
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мұхтарова Фариза Сейдахметқызы «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақ тіліндегі этнографиялық лексика және оларды оқыту әдістемесі (қырғыз және түрік тілдерімен салыстыру негізінде)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Жаксыликова Куляй Баймендиновна – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Қазақ және орыс тілдері кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Амирбекова Айгул Байдебековна – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің меңгерушісі (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Гилазова (Хазиева) Гузалия Сайфулловна – филология ғылымдарының докторы, Қазан мемлекеттік мәдениет институты Әмбебап құзіреттіліктер технологиясы мен әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі (Қазан қ., Ресей Федерациясы);
Есенова Калбике Умирбаевна – филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Оспанова Дана Жаңабекқызы – философия докторы (PhD), Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме LAB бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Сарекенова Қарлығаш Құрманғалиқызы – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Мұстафа Өнер – доктор, Еге университетінің профессоры (Измир қ., Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 24 маусым, сағат 14:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3M2Rv2
Конференция идентификаторы: 490 777 013 701 2
Кіру коды: 3XY6Nh7D
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Мұхтарова Фариза Сейдахметқызының «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазақ тіліндегі этнографиялық лексика және оларды оқыту әдістемесі (қырғыз және түрік тілдерімен салыстыру негізінде)» диссертациялық жұмысы Диссертациялық зерттеудің мақсаты – қазақ тіліндегі этнографиялық лексиканың семантикалық ерекшеліктерін қырғыз және түрік тілдерімен салыстыра отырып жүйелі зерттеу, мәдени және когнитивтік маңызын анықтау, оларды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындау, әдістемесін ұсыну. Зерттеу міндеттері: – тіл, этнос, мәдениет жайлы ғылыми пікірлерді жинақтау, салыстыру, тұжырым жасау; – этнографизм жайлы ғылыми ақпарат ұсыну, көне этнографиялық бірліктерді жаңғырту; – қазақ тіліндегі этнографиялық лексиканың лингвистикалық табиғатын анықтау; – лексика-семантикалық жағынан топтастырылған этнографиялық бірліктердің классификациясын ұсыну; – әрбір лексика-семантикалық топқа тән негізгі белгілерді айқындау. Оларға семантикалық, танымдық талдау жүргізу; – этнографиялық лексика негізінде жасалған фразеологизмдердің, паремиологиялық бірліктердің семантикалық мазмұнын ашу; – қазақ, қырғыз, түрік тілдерінде кездесетін ортақ паремиологиялық бірліктер мен фразеологизмдерді жинақтау; – отандық және шетелдік ғалымдардың теориялық-әдістемелік зерттеулерін негізге ала отырып, этнографиялық лексиканы оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін сараптау; – этнографиялық лексиканы оқытудың танымдық технологиясын зерттеу арқылы білім алушылардың танымдық моделін құру; – этнографиялық лексиканы оқытудың инновациялық негіздерін анықтау. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында келесі әдістер қолданылады: үш тілдегі этнографиялық лексиканың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау үшін салыстырмалы әдіс, этнографиялық бірліктердің лексика-семантикалық ерекшеліктерін көрсету үшін сипаттама әдісі, статистикалық талдау әдісі, этнографиялық бірліктердің шығу тегін, уәждемелік негізін, танымдық сипатын анықтау үшін лингвомәдени талдау әдісі қолданылады. Сондай-ақ жинақтау, жүйелеу, түсіндіру, талдау тәсілдері тиімді жұмсалды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): Қазақ тіліндегі этнографиялық лексика – халықтың мәдени болмысы мен ұлттық құндылықтарын бейнелейтін тілдік бірліктер жүйесі. Ол материалдық және рухани мәдениет атауларын қамтып, ұлттық дүниетанымды сипаттайды. Қазақ тіліндегі этнографиялық лексиканы туыстас тілдермен этнолингвистикалық және лингвомәдени аспектіде салыстыра зерттеу арқылы тіліміздегі ұлттық ерекшеліктерды анық байқауға болады. Этнографиялық лексика – тілдің ұлттық сипатын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі, оның