
«8D01717 - Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жунусова Айнагуль Куанышбаевна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жунусова Айнагуль Куанышбаевна «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «Жазушы Кемел Тоқаев және қазақ әдебиетінің детектив жанрын ЖОО-да оқыту» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Смагулов Жандос Кожахметулы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Төраға
Акбулатов Айдарбек Ахметович - философия докторы (PhD), доцент, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті" КЕАҚ
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Найманбаев Алмас Әбдіманапұлы - философия докторы (PhD), доцент, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Ғылыми кеңесшілер:
Тұрысбек Рақымжан Сағымбекұлы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан)
Метин Екижи – доктор Ph, Эге университетінің профессоры (Измир қ., Түркия)
Қорғау 2023 жылғы 29 желтоқсан, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/81567033736?pwd=FZInK9fCzB9Wj69yXCsSFbzxv69pTE.1
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған Жунусова Айнагуль Куанышбаевнаның «Жазушы Кемел Тоқаев және қазақ әдебиетінің детектив жанрын ЖОО-да оқыту» диссертациялық жұмысының АННОТАЦИЯСЫ Ұлттық әдебиетте детективті шығармалар арнайы зерттеуді, табиғаты мен тарихын, идеялық-көркемдік бағытын айқындауды қажет етеді. Детектив табиғатын ашу үшін, ең алдымен оның жанрлық сипатына және өзекті мәселелеріне, осы бағытта қалам тартқан жазушы Кемел Тоқаев шығармашылығына тоқталуды жөн көрдік. Детективті әдебиет, осы бағыттағы шығармалар қоғамның шынайы келбетін айқын да дәл таныта алуымен құнды. Детектив жанры кеңес әдебиетінде кең өріс алып, тамырын терең жая қойған жоқ. Ал, батыс әдебиетінде, әсіресе ағылшын-американдық және латын американдық әдебиетте өте танымал, әрі оқырман қауымның жоғары сұранысына ие болды. Осы ретте қазақ детективті әдебиетті дамыту ісіне үлес қосқан К. Тоқаевтың есімін айрықша атаумен бірге, осы жанрда жүйелі еңбек етіп, көптеген шығармалар жазғанын да еске алар едік. Зерттеу барысында қаламгер К. Тоқаевтың шығармашылық мұрасына кең көлемде тоқталып, тақырыптық мәнін, көркемдік-эстетикалық құндылықтарын, кейіпкер жүйесін, мәтін құбылысы мен тіл байлығын, ой-сөз жүйесін, стильдік айшықтарын айқындауға қатысты ізденіс, талдау мен салыстырулар жасалады. Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазіргі әдебиеттің даму бағдары әдебиеттану ғылымының алдына күрделі міндеттер қойып отыр. Соның бірі – қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының қалыптасуы мен даму үрдістерін айқындау. Бұл бағытта, әсіресе детектив жанрында қалам тартқан жазушы К. Тоқаевтың шығармашылығы алғаш рет диссертациялық зерттеу нысанына алынып отыр. Бұған дейін К. Тоқаев шығармаларының әр қырына қатысты некен-саяқ зерттеу жұмыстары болғанымен арнайы тақырып ретінде қарастырылмады. Осыған орай К. Тоқаевтың жазушылық жолына, дүниетанымы мен туындыларының көркемдік кеңістігіне, тіл-стиль мәселелеріне, шығармашылық шеберлігіне тереңінен үңіліп, жан-жақты талдау және қазақ әдебиетінің детектив жанрын ЖОО-да тиімді әдіс-тәсілдермен оқыту диссертациялық жұмыстың өзектілігі