
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ораз Айдана Нурмаханқызы «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақ тілін оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастыру әдістемесі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Құрман Несібелі Жәкенқызы – педагогика ғылымдарының докторы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалы Филология кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Камиева Гульмира Камиевна – педагогика ғылымдарының кандидаты, Astana IT University Жалпы білім беру пәндері департаментінің қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Жаксыликова Куляй Баймендиновна – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Қазақ және орыс тілдері кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Тагирова Салима Айбулатовна – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, М. Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті Башқұрт тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (Уфа қ., Ресей).
Адилов Марлен Ерланович – философия докторы (PhD), Freedom Horizons ЖШС Жоба менеджері (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Маликов Қуанышбек Тұрарбекұлы – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Жоғары колледж директоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Незир Темур – PhD доктор, Гази университетінің профессоры (Анкара қ., Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 23 маусым, сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау («6D011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті», «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті»)» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесінде өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (онлайн, офлайн) өткізіледі.
Сілтемесі: https://clck.ru/3LrcWR
Конференция идентификаторы: 497 802 199 444 3
Кіру коды: PA9am7Cr
e-mail: go.syzdykova@mail.ru
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 аудитория
Аңдатпа (қаз.): Ораз Айдана Нурмаханқызының «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазақ тілін оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастыру әдістемесі» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты – қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастырудың тиімді әдістемесін әзірлеу және оны тәжірибеде қолдану арқылы тіл үйренушілердің сөздік қорын байыту мен тілдік құзыреттілігін арттыру жолдарын анықтау. Зерттеу міндеттері: – қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда лексикалық дағды ұғымының теориялық-әдіснамалық негіздерін анықтау; – әлемдік және отандық әдістеме ілімінде тілді меңгертудің лексикалық дағдыларын қалыптастыру мәселесі жайлы зерттеулерді талдау; – қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуға арналған оқу басылымдарындағы лексикалық мазмұнды саралап, тілді меңгеру деңгейлеріне сәйкестігін талдау; – қазақ тілін оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастырудың дидактикалық ұстанымдарын анықтау; – қазақ тілін меңгертуге бағытталған жаттығу түрлерін жіктеп, әдістемелік тұрғыдан талдау жасау; – лексикалық дағдыларды қалыптастыруға арналған коммуникативтік жаттығулар жүйесін әзірлеу; – ұсынылған әдістемелік жүйенің тиімділігін эксперимент арқылы тексеріп, нәтижелерін талдау. Зерттеу әдістері. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздерін анықтауда талдау және жалпылау әдістері; экспериментті ұйымдастыру кезеңінде эксперименттік бақылау, салыстыру, сауалнама, кері байланыс; талдау әдістері: жалпылау, жүйелеу; эксперименттік мәліметтерді сапалық және сандық талдау әдістері (G (Гамма) критерийі) қолданылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): – лексикалық дағдыларды қалыптастыру тіл үйретудің негізгі алғышарты ретінде қазақ тілін меңгерудің тиімділігін арттырып, оқушылардың сөздік қорын байыту мен тілдік құзыреттілігін дамытуға мүмкіндік береді; – жоғары сынып оқушыларының лексикалық дағдыларын дамыту үшін лексикалық жаттығуларды жүйелі қолдану оқыту үдерісінің сапасын арттырып, тілдік материалды меңгерудің жүйелілігі мен нәтижелілігін қамтамасыз етеді; – лексикалық дағдыларды қалыптастыру кезеңдерін (танысу, түсіну, қолдану, бекіту) нақты бөліп көрсету және әр кезеңде оқушылардың білім деңгейін анықтау тіл үйрету әдістемесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді; – коммуникативтік жаттығуларды пайдалану лексикалық дағдыларды дамытуда оқушылардың тілдік материалды күнделікті өмірде қолдану мүмкіндігін арттырып, сөйлеу әрекетін жетілдіреді; – лексикалық дағдыларды қалыптастыруға арналған әдістемелік жүйе тілдік және лексикалық құзыреттілікті арттырудың тиімді құралы ретінде қазақ тілін меңгерудің сапасын жақсартуға негізделеді. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: – Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастыру мәселесі жүйелі түрде талданып, оның теориялық, әдіснамалық және практикалық негіздері ғылыми тұрғыда зерделенді. – Лексикалық дағдының тілдік білім мен коммуникативтік құзыреттіліктің негізгі құрамдас бөлігі екені анықталып, оның теориялық негіздері психолингвистикалық, дидактикалық, әдістемелік тұрғыдан жан-жақты талданды. Зерттеу барысында лексикалық дағдыны меңгерудің көпқабатты құрылымы – денотативті және коннотативті мағыналардың меңгерілу кезеңдері, жас ерекшеліктеріне байланысты игеру деңгейлері, лексикалық бірліктерді тілдік нормаға сай қолдану ережелері айқындалды. Лексиканың негізгі нысаны – сөз, лексикалық дағды сол сөздің сөйлеу барысында ұзақ мерзімді жадыда сақталып, дұрыс қолдануға машықтану үдерісінің барлық кезеңін қамтиды. Лексикалық дағдылардың дамуы жазылым, оқылым, тыңдалым, айтылым, яғни төрт тілдік дағдыны қалыптастыру аясында жүретіндіктен, оларды сөйлеу әрекетінен кең ұғымда қарастыруға болады деген тұжырым жасалды. – Жоғары сынып оқушыларына қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі ұсынылды. Бұл модель оқушылардың лексикалық дағдыларын кешенді түрде дамытуға арналған компоненттер мен көрсеткіштерді, бағалау критерийлерін, кезеңдер мен мазмұндық бағыттарды жүйелеп берді. Құрылымдық-мазмұндық модель негізінде құрылған әдістемелік жүйе, кезеңдер бойынша топтастырылған жаттығулар оқу үдерісінде тиімді нәтиже көрсетті. Олар педагогикалық үдерісті жандандыруға, оқушылардың қызығушылығын арттыруға, мұғалімнің уақытын үнемдеуге және оқытудың жалпы сапасын жақсартуға ықпал етеді. Аталған модель оқыту үдерісін жоспарлауда ғылыми-әдістемелік негіз болады. Лексикалық дағдыларды дамытуға бағытталған коммуникативтік жаттығулар кешені зерделенді. Әлемдік және отандық әдіскер ғалымдардың лексикалық дағдыларды меңгертудегі ғылыми көзқарастары талданып, соның негізінде қазақ тілін үйрету үдерісінде лексикалық дағдыларды қалыптастырудың өзара сабақтас әрі бірізді төрт негізгі кезеңі айқындалды. Олар: танысу, түсіну, қолдану, бекіту кезеңдері. Осы кезеңдер негізінде жаттығу түрлері жүйеленді. Танысу кезеңінде сөздің семантикалық өрісі ескеріліп, тапсырмалар мағыналық құрылымына сәйкес келесідей іріктелді: көрнекілікті қолдану; синоним/антонимдердің көмегімен сөздің семантикалануы; сөзжасам тәсілдері арқылы сөздің мағынасын нақтылап, қолдану аясын түсіндіру; сөздерді аудару немесе сөздікпен жұмыс; сөздіктердің түрімен танысу; мәнмәтін арқылы лингвистикалық болжам жасау. Көрнекілікті қолдану ішіне мнемотехникалық жаттығу түрлерін қолдануға болады. Түсіну кезеңінде тілдің басқа салаларымен байланысты құрастыруға арналған жаттығу түрлерін ұсыну, жаңа ақпаратты оңай ұғып, жан-жақты меңгеруге зор ықпалын тигізеді. Грамматикалық дағдыларды қалыптастыруға негізделген рецептивті