
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ахмет Ақжібек Нұрланқызы «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазіргі қазақ тіліндегі будан терминдер (теориялық-әдістемелік сипаты) » тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Жахина Бария Бадыковна – педагогика ғылымдарының докторы, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры (Көкшетау қ., Қазақстан Республикасы);
Исакова Сабира Сагынбековна – филология ғылымдарының докторы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры (Ақтөбе қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ибрахим Шахин – доктор, профессор, Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институты Түркі тілдері және диалектілері бөлімінің меңгерушісі (Измир қ., Түркия);
Әлісжан Сарқыт Қалымұлы – филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университеті Қазақ тілі және түркітану департаментінің қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Абдикарим Нурзия – филология ғылымдарының кандидаты, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Құрманбайұлы Шерубай – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Насипов Илшат Сахиятуллович – филология ғылымдарының докторы, профессор, М. Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті (Уфа қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 24 маусым, сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3M2Qas
Конференция идентификаторы: 412 954 151 788 5
Кіру коды: Sk3Bs2uj
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Ахмет Ақжібек Нұрланқызының «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазіргі қазақ тіліндегі будан терминдер (теориялық-әдістемелік сипаты)» диссертациялық жұмысы Диссертациялық зерттеудің мақсаты – қазіргі қазақ тіліндегі будан терминдердің теориялық және әдістемелік негізін қалыптастыру. Зерттеу міндеттері: – «будан» терминінің әртүрлі ғылым салаларындағы мағыналық ерекшеліктерін анықтап, оның қолданыс аясын сипаттау; – жалпы тіл білімінде будандастыру құбылысына, оның ішінде ағылшын, француз, неміс, түрік, орыс лингвистикалық мектептеріндегі будан терминдердің қалыптасу заңдылықтарына шолу жасау; – қазақ тіліндегі будан терминдердің зерттелу кезеңдерін қарастырып, отандық ғалымдардың көзқарастары мен ғылыми тұжырымдарын жүйелеу; – қазіргі қазақ тіліндегі будан терминдердің қалыптасу жолдарын анықтап, олардың фонетикалық және графикалық тұрғыда бейімделу ерекшеліктерін көрсету; – будан терминдерді этимологиялық және генеологиялық тұрғыдан жіктеп, олардың жасалу үлгілерін анықтау; – қазақ тіліндегі аналитикалық және синтетикалық тәсілдері арқылы жасалған будан терминдердің құрамын анықтау; – арнаулы білім беру ұйымдарында будан терминдерді оқыту тәжірибесін талдап, оларды тиімді меңгеруді қамтамасыз ететін әдістемелік ұсынымдар әзірлеу; – будан терминдерді оқыту әдістемесін мектеп бағдарламасына кіріктіру үлгісін жасап, оқыту әдістерін ұсыну; – будан терминдерді оқыту әдістемесін әзірлеп, арнайы курс пен Telegram-бот құрастыру. Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында қазақ тіл біліміндегі будан терминдерді теориялық және әдістемелік тұрғыдан кешенді зерттеу мақсатында салыстырмалы-тарихи әдіс, жинақтау және жіктеу әдісі, статистикалық әдіс, этимологиялық талдау әдісі, педагогикалық жобалау әдісі, диагностикалық талдау әдісі, әдістемелік модельдеу әдісі, педагогикалық талдау әдісі, SWOT талдау әдістері қолданылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): – терминологиялық бірізділікке қол жеткізу үшін қазақ тілінде «гибрид» терминінің орнына «будан» атауын тұрақтандыру және қолдану қажет; – екі немесе одан көп тіл бірліктерінің (сөздер мен қосымшалардың) қатысуымен жасалған терминдер будан терминдер деп аталады; – қазақ тілінде будан терминдер жарты аударма және будандастыру үдерісі арқылы жасалады; – қазақ тілінде будандастыру үдерісінен туған будан терминдерге қарағанда жарты аударма негізінде туындаған будан терминдер саны көп; – жарты аударма арқылы туындаған будан терминдердің кірме бөлігі көшірінді элементтерден тұрады; – көшірінді терминдер – қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық заңдылықтарына бейімделмеген, орыс тілінен сөзбе-сөз көшіріліп алынған терминдер. – қазақ тіліндегі будан терминдер синтетикалық және аналитикалық терминжасам тәсілдері арқылы жасалады; – қазақ тіліндегі будан терминдерді этимологиялық тұрғыдан эндогенді және экзогенді будан терминдер деп бөлеміз; – қазақ тілінде аналитикалық тәсілмен жасалған будан терминдердің кентауыр, құрама түрлері бар; – будан терминдер құрамындағы әртүрлі генетикалық бірліктер қазақ тіліне бейімделу, сіңісу деңгейіне сәйкес алаген сызығы бойынша өлшенеді; – арнаулы және жалпы білім беру жүйесінде будан терминдерді оқыту кәсіби тілдің дамуына ықпал етеді; – мектеп бағдарламасына будан терминдерді оқыту әдістемесін енгізу оқушыларға тілдегі құбылыстарды дұрыс түсінуіне мүмкіндік береді; – цифрлық технологиялар мен онлайн ресурстар будан терминдерді оқыту үдерісін тиімді әрі қолжетімді етеді. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: ‒ қазақ тіл білімінде будан термин мәселесі алғаш рет кешенді түрде қарастырылып, олардың теориялық-әдіснамалық негізі анықталды; ‒ будан терминдердің шығу тегі, эндогенді және экзогенді жіктемесі, құрылымы мен жасалу үлгілері толық айқындалды; ‒ алаген сызығы, кентауыр термин, құрама термин, көшірінді термин сияқты жаңа ұғымдар енгізіліп, будан терминдердің алаген қасиеттері сипатталды; ‒ 2023 жылғы бекітілген терминдерге жүргізілген статистикалық талдау будан терминдердің 91 %-ы аналитикалық сөз тіркесі екені анықталып, жартылай аударма тәсілінің басымдығы дәлелденді; ‒ будан терминдерді оқытуға арналған әдістемелік модель, арнайы тапсырмалар, telegram-бот пен онлайн курс әзірленді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Зерттеу жұмысы қазақ тіл білімінде будан терминдер мәселесін жаңа сапалық деңгейге көтереді. Біріншіден, автор будан терминдерге алғаш рет кешенді әрі жүйелі анықтама беріп, олардың құрылымдық-семантикалық түрлері мен жасалу үлгілерін саралап шықты; бұл қадам қазақ терминологиясында бұрын болмаған бірыңғай теориялық негіз қалыптастырды. Екіншіден, жұмыста «алеген сызығы» теориясы, «кентауыр термин», «құрама термин», «көшірінді термин» сияқты жаңа ұғымдар ұсынылып, будан терминдердің төл, бейімделген және көшірінді элементтері арасындағы ара-қатынасты сипаттайтын тың типология жасалды. Үшіншіден, 2023 жылғы ресми терминологиялық тізімге жүргізілген статистикалық талдау будан терминдердің 91 %-ының аналитикалық үлгіде қалыптасқанын дәлелдеп, жартылай аударма тәсілінің үстемдігін көрсетіп берді; мұндай көлемді сандық талдау бұрынғы зерттеулерде кездеспеген. Әдіснамалық тұрғыдан зерттеу цифрлық лингвистика элементтерін енгізуімен ерекшеленеді: будан терминдер қоры негізінде @Budan_termin_bot Telegram-чаты, SendPulse платформасындағы үш модульдік онлайн курс және интерактивті тапсырмалар пакеті жасалды. Чат-боттың SWOT-талдауы оның жедел қолжетімділігі мен лингвистикалық дерек ұсынудағы әлеуетін айқындады, бұл будан терминдерді оқыту мен өзіндік білім алуда тиімді цифрлық құрал ретінде орнығуына мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелерінің ғылыми-практикалық маңызы бірнеше деңгейде көрінеді. Лингвистикалық деңгейде будан терминдер қазақ тілінің лексикалық қорын байытатын, халықаралық ғылыми ұғымдарды ұлттық тілге икемдейтін пәрменді тетік ретінде дәлелденді. Білім беру деңгейінде автор әзірлеген әдістемелік модель мен цифрлық құралдар оқушылар мен студенттердің ұғымдарды тез әрі дәл меңгеруін, терминологиялық сауаттылығын арттыруды қамтамасыз ететіні тәжірибе барысында тексерілді. Бұл білім беру мазмұнын цифрлық трансформациялау жөніндегі мемлекеттік стратегиялық ұстанымдармен (Цифрлық Қазақстан) үйлеседі және қазақ тілін халықаралық ғылым тілдерінің қатарында танытуға нақты үлес қосады. Осылайша, диссертация будан терминдердің теориялық негізін жаңадан құрып қана қоймай, оны педагогикалық практика мен цифрлық ортаға табысты интеграциялау арқылы қазақ терминологиясының жүйелі дамуына және тілдің ғылыми әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосты. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Сондай-ақ, «Білім туралы» Заңына және Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына негізделеді. Зерттеу нәтижелерін жоғары және арнаулы оқу орындарындағы «Терминология теориясы», «Қазақ терминологиясы», «Қолданбалы лингвистика», «Лексикография», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» секілді пәндер аясында, будан терминдерді оқыту әдістерін қамтитын электрондық оқулықтар, мультимедиалық курстар, интерактивті тезаурустар мен лингвистикалық корпустар әзірлеуде қолдануға болады. Сонымен бірге филология, түркітану, педагогика және білім берудегі цифрлық технологиялар бағыттарында, ұлттық терминологиялық орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарында тілдік материал әрі әдістемелік платформа ретінде қарастыруға болады. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Докторант зерттеу жұмысының қорытындылары мен нәтижелері бойынша Scopus (Elsevier) халықаралық ақпараттық ресурстарына енгізілген ғылыми жарияланымда 1 (бір) мақала, ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған отындық басылымда 5 (бес) мақала, шетелдік ғылыми журналда 1 (бір) мақала, отандық ғылыми басылымда 1 (бір) мақала, халықаралық конференцияларда 5 (бес) мақала, 1 (бір) ұжымдық монографияның 1 тарауы жарық көрді. 1. School terminology: Exploring the terminological apparatus of textbooks in natural and mathematical subjects // International Journal of Innovative Research and Scientific Studies. – 2025. – Т. 8, №1. – С. 665-678. (бірлескен автор: S. Nurgaliyeva, A. Bolatov, S. Omarov, D. Smakova, докторанттың үлесі – 75%). 2. Қазақ тіліндегі будан терминдердің жасалу жолдары // Торайғыров университетінің хабаршысы Филология сериясы. – 2022. – №4. – Б. 40-50. (бірлескен автор: Ш. Құрманбайұлы, докторанттың үлесі – 90%). 3. Терминжасамдағы будан құбылысы // Абылай хан атындағы ҚазХҚ және Әту хабаршысы. “Филология ғылымдары” сериясы. – 2023. – №4(71). – Б. 22-37. (бірлескен автор: Ш. Құрманбайұлы, С.А. Нургалиева, Г.А. Бегимова, докторанттың үлесі – 80%). 4. Linguistic nature of hybrid terms in the media space // Bulletin of Toraigyrov University. Philology series. – 2024. – №1. – Р. 93-103. (бірлескен автор: A. E. Aubakirova, I. S. Nasipov, S. A. Nurgaliyeva, докторанттың үлесі – 80%). 5. Терминжасам үрдісіндегі будан терминдер мәселесі // Қарағанды университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – Т. 29, №3(115). – Б. 6-13. (бірлескен автор: Ш. Құрманбайұлы, докторанттың үлесі – 90%). 6. Мектеп оқулықтарындағы терминдердің қолданысы (жаратылыстану пәні негізінде) // Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ хабаршысы. “Педагогика ғылымдары” сериясы. – 2024. – №4(75). – Б. 468-481. (бірлескен автор: Г. А. Бегимова, Ж.К. Омирбекова, докторанттың үлесі – 90%). 7. Лингвистические особенности терминов-гибридов в современном казахском языке // Russian Insights: Literature, Culture and Linguistic. – 2024. – №1. – Р. 14-25. 8. Эндогенді және экзогенді будан терминдер // Терминологиялық хабаршы. – 2024. – №2(67). – Б. 174-179. 9. Көлік және қатынас жолдары саласында кездесетін будан терминдер «ǴYLYM JÁNE BILIM – 2021» cтуденттер мен жас ғалымдардың XVI халықаралық ғылыми конференциясы (Нұр-Сұлтан, 2021. – Б. 2695-2699). 10. Кірме терминдерді игерудің бір жолы – будан терминдер // Тюркология в просторах евразии: преемственность поколений: сб. материалов международной научно-практической онлайн конференции, посвященной 75- летию со дня рождения доктора филологических наук, профессора Алмаса Галимзяновича Шайхулова (Уфа, 2021. – С. 73-80). 11. Лексикалық будандастыру: будан терминдер // «Тілдер арқылы дүниені тану: Ел. Тарих, Мәдениет» атты студенттердің ІХ халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы материалдары (Қостанай: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, 2024. – Б. 196-198). 12. Қазіргі қазақ тіліндегі будан терминдердің зерттелуі // «Жаһандану кезеңіндегі түркі терминологиясы» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана: Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, 2024. – Б. 168-174). 13. Қазіргі қазақ тіліндегі будан терминдердің қалыптасуы мен дамуы // А. Байтұрсынұлы оқулары – 2024. “Тілтанудағы тұлғалар” академиктер Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық, Шора Сарыбаевтың 100 жылдық мерейтойларына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2024. – Б. 74-78). 14. Киім дизайны терминдерінің жасалу тәсілдері // Современные научные парадигмы в башкирской и казахской лингвистиках: коллективная монография (Воронеж: АртПринт, 2022. – С. 56-78). Сонымен қатар зерттеу жұмысы бойынша 2 авторлық куәлік алынды. 1. «Будан терминдер: Теория және практика». Курс. Авторлық құқықпен қорғалатын обьектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік 2025 жылғы «15» сәуір № 56801. 2. «Telegram-бот "Budan termin bot"». ЭЕМ-ге арналған бағдарлама. Авторлық құқықпен қорғалатын обьектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік 2025 жылғы «15» сәуір № 56793. 1. Лингвистические особенности терминов-гибридов в современном казахском языке // Russian Insights: Literature, Culture and Linguistic. – 2024. – №1. – Р. 14-25.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/Vx25vOkOnhE