болып табылады. Қазақ әдебиетінде детективті, шытырман оқиғаға құрылған бірен-саран шығармалар бар. Атап айтқанда, Қ. Исабайдың «Ажал құрсауында» (1961), «Комендант» (1998), Б. Бодаубайдың «Қарт тергеушінің әңгімелері» («Прокурордың ажалы») (2014), Ш. Күмісбайұлының «Түнгі текетірес», З. Төлеудің «Жоғалған ауыл туралы аңыз» (2006), Балаларға арналған «АБКА тобы ашқан қылмыс» (2013), С. Бақбергеновтың «Қан тозаң», Кәрім Баялиевтің «Ар жазасы» атты шығармаларын айтуға болады. Зерттеу жұмысының мақсаты: Қазақ детектив жанрының даму тарихын саралап, қаламгер К. Тоқаев шығармаларын жан-жақты талдау және ЖОО-да қазақ әдебиетінің детектив жанрын тиімді әдіс-тәсілдермен оқыта отырып, жаңа ғылыми-теориялық әдістеме ұсыну жұмыстың басты мақсатын айқындайды. Зерттеу жұмысының алға қойған міндеттері: - Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының арғы-бергі тарихы мен қалыптасу кезеңдерін айқындау; - К. Тоқаевтың шығармашылық өмірбаяны мен атқарған қызметін қаламгерлік тәжірибесімен ұштастыра сипаттау; - К. Тоқаевтың жазушы ретіндегі қырларын ашу және шығармаларындағы көркемдік-эстетикалық құндылықтарын көрсетіп, стильдік сипаттарына талдау жасау; - К. Тоқаев туындыларының деректік негізі мен көркемдік сипатын байыпты зерделеу; - Қаламгердің көркем прозасындағы тақырыптық ізденіс, жанр мен образ жасау, кейіпкерлер жүйесін, әрекет-қимылдарын, қылмыс хроникасын, тергеу ісіндегі, кейіпкер характерін ашудағы көркемдік тәсілдерді қолданудағы шеберлігін саралау; - К. Тоқаевтың туындыларындағы портреттік бейнелеулер мен пейзаждық суреттеулердің психологиялық-поэтикалық күрделі ерекшеліктерін жүйелеу; - Жазушының нысанға алынған шығармаларын уaқыт пен кеңістікке қaтыстылығы тұрғысынaн саралау; - Шығармаларының жанрлық-стильдік, тілдік ерекшеліктерін екшеп, сюжеттік-композициялық құрылымына талдау жасау; - ЖОО-да К. Тоқаев шығармашылығын және қазақ әдебиетінің детектив жанрын оқытудың әдіснамасын айқындап, ғылыми-теориялық негіздерін дәйектеу; - Білім алушылардың әдеби-интеллектуалдық қабілетін дамыту, көркемдік-эстетикалық, рухани жан дүниесін байыту мақсатында К. Тоқаев шығармашылығын оқып-білумен бірге, жүйелі әдіс-тәсілдермен меңгерту. Зерттеу нысаны. Диссертациялық жұмыста қазақ әдебиетінде детективтің жанр ретінде пайда болу, қалыптасу, даму тарихы маңызды мәнге ие болады. Осының негізінде қаламгер К. Тоқаев шығармалары, тақырыптық жанрлық-көркемдік аспектісі зерттеу нысанына алынды. К. Тоқаевтың «Жұлдызды жорық», «Солдат соғысқа кетті», «Қастандық», «Түнде атылған оқ», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс», «Сарғабанда болған оқиға», «Көшкен үйдің қонысы қайда», «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында» туындылары негізге алынды. Осы арқылы қазақ әдебиетіндегі детективті туындылар тақырыптық ерекшелігі мен идеялық ұстанымы, жанр жүйесі мен көркемдік арналары, ой-сөз мәні, тілдік-стильдік сипаттары тұрғысынан қарастырылды. Анығында, жазушы К. Тоқаевтың детективті жанрдағы туындылары тақырыптық тұрғыдан байыпты зерделеніп, кейіпкерлердің қарым-қатысы мен көзқарасы, қылмыс пен жазаның ара салмағы, күдікті мен жазалаушының өзіндік ерекшеліктері, милиция қызметкерлерінің қырағылығы мен ұстанымдары, қысқасы қоғам мен адам өміріне қауіп төндірген келеңсіз көрініс, кереғар жайттардың сыр-сипаттары, ондағы жазушы еңбегінің ізденісі мен көркемдік қырларымен сабақтастық негізінде кең өріс алады. Бұл тұста, қаламгер К. Тоқаевтың шығармашылық мұрасы, тақырыптық көркемдік кеңістігіндегі өзіндік ерекшелігі зерттеу нысанын құрайды. Зерттеу пәні. Жазушы Кемел Тоқаев және қазақ әдебиетіндегі детектив жанрын жоғары оқу орнында оқыту. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Жұмыстың басты жаңалығы оның өзектілігімен тікелей байланысты. Мұнда арнайы түрде зерттелмей келген қазақ детектив жанры және жазушы К. Тоқаевтың туындылары тұңғыш рет диссертациялық деңгейде қарастырылып отыр. Жазушы К.Тоқаевтың шығармашылық мұрасы төңірегіндегі ізденістер, бірқатар талдау мен салыстырулар, ғылыми тұжырымдар – жұмыстың басым бағыттары мен басты жаңалықтары қатарына жатады. Бұдан басқа, бірқатар ізденістер мен зерттеу нәтижелері де негізгі назарға алынды: 1. Қазақ детективінің ерекшелігі, кешегі мен бүгінгі тарихы, даму бағыты қазақ әдебиеттанушы ғалым, сыншылардың пікірлері сараланып, жүйеленді; 2. Жазушы еңбегі мен ондағы басым бағыттары, көркемдік-идеялық ұстанымдары, қолтаңбалық-зертханалық мәні анықталды. 3. К. Тоқаев туындыларындағы өмір шындығы мен оқиға өрісі, қылмыс пен жаза мәні, тергеуші мен қылмыскердің әрекеті, іс-қимылы, даралау және мінездеуге байланысты мәселелердің өзекті тұстары кең түрде сараланды; 4. К. Тоқаев – қазақ әдебиетіндегі детектив жанрында жүйелі қалам тартқан, оның ұлттық сөз өнеріне енгізген көрнекті қаламгер ретіндегі болмысы мен бейнесі жан-жақты ашылды; 5. Әлем және қазақ әдебиетіндегі жазушылардың шығармаларымен жан-жақты, салыстырмалы зерттеу жасалды; 6. Жазушы еңбегінің тақырыптық ерекшелігі, деталь мәні, диалог пен монологтың көркемдік қызметі, мәтін құбылысы, ой мен сөз жүйесі, тіл құнары мен стиль айшықтары, бірқатар амал-тәсілдерінің сыр-сипаты ашылады; 7. Суреткер шығармашылығын зерттеу барасында детектив жанрын оқытудың әдістемелік жүйесін саралау арқылы аталған жанрдың мән-мазмұны айқындалды; 8. Жазушы еңбегін ЖОO-да оқытудың тақырыптық ерекшелігі айқындалып, мазмұндық-құрылымдық жүйесі жасалып, инновациялық әдіс-тәсілдердің тиімділігі теориялық тәжірибелік қырларына сай көрсетілді; Зерттеу жұмысының теориялық мәні. Қазақ әдебиеттану ғылымында қазіргі кезеңге дейін зерттеу нысанына айналмаған детектив жанры қарастырылып, ғылыми айналымға енгізу бағытында ізденістер жасау. Жазушы К. Тоқаевтың шығамаларына жан-жақты талдау жүргізу. Бұл бағыттағы ізденіс пен талдаулар нәтижесі ұлттық әдебиеттануда тың тұжырымдар жасау, детектив жанрын оқытудың ғылыми әдістемелік жүйесін ұсыну зерттеу жұмысының теориялық мәні болып табылады. Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысының қорытындылары қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін қарастыруда маңызы зор. Сонымен қатар бұл ғылыми зерттеуді жоғарғы оқу орындарының филология және әдебиеттану мамандықтарында оқытылатын дәрістерде, практикалық сабақтарда студенттердің, магистранттардың, докторанттардың өз беттерімен жұмыс істеуі үшін берілетін қосымша материал ретінде пайдалануға болады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде мынадай тұжырымдарды қорғауға ұсынамыз. 