
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Таңсықбай Әділет Қыдырбекұлы «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «Бабырнаманың» лексика-семантикалық сипаты (теориялық және әдістемелік аспектісі) тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы – филология ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Филология және оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры (Орал қ., Қазақстан Республикасы).
Шадиева Нургуль Хамзахановна – педагогика ғылымдарының кандидаты, А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Адам Гатлин Макколлум – философия докторы (PhD), Роджерс университеті Лингвистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Нью-Джерси, АҚШ).
Шормакова Айжан Ботановна – педагогика ғылымдарының кандидаты, А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Жумагулова Айша Алгабековна – философия докторы (PhD), Садвакасов Х.Ж. атындағы Елордалық мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Кенжалин Қуанышбек Кәрімұлы – философия докторы (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Дыбо Анна Владимировна – филология ғылымдарының докторы, РҒА корреспондент мүшесі, РҒА Тіл білімі институты Орал-Алтай тілдері бөлімінің меңгерушісі (Мәскеу қ., Ресей).
Қорғау 2025 жылғы 20 мамыр, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау («6D011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті», «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті»)» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесінде өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (онлайн, офлайн) өткізіледі.
Сілтемесі: https://clck.ru/3L6Stt
Конференция идентификаторы: 490 812 091 06
Кіру коды: HP9NT2MR
e-mail: go.syzdykova@mail.ru
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.):Таңсықбай Әділет Қыдырбекұлының «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған ««Бабырнаманың» лексика-семантикалық сипаты (теориялық және әдістемелік аспектісі)» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты – «Бабырнама» еңбегінің лексика-семантикалық сипатын ашу және оны оқытудың тиімді жолдарын анықтау. Зерттеу міндеттері: - «Бабырнама» еңбегінің қазіргі қазақ әдеби тілінің даму тарихындағы орнын, мән-маңызын ашып көрсету; - «Бабырнама» лексикасының статистикасын жасау; - «Бабырнама» лексикасын тарихи-этимологиялық тұрғыдан қарастыру; - мәтіндегі сөздерді лексика-семантикалық топтарға жіктеп талдау; - дәстүрлі және заманауи технологияларды қолдану арқылы «Бабырнаманың» лексикасын меңгерту әдіс-тәсілдерін қарастыру. Зерттеу әдістері. Диссертацияда сипаттау, салыстыру және статистикалық әдіс-тәсілдер қолданылды. Сұрыптау әдісі қолданылып, сөздер шығу тегі және лексика-семантикалық топ бойынша жіктелді. Статистикалық талдау Microsoft Word, Microsoft Excel бағдарламалары арқылы жүргізілді. Ең алдымен, зерттеу материалдары ABBYY FineReader PDF OCR-редактор бағдарламасы арқылы көшірілді. Мәтін әріптері диакритикалық таңбалар болғандықтан, символдардың оптикалық танылу үдерісіндегі техникалық қателер қолмен дәстүрлі түрде түзетілді. Мәтіндегі сөздерді контекстіден ажыратпай, мағыналарын дұрыс анықтау үшін әрбір лексикалық бірлік жеке-жеке қарастырылды. Лексикалық бірліктердің мағынасын анықтауда сөздіктер, «Бабырнама» аудармалары, тарихи лексикология бойынша ғылыми еңбектер пайдаланылды. Статистикалық талдау Microsoft Excel бағдарламасы арқылы өңделді. Сұрыптау әдісін қолдану нәтижесінде сөздер шығу тегі және лексика-семантикалық топ бойынша жіктелді. Мәтіндегі сөздердің