
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тургунбаева Айман Акылкызы «8D05306 – Химия» білім беру бағдарламасы бойынша ««Rheum tataricum L.fil. өсімдігінің кейбір сығындылары мен метаболиттерінің химиялық құрамы және биологиялық белсенділігі»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Химия кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Ескалиева Балакыз Кымызгалиевна - химия ғылымдарының кандидаты, профессор, «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Ибраева Маншук Муратовна - PhD, қауымдастырылған профессор (доцент), «Yessenov University» КеАҚ (Ақтау қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Нуъмонов Содик Рахмонович – жаратылыстану ғылымдарының докторы, «Қытай-Тәжік табиғи өнімдердің инновациялық орталығы» ғылыми-зерттеу мекемесі (Душанбе қ., Тәжікстан Республикасы);
Атажанова Гаянэ Абдулхакимовна – химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Ибатаев Жаркын Абыкенович – химия ғылымдарының кандидаты, доцент, «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Ғылыми кеңесшілері:
Султанова Нургуль Адайбаевна - химия ғылымдарының докторы, профессор химия кафедрасы, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ, (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Шульц Эльвира Эдуардовна – химия ғылымдарының докторы, профессор, Н.Н. Ворожцов атындағы Новосібір органикалық химия институты, (Новосібір, Ресей Федерациясы).
Қорғау 2026 жылғы 27 тамыз, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05306 – Химия» білім беру бағдарламасы бойынша «8D053 – Физикалық және химиялық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clck.ru/3UQDQs
Мекен-жайы: Астана қ., Астана қ., Қ.Сәтпаев, 2. 302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): «8D05306 – Химия» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алуға ұсынылған Тургунбаева Айман Акылкызының «Rheum tataricum L.fil. өсімдігінің кейбір сығындылары мен метаболиттерінің химиялық құрамы және биологиялық белсенділігі» тақырыбындағы диссертациялық жұмысына АҢДАТПА Зерттеудің жалпы сипаттамасы: Диссертациялық жұмыс Rheum tataricum L.fil. (түйе жапырақ) Polygonaceae өсімдігінің биологиялық белсенді заттарының (ББЗ) химиялық құрамын зерттеуге, олардың бөлініп алынуына және құрылымдарын анықтауға арналған. Зерттеу барысында химиялық әдістер (қышқылдық гидролиз, ацилдеу, метилдеу) және физика-химиялық әдістер (ИҚ-, УК-, ¹Н-, ¹³С-ЯМР, 2Д ЯМР – HMBC, масс-спектрометрия, элементтік және рентген құрылымдық талдау) қолданылған. Сонымен қатар, зерттелген өсімдіктен алынған сығындылар мен жеке қосылыстардың қатерлі ісікке қарсы, цитотоксикалық және антиоксиданттық белсенділігі зерттелген. Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Зерттеу тақырыбының өзектілігі фармацевтика ғылымының қазіргі заманғы даму тенденцияларымен айқындалады, мұнда негізгі бағыт табиғи текті биологиялық белсенді қосылыстар негізінде тиімді, қауіпсіз және қолжетімді дәрілік заттарды әзірлеу болып табылады. Әлемнің жетекші елдерінде өсімдік шикізатынан алынатын препараттарға сұраныстың артуы фитохимиялық зерттеулердің қарқынды дамуына және жаңа фармакологиялық белсенді заттарды іздестіруге серпін беруде. Бұл үрдіс синтетикалық препараттардың жанама әсерлерін азайтуға және емдік әсері жоғары