
«8D01717 - Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Саликжанова Шынар Байроновна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Саликжанова Шынар Байроновна «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша ««Қазақ тіліндегі әйелдер киімі мен сәніне қатысты лексиканың этнолингвистикалық және құрылымдық ерекшеліктері (теориялық- әдістемелік аспект)»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тіл білімі» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Камиева Гульмира Камиевна - ғылым кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Astana IT University», профессор
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Жахина Бәрия Бадыққызы - ғылым докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, профессор
Құрман Несібелі Жәкенқызы - ғылым докторы, профессор, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы бөлімшесі, профессор
Шойбеков Рустембек Нусхабекович - ғылым докторы, доцент
Трушев Айтмухамет Касымбаевич - ғылым докторы, профессор
Амангелді Айнұр Амангелдіқызы - ғылым кандидаты, доцент
Ғылыми кеңесшілері:
Сарекенова Қарлығаш Құрманғалиқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры м.а. (Астана қ., Қазақстан).
Ток Тұрғыт – доктор, Памуккале университетінің профессоры (Денизли қ., Түркия).
Қорғау 2024 жылғы 28 тамыз, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/87116923705?pwd=tukOvMzMzrAZWisXcaVHFgkxfzjMDh.1
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Саликжанова Шынар Байроновнаның «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазақ тіліндегі әйелдер киімі мен сәніне қатысты лексиканың этнолингвистикалық және құрылымдық ерекшеліктері (теориялық-әдістемелік аспект)» тақырыбындағы диссертациялық жұмысының Аңдатпасы Диссертациялық зерттеудің мақсаты. Әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың этнолингвистикалық, символдық, құрылымдық және сөзжасамдық ерекшеліктерін айқындау. Зерттеу мақсатына байланысты мынадай міндеттер қойылды: – қазақ тіліндегі әйелдер киімі мен сәніне қатысты лексиканың зерттелуіне шолу жасау; – этномәдени лексиканың ұлттық дүниетанымды танытудағы қызметін және символдық мағынасын зерделеу; – қазақ әйелдерінің киімі мен сәніне қатысты атаулар ұлтымыздың тұрмысы мен тіршілігіндегі, салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы, тарихы мен өнеріндегі бірегей заттық этномәдени және рухани-мәдени болмысының көрсеткіші екенін дәлелдеу; – қазақ әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың лексика-семантикалық топтарын айқындау; – қазақ тіліндегі әйелдер киімі мен сәніне қатысты кірме сөздердің құрылымдық ерекшеліктерін қарастыру; – қазақ әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың сөзжасамдық ерекшеліктерін талдау; – әйелдер киімі мен сәніне қатысты лексиканың этнолингвистикалық және құрылымдық ерекшеліктерін оқытудың тиімді жолдарын анықтау. Зерттеу әдістері. Қазақ әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың символдық мағынасын анықтауда, лексика-семантикалық топтарын айқындауда, әдеби тілмен салыстыру және сипаттау, топтастыру әдісі қолданылады, сонымен қатар, зерттеудің əдіснамалық, əдістемелік негіздерін анықтауда функционалдық-семантикалық, этнолингвистикалық талдау, пайымдау, ой қорыту, жинақтау, озық тəжірибелерді саралау, эксперимент нəтижелерін сандық жəне сапалық талдау әдістері қолданылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): бұл күн тәртібіне келесі мәселелердің қойылғандығынан мен ұсынылған айқын шешімдерден көрінеді: – қазақ ұлттық әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың этнолингвистикалық сипаты – ұлттық салт-дәстүрдің көрінісі; – қазақ ұлттық әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың символдық мәні бар; – қазіргі таңдағы әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың басым бөлігі – кірме сөздер; – қазақ әйелдер киімі мен әшекей бұйым атауларының басым бөлігі аналитикалық тәсіл арқылы жасалған; – қазіргі философиялық ойды білу тұжырымдамасы мен мазмұнына қатысты тың сипаттағы тұжырымдар лингвистикалық білім шеңберінде этномәдени лексиканы зерттеудің жаңа түсінігінің қажеттілігін көрсетті; – білім алушылардың этномәдени тілдік бірліктерін оқыту процесінде логиканың философиялық негізі әлеуметтік, танымдық, адамгершілік, көркемдік, тілдік және т.