мағыналары басқа жазушылардың еңбектерімен және қазіргі тілдегі қолданысымен салыстырылды. Осындай кешенді әдіс-тәсілдердің қолданылуы мәтіннің лексикасын жан-жақты талдауға мүмкіндік берді. Тестілеу, сауалнама және әңгімелесу әдістерін қолдану арқылы «Бабырнама» лексикасын оқыту әдістемесі қарастырылды. Оқытудың дәстүрлі және заманауи құралдардын қолдану арқылы мәтіндегі бейтаныс сөздерді оқыту жолдары сипатталды және өзара салыстырылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): - «Бабырнама» – қазақ тілі мен әдебиеті үшін маңызды тарихи-тілдік материал. Бұл – тек тарихи шығарма ғана емес, сонымен қатар түркі халықтарының, оның ішінде қазақ тіліне де жақын көне лексикалық қабаттарды сақтап қалған құнды тілдік ескерткіш. - «Бабырнама» Қазақстанда тілдік тұрғыдан жүйелі түрде арнайы зерттелмеген. Бұл еңбек бұған дейін тек тарих және әдебиеттану тұрғысынан қарастырылып келді. - Бабыртануға қатысты шетелдік тілдік зерттеулерде (Г. Благова, З. Холманова, С. Акгүл) мәтін индекстелгенімен, сөздердің мәтін ішіндегі мағынасы жіті қарастырылмаған. «Бабырнамада» бір сөз әртүрлі контекстте көпмағыналылыққа ие болуы мүмкін, бірақ бұл аспект бұған дейінгі зерттеулерде жан-жақты қарастырылмаған. - «Бабырнама» лексикасының 30,60%-ын түркі сөздері құрайды. Бұл оның негізгі тілдік қабатының түркілік екенін көрсетеді. «Бабырнамадамада» араб сөздері 29,57%, парсы сөздері 21,95%-ды құрайды. Бұл көрсеткіштер түркі-парсы қостілділігінің және ортағасырлық әдеби дәстүрдің ықпалын айқын аңғартады. Үнді сөздері негізінен жалқы есімдер және кейбір мәдени және тұрмыстық ұғымдардың атаулары ретінде қолданылуымен шектеледі. Бұл үнді сөздерінің белгілі бір функционалды шеңберде ғана қолданылғанын көрсетеді. - Билеуші, қолбасшы, жазушы, ақын автордың «сегіз қырлы, бір сырлы» қасиеті мәтін лексикасында көрініс тапқан. Жоғары стильге жататын сөздермен қатар сарай әдебиетіне тән емес тікелей сын, кейде пейоративті лексика қолданылған. Ішкі жан дүниесін суреттеуде саяси терминдерді пайдалануы негізгі кәсібінің тілдік тұлғаға әсер еткенін көрсетеді. - Қазақ тілі мен әдебиеті аясында «Бабырнама» мәтінін оқыту маңызды. Бейтаныс сөздердің мағынасын түсіндіру барысында сөздіктермен қатар жасанды интеллект құралдарын қолдану білім алушылардың сөздік қорын кеңейтуге, баяндалатын заманның тарихи-мәдени контекстін терең түсінуге оң ықпал етеді. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: - «Бабырнама» мәтінінің Хайдарабад көшірмесінің лексикасына статистикалық талдау жасалды; - «Бабырнама» лексикасы тарихи-этимологиялық тұрғыдан қарастырылды. Мәтін лексикасының түркі, араб, парсы, моңғол, үнді тілдік қабаттары ажыратылып, шығу тегі бойынша сараланды. Лексикалық қабаттардың өзара әрекеттесу сипаты ішкі (тілдік) және сыртқы (экстралингвистикалық) факторларды ескере отырып зерделенді; - мәтіндегі лексикалық бірліктер «Адам», «Қоғам», «Табиғат» сынды макро және микро лексика-семантикалық топтарға жіктеліп талданды. «Бабырнама» лексикасындағы сөздерді сұрыптап жіктеуде Ә. Қайдар ұсынған жіктеу үлгіге алынды; - түркі жазба ескерткіштерінің тілін оқыту аясында «Бабырнама» лексикасын оқыту әдістемесі қарастырылды. Мәтіннің лексика-семантикалық сипаты мен мақсатты аудиторияның (филология факультетінің қазақ тілді студенттері) ерекшеліктерін ескере отырып, лексикалық материалды меңгерудің түрлі әдіс-тәсілдері (сөздікпен жұмыс, контекстуалдық талдау, жасанды интеллект құралдарын қолдану т.