
«8D01717 - Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Оспанова Дана Жаңабекқызы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Оспанова Дана Жаңабекқызы «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша ««Лингвомәдени кеңістіктегі эмотивтілік: тілдік әсер және құзырет»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тіл білімі» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Курманова Бактыгул Жакеновна - ғылым докторы, доцент, профессор
Жонкешов Бауыржан Сейсенбекович - ғылым кандидаты
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Жахина Бәрия Бадыққызы - ғылым докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, профессор
Юсупова Альфия Шавкетовна - ғылым докторы, профессор
Манкеева Жамал Айткалиевна - ғылым докторы, профессор
Жаксыликова Куляй Баймендіқызы - ғылым докторы, профессор
Шормакова Айжан Ботановна - ғылым кандидаты, доцент
Ғылыми кеңесшілері:
Сагидолда Гульгайша – филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан);
Новрузова Нурида Самед кызы – филология ғылымдарының докторы, Баку Славян университетінің профессоры (Баку қ., Әзірбайжан).
Қорғау 2024 жылғы 25 маусым, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/88399480915?pwd=5p7Yh3AcjxuOafkeVvdCCUyxgrWkbv.1
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, мәжіліс залы (№ 302 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): Оспанова Дана Жаңабекқызының «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Лингвомәдени кеңістіктегі эмотивтілік: тілдік әсер және құзырет» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты. Эмоция кез келген қатысымның маңызды құрамдас бөлігіне жатады, сонымен қатар тілдің барлық деңгейіне, тілдік қарым-қатынастың әрбір жүйесіне енеді. Осы адамның көңіл күйі мен жан күйінің барлығы дерлік тілде түрлі дәрежеде көрініс табады. Ұлтаралық мәдени және ғылыми қатысымның кеңеюі тіларалық байланысты зерттеуді өзектендіре түсіп, тілдесімдегі ой мен эмоцияның жеткізілуі мен қабылдануы ғылымда эмотивтілік мәселесін зерттеуге қызығушылық тудырды. Тіл білімінде психология және тіл білімі салаларының тоғысынан дамыған «эмотиология» саласының өкілдері бұл мәселелермен жеке әрі түрлі аспекті тұрғысынан айналыса бастады. Сол себепті тілдің эмотивті кодын зерттеу әлем бойынша кең талқыланып, маңызына орай эмотивтілік санатын зерттеу өзектене түсті. Бір тілден екінші тілге аударма жасау, мәдениетаралық қатысым, тіл үйретуде екінші тілдің эмотивті қызметін түсіну, тілдің болмысын, мәдени-ұлттық сипатын тану, тұлғаның қатысымдық құзыретінің құрамдас бөлігі – эмотивті құзыретін қалыптастыру сынды қажеттіліктерді зерттеу тақырыптың өзектілігін арттыра түседі. Сонымен қатар қазіргі ақпараттық технологияның қарқынды дамуы тіл білімінде тілді синтездеу, технологияға бейімдеу, технологияны қазақша сөйлету, цифрландыру, тілді тиімді үйрету жолдарын табу, лебіз арқылы берілген эмоцияны тәпсірлеу қиындықтарын шешу мәселесі тілді кодтау және декодтау жолын, тілдің құрылымдық, ұлттық, мәдени ерекшеліктерін көрсететін модельдерді қажет етіп отыр. Эмоцияны тілдік аспекті негізінде зерттеу соңғы жылдардағы сұранысы мен қажеттілігі артқан әлеуметтік ғылыми-тәжірибелік салалар тұрғысынан да өзектілікке ие. Әлемдік деңгейде Бүкіләлемдік тор консорциумы (W3C) ғаламторда адам эмоциясын сипаттау, тану стандартын қабылдаған. Халықаралық жасанды интеллект қауымдастығы кәсіпкерлік және білім саласында жұмыс істейтін жасанды интеллектіні жасау міндетін қолға алса, «Яндекс» қосымшасында сөйлейтін роботтың адам эмоциясын тану және жеткізуге арналған лингвистикалық технологиялары құрастырылуда, сонымен қатар қазіргі таңда әлемдік тәжірибеде корпус әзірлеу (орыс тілі эмоционалды корпусы, эмотивті корпус, сөйлеу корпустары, т.