негізіндегі фразеологизмдер, мақал-мәтелдер семантикалық тұрғыдан талдануы қажет. Қазақ тіліндегі этнографиялық лексиканы антропоөзектік, когнитивтік және лингвомәдениеттанымдық зерттеу арқылы олардың құрылымдық, семантикалық және теориялық-әдіснамалық негiзi анықталады. ХХІ ғасырдың цифрландыру дәуірінде білім алушылардың этнографиялық лексиканы меңгеруіне жағдай жасау үшін оны оқытудың инновациялық әдістерін енгізу маңызды. Лингвистикалық талдау, мультимедиялық технологиялар, интерактив құралдар танымдық ойлауды дамытады және тілдік, лингвомәдени құзыреттілікті қалыптастырады. Этнографиялық лексиканы оқытуда ұлттық код, фрейм, уәж, дүниенің тілдік бейнесі сияқты когнитивтік ұғымдарды түсіндіру арқылы оқушылардың ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамытуға мүмкіндік туады. Этнографиялық лексиканы жоспарлаудың әдістемелік негіздері білім алушылардың деңгейін арттырып, олардың өз бетімен ақпарат іздеу, өңдеу, жүйелеу жүйесін қалыптастыруға бағытталады. Зерттеу жүйесіне сүйене отырып, жалпы білім беретін мектептерде этнографиялық лексиканы меңгертуге арналған таңдау курсын оқыту маңызды. Бұл зерттеу лингвомәдени құзыреттілікті қалыптастыруға ықпал етіп, зерттеу нәтижелері қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдірумен қатар, түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын зерделеуге де үлес қосады. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: Зерттеу барысында қазақ тіліндегі этнографиялық лексиканың табиғаты, мазмұны және құрылымдық ерекшеліктері терең зерделеніп, мәдени-танымдық мазмұны айқындалды. Этнографиялық бірліктердің семантикалық топтары жүйеленіп, әр топқа тән белгілер анықталды, фразеологиялық және паремиологиялық бірліктердің этнографиялық негіздері лингвомәдени және когнитивтік тұрғыдан талданды. Зерттеу нәтижесінде этнографиялық лексика ұлттық дүниетанымның тілдік бейнесін қалыптастыратын, мәдени кодтарды жеткізетін, тіл мен мәдениетті сабақтастыратын мағыналық бірліктер жүйесі ретінде танылды. Оқушылардың лингвомәдени құзыреттілігін қалыптастыруда этнографиялық бірліктерді ұтымды пайдалану, білім мазмұнын жүйелі құру, оқушылардың өздігінен әрекет жасауына негіз болатын интербелсенді әдістер негізінде жасалған тапсырмалар жүйесін ұйымдастыру маңызды. Осыған байланысты білім алушының жас ерекшелігіне сай лингвомәдени құзыреттіліктің негізгі әдіснамалық қағидалары ұсынылды. Әрбір оқушының даралық сипаты мен үлгеріміне негізделген төмен, орта және жоғарғы деп топтастырылған лингвомәдени құзыреттілікті қалыптастырудың деңгейлері көрсетілді. Этнографиялық лексиканы оқытуда оқушының танымдық моделін құру үшін оқытудың кезеңдері мен мазмұнына баса назар аудырылады. Мұғалім оқытудың тиімді әдістері ретінде когнитивтік технология – фреймдік білім беру мен ойын технологиясын ұсына алады. Ал білім алушы сабаққа белсене қатысады, вербалды, бейвербалды амалдарды қолданады, сөздік қоры дамиды, ойын еркін жеткізеді, тілдік-лингвомәдени құзыреттілігі қалыптасады, интеллектуалдық белсенділігі артады, шығармашылық қабілеті анық көрінеді. Зерттеуіміздің нәтижесінде жасанды интеллектке негізделген 9 сынып оқушыларына арналған этнографиялық атауларға арналған электронды оқулық ұсынылды. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: ‒ этнографиялық лексиканың қазақ тіл біліміндегі орны нақтыланып, оның материалдық және рухани мәдениетке қатысты түрлері жүйеленді. Қазақ этнографиялық лексикасының семантикалық өрісі мен ұлттық дүниетаныммен байланысы көрсетілді; ‒ қазақ, қырғыз, түрік тілдеріндегі этнографиялық лексиканы салыстыра зерттеудің тиімділігі дәлелденді. Олардың семантикалық сәйкестігі мен мағыналық айырмашылықтары айқындалды; ‒ этнографиялық лексиканы оқытудың когнитивтік, этнолингвистикалық, коммуникативтік тәсілдерін біріктіретін кешенді әдістеме ұсынылды; ‒ этнографиялық лексиканы деңгейлік оқыту жүйесі жасалды. Этнографиялық лексиканы меңгертудің деңгейлік сатылары айқындалып, әр деңгейге сәйкес келетін сөздік минимум мен әдістемелік тәсілдер анықталды. Бастауыш деңгейде этнографиялық атаулардың негізгі мағынасын меңгертуге арналған визуалды әдістер; орта деңгейде этнографиялық лексиканың фразеологиялық тіркестердегі қолданысын меңгертудің әдістері; жоғары деңгейде этнографиялық бірліктерді мәдени-тарихи контексте терең талдау арқылы оқытудың маңызы көрсетілді; ‒ этнографиялық лексиканы оқытуға арналған инновациялық технологиялар ұсынылды. Цифрлық технологияларды (электронды сөздіктер, мультимедиялық тапсырмалар, онлайн платформалар) оқыту үдерісіне енгізудің тиімділігі дәлелденді. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Сондай-ақ «Білім туралы» Заңына және Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына негізделеді. Бұл зерттеу жұмысы студенттерге, магистранттар мен докторанттарға және түркі тілдес халықтардың тілдік және этномәдени санасының өзара әрекеттесу мәселелеріне қызығушылық танытатын қауымға қажетті ғылыми еңбек болмақ. Зерттеу нәтижелерін оқу орындарында қазақ, қырғыз, түрік тілдерін оқыту тәжірибесінде, «Тарихи лексикология», «Диалектология», «Этнография», «Мәдениеттану», «Лингвомәдениеттану», «Когнитивтік лингвистика», «Этнолингвистика» пәндерінен дәріс оқығанда пайдалануға болады. Зерттеу жұмысының нақты нәтижелері мен тұжырымдары қос тілді немесе көп тілді этнографиялық сөздіктерді жазуға септігін тигізері анық. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Диссертация тақырыбы бойынша республикалық, халықаралық, ғылыми-практикалық конференцияларда және БҒСҚК ұсынған рецензияланатын отандық басылымда 9 ғылыми мақала және 1 авторлық бағдарлама жарияланып, 1 электронды сөздік әзірленді. БҒСҚК ұсынған отандық басылымдардағы жарияланымдар: 1. Қазақ және түрік тілдеріндегі мифтік фразеологизмдер//Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2020. – №4(2). – Б.136-142. (бірлескен автор: Сарекенова Қ.Қ., докторанттың үлесі – 90%). 2. Қазақ тіліндегі түйе түсінігіне қатысты этнографиялық ұғымдар//Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. – №2. – Б. 153-164. (бірлескен автор: Мұстафа Өнер, докторанттың үлесі – 90%). 3. Кейбір өсімдік атауларының этнографиялық сипаты//Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ хабаршысы. Филология ғылымдары сериясы. – 2023. –– №4(71). – Б.196-208. (бірлескен авторлар: Сарекенова Қ.Қ., Бейсенбай А.Б., докторанттың үлесі – 80%). 4. «Кедей» ұғымына қатысты тілдік бірліктердің этномәдени ерекшелігі (қазақ, қырғыз және түрік тілдерінің материалдары негізінде)//Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Түркітану сериясы. – 2024. – №1(146). – Б. 193-204. (бірлескен автор: Сарекенова Қ.Қ., докторанттың үлесі – 90%). 5. Innovative methods teaching ethnographisms//Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №2(147). – Б. 273-281. (бірлескен автор: Сарекенова Қ.Қ., докторанттың үлесі – 90%). Конференция жинақтарында жарияланған мақалалар: 1.Образ девушки во фразеологизмах казахского и турецкого языков//Актуальные проблемы исследования и преподавания тюркских языков и литературы» международная научная конференция (Әзірбайжан, 2021. – Б. 619-623). (докторанттың үлесі – 100%). 2. Қазақ және түрік тілдерінде кездесетін «ер адамға» қатысты фразеологизмдер // «ǴYLYM JÁNE BІLІM – 2021» студенттер мен жас ғалымдардың XVI халықаралық ғылыми конференциясы (Нұр-Сұлтан, 2021. – Б. 2740-2744). (докторанттың үлесі – 100%). 3. Қазақ және түрік тілдеріндегі табиғат құбылыстарын бейнелейтін фразеологизмдер // УНИВЕРСИТЕТ ҒЫЛЫМИ – АЙМАҚТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ ОРТАСЫ тақырыбында «Уәлиев оқулары – 2024» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Өскемен қ., 2024. – Б. 687 – 696). (докторанттың үлесі – 100%). 4. Қазақ және қырғыз тіліндегі тағамға қатысты этнофразеологизмдер// «Нургалиевские чтения-ХIV: Научное сообщество ученых ХХI столетия. Филологические науки»: сборник Международной научнопрактической конференции (Астана, 2025. – Б. ). (докторанттың үлесі – 100%). Зерттеу жұмысы бойынша 1 авторлық бағдарлама, 1 электронды сөздік әзірленді: 1. Этнографиялық лексика: материалдық және рухани құндылықтар жүйесі (вариативті компонент бойынша білім беру бағдарламасы): авторлық бағдарлама. – Астана: «Көкшетау» баспасы, 2025. – 69 бет. 2. «Telegram-бот «Қазақ тіліндегі этнографиялық лексика». 9 сынып оқушыларына арналған сөздік.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/1vjTrtEE2BE