б.) талданып, сынақтан өткізілді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі. Шағатай тілі – XV ғасырдың басынан XX ғасырдың бірінші жартысына дейін Орта Азия түркі халықтары арасында кеңінен қолданылған ортақ жазба тіл. Орта ғасыр түркі халықтарына тән жазба жәдігерлердің басым көпшілігі осы тілдің негізінде жазылған. Ғылымда оны «ескі өзбек тілі» деп атау үрдісі әлі де сақталған. Шағатай тілінің қазіргі өзбек, ұйғыр, қарақалпақ т.б. әдеби түркі тілдерін қалыптастырудағы негізгі рөлін мойындай отырып, оның қазіргі қазақ тілі мен әдебиетіне әсерін де ұмытпаған жөн. Шағатай әдеби тілінің тармақталуы, шығармалардың әдеби формаларының дамуы әлі күнге дейін толыққанды зерттеліп болған жоқ. Түркі тілінде қара сөзбен жазылған жазба ескерткіштердің арасында ойып тұрып орын алған «Бабырнама» еңбегін қазақ тілі мен мәдениеті аясында қарастыру ғылыми негізді болғанымен, қазақ ғылымы тарапынан бұл бағытта арнайы зерттеу жүргізілмеген. XV ғ. соңы-XVI ғ. басында жазылған «Бабырнама» еңбегінің лексикасын зерттеу арқылы мәтіндегі түркілік қабатты, оның араб-парсы, моңғол, үнді тілінен енген кірме сөздермен әрекеттесуі, сәйкесінше сол замандағы тілдік және мәдениетаралық қарым-қатынас жайлы құнды мағлұматқа қол жеткізетініміз сөзсіз. Зерттеу нәтижелерін оқыту үдерісіне қосу, «Бабырнама» мәтінін Қазақстанда жан-жақты оқыту білім алушылардың тілдік және мәдени құзыреттіліктерін дамытуға септігін тигізеді. Қазақ тіл білімінде «Бабырнама» мәтінінің лексика-семантикалық ерекшеліктері алғаш рет жүйелі түрде қарастырылды. Бұған дейін Қазақстанда «Бабырнама» лексикасына арналған тілдік зерттеу жүргізілген жоқ. XV–XVII ғасырлардағы қазақ жазба тілінің қалыптасуына шағатай жазба дәстүрі негіз болған. Алайда қазақ тіл білімінде бұл дәуірге тиесілі тарихи мұралар мен шежірелерді, қолжазбаларды тілдік тұрғыдан зерттеу жұмыстары әлі де жеткілікті дәрежеде қолға алынбағаны байқалады. Сонымен қатар қолжазба мәтіндерді түпнұсқадан оқу, оларды текстологиялық әрі лингвистикалық тұрғыдан талдау қазіргі тіл білімінде аса өзекті әрі қажетті бағыттардың бірі болып саналады. «Бабырнаманың» Хайдарабад көшірмесінің лексикалық статистикасы алғаш жасалды. Мәтіндегі сөздер семантикалық ерекшеліктеріне қарай жүйеленіп, лексика-семантикалық топтарға жіктелді. «Бабырнама» лексикасы сөздердің шығу тегі бойынша сараланды. Мәтіннің түркі, араб, парсы, моңғол, үнді тілдік қабаттары анықталды. Зерттеуде жекелеген сөздердің «Бабырнамадағы» контекстік қолданысы ескеріліп, мағыналары айқындалып, нақтыланды. Басқа дереккөздерде (З. Холманова, С. Акгүл т.) өзгеше түсіндірілген сөздердің жаңа мағыналық реңктері анықталды. «Бабырнама» лексикасын оқыту мәселесін қарастыру нәтижесінде қарастырылған әдіс-тәсілдерді түркі жазба ескерткіштердің тілін оқытуда қолдануға болады. «Бабырнама» сияқты ортағасырлық түркі мәтінінің сөздік қорымен жұмыс жасау білім алушылардың аналитикалық қабілеттері мен мәдени-тарихи құзыреттілігін дамытуға бағытталған. Негізгі әдістердің бірі – арнайы және этимологиялық сөздіктермен жұмыс жасау студенттерге лексемалардың шығу тегі мен тарихи өзгерісін түсінуге мүмкіндік береді. Бейтаныс сөздердің мағынасын түсіндіруде контекстуалдық талдау, семантикалық болжау тәсілдері де сөздердің мағынасын анықтап білуге ықпал етеді. Зерттеуде заманауи цифрлық оқыту құралдарына ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, «Бабырнама» лексикасын оқыту бойынша педагогикалық тәжірибе аясында жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылды: Midjourney платформасы бейтаныс атаулар объектілерінің визуалды көрінісін қалыптастыруға мүмкіндік береді, ал