табиғи қосылыстарды ғылыми негізде қолдануға ұмтылыспен байланысты. Қазақстан Республикасы жаңартылатын өсімдік қорына бай мемлекеттердің бірі болып табылады. Осы табиғи әлеуетті ұтымды пайдалану отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және ұлттық фитопрепараттар түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қолжетімді өсімдік шикізаты негізінде жаңа дәрілік заттарды іздеу, олардың химиялық құрамын, фармакологиялық белсенділігін және қауіпсіздігін зерттеу бағытындағы жұмыстар өзекті ғылыми міндеттердің қатарына жатады. Зерттеу тақырыбының даму деңгейі. Бағалы биологиялық белсенді қосылыстардың перспективалы көзі ретінде Rheum tataricum L.fil. (Polygonaceae) өсімдігі қарастырылады. Rheum туысына 60-тан астам түр енеді, олардың 9 түрі Қазақстан флорасында таралған. Бұл өсімдіктер Азия мен Еуропа аймақтарында кең таралып, тағамдық және дәстүрлі медициналық мақсатта қолданылып келеді. Халық медицинасында Rheum туысының өкілдері бауыр, бүйрек, асқазан-ішек жолдары ауруларын емдеуде, сондай-ақ қабынуға қарсы, іш жүргізетін және антимикробтық әсер көрсетуі мүмкін өсімдіктер ретінде сипатталады. Шетелдік және отандық ғалымдардың фитохимиялық зерттеулері Rheum туысына жататын өсімдіктер құрамында антрацен туындылары, флавоноидтар, фенол гликозидтері, стильбендер, лигнандар, таниндер және көмірсулар сияқты әртүрлі қосылыстардың болуын көрсетеді. Қазақстанның шөлді аймақтарында өсетін Rheum tataricum үлгілерінде флавоноидтар, катехиндер, таниндер және басқа да фенолды қосылыстардың, сондай-ақ бос және байланысқан көмірсулардың анықталуы бұл өсімдіктің фармакологиялық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді. Осылайша, Rheum tataricum L.fil. өсімдігінің химиялық құрамын кешенді зерттеу, биологиялық белсенді қосылыстарын бөліп алу және олардың фармакологиялық қасиеттерін бағалау табиғи текті жаңа дәрілік заттарды жасауға ғылыми негіз қалыптастырады. Зерттеу нәтижелері фармацевтика, фитохимия және медицина салаларының заманауи талаптарына жауап беретін, тиімді әрі қауіпсіз фитопрепараттарды әзірлеуге бағытталған ғылыми ізденістерді тереңдетуге мүмкіндік береді. Жұмыстың мақсаты: Rheum tataricum L.fil. өсімдігіндегі биологиялық белсенді заттардың химиялық құрамын және олардың биологиялық белсенділігін зерттеу. Зерттеу міндеттері: – Rheum tataricum L.fil. өсімдігінің жер асты және жер үсті бөліктерінің фитохимиялық құрамын салыстырмалы зерттеу; – Rheum tataricum L.fil. өсімдігінің жер үсті жер асты бөліктерінің липофильді метаболиттер құрамын анықтау; – Rheum tataricum L.fil. өсімдігінен биологиялық белсенді заттар кешенін бөліп алудың тиімді технологиялық сызбаларын даярлау және жеке қосылыстарды бөлу; – Дара түрінде бөліп алынған қосылыстардың құрылымдарын заманауи физика-химиялық әдістермен дәлелдеу; – Алынған сығындылардың және бөлініп алынған жеке қосылыстардың биологиялық белсенділіктерін анықтау. Зерттеу нысаны: Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Іле Алатауы маңында өсетін бутонизация фазасында жиналған Rheum tataricum L.fil. өсімдігінің жер асты және жер үсті бөлігі. Зерттеу пәні: Rheum tataricum L.fil. өсімдігінің сапалық көрсеткіштері мен компоненттік құрамын анықтау, әр түрлі сығынды құрамындағы биологиялық белсенді заттарды бөліп алудың