
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кулынтаева Тогжан Бауыржановна «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша Тарихи жырлардағы «уақыт» концептісі (теориялық және әдістемелік аспекті) тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Оразалиева Эльмира Нұрланқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры (Астана қ., Қазақстан).
Рауандина Айтжамал Калкеновна – педагогика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Алматы қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Хусаинова Ляйля Мидхатовна – филология ғылымдарының докторы, профессор, М. Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті Башқұрт филологиясы факультетінің деканы (Уфа қ., Ресей).
Жахина Бария Бадыковна – педагогика ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры (Көкшетау қ., Қазақстан).
Оспанова Дана Жаңабекқызы – философия докторы (PhD), Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме LAB бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
Еспекова Ләззат Әубәкірқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан).
Гүлсевин Гүрер – ғылым докторы, профессор, Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институты (Измир қ., Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 4 маусым сағат 14:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау («6D011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті», «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті»)» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесінде өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (онлайн, офлайн) өткізіледі.
Сілтемесі (Microsoft Teams): https://lyl.su/NtTL
Конференция идентификаторы: 413 466 346 284 3
Кіру коды: ik67fN6x
e-mail: go.syzdykova@mail.ru
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 аудитория
Аңдатпа (қаз.):Кулынтаева Тогжан Бауыржановнаның «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Тарихи жырлардағы «уақыт» концептісі (теориялық және әдістемелік аспекті)» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты – тарихи жырлардағы «уақыт» концептісін теориялық-әдістемелік аспектіде кешенді түрде зерттеу. Зерттеу міндеттері: – «концепт» ұғымының теориялық негіздерін сараптау және оның когнитивтік лингвистикадағы орнын талдау; – «уақыт» концептісінің зерттелуіне шолу жасап, әлемнің тілдік бейнесі мен «уақыт» концептісінің байланысын ашу; – «уақыт» концептісінің мазмұндық құрылымын анықтап, тарихи жырлардағы «уақыт» концептісінің модельдерін айқындау; – тарихи жырлардағы циклдік және сызықтық уақыт модельдерін зерттеп, тілдік бірліктер арқылы дәлелдеу; – тарихи жырлардағы биологиялық, әлеуметтік және перцептуалды «уақыт» концептісінің модельдеріне талдау жасау; – білім алушылардың тілдік-танымдық құзыреттілігін қалыптастыру үшін тәжірибелік зерттеу жүргізу; – тарихи жырлардағы «уақыт» концептісін оқытуда интербелсенді әдістерді пайдаланып, тапсырмалар әзірлеу; – тарихи жырлардағы «уақыт» концептісін білім беру платформалары арқылы меңгертудің тиімділігін көрсету. Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмысты жазу барысында материалды жинау үшін жаппай іріктеу әдісі, концептінің мазмұнын зерттеу үшін концептуалды талдау әдісі, алынған нәтижелерді талдау, жіктеу үшін сипаттамалық-аналитикалық әдіс, тарихи жырлардың мәтінін талдауда контекстік талдау әдістері қолданылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): ‒ тарихи жырлардағы «уақыт» концептісі халықтың дүниетанымы мен мәдени құндылықтар жүйесін бейнелейді; ‒ «уақыт» концептісінің когнитивтік және құрылымдық ерекшеліктері тарихи жырлардағы циклдік, сызықтық, биологиялық, әлеуметтік және перцептуалды уақыт модельдері арқылы көрініс табады; ‒ тарихи жырлардағы «уақыт» концептісінің