Chat GPT қолданысы мәтіндегі лексикалық бірліктердің талдауын жеңілдетеді. Осылайша, зерттеу жұмысында дәстүрлі оқыту құралдары мен әдіс-тәсілдері мен заманауи технологияларды қатар қолдану артықшылықтары мен кемшіліктері қарастырылған. Диссертацияда қолданылған ғылыми-теориялық тұжырымдар, зерттеу нәтижелері Тарихи тіл білімі, Тарихи грамматика, Тарихи лексикология, Салыстырмалы тіл білімі, Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы пәндерінің дамуына үлес қосады. Зерттеу барысында жасалған лексика-семантикалық талдауларды лексикология саласында кеңінен пайдалануға болады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Сондай-ақ, «Білім туралы» Заңына және Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына негізделеді. Зерттеу жұмысында алынған нәтижелерді жоғары оқу орындарында Орта ғасыр түркі жазба ескерткіштері, Түркі тілдерінің тарихи грамматикасы, Қазақ әдеби тілінің тарихы, Қазақ тілінің тарихи грамматикасы секілді пәндер аясында пайдалануға болады. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Докторант зерттеу жұмысының қорытындылары мен нәтижелері бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 6 (алты) мақала, халықаралық конференцияларда 3 (үш) мақала жариялады. ҚР ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымдарда жарияланған мақалалар тізімі: 1. «Бабырнамада» туыстық атаулардың берілуі // Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. – №4. – Б. 60-69. (докторанттың үлесі – 100%). 2. «Бабырнамадағы» үндістандық сүтқоректілер атауларына тілдік талдау: этимология, семантика // Ясауи университетінің хабаршысы. – 2024. – №2(132). – Б. 88-101. (бірлескен автор: Кенжалин Қ.К., докторанттың үлесі – 90%). 3. Ауған жеріндегі Ламған атауының тарихи-тілдік негізі // ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №2(194). – Б. 37-46. (бірлескен авторлар: Кенжалин Қ.К. және Құлжанова Б.Р., докторанттың үлесі – 80%). 4. «Қазақ» сөзінің «Бабырнамадағы» семантикасы // Turkic Studies Journal. – 2024. – №4. – Б. 90-115. (бірлескен авторлар: Кенжалин Қ.К. және Еспекова Л.Ә., докторанттың үлесі – 80%). 5. Қазақ тілді аудиторияға шағатай тілі лексикасын оқыту жолдары («Бабырнама» мысалында) // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №4. – Б. 261-271. (докторанттың үлесі – 100%). 6. Түс атауларының «Бабырнамада» қолданылу сипаты // Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №4. – Б. 247-262. (бірлескен авторлар: Кенжалин Қ.К. және Дыбо А.В., докторанттың үлесі – 80%). Халықаралық конференцияларда жарияланған мақалалар: 1. «Бабырнама» еңбегіндегі топонимдер // «Рухани жаңғыру және тілдік мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (10-11 маусым 2022 жыл). – Астана: «ZIZ INC» ЖК, 2022. – Б. 233-237. (докторанттың үлесі – 100%). 2. «Бабырнама» еңбегіндегі өлшем атаулары // «Нургалиевские чтения-XIII: научное сообщество молодых ученых XXI столетия. Филологические науки»: сборник статей по материалам Международной научно-практической конференции (14-15 марта 2024 г., г. Астана). – Том 1. – Астана, «Мастер ПО», 2024. – Б. 366-371. (докторанттың үлесі – 100%). 3. «Бабырнамадағы «түрк» сөзінің семантикалық ерекшеліктері // «Университет ғылымы аймақтың – экономикалық өсу ортасы» тақырыбында «Уәлиев оқулары – 2024» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдар жинағы. – Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚУ, «Берел» баспасы, 2024. – Б. 684-686. (докторанттың үлесі – 100%).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/A8GDlL1plbc