б.) жұмыстары, жалпы тілдің эмоцияны жеткізу моделін құрастыру мәселелері осы тақырыптың зерттелу қажеттігін көрсетеді. Эмотивті тілдік бірліктер тіл білімінде зерттеулерде қолға алына бастағанымен, тілде сақталатын ұлттық-мәдени феноменнің айғақтауышы ретінде эмотивті лексиканың тіл оқытудағы тиімділігі, оқыту үдерісінде эмотивті құзыретті қалыптастыру жайы отандық еңбектерде арнайы зерттеу нысанына алынбаған. Зерттеу барысында қазақ тілін шет тілі ретінде үйретуде әрбір ұлт өкілінің мәдени, эмотивті құзыретін қалыптастыру, эмотивті лексиканы оқытуда қолдану, яғни тіл оқытудың лингвомәдени, қатысымдық аспектілеріне аса мән берілмейтіндігі байқалды. Қазақ сөз мәдениеті, ұлттық құндылықтарды оқыту үдерісіне енгізу мәселелерін зерттеушілердің пікірінше, әрбір тұлғаның тілдік капиталын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар қатарында құзыреттілік, эмоцияның вербалдануы сынды маңызды факторлардың назардан тыс қалуы себебінен тіл үйренушінің қазақ тілін ұғу, адресат-адресант қатысындағы әсер ету жолын игеру, үйренген тілінде ойы мен эмоциясын жеткізуге қажетті сөзді қолдану, эмоцияны жеткізу-қабылдау ерекшеліктерін меңгеру дағдыларында қиыншылықтар кездеседі. Мәселенің өзектілігін көрсететін осындай негіздемелерге сай эмотивтілік санатын зерттей отырып, эмотивті лексиканың лингвомәдени сипатына және оны тіл үйрету үдерісіне енгізуге негізделген лингводидактикалық базаны жасау мақсатында зерттеу тақырыбы «Лингвомәдени кеңістіктегі эмотивтілік: тілдік әсер және құзырет» деп таңдалып алынды. Зерттеудің мақсаты – қазақ лингвомәдени кеңістігінің эмотивті кодын мәдениетаралық қатысым тұрғысынан қарастыра отырып, эмотивтілік санатын лингводидактикалық тұрғыдан негіздеу. Зерттеу міндеттері: - эмотивтілік санатының зерттелуіне әлемдік және отандық тіл білімі, сонымен қатар түркітанымдық бағыттарда лингвистикалық сараптама жасай отырып, қазақ тіл біліміндегі эмотиология теориясының қалыптасу барысын талдау; қазақ және түркі лингвомәдени кеңістігіндегі эмотивтілікті, тілдесімдегі эмотивті кодтарды дәстүрлі және жаңа тәсілдемелерге сүйене отырып ашу, соның негізінде тілдің эмоцияны жеткізу әлеуетін таныту; қазақ тілінің эмотивті бірліктерінің лингвомәдени сипатын айқындай отырып, тілдік ерекшеліктерін анықтау; қазақ және басқа да түркі тілдеріндегі эмотивті лексиканың мазмұндық ішкі құрылымын аша отырып, түркілік лингвомәдени кеңістіктегі эмотивті бірліктердің салыстырмалы сипаттамасын жасау; адам эмоциясы мен эмотивті лексиканың ортақ нүктесі – эмоционалды зият пен эмотивті құзыреттің мәдениетаралық қатысымдағы рөлін лингводидактикалық қырынан қарастыра отырып, тұлғаның эмотивті құзыреттілігінің маңызын өзектеу; эмотивті лексиканың тіл үйретудегі лингвомәдени тетік ретіндегі тиімділігін тәжірибелік тұрғыдан анықтай отырып, эмотивті құзыретті қалыптастыру жолдарын ұсыну. Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында дәстүрлі әдістерден сипаттамалы және салыстырмалы-сипаттамалы, ішінара салғастырмалы-сипаттамалы әдіс, сондай-ақ жинақтау, зерделеу, жүйелеу, семантикалық, компонентті және лингвомәдени талдау, сауалнама жүргізу және статистикалық амал-тәсілдер қолданылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): лингвистикада тілдік бірліктерді эмотивті қырынан зерделеп, тілде эмоцияның жеткізілу параметрлерін, репрезентациясын, лексика-семантикасын, т.