б. категорияларды және олардың заңдылығы мен қағидаларын этноғылыми жағынан тануға мүмкіндік береді; – ЖОО-да этномәдени лексиканы оқыту процесі білім алушыда ақпараттық сипаттағы білім мен механикалық сипаттағы дағдыларды қалыптастыруды көздейді; – этномәдени лексиканы оқудың психологиялық негізінде білім алушы сезімдер арқылы алынған ақпаратты өңдей алады; – этномәдени лексиканы зерттеу тілдің басқа семантикалық және құрылымдық бірліктерін оқытуға бағдарлану сияқты жалпы педагогикалық заңдылықтар мен принциптерге сүйенеді; – педагогикалық ғылымның заңдылықтары мен дидактикасы этномәдени лексиканы зерттеудің негізгі алғышарттарын жасайды және оқу процесінің нәтижелілігіне кепілдік береді; – этномәдени тілдік бірліктерді оқыту барысында танымдық іс-әрекеттің күрделі түрлері мен кезеңдері жүргізіледі, нәтижесінде білім алушының рухани әлемі мен оқу-тәрбие дағдылары қалыптасатын әртүрлі логикалық-философиялық тұжырымдар жасалады; – этномәдени тілдік бірліктерді оқытудың психологиялық негізінде оқушылардың ойлау әрекеттері жүйеленеді. Осылайша жазбаша және ауызша сөйлеу (сөйлеу этикеті және сөйлеу мәдениеті) дамиды. Қазақ тіліндегі киім-кешек пен зергерлік бұйымдардың сөздік қоры өте кең. Ол сөздік құрамының қомақты бөлігі болып табылады және онымен байланысты ең қажетті өмірлік маңызды ұғымдар белгіленеді. Киім мен әшекей лексикасының семантикалық қабаттары күнделікті өмірдегі адам өмірінің сан алуан аспектілерін қамтиды. Ұлттық мәдениет өзегінің бірі – ұлттық киімдер, олардың этнолингвистикалық табиғатын танып, қоғамдық сана мен мәдениеттің қазіргі деңгейімен байланыстырудың негізі лингвистикалық құралдармен көрсетілген киім атауларының күрделі құрылымы мен олардың лингвистикалық өлшемдерінде жатыр. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы төмендегідей тың мәселелердің күн тәртібіне қойылуы мен ұсынылған нақты шешімдері арқылы көрінеді: – қазақ әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулар тіліміздегі заттық және рухани мәдени бірліктердің қатарын құрайды, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, осылайша, тілдің маңызды қызметтерінің бірі ақпарат жеткізуші қызметінде жұмсалады; – қазақ әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың ұлттық дүниетанымды танытудағы қызметі және символдық мағынасы айырықша; – қазақ әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулар өзінің қолданыс жиілігі мен мағынасына қарай әдеби тілдің толығуына ықпал етеді; – қазіргі қазақ әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың басым бөлігі кірме сөздер болып отыр; – қазіргі қазақ әйелдер киімі мен сәніне қатысты кірме сөздердің қазақ тіліндегі баламасын белсенді қолданысқа енгізу (ободок – маңдайша, палантин – шарғы т.б.) қажет; – қазақ тіліндегі әйелдер киімі мен сәніне қатысты аталымдардың басым бөлігі аналитикалық тәсіл арқылы жасалған, бүгінгі таңда әшекей бұйымдары атауларында кірме сөздер жиі қолданыста; – қазақ әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың ұлттық дүниетанымды таныту қызметі айырықша; – қазақ әйелдерінің киімі мен сәніне қатысты атаулар – ұлтымыздың тұрмысы мен тіршілігіндегі, салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы, тарихы мен өнеріндегі бірегей заттық этномәдени және рухани-мәдени болмысының көрсеткіші; – әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың тарихи қабаттарын анықтау тілдің көне тарихынан құнды мәлімет береді; – әйелдер киімі мен сәніне қатысты атаулардың лингвистикалық ерекшеліктерін, нақтырақ алғанда, дыбыстық, сөзтұлғалық, сөзжасамдық сипаттарын көрсету арқылы да тіліміздің сөздік қорындағы мәліметтер қатарын молайтуға болады; – әйелдер киімі мен сәніне қатысты лексиканы оқыту арқылы білім алушылардың ұлттық санасын қалыптастыруға, танымдық білімін нығайтуға, ой-өрісін ұлғайтуға, символдық мағынаны танытуға, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін қоса меңгертуге болады. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының сипаттамасы. Ұлттың өзін-өзі дамыту үдерісінде жинақтаған мәдени және материалдық құндылықтар туралы білімі этникалық сананың дүниетанымының негізін құрайды. Тіл нақты жүйе ретінде осы құндылықтарды сақтауға және оларды келесі ұрпаққа беруге ықпал етеді, сонымен қатар ұлттық дүниетаным мен жеке тұлғаның тілдік санасын қалыптастыруға қатысады. Ғылыми зерттеулерде тілдік сана тілдік құралдар арқылы берілетін бейнелердің жиынтығы ретінде түсіндіріледі. Олар тілдік белгілерді қалыптастыру, сақтау және қайта құру құралдары болып табылады, бұл адамға генезисті сауатты тұлға ретінде тану үдерісіне енуге көмектеседі. Киім атаулары мен әшекей бұйымдары, сән атаулары – этностың бүкіл өмірін айқындайтын таным айнасы, ғасырлар бойғы саналы өмірі мен мәдениетіне толы мұражай. Киім арқылы оның иесі қай елдің азаматы екендігін және салт-дәстүрді, әлеуметтік-иерархиялық статус пен қызметті, т.