оңтайлы технологиялық сызбасын жасау. Бөліп алынған қосылыстардың құрылымын физика-химиялық әдістермен анықтап олардың биологиялық белсенділіктерін бағалау. Зерттеу әдістері: Диссертациялық жұмыста химиялық (гидролиз, ацилдеу, метилдеу) және заманауи физика-химиялық әдістер қолданылды: ИҚ-, УК-, 1Н-, 13С- ЯМР, сонымен бірге екі өлшемді ЯМР- (HMBC) және масс-спектрометрия; жоғары тиімді сұйықтық хроматография (HPLC), газ-хроматография масс-спектрометрия (ГХ-МС); элементті және рентген-құрылымдық талдау (РҚТ). Биологиялық белсенділік анықтауда in vitro жағдайында МТТ тест (3-[4,5-диметил-тиазол-2-ил]-2,5-дифенилтетразолий бромид) және темірді тотықсыздандыру потенциалы (FRAP — Ferric Reducing Antioxidant Power assay) әдістерімен жүзеге асырылды. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: 1. Бұл ғылыми зерттеу аясында алғаш рет Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Іле Алатауы маңында өсетін Rheum tataricum L.f. өсімдігінің жер үсті және жер асты бөліктерінің фитохимиялық (сапалық және сандық көрсеткіштері) құрамы салыстырмалы анықталды. 2. ГХ-МС әдісімен Rheum tataricum L.fil. хлороформ, гексан сығындыларының талдау нәтижесінде жер үсті бөлікте жалпы 24 қосылыс (9 алкан туындылары, 4 май қышқылы және оның туындылары, 3 терпендер, 4 стероидтар, 3 фенол қосылыстары, 1 жай эфир); ал жер асты бөлігінде - 12 қосылыс (1 алкан спирті, 6 стероидтар, 4 фенол қосылыстарының туындылары, 1 сесквитерпеноид) идентификацияланды. Анықталған қосылыстардың 7-і Rheum түрі үшін, ал 19-ы Rheum tataricum L.fil. өсімдігі үшін жаңа болып табылады. 3. Rheum tataricum L.fil. өсімдігі тамырынан биологиялық белсенді заттар кешенін бөліп алудың әзірленген оңтайлы технологиялық сызбасы негізінде 10 фенол туындылары, олардың ішінде 1 фенол, 4 фенолгликозидтер, 1 фенол қышқыл, 3 стильбендер, 1 галлотанин оқшауланды. Сондай-ақ химиялық модификация арқылы 5 қосылыс алынды. 4. Rheum туысы үшін 3,5-ди-O-кофеоилхин қышқылы (14); 5-кофеоил-3-O-(п-кумароил) хин қышқылы (15); (R)- және (S)- рододендриннің перацетат туындылары (16а-17а); (R)-4-(4-гидроксифенил)-2-бутанол – (-)-рододендрол (18); 3,4,5-триметоксибензоат метил эфирі (25), осы аталғандармен қатар Rheum tataricum L.fil. өсімдігі үшін 1-O-галлоил-β-D-глюкопираноза – β-глюкогаллин (13); (R)-4-(4-гидроксифенил)-2-бутанол 2-β-D-глюкопиранозид – рододендрин (16); (S)-4-(4-гидроксифенил)-2-бутанол 2-β-D-глюкопиранозид – эпи-рододендрин (17); (S)-4-(4-гидроксифенил)-2-бутанол – (+)-рододендрол (19); 4-(4-гидроксифенил)-бутан-2-он – таңқурай кетоны (20); 3,3′,5-тригидрокси-4′-метоксистильбен-3-O-β-D-глюкопиранозид – рапонтицин (21); 3,5-дигидрокси-4′-метоксистильбен-3-O-β-D-глюкопиранозид – дезоксирапонтицин (22) қосылыстары алғаш рет бөлініп алынған. 5. Алғаш рет Rheum tataricum L.fil. өсімдігінің жатыр мойны обырының C-33A жасуша желісінде (адам папиллома вирусының қатысуынсыз дамыған), ВПЧ-мен байланысты жатыр мойны обырының CaSki (16-генотип), HeLa (18-генотип) жасуша желілерінде, сүт безі аденокарциномасының MCF-7, қуықасты безі обырының DU-145 және глиобластоманың T98G және SNB-19 жасуша желілерінде in vitro жағдайында (МТТ тест) этанол, МТБЭ, этилацетат сығындыларының және оқшауланған (13, 16, 16а-17а, 18, 20, 22, 23,) метаболиттерінің қатерлі ісікке