classroom in the kazakh language // Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Хабаршысы. – 2023. – №2(401). – Б. 44-53. 6. Болашақ заңгерлердің кәсіби терминологиялық сауаттылығын дамытудың педагогикалық моделі // ҚР Ұлттық ғылым академиясы Хабаршысы. – 2023. – №4(404). – Б. 66-80. 7. Sovyet sisteminde yasal kelime sorunları // «Türklük bilimi araştırmaları (türk dünyasından makaleler)» uluslararası sempozyumu (Denizli, 2022. – Б. 227-230). 8. Лингвистическая модель электронного словаря юридических терминов // Современные научные исследования: актуальные вопросы, достижения и инновации: сборник статей XXXV Международной научно-практической конференции (Пенза, 2023. – С. 48-53). 9. Қазақстанда нормативтік құқықтық терминологияны біріздендірудің болашағы // Membership in the WTO: Prospects of Scientific Researches and International Technology Market: Materials of the VIII International Scientific-Practical Conference (Edmonton, 2023. – P. 272-279). 10. Информационный характер названий нормативных актов // Донецкие чтения 2023: образование, наука, инновации, культура и вызовы современности: Материалы VII Международной научной конференции (Донецк, 2023. – С. 164-167).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/hNzsHVse8MA