1. К. Тоқаевтың шығармашылық зертханасы, оның деректер мен мәліметтерді көркем шығармада қолдануы, қаламгердің өзіндік шеберлігі теориялық бөлімде ауқымды қарастырылды; 2. К. Тоқаев шығармалары – деректік негізге сүйеніп, көркем шығарма жазудың озық үлгісі. Жазушы өмірде болған оқиғаларды көркем дүниеге айналдырып, толыққанды шығарма ретінде ұсынудың шынайы шебері. 3. Жазушы қазақ және басқа ұлт жауынгерлерінің отансүйгіштігін шынайы көргендіктен патриоттық тәрбиені жас ұрпаққа майдан даласын оқиғалар ретінде жеткізуді мақсат еткен. 4. Жазушы К. Тоқаевтың шығармашылығы туралы көптеген замандас, жазушы, сыншы ғалымдардың баспаөз беттерінде жазған пікірлері бір арнаға жинақталды; 5. Жазушы өз шығармаларында адамгершілікті, адалдықты, азаматтықты, ар-намысты, еліне деген сүйіспеншілікті дәріптеді. Қаламгер шығармаларындағы адамгершілік әлемін танытудағы автор шеберлігі пайымдалды; 6. Автордың шығармаларындағы гуманистік ұстанымы талдануы арқылы қылмыстың ашылуы, қылмыскердің жазалануы қоғамның ізгіленуіне, адамдар арасындағы қалыпты адами құндылықтардың үстем болуына әкеледі. Осы арқылы жазушының детективті шығармаларында адам (қылмыс әлемінің) психологиясы ашылды. 7. Тоқаевтың «Қастандық», («Тасқын»), «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға», «Көшкен үйдің қонысы қайда» атты детективті туындыларында құқық қорғау органдары, қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің өмірін арқау ете отырып, түрлі (мысалы, кісі өлтіруші, ұрлықшы, қарақшы) қылмыскерлердің типтерін айқындайды. Заң орындарындағы интелегенция өмірі бүгінгі замандастарымыз – халық қорғаны танылған милиция қызметкерлерінің ерліктерін насихаттай отырып, қоғамға жат алаяқтардың қылықтарын әшкерелейді. 8. Қаламгер шығармаларындағы адамның портреті, ішкі сана ағымы, мінез-құлық, пейзаж, географиялық орта, уақыт арқылы көрінеді. Яғни кейіпкердің қоғамдағы қалыптасқан нормаға қайшы әрекеті кезіндегі психологиялық тәсілдері пайдаланылды. Жазушы детектив туындыларын жазу кезінде өзгеше баяндау, концептілік қолданыс (стиль), құқықтық терминдер, троптың түрлерін қолданылғаны анықталды. 9. ЖОО-дағы детективті әдебиетті талдаудың ғылыми-әдістемелік аспектілері көркем мәтінді талдаудың әдебиеттанушылық және әдістемелік негіздерін анықтау, сипаттау негізінде анықталды. Студенттердің әдебиеттанушылық және әдістемелік құзыреттерін сәтті қалыптастыру дидактикалық эвристика әдістерін қолданған жағдайда мүмкін болады. 10. Детектив жанрын оқытуда дамыта оқыту, сыни тұрғыдан ойлау, проблемалық оқыту т.б технологияларды пайдалануға болады. Мұның өзі, сайып келгенде детективті әдебиет мәнін терең түсініп, ондағы ақиқат жайттар мен жалғандық арасын, адамдар қарым-қатнасын, қылмыс пен жазаның сыр-сипаттарын жан-жақты танып, бағалауға мол мүмкіндіктер береді. 11. Жоғары мектепте детектив жанрын педагогикалық және психологиялық ұстанымдар, шарттар мен қағидалар негізінде оқытудың тиімділігі дәлелденді. Детективті әдебиетті оқытудың тиімді әдістемесін әзірлеу педагогикалық-психологиялық негіздерге сүйенуді қажет етеді. 