қарсы белсенділігі зерттелді. CaSki және MCF-7 қатерлі ісік жасушасына 16 және 18 метаболиттер жоғары цитотоксикалық белсенділік көрсетті. Қосылыс 22 және 23 MCF-7 жасуша желісіне ең жоғарғы цитотоксикалық белсенділікке ие. Мидың қатерлі ісік SNB-19 жасуша желісіне резвератролозидтің (23) цитотоксикалық белсенділігі доксорубицинің белсенділігімен салыстырмалы болды. VERO асқазанның қалыпты эпителий жасушаларында жедел уыттылықты бағалау нәтижесінде зерттелген сығындылар мен метаболиттер уытты әсер көрсетпеді. Этанол және этилацетат сығындылары жоғары антиоксиданттық белсенділік көрсетті. Қорғауға ұсынылатын негізгі ережелер: 1. Rheum tataricum L. fil. өсімдігінің жер үсті және жер асты бөліктерінің салыстырмалы фитохимиялық талдау нәтижесінде зерттелген өсімдік тамырында сандық мөлшері басым биологиялық белсенді қосылыстар – полифенолдар (таниндер, фенолдар және фенол қышқылдары) анықталды. 2. Rheum tataricum L. fil. өсімдігінің хлороформ және гексан сығындылары липофильді метаболиттер құрамы бойынша ерекшеленетіні анықталды. Газды хромато-масс-спектрометрия әдісімен өсімдіктің жер үсті бөлігінде 24 қосылыс, ал жер асты бөлігінде 12 қосылыс идентификацияланды. 3. Rheum tataricum L. fil. тамырынан биологиялық белсенді заттарды полярлығы біртіндеп артатын органикалық еріткіштермен (гексан, хлороформ, метил-трет-бутил эфирі, этилацетат) сатылы экстракциялаудың әзірленген технологиялық сызбасының мақсатты қосылыстардың максималды шығымын қамтамасыз ететіні және оларды хроматографиялық әдістермен жеке күйінде бөліп алуға тиімді екені анықталды. 4. Rheum tataricum L. fil. тамырынан 13 фенолды қосылыс бөлініп алынып, олардың ішінде Rheum туысы үшін жаңа болып табылатын 6 қосылыс анықталды; олардың құрылымы химиялық (қышқылдық гидролиз, ацилдеу, метилдеу) және физика-химиялық (ИҚ-, УК-, ¹H-, ¹³C-ЯМР, екі өлшемді ЯМР–HMBC, масс-спектрометрия, элементтік және рентгенқұрылымдық талдау) әдістерін қолдану арқылы айқындалды. 5. Rheum tataricum L. fil. тамырынан бөлініп алынған сығындылар фенолды қосылыстардың CaSki, MCF-7 және SNB-19 қатерлі ісік жасуша қатарларына қатысты биологиялық белсенділігі анықталды және VERO эпителиалды жасуша қатарына уыттылық әсер көрсетпеді. Рододендрин (16), (−)-рододендрол (18), дезоксирапонтицин (22) және резвератролозид (23) жоғары цитотоксикалық белсенділік танытты. Этанол және этилацетат сығындылары 0.25–1 мг/мл концентрациялар аралығында аскорбин қышқылымен салыстырғанда жоғары антиоксиданттық белсенділік көрсетті. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: Қазақстанда өсетін Rheum tataricum L.fil. өсімдігінен биологиялық белсенді заттардың жаңа көздері анықталып, ұсынылды. Kursiv.media сайтында жарияланған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректері негізінде 2024 жылы елімізде қатерлі ісік аурулары қатарында сүт безі обыры бірінші орында тұр. Сонымен қатар, жатыр мойны обыры да әйелдер арасында жиі кездесетін онкопатологиялардың бірі болып табылады. Осыған байланысты, бөлініп алынған қосылыстардың рак жасушаларына қарсы жоғары ісікке қарсы белсенділігін және Қазақстан Республикасындағы өсімдік шикізатының елеулі табиғи ресурстарын ескере отырып, оларды медициналық мақсатта қолдану мүмкіндігін бағалау үшін одан әрі тереңдетілген клиникалық