б. зерттеуге бағытталған эмотиология саласының негізі өткен ғасырдан бастау алғанымен, қазақ ғылымында жаңа сала ретінде жан-жақты зерттеулерге негіз болып, жаңаша көзқарас тудыру мүмкіндігі басым; әр тілдің эмотивті әлеуетінің, тілдік қорының тілдесімде эмотивке айналу ерекшеліктерінің, жалпы эмоцияны білдірудің әр халыққа тән ұлттық-мәдени, тілдік айырмашылықтары бар, ол эмотивтерді талдау арқылы көрініс береді; қазақ тілінің жоғары эмотивті әлеуеттілігі тіл деңгейлерінің, тілдегі эмотивті құрылымдардың, тілдесімге эмоционалды рең қосып, тілдесушілер арасында эмоцияның дәл жеткізіліп, қабылдануына қызмет етіп тұруынан, қолданыс ерекшелігінен көрінеді; тілдегі эмотивті бірліктерді тану, игеру үдерісі тілдің ұлттық-мәдени сипаты туралы біліммен сабақтастықта жүреді және ол мәдениетаралық қатысымның дұрыс жүзеге асуына, эмотивті құзыреттің қалыптасуына оң ықпал етеді; тұлғаның эмоционалды зиятының, эмоционалды және эмотивті құзыретінің тілдік-коммуникативтік құзырет құрауыштары ретінде мәдениетаралық қатысымдық рөлі зор, сондай-ақ эмотивті құзыреттілік тілдік құралдар арқылы жетілдіріледі; эмотивті лексиканы лингводидактикалық мақсатта қолдану тиімді әрі олар тіл үйренушіге халықтың ұлттық-мәдени сипатын, тілдің құрылымдық, жұмсалымдық және семантикалық ерекшелігін таныта алады. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы төмендегідей тың мәселелердің күн тәртібіне қойылуы мен ұсынылған нақты шешімдері арқылы көрінеді: қазақ тіл білімінде тілді эмотивтілік тұрғысынан зерттеудің ғылыми-теориялық қалыптасу жолы сараланып, эмотиология саласының пәндік концептуалды негіздемесі қаланды; қазақ және түркі лингвомәдени кеңістігіндегі эмотивті бірліктер лингводидактикалық, лингвомәдени аспектіден зерделеніп, эмотивті лексиканың қызметінің көпқырлығы, жоғары әлеуеті жөнінде тұжырымдар жасалды; түркі тілдеріне ортақ қазақ, әзербайжан, түрік тіліндегі материалдар негізінде эмотивті құрылымдарға жаңа бағытта салыстырмалы талдау жасалып, нәтижелері ұсынылды; түркі тілдеріндегі эмотивті тілдік бірліктердің, концептілердің ұқсастықтары мен айырмашылықтары көрсетіліп, тәжірибелік сауалнама негізінде сараланды; тұлғаның эмоционалды зияты мен эмотивті құзыретінің мәдениетаралық, тұлғааралық қатысымдық рөлі мен маңызы айқындалып, эмотивті құзыретті қалыптастыру жолдары жүйеленді; қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуда тілдің ұлттық-мәдени сипатын бейнелейтін эмотивті тілдік бірліктерді пайдаланудың тиімділігі теориялық және тәжірибелік негізде дәйектелді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының сипаттамасы. Зерттеу нәтижелері тілдегі эмоцияға қатысты «Эмотиология» бағытының қазақ тіл білімінде қалыптасуына, бағыттың ғылыми-теориялық аппаратының айқындалуына елеулі үлес қосады. Лингводидактикалық тұрғыдан эмотивті лексика арқылы тіл үйрету, сондай-ақ тұлғаның эмотивті құзыретінің маңызын айқындау, қалыптастыру жолын ұсыну, қазақ тілін үйретудің теориялық, әдістемелік жолдарын ұсынады. Қазіргі таңда өзекті мәселерге айналған корпус, жасанды интеллект, сөздік, тіл синтезі, мәдениеттанымдық және аударма саласындағы зерттеулер мен жобаларға арқау бола алады. ЖОО-да лингвомәдениеттану, лингводидактика, тіл оқыту әдістемесі, эмотиология, лингвоэкология, т.б. адамөзекті салаларға қатысты және арнайы курстарға пайдалануға болады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Қазақстанда ғылымды дамытудың 2024-2026 жыл¬дарға арналған басым бағыттарынан Елдің зияткерлік әлеуеті бағытымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Сонымен қатар «Білім туралы» Заңына және Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасындағы негізгі басымдықтарға негізделеді. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындау дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Диссертация бойынша негізгі ғылыми-теориялық нәтижелер отандық және шетелдік халықаралық конференция жинақтарында 9 мақала жарияланып, секциялық және пленарлық отырыстарда баяндалды. ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 6 мақала жарияланды. Әрбір жарияланым докторанттың өзінің тікелей бастамасымен әзірленді. 1. Verb-based Emotive Structures in the Linguistic Corpus Base // Торайғыров университетінің хабаршысы. Филологиялық сериясы. № 1, 2024. Б. – 55–69. 2. «Ит екенсің!» – қазақ-түрік тілдерінде хайуан аттарының эмотивті коннотациясы қандай? // Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің хабаршысы. Филология сериясы. № 1, 2024. Б. – 145 – 156. 3. Тіл және эмоция: түркі тілдеріндегі эмотивті бірліктер және олардың мәдени-тілдік ерекшеліктері // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті хабаршысы. Шығыстану сериясы. – 2023. – № 2 (105). – Б. 42-50. 4. Тілдік бірліктердің эмотивтілігі және эмотивті валенттілігі // Ясауи университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. – № 127. – Б. 146-155. 5. Тіл үйретудегі эмотивті лексиканың рөлі: эмотивті-когнитивті құзыреттілік // Абылайхан атындағы атындағы ҚазХҚжӘТУ хабаршысы. Педагогика ғылымдары сериясы. – 2022. – №4(67). – Б. 199-214. 6. Фразеологизмдер эмотивтілігінің жалпы және түркі тіл білімінде зерттелуі // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті хабаршысы. Шығыстану сериясы. – 2021. – № 4 (99). – Б. 25-33. 7. Features of the Expression of Emotions in Turkish Language: Emotional Valence and Parameters // Uluslarası Türk Dünyası Sosyal Bilimler Sempozyumu (İzmir, 2022. – S. 340-341). 8. Dilbilime duygusal (emotive) yaklaşım // «Language and Awareness» proceeding of IV International Conference on awareness (Çanakkale, 2020/2021. – P. 151-160). 9. Түркі лингвомәдени кеңістігінің эмотивті кодын зерттеудің маңызы // «Globallashuv davrıda ozbek tilining mavqeyi» «Әжнияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогика институты (Нүкіс, 2020. – Б. 115-128). 10. К вопросу о важности эмотивного подхода в лингвистике // Студенттер мен ғалымдардың «ǴYLYM JÁNE BILIM - 2021» XIV Халықаралық ғылыми конференциясы (Нұр-Сұлтан, 2021. – С. 2757-2761). 11. Түркі тілдеріндегі эмотивті фразеологизмдер (қазіргі қыпшақ тілдері бойынша) // «21. yüzyıldaki Türk Dünyasının Entegrasyonunda Kıpçak Rolü» Uluslararasi on-line konferans materialleri («ХХІ ғасырдағы түркі әлемінің интеграциясы және қыпшақтық фактор»: халықаралық конференциясы) (Шымкент, 2021. – Б. 311-319). 12. Dil-kültür alanında duygu ifadesinin ulusal ayrılıkları hakkında. Türk dillərinin və ədəbiyyatinin tədqiqi və tədrisinin aktual problemləri beynəlxalq elmi konfrans. №4 // Konfrans materiallari (Sumgayit, 2021. – S. 687-690). 13. Қазақ тіліндегі зоофразеологизмдердің эмотивті әлеуеті // «Қайнар орта мектебіне 100 жыл: ауыл мектебінің өзекті мәселелері мен даму келешегі»: халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдар жинағы (Семей, 2022. – Б. 411-413). 14. Effectıve Points in Language Learnıng: Emotional Intelligence and Emotive Competence // VII. International Conference on Language and Awareness (Çanakkale, 2023. – S. 179-180). 15. Culturally conditioned semantics of emotives in communication // Heydər əliyev və türk dünyası: İctimai, iqtisadi və mədəni əlaqələr. Beynəlxalq elmi konfrans (Sumgayit, 2023, №3. – S. 318-320).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=8p4s4fWUaYU