жаттығу түрлері білімнің орнығуына көмектеседі. Қолдану кезеңі бойынша теорияны практикамен байланыстыру ұстанымын басшылыққа алып оқытудың коммуникативтік бағыты бойынша жағдаяттық тапсырмаларды, дыбыстық блог, геймификацияға негізделген жаттығулар топтастырылды. Ал бекіту кезеңі бойынша оқушының білімін бағалап, оның деңгейі бойынша жұмыс істеу үшін әр жаңа материалдан соң машықтандыру жаттығуларынан бөлек бекіту жаттығулары ұсынылды. Жаттығулар лексикалық дағдылардың қалыптасу кезеңдеріне сай жүйеленіп, тыңдалым, оқылым, жазылым және айтылым дағдыларын үйлесімді түрде дамытуға бағытталды. Жаттығулар педагогикалық квалиметрия ұстанымдары негізінде әзірленіп, оқыту тиімділігін бағалау мен рефлексия жүргізуге мүмкіндік беретін мазмұндық құрылыммен ерекшеленді. – Зерттеу аясында ұсынылған әдістемелік жүйеге эксперимент жүргізіліп, оның тиімділігі тәжірибелік деректермен дәлелденді. Эксперимент нәтижелері ұсынылған әдістеменің оқушылардың сөздік қорын дамытуға, тілдік бірліктерді орынды қолдануға және сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін жетілдіруге оң ықпал ететінін көрсетті. – Оқу бағдарламасындағы лексикалық тапсырмалардың саны мен мазмұны лексикалық білімді меңгерту мен лексикалық дағдыларды қалыптастыруда жеткіліксіз екені зерттеу барысында дәлелденді. – Зерттеу нәтижелерін қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастырудың теориялық-әдістемелік негізін жетілдіріп, оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар, тапсырмалар кешенін әзірлеуде ғылыми-тәжірибелік база ретінде қолдануға болады. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі. Зерттеу барысында қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың лексикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған құрылымдық-мазмұндық модель алғаш рет ғылыми негізделіп ұсынылды. Бұл модель жоғары сынып оқушыларының жас және психолингвистикалық ерекшеліктерін ескере отырып, лексикалық дағдыларды қалыптастыру кезеңдерін, көрсеткіштері мен бағалау критерийлерін жүйелі сипатта айқындайды. Сонымен қатар оқу үдерісінде тиімді пайдалануға болатын коммуникативтік жаттығулар жүйеленіп, олардың әдістемелік тиімділігі эксперимент барысында дәлелденді. Зерттеу барысында қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда лексикалық минимумдарды CEFR деңгейлеріне сәйкестендіре отырып, тақырыптық мазмұнды сұрыптау және оны тіл үйренушілердің тілдік деңгейіне сай орналастырудың қажеттілігі негізделді. Бұл оқу бағдарламалары мен оқулық мазмұнын жетілдіруге бағытталған ғылыми ұсыныстардың негізін құрайды. Сонымен қатар мұғалімдерге жүргізілген сауалнама нәтижелері мектеп тәжірибесінде лексикалық дағдыларды жүйелі дамытуға арналған әдістемелік құралдар мен тиімді тәсілдердің жеткіліксіздігін көрсетті. Осыған орай, зерттеу нәтижесінде ұсынылған әдістемелік жүйе мен тапсырмалар кешені тіл үйренушілердің қатысымдық құзыреттілігін арттыруға ықпал етіп, болашақта дайындалатын оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнына негіз бола алады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Сонымен қатар «Білім туралы» Заңына және Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен «Қазақ тілі» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына негізделеді. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Диссертацияның негізгі ғылыми-теориялық нәтижелері ретінде 1 оқу-әдістемелік құрал, Scopus халықаралық рецензияланатын журналда 1 мақала, ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 5 мақала, халықаралық конференция жинақтарында 5 мақала жарияланып, секциялық және пленарлық отырыстарда баяндалды. Сонымен қатар авторлық құқықпен қорғалатын нысандарға құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы 2 куәлік алынды. 