12. Жазушы К. Тоқаев мұрасы негізінде библиографиялық көрсеткіш дайындалды. (Библиографиялық көрсеткіш). Бұл еңбек К. Тоқаевқа қатысты деректерді анықтауға, мәліметтерді нақтылауға, жүйелеуге мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының әдістері. Зерттеу жұмысы барысында К. Тоқаевтың шығармаларының өзіндік ерекшеліктері мен көркемдік қуатын, автордың шығармашылық ізденістерін, жазушылық шеберлігін талдап-түсіндіруде тарихи-салыстырмалы, герменевтикалық, эксперименттік әдістер қолданылды. Диссертацияның құрылымы. Диссертация анықтамадан, кіріспеден, үш бөлімнен және ішкі бөлімдерден, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық жұмыстың қысқаша мазмұндамасы Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу жұмысының өзектілігі, теориялық-әдіснамалық негіздері, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу әдістері, зерттеу жұмысының сарапталуы мен жариялануы сынды қалыпты зерттеу талаптары қамтылды. Жұмыстың «Жазушы Кемел Тоқаев және детектив жанрының эволюциясы» атты бірінші бөлімі іштей үш тараудан тұрды. Онда детектив жанрының қазақ әдебиетіндегі жай-күйі, даму барысы, жазушы К. Тоқаевтың өмірі мен шығарашылығы талданды. Жазушының шығармашылығы туралы көптеген замандас жазушы, әдебиет сыншыларының баспасөз бетіндегі пікірлері, ой-толғамдары бір арнаға жинақталды. Детективті шығармалар мен шытырман оқиғалы шығармалардың арасында айырмашылықтың бар екендігі сипаталды. Қазақ детектив жанрының кенже қалуының бірнеше себептері анықталды. Детектив жанрының дамуына үлес қосқан, бірнеше детективті шығармалар жазған жазушы К. Тоқаевтың туындылары қазақ және әлем әдебиетіндегі жазушылардың туындыларымен салыстырылды. Сондай-ақ, жазушының деректер мен мәліметтерді көркем шығармада қолдануы, өзіндік шеберлігі теориялық бөлімде ауқымды қарастырылды. Екінші «К. Тоқаев прозасының құрылымдық-көркемдік кеңістігі» атты бөлім де іштей үш тараудан құралды. Бұл тарауда жазушы К. Тоқаевтың көркемдік құбылнамасының адагершілік, адалдық пен әділдік, адамгершілік пен бауырмалдық сынды адами қасиеттері дәйектелді. Қаламгердің гуманистік көзқарасы қоғамда болып жатқан келеңсіз мәселелерді, ұрлық, қарлық, қылмыскерлердің іс-әрекетін әшкерелей отырып, оларға қарсы күресі шығармалары арқылы айқындалды. К. Тоқаев қазақ әдебиетіндегі детектив жанрын дамытуымен қатар, балалар әдебиетіне де өз үлесін қосқан қаламгер. Балаларға арналған шығармаларының көркемдік айшықтары, эстетикалық қуаты талданды. Балаларға арналған шығармалары тақырыптық-идеялық жағынан талданып, жүйеленді. Көркем туындыларындағы кейіпкер тұлғасын бейнелеудегі көркемдік тәсілдер (мінездеу, портреттік бейнелеу, ішкі монолог, психологиялық диалогтар, ым-ишарат, бет құбылысы, дене қозғалысы, психологиялық пейзаж, параллелизм, деталь, портрет, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі талдау т.