циклдік моделі қайталанатын оқиғалар мен маусымдық құбылыстар арқылы айқындалса, сызықтық модель уақыттың бірбағыттылық, қайтымсыздық, оралмайтын беймәлім сипатымен ерекшеленеді; ‒ тарихи жырлардағы «уақыт» концептісінің биологиялық моделі тарихи тұлғаның өмірлік даму сатыларын оның тарихи ортасымен, тарихи кезеңдерімен байланыстыру барысында, ал әлеуметтік модель уақыттық құрылымды қоғамдағы тарихи оқиғалармен, әлеуметтік өзгерістерді сипаттаумен айқындалды. Перцептуалды модель адамның психологиялық күйіне байланысты туындайтын кейіпкердің субъективті уақытты қабылдау ерекшеліктерін танытады. ‒ ЖОО-да «уақыт» концептісін оқытудың әдістемелік үлгілері студенттердің тілдік-танымдық құзыреттілігін арттыруға және тарихи-мәдени дүниетанымын дамытуға ықпал етеді. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: – Тарихи жырлардағы «уақыт» концептісінің мазмұндық құрылымы алғаш рет жан-жақты талданды. – Циклдік уақыт модельдерінің тарихи жырлардың мазмұнындағы «уақыт» концептісінің кешенді бейнесін қалыптастыратыны анықталды. Тарихи жырлардағы циклдік уақыт моделі – оқиғалардың қайталану процесі ретінде түсіндіріліп, тәулік бөліктері, жыл мезгілдеріне қатысты тілдік бірліктер негізінде талданды. Қазақ халқының таным-түсінігінде уақыттың қайталанатыны, күн мен түннің, жыл мезгілдерінің ауысып отыратыны циклдік уақыт сипатын беретіні дәйектелді. – Сызықтық уақыт модельдері тарихи жырлардың мазмұнындағы «уақыт» концептісінің кешенді бейнесін қалыптастыратыны анықталды. Тарихи жырлардағы уақыттың сызықтық моделі уақыттың бірбағыттылық, қайтымсыздық, беймәлім сипатын білдіріп, өткен шақ, осы шақ, келер шақпен байланыста талданды. Тарихи жырдағы сызықтық уақыт халықтың танымымен, тұрмыс-тіршілігімен байланысты екендігі айқындалды. Уақыттың сызықтық сипатын беруде тарихи жыр мәтіндерінен тілдік бірліктер алынды. Тәулік бөліктері «күн», «түн», «таң», «түс» лексемалары, «апта», «ай», «жыл» лексемалары таңдап алынып, мысалдармен дәлелденді. – Биологиялық уақыт модельдері тарихи жырлардың мазмұнындағы «уақыт» концептісінің кешенді бейнесін қалыптастыратыны анықталды. Биологиялық уақыт моделін айқындауда жастық шақ/қарттық шақ опозициясы айқындалып, тарихи тұлғаның өмір жолы, өмірге келуі, дамуы, өсуі, кемелденуі сипатталды. Тарихи жырлардағы биологиялық уақыт моделі адамның өмір сүру кезеңі балалық шақ, жастық шақ, ағалық шақ, қарттық шаққа қатысты тілдік бірліктер негізінде қарастырылды. Тарихи жырларда жастық шақ кезеңі өзге шақ кезеңдеріне қарағанда кеңірек суреттелгені тілдік бірліктер негізінде дәлелденді. Тарихи жыр мәтіндерінде жастық – кәрілік опозициясында жастық шақ адамның белсенді кезеңі саналса, қарттық шақ әл-ауқаты қайтқан дәурен екені байқалды. Қарттық шақ адамның ақыл ойы толысқан, өмірден тәжірибе жинаған кезең саналды. Жастық кезең өмір жолының басталуымен, кәрілік өмірдің соңғы кезеңдері саналатыны тілдік бірліктермен дәлелденді. Адамның жасына қатысты ұғымдар өмірге келген сәтінен бастап нәресте, шақалақ, перзент; ержетіп өсуі: бала, жігіт; кемелденген шағы: қарт, ақсақал тілдік бірліктері талданды. – Әлеуметтік уақыт модельдері тарихи жырлардың мазмұнындағы «уақыт» концептісінің кешенді бейнесін қалыптастыратыны анықталды. Әлеуметтік уақыт адам – қоғам – уақыт байланысынан, қоғамдық өзгерістердің әсерінен туындайтын уақыт моделі екені айқындалды. Тарихи жырлардағы әлеуметтік уақыт моделі ел есінде қалған белгілі оқиғалар, соғыстар, қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерден туындаған уақытты білдіретін тілдік бірліктер негізінде айқындалды. Тарихи жырлардағы әлеуметтік уақыт сипатын айқындауда халықтың тұрмыс-тіршілігінен туындаған халықтық өлшем бірліктерге, фразеологизмдерге талдау жасалды. Тарихи