1. Қазақ тілін оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастыруға арналған практикалық тапсырмалар. Оқу-әдістемелік құрал. «Әлем» баспаханасы. – Шымкент. – 2024. – 95 б (докторанттың үлесі – 100%). 2. The effects of voice blogging on upper secondary students’ L2 Kazakh speaking performance // International Journal of Education and Practice. – 2024. - №12(3). – pp. 1040-1053 (бірлескен авторлар: Malikov K, Abenova G, Sametova Zh, Almautova A., докторанттың үлесі – 70%). 3. Қазақ тілін оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастырудың әдістері (қазақ тілінде оқытпайтын сыныптарда) // Ясауи университетінің хабаршысы. – 2023. - №2(128). – Б. 408-422 (докторанттың үлесі – 100%). 4. Қазақ тілін үйретуде мобильді қосымшаларды пайдаланудың тиімділігі // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. - №3(144). – Б. 203-215 (бірлескен автор: Маликов Қ.Т., докторанттың үлесі – 90%). 5. Лексикалық дағдыларды қалыптастыруда геймификация әдісінің мүмкіндіктері (қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда) // Торайғыров университетінің Хабаршысы. Филологиялық серия. – 2023. - №3. – Б. 259-270 (бірлескен автор: Маликов Қ.Т., докторанттың үлесі – 90%). 6. The impact of voice blogging on the oral proficiency of upper secondary students in l2 kazakh speaking // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Хабаршысы. «Педагогикалық ғылымдар» сериясы. – 2024. - № 1(78). – Б. 178-186 (бірлескен авторлар: Маликов Қ.Т., Садыков Т., докторанттың үлесі – 80%). 7. Мнемотехника қазақ тілін үйретуде лексикалық дағдыларды қалыптастыру құралы ретінде // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2024. – № 2. – Б. – 211-221 (бірлескен авторлар: Маликов Қ.Т., Халикова Н.С., докторанттың үлесі – 80%). 8. Қазақ тілін оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастырудың теориялық негіздері // Дәстүр және жаңашылдық теориясындағы тіл және әдебиет мәселелері: халықаралық ғылыми конференция материалдары (Нұр-Сұлтан, 2021. – Б. 212-215) (докторанттың үлесі – 100%). 9. Лексиканы оқытудағы психикалық процестердің маңызы // Межкультурный диалог на Евразийском пространстве: Материалы Всероссийской (с международным участием) научно-практической конференции. – Уфа: БГПУ им. М.Акмуллы, 2023. – С. 104-107 (докторанттың үлесі – 100%). 10. Академик М. Серғалиев еңбектеріндегі маңызын жоймаған мəселелер // «Мырзатай Серғалиев жəне филология мəселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Астана: Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ, 2023. – Б.17-20 (бірлескен автор: Маликов Қ.Т., докторанттың үлесі – 90%). 11. Қазақ тілін оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдері // «Мырзатай Серғалиев жəне филология мəселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Астана: Л. Н. Гумилев ат. ЕҰУ, 2023. – Б.105-111 (бірлескен автор: Маликов Қ.Т., докторанттың үлесі – 90%). 12. Лексиканы оқытудың лингвистикалық мәселелері // Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы әдебиеттанудың жаңа парадигмалары: Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР ҰҒА академигі Зәки Ахметовтің 95 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. - Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2023. – Б. 291-294 (докторанттың үлесі – 100%). 13. «Қазақ тілін оқытуда лексикалық дағдыларды қалыптастыруға арналған практикалық тапсырмалар». Оқу-әдістемелік құрал. Авторлық құқық туралы куәлік. № 52447 2024 жылғы 10 желтоқсан (бірлескен автор: Маликов Қ.Т., докторанттың үлесі – 90%). 14. Қазақ тілін үйретуде жоғары сынып оқушыларының лексикалық дағдыларын қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі. Авторлық құқық туралы куәлік. № 52448 2024 жылғы 10 желтоқсан (бірлескен автор: Маликов Қ.Т., докторанттың үлесі – 90%).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/BKjtB71XndQ