б.) қолданыстары талдаулармен анықталды. Үшінші «Детективті әдебиетті оқытудың педагогикалық-психологиялық негіздері мен ғылыми-әдістемелік аспектілері» атты бөлім үш тарауды қамтыды. Жоғары мектепте детектив жанрын педагогикалық және психологиялық ұстанымдар, шарттар мен қағидалар негізінде оқытудың тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Детективті әдебиетті оқытудың тиімді әдістемесін әзірлеу педагогикалық-психологиялық негіздерге сүйенуді қажет етеді. - Оқу процесінде детективті әдебиетті оқытудың жеке дидактикалық ұстанымдары басшылыққа алынуы тиіс. Детективті әдебиетті оқытудың дидактикалық ұстанымдары оқу-тәрбие жұмысының жүйелілігін көрсетеді және детективті жанрды оқыту ісінде табысқа жетудің қажетті шарттары болып табылады. - ЖОО-дағы детективті әдебиетті талдаудың ғылыми-әдістемелік аспектілері көркем мәтінді талдаудың әдебиеттанушылық және әдістемелік негіздерін анықтау, сипаттау негізінде анықталды. Орындалған жұмыстың қорытындысы: Қазақ детективті әдебиеттің табиғаты мен тарихынан, даму үрдістерінен өзіндік бағыты, тақырыптық ерекшеліктері, көркемдік-эстетикалық құндылықтары, мәтіндік құрылымдық сипаттары бары байқалады. Осы бағытта қалам тербеген жазушы К. Тоқаевтың шығармаларындағы шытырман оқиғаға қатысты жайттар мен қылмысты ашудың мың сан әрекеттері, өткір сюжет пен құпия құбылыстардың мәні, ақиқат пен жалғандықтың арасы, адамдар қарым- қатынасы, бәрі-баршасы жанр талабына сай екені айқындалды. К. Тоқаев шығармаларын саралайтын болсақ, оның қазақ халқының басынан өткерген ауыр күндерді, Екінші дүниежүзілік соғысты, ақтар мен қызылдардың қақтығыстарын, ондағы жауынгерлердің ерлік істерін өз танымы мен пайымы бойынша баяндады. Майданның ауыр күндерін бастан кешіп, елге оралысымен қолына қалам алып, «Жұлдызды жорық», «Солдат соғысқа кетті», «Қастандық», «Түнде атылған оқ», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс», «Сарғабанда болған оқиға», «Көшкен үйдің қонысы қайда», «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында» т.б туындыларды жарыққа шығарды. Осы арқылы қазақ әдебиетіндегі детективті туындылар тақырыптық ерекшелігі мен идеялық ұстанымы, жанр жүйесі мен көркемдік арналары, тілдік-стильдік сипаттары тұрғысынан қарастырылды. К. Тоқаевтың шығармашылық зертханасы, оның деректер мен мәліметтерді көркем шығармада қолдануы, қаламгердің өзіндік шеберлігі анықталды. Қаламгердің шығармаларын деректік негізге сүйеніп, көркем шығарма жазудың озық үлгісі деп атар едік. Жазушы өмірде болған оқиғаларды көркем дүниеге айналдырып, толыққанды шығарма ретінде ұсынудың шынайы шебері бола білді. Қаламгер қазақ және басқа ұлт жауынгерлерінің отансүйгіштігін шынайы көргендіктен патриоттық тәрбиені жас ұрпаққа майдан даласын оқиғалар ретінде жеткізуді мақсат етті. Қаламгер өз шығармаларын әр қырынан сөйлетті. Оның «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Арнаулы тапсырма» романдары мен мен повестері – кеңестік кезеңдегі қазақ тарихи туындыларының қатарындағы өзінің тақырып ауқымдылығымен, танымды тарихилығымен, көркемдік мазмұнымен, кейіпкерлер сомдаудағы соны ізденісімен ерекшеленетін сүбелі шығармалар. Өз шығармаларындағы кейіпкерлерді ойдан шығарып отырған жоқ, оларды өзі кездестірген қалпымен, өз түсінігін сонау жылдардағы болмысымен сипаттап береді. Яғни, өмірлік деректердің өткен шақтағы қалпымен ұстанып отыр, бұл жерде тек деректер ғана емес, өткенге деген көркемдік болжамдар да үлкен мәнге ие. Бұл жерде жазушының өз шығармасынан, өмірінде болған оқиғаларынан үлкен ой қорытып, суреткершілік құралдарды ұтымды қолдану арқылы шығарманың деректілік, тарихилығымен қоса, көркемдік танымның көкжиегін кеңейтуге де күш салғаны байқалады. К. Тоқаевтың «Түнде атылған оқ», «Солдат соғысқа кетті», «Қастандық», «Сарғабанда болған оқиға», «Көшкен үйдің қонысы қайда?» т.