б. белгілерді ажыратуға болады. Киім адамдар үшін әлеуметтік және этикалық функцияны орындайды. Киім, зергерлік бұйымдар және т.б. халық өмірін, ұлттық дәстүрлерді, мәдени бірегейлікті, ұлттық сипатты, ұлттың дүниетанымын көрсетеді. Сондықтан киімнің негізгі қызметі – табиғаттың аязы мен ыстығынан, жаңбыр мен желінен қорғау, сонымен қатар әртүрлі этнографиялық, философиялық, мифологиялық және тәрбиелік аспектілері болып, оның қалыптасуы мен дамуының ұзақ өмірлік рухани бөлігі болып табылады. Ұлттық киімдердің дискурсында олардың лингвомәдени құрамдас бөлігі, киім иесінің тұрғылықты жері, дәрежесі, символдық мәні және т.б. контекстінде қалыптасқан жағдайлар туралы ақпарат берілген. Егер ұлттық киім қоршаған ортаға бейімделу нәтижесінде пайда болса, онда оның құрамдас бөліктерінің лингвомәдениеттануға айналуы мәдени құндылығымен анықталады. Ұлттық киім көбінесе архитектуралық құрылымдардың функцияларын қайталайды, символдық белгілер сыртқы ортадан қорғау мақсатын көздегенін көреміз. Сол қағида бойынша көшпенділердің дәстүрлі үйі – киіз үй сиқырлы қорғаныс элементтерінің тұтас жүйесімен қамтамасыз етілген, сонымен қатар оның символдық сипаттағы көптеген бөлшектері киім құрылымына еніп, пайдаланылған. Ұлттық киімнің әрбір құрамдас бөлігі лингвомәдениет контексінде белгінің, тілдік мәннің және мәдени мазмұнның бірлігін құрайды. Бұл бірліктің синтезі неғұрлым жақын болса, ұлттық киімнің модернизацияға енуі соғұрлым қиын болады. Этнографиялық атауларды зерттеу, оның тұтас тілдік құбылыс ретінде өзіне ұқсас құбылыстардан ерекшелігін ашып көрсету қазақ тілі үшін маңызды мәселе болып табылады. Жұмыстың қорытындылары қазақ тілі этнографизмдерінің семантикасын, символдық мәнін, сөзжасамдық ерекшелігін анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының қорытындыларын, деректерін, нәтижелерін жоғарғы оқу орындарында оқылатын тіл білімінің сөзжасам, лексикография, этнография, қазақ тілін оқыту әдістемесі салалары бойынша арнайы курстарда пайдалануға болады. Сондай-ақ зерттеу кезінде жиналған материалдар сөздіктер құрастыруға үлес қосады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына, Қазақстан Республикасындағы этникалық-мəдени бiлiм тұжырымдамасына, Қазақстан Республикасының 2007 жылдың «Білім туралы» Заңына, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылы бекітілген «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасындағы негізгі басымдықтарға негізделген. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындау дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Диссертация бойынша негізгі ғылыми-теориялық нәтижелер 8 ғылыми мақалада жарияланды. Скопус (Scopus) мәліметтер баспасына 1 мақала, ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы бақылау комитеті (ҒЖБСБК) ұсынған тізімге енетін журналдарда 4 мақала, халықаралық конференцияларда 3 мақала жарияланды. Барлық жарияланымдар жүргізілген зерттеу барысында дайындалып, әрбір жарияланым докторанттың өзінің бастамасымен әзірленді. 1. Effects of Online Learning and Digital Conversation-Based Activities on the Transfer of Cultural Values in Language and Literature Classes // International Journal of Education in Mathematics, Science and Technology. – 2023. – Vol. 11, №2. – P. 471-492. 2. Linguistic and National Cultural Character of Ethnographies // Ясауи университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. – №2(128). – Б. 190-200. 3. Әшекей бұйым атауларының сөзжасамдық сипаты // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. – №3 (144). – Б. 100-110. 4. Әйел киімі мен әшекей бұйымдарының символдық мәні // Ш. Уәлиханов атындағы КУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. – №3. – Б. 53-63. 5. Әйелдер киімі мен сәні лексикасының этномәдени негіздері // Торайғыров университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №1. – Б. 348-360. 6. Әшекей бұйым атауларының этнолингвистикалық сипаты: қазақ және түркі тілдері бойынша салыстырмалы зерттеу // «Türklük bilimi araştırmaları (türk dünyasından makaleler)» uluslararası sempozyumu (Denizli, 2022. – Б. 185-195). 7. Қазақ жырларындағы ұлттық киім мен әшекей атауларының тілдік сипаты // Дәстүр мен жаңашылдық тоғысындағы тіл және әдебиет мәселелері: халықаралық ғылыми конференция материалдары (Нұр-Сұлтан: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2021. – Б. 223-228). 8. Қазақ тілін оқытуда ұлттық құндылықтар арқылы лингвомәдениеттік құзыреттілікті қалыптастыру // «Мырзатай Серғалиев жəне филология мəселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана: ЕҰУ баспасы, 2023. – Б. 155-162).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/zyREe37getU