жырларда әлеуметтік уақыт қару-жарақ атаулары мен соғысқа байланысты жаугершілік лексика арқылы берілгені айқындалды. Жалпы алғанда, әлеуметтік уақыт халқымыздың ойлауынан, дүниені бақылауынан, тұрмыс-тіршілігінен туындаған. – Перцептуалды уақыт моделі тарихи жырлардың мазмұнындағы «уақыт» концептісінің кешенді бейнесін қалыптастыратыны анықталды. Тарихи жырлардағы перцептуалды уақыт моделі жыр кейіпкерінің ішкі толғанысы, жай-күйі, сол кезеңдегі уақытты қабылдауынан туындаған тілдік бірліктер негізінде айқындалды. Тарихи жырлардағы перцептуалды уақыт моделі басқа уақыт модельдерінен ерекшеленіп, уақыттың философиялық қырын арттырды. Тарихи жырлардағы перцептуальды уақыт моделі уақыттың жылдам өтуі+, уақыттың баяулауы, уақыт кейде жағымсыз, кейде жағымды сипатын айқындады. – Тарихи жырлардағы «уақыт» концептісінің ұлттық дүниетанымдағы рөлі мен тілдік құралдар арқылы көрініс беру жолдары айқындалды. – ЖОО-да «уақыт» концептісін оқытуда қолданылатын интербелсенді әдістер мен білім беру платформаларының тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденді. Жұмыста білім беру платформаларының артықшылықтары көрсетіліп, тақырыпты меңгертуде, білім алушының алған білімін жетілдіруде, қайталауда, өзін-өзі тексеруде аталған платформалардың тиімді тұстары зерттеу нәтижесінде анықталды. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі. Тарихи жырларды халықтың болмыс-бітіміне қатысты мәселелерді жинақтайтын біртұтас дүние десек, «уақыт» концептісі – көп қатпарлы қабаттардан тұратын, сол дәуірдегі әлемнің тілдік бейнесінің көрінісі. Сондықтан тарихи жырлардағы «уақыт» концептісінің арнайы зерттеу нысанына алынуы тақырыптың маңызын көрсетеді. Тарихи жырдағы «уақыт» концептісін зерттеу қазақ тіл біліміндегі когнитивтік зерттеулердің ғылыми-теориялық апаратын кеңейтуге өз деңгейінде үлес қосады. Диссертациялық жұмыстың когнитивтік бағытта зерттелуі «Лингфольклортану», «Этнолингвистика», «Лингвомәдениеттану» пәндері бойынша оқылатын дәрістерде, концепт теориясына қатысты арнайы курстарға ғылыми және теориялық тұрғыдан материал бола алады. «Уақыт» концептісі модельдерінің айқындалуы қазақ тіл білімінің концептілік талдауларға жаңаша көзқарас танытып, тілді когнитивтік бағыттағы зерттеулерге негіз болады. Тарихи жыр мәтіндері тілінің когнитивтік бағытта зерттелуі фольклор тілінің жаңа бағытта зерттелуіне үлес қосады. Зерттеу жұмысының практикалық маңызы қазіргі таңда өзекті болып отырған жоғары оқу орындарында жаңа технологияларды қолдану мен заманауи платформалардың тиімділігін айқындаумен ерекшеленеді. Бұл жұмыс практикалық сабақтарды жүргізуде интербелсенді әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалануға жол ашып, оқытудың сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарында «Когнитивтік лингвистика» және «Лингвофольклортану» пәндерін оқыту барысында, сондай-ақ оқу-әдістемелік құралдар даярлау үдерісінде қолдануға болады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертациялық жұмыста Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізге алынды. Оған қоса, білім беру саласының негізгі Заңы – «Білім туралы» Заңына сәйкес тарихи жырлардағы «уақыт» концептісін оқыту мәселелері зерттелді. Сонымен қатар «уақыт» концептісін оқытуда білім алушылардың қызығушылығын арттыру үшін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының нысандары пайдаланылды. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Зерттеудің негізгі нәтижелері бойынша 12 мақала жарық көрді. ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 5 мақала, отандық және шетелдік халықаралық конференция жинақтарында 7 мақала жарияланып, секциялық және пленарлық отырыстарда баяндалды. ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда жарияланған мақалалар: 1. «Уақыт» концептісінің циклдық моделі (тарихи жыр мәтіндері негізінде) // Яссауи университетінің хабаршысы. Филология сериясы, - 2022 – №3 (125). Б. 59-67. (бірлескен автор: Гүрер Гүлсевин, докторанттың үлесі – 90%). 2. Тарихи жырлардағы қазақы уақыт өлшем бірліктерінің мәні // Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті хабаршысы. Филология сериясы. – 2023 – №2 (69). - Б. 109-123. (бірлескен автор: Еспекова Л.Ә., докторанттың үлесі – 90%). 3. Тілдік санадағы биологиялық уақыт (тарихи жыр мәтіндері негізінде) // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті хабаршысы. Филология сериясы. – 2023 – № 3 (144). - Б. 80-88. (бірлескен автор: Л.Ә.Еспекова, докторанттың үлесі – 90%). 4. Improvement of students' cognitive activities through teaching the concept «time» at the university // Қарағанды университеті хабаршысы. Педагогика сериясы. – 2023 – №4 (112). - Б. 154-160. (бірлескен автор: Л.Ә. Еспекова, докторанттың үлесі – 90%). 5. «Situational time» in historial epics // Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2024 – №1. - Б. 167-179. (бірлескен авторлар: Gurer Gulsevin, L. A. Espekova, M.A. Batyrbaeva, докторанттың үлесі – 90%). Отандық және шетелдік халықаралық конференция жинақтарында 7 мақала жарияланып, секциялық отырыстарда баяндама жасалды. 1. Тілдік санадағы уақыт туралы түсініктер // Профессор Құсекен Шаукенұлы және қазіргі тіл білімінің зерттеу парадигмалары: республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы. Атырау, Х.Досмұхаметов атындағы Атырау университеті, 2020. – Б. 121-123. (докторанттың үлесі – 100%). 2. «Жәнібектің өлеңі» тарихи жырындағы «уақыт» концептісі // Дәстүр мен жаңашылдық тоғысындағы тіл және әдебиет мәселелері: халықаралық ғылыми конференция материалдары (8 сәуір, 2021 ж.). – Нұр-Сұлтан: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2021. – Б. 175-179. (докторанттың үлесі – 100%). 3. Тарихи жырлардағы жағдаяттық уақыт межесі // Международная научно-практическая конференция «Зейін Шашкин» – писатель, драматург, врач: сборник материалов Международной научно-практической конференции (15-16 ноября 2022 г.). – Астана, 2023. – Б. 184-191. (бірлескен автор: Еспекова Л.Ә., Жамбаева Ж.Ә., докторанттың үлесі – 90%). 4. Перцептуальный взгляд на время в исторический эпосах // Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне 100 жыл толуына орай өткізілетін «Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың теориясы мен тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Алматы, 2024 жылдың 26 сәуір). – Алматы: Қазақ университеті, 2024. – Б. 223-229. (бірлескен автор: Джамбаева Ж., докторанттың үлесі – 90%). 5. ЖОО-да студенттерді оқытуда блум таксономиясының тиімділігі // «Түрк элдеринин руханий интеграциясы: тил, адабият, маданият»: ОшМУнун 85 жылдыгына карата уюштурулган эл аралык илимий-теориялык конференциянын материалдары (30-май, 2024). II Том. – Ош: Ош мамлекеттик университети, 2024. – Б. 468-475. (докторанттың үлесі – 100%). 6. Тарихи жырлардағы «уақыт» концептісінің сызықтық моделі // «Science and education in the modern world: challenges of the XXI century» материалы XII Международной научно-практической конференции. – Астана, 2023. – Б. 16-19. (докторанттың үлесі – 100%). 7. Тарихи жырлардағы «уақыт» концептісін интербелсенді әдістер арқылы оқыту // Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар: қоғамдық дискурс = Social and Humanitarian Sciences: Public Discourse = Социально-гуманитарные науки: общественный дискурс: ғыл. зерт. конф. аңдатпалар жинағы. – Астана: Назарбаев университеті, 2025. – Б. 21. (докторанттың үлесі – 100%).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/XjxNngMlu_U?si=L06PXC0ByH8dt4yn