б шығармаларында өмірді зерттегені, тақырып мәніне терең ден қойып, оқыс оқиға, қылмысқа қатысты шытырман жағдаяттарды зейінді зерделегені дәйектелді. Қаламгер адамдардың жасаған қиянатын өз басынан өткергендіктен ол әділдікке ұмтылды. Бойындағы өшпенділік сезім оны жігерлендірді, қаталдыққа үйретті. Әрине бұл қасиеттері шығармашылығына әсерін тигізгені анық. Алайда, жүрегінде мейірімі бар жазушы кейбір туындыларында қылмысты тексеру кезінде, жауыздық әрекеттер сипатталғанымен, оның шығармалары гуманизм идеясына толы болды. Жазушы туындыларының өзіндік сипаттары қандай деген мәселеге келетін болсақ, ең алдымен мына жайтқа назар аударамыз. Ол – жазушы шығармаларында баяндалатын оқиғалармен бірге кейіпкерлердің болмыс-бітімі мен мінез-құлқы, кәсіп-дағдысы, тұрмыс-тіршілігі қоса ашылып отыруы. Бұдан басқа, жазушы еңбегіндегі өмірді тануы мен бағалауы, қоғамдық жағдайға, адами мұраттарға ден қою негізінде күнделікті қарым-қатынаста, тұрмыс- тіршілікте орын алатын келеңсіз көрініс, кереғар жайттардың себебі мен салдарына, қастандық пен сатқындық сырларына мән береді. Оның қоғамға, адамдар қарым-қатынасына, өмірдің даму үрдістеріне кері әсері барын да шығармашылық аясында кең түрде көрсетеді. Демек, детективті әдебиет, оның жазушы К. Тоқаевтың шығармашылық мұрасы арқылы кең өріс алуы – мәнді құбылыс, көркемдік өріс екені анық. К. Тоқаев «Қастандық», («Тасқын»), «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға», «Көшкен үйдің қонысы қайда» атты детективті туындыларында құқық қорғау органдары, қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің өмірін арқау ете отырып, түрлі (мысалы, кісі өлтіруші, ұрлықшы, қарақшы) қылмыскерлердің типтерін айқындайды. Заң орындарындағы интелегенция өмірі бүгінгі замандастарымыз – халық қорғаны танылған милиция қызметкерлерінің ерліктерін насихаттай отырып, қоғамға жат алаяқтардың қылықтарын әшкерелейді. Қаламгер шығармаларындағы адамның портреті, ішкі сана ағымы, мінез-құлық, пейзаж, географиялық орта, уақыт арқылы көрінеді. Яғни кейіпкердің қоғамдағы қалыптасқан нормаға қайшы әрекеті кезіндегі психологиялық тәсілдері пайдаланылды. Оқытудың инновациялық ұстанымы мұғалімнің инновациялық және интерактивті әдістемелерді сабақ барысында ұтымды қолдануға септігін тигізеді. Детектив жанрын меңгертуде оқытудың жаңа технологияларды араластырып қолдану қажет. Детектив жанрын оқытуда дамыта оқыту, сыни тұрғыдан ойлау, проблемалық оқыту т.б технологияларды пайдалануға болады. Мұның өзі, сайып келгенде детективті әдебиет мәнін терең түсініп, ондағы ақиқат жайттар мен жалғандық арасын, адамдар қарым-қатнасын, қылмыс пен жазаның сыр-сипаттарын жан-жақты танып, бағалауға мол мүмкіндіктер береді. Ендеше, детективті әдебиет пен тақырыптық ерекшеліктерін, жанр жүйесі мен көркемдік кеңістігін, өмір оқиғасы мен өткір сюжет мәнін, жасырын әрекет Һәм құпия жайттардың сыр-сипаттарын ақиқат аясында көрсетіп, қылмыс пен жазаның ара салмағын байыпты ашып, оның қоғамда салтанат құруына кең өріс туғызу – басты мұраттардың бірі. Детективті әдебиеттің құндылық