зертеулерге ұсыну көзделеді. Зерттеудің теориялық маңыздылығы: Осы диссертацияда Rheum tataricum L.fil. өсімдігінің фенолдық қосылыстарын бөліп алуда тиімді еріткіштерді анықтау және жеке қосылыстарды оңтайлы түрде оқшаулаудың технологиялық сызбасын әзірлеу арқылы табиғи қосылыстар химиясы бағытын ғылыми тұрғыдан толықтыруында. Ұсынылған нәтижелер аталған саладағы іргелі зерттеулердің дамуына негіз болып, болашақ ғылыми ізденістерге қызығушылықты арттырады. Автордың жеке үлесі: Автор, жұмыстың тәжірибелік бөлімін тікелей орындап, алынған ғылыми нәтижелерді өңдеу, талдау, интерпретациялау, талқылау мен түсіндіру жұмыстарын атқарды. Шетелдік және отандық басылымдарға мақалалар дайындады. Сонымен қатар, автор мәселелерді шешуде және зерттеу нәтижелерін талқылауда өз ойларын ортаға салып оны дамытып, жүзеге асыруда ғылыми жетекшілермен етене жұмыс жасады. Жұмысты апробациялау: Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері «Химия және химиялық технология бойынша XII халықаралық Бірімжанов съезінде» (4–6 желтоқсан 2024 жыл, Алматы) және «Химия и технология растительных веществ: Тезисы докладов XIII международной научной конференции со школой молодых ученых» (2024 жыл, Сыктывкар) ғылыми конференцияларында баяндалды. Жарияланымдар: Диссертациялық жұмыс нәтижелері бойынша барлығы 5 ғылыми еңбек жарияланды, оның ішінде 3 мақала бірлескен авторлықта жарық көрді. Олардың 2-еуі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған екінші тізімге енгізілген республикалық мамандандырылған басылымдарда жарияланды. Сонымен қатар, 2025 жылы Molecules халықаралық ғылыми журналында 1 мақала жарық көрді. Аталған журналдың Journal Impact Factor көрсеткіші (Clarivate) – 4.6. Journal Citation Reports (Clarivate) деректеріне сәйкес журнал «Химия пәнаралық» категориясы бойынша екінші квартильге (Q2, 68,4%) кіреді, ал Scopus деректер базасында «Органикалық химия» бағыты бойынша бірінші квартильге (Q1, 87%) жатады. Докторант эксперименттерді жүргізуге, алынған нәтижелерді талдауға және түсіндіруге тікелей қатысып, ғылыми мақалаларды дайындау мен рәсімдеу жұмыстарын орындады. Жарияланған еңбектердің бірінші авторы болып табылады. 1. Turgunbayeva A.A., Sultanova N.A., Hamad M.S., Savelyev V.A., Chernyak E.I., Bagryanskaya I.Y., Pokrovsky M.A., Pokrovsky A.G., Gemejiyeva N.G., Shults E.E. Isolation and identification of secondary metabolites in Rheum tataricum L.fil. growing in Kazakhstan and surveying of its anticancer potential // Molecules. – 2025. – Vol. 30. – № 14. – Art. 2978. 2. Тургунбаева А.А., Шульц Э.Э., Сальникова О.И., Савельев В.А., Гемеджиева Н.Г., Султанова Н.А., Жатканбаев Е.Е., Жатканбаева Ж.К. Исследование липофильных компонентов Rheum tataricum L.f. // Химический журнал Казахстана. – 2025. – № 3 (91). – С. 44–52. 3. Тургунбаева А., Гемеджиева Н., Султанова Н. Исследование химического состава хлороформного экстракта Rheum tataricum L.f. методом газовой хроматографии // Academic Scientific Journal of Chemistry. – 2025. – Т. 3. – № 464. – С. 274–284. Диссертацияның көлемі мен құрылымы: Диссертация 119 беттен, кіріспеден, 3 бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Жалпы 14 кесте, 32 сурет, 208 пайдаланылған әдебиеттер тізімі қамтылған.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