қыры, сапалық маңызы да осында. Қазiргi кезеңде пәндi оқытуда басты назарда ұстайтын мәселелер көп. Олардың негізгілерінің бірі осы сияқты әр түрлі жанрдағы шығармаларды соның ішінде кейіннен қолға алынып келе жатқан детективті жанрдағы шығармаларды оқыту және талдау жолдарын, әдіс-тәсілдерін жетілдіру үстінде аудиториямен ғана шектелмей одан тыс жұмыстармен де айналысу керек. Мысалы, милиция қызметкерлерінің, ізкесушінің жұмысымен танысу, оның жұмыс барысындағы қиындықтары мен ерекшеліктерін байқау білім алушылардың шығармадағы кейіпкерлер жүйесін, адамдар әлемін танудың бірден-бір жолы болмақ. Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстар тізімі 1. Tracing the History of the Detective Genre in a Literature: A Qualitative Study Based on Interviews with Literary Critics // International Journal of Society, Culture & Language. Iran. Onlinе ISSN: 2329-2210. Volume & Issue Volume 11, Issue 3, September 2023, ‒ 13-22 pp. 2. Жазушы Кемел Тоқаев шығармашылығы және ұлттық детектив жанры // Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің хабаршысы. Филология сериясы.– 2021. –№2 (102) – Б. 75-80 (ISSN 2663-5127). 3. Жоғары оқу орындарында детективті шығармаларды оқыту жолдары // С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті. Педагогика сериясы. – 2022. – №3. – Б. 109-119 (ISSN 2710-2661). 4. Әдебиеттегі детектив жанры және Кемел Тоқаев шығармашылығы // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2022. – №3(140). – Б. 200-208 (ISSN 2663-1288). 5. Кемел Тоқаев шығармаларының көркемдік қызметі // «Дәстүр мен жаңашылдық тоғысындағы тіл және әдебиет мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференцияның материалдар жинағы (Нұр-Сұлтан, 2021. – Б. 310-314; ISBN 978-601-337-508-3). 6. Жазушы Кемел Тоқаев және руханият мәні // Елдік ұстаным және тәуелсіздік нысанасы» атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д., профессор Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы (Нұр-Сұлтан, 2021. – Б. 267-270; ISBN 978-601-337-600-4). 7. Әзілхан Нұршайықов және Кемел Тоқаев // «Әзілхан Нұршайықов және журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана, 2022. – Б. 203-206; ISBN 978-601-337-859-6). 8. Кемел Тоқаев прозасындағы көркемдік ізденістер // «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы әдебиеттанудың жаңа парадигмалары» ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Зәки Ахметовтің 95 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Астана, 2023. – Б. 211-215; ISBN 978-601-337-843-5). 9. Кемел Тоқаев шығармашылығының әдеби-теориялық мәселелері («Солдат соғысқа кетті» шығармасы негізінде) // Iscience /Актуальные научные исследования в современном мире. – 2021. – №10(78). – Б. 87-92; ISSN 2524-0986). 10. Жазушы Кемел Тоқаев және балалар әдебиеті // Қазақ тілі мен әдебиеті журналы. – 2022. – №7/8. – Б. 34-38 (ISSN 2410-6712). 11. Kemel Tokayev'in edebi yaraticiliği ve karakter yaratma arayişi. İstanbul Üniversitesi Farabi Avrasya Çalışmaları Uygulama vе Araştırma Merkezi, Uluslararası Sempozyumun Bildiri Kitabı (Haziran, 2023. – Б. 40-48; (ISBN 978-601-75-22-55-1).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/rm7sU713Dtg?si=Q-pFr06tFz2fCpml
