
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Курманова Анар Ибрагимовна «8D03103 – Психология» білім беру бағдарламасы бойынша ««Студенттердегі метаресурстың дамуындағы психологиялық ерекшеліктер»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Психология кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Сангилбаев Оспан Сейдуллаевич - психология ғылымдарының докторы, «Тұран» университетінің Жоғары психология мектебінің профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Бапаева Мариям Курмангалиевна - психология ғылымдарының кандидаты, "Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті" КЕаҚ психология кафедрасының профессор м.а., (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Жубаназарова Назираш Сулейменовна – психология ғылымдарының кандидаты, әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Агажаева Лилия Онерхановна - психология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің полковнигі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Кудрявцев Владимир Товиевич – психология ғылымдарының докторы, Мәскеу психоанализ институтының профессоры (Мәскеу қ., Ресей Федерациясы).
Ғылыми кеңесшілері:
«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» «КеАҚ психология ғылымдаpының кандидаты психология кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ючел Гелишли– Гази унивepситeтінің докторы PhD пpофeссоp, доцент (Анкара қ., Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 29 желтоқсан, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03103 – Психология» білім беру бағдарламасы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clck.ru/3QWybN
Мекен-жайы: Астана қ., А. Янушкевич көшесі, 6, 106 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму сипаты адами капиталға ерекше назар аударуды қажет етіп отыр. Сондықтан қоғамдағы тұлғаның барлық мүмкіндіктерін, қабілетін, әлеуетін толық ашу және тиімді пайдалану өзекті. Бұл өзектілік Қазақстанның әлеуметтік экономикалық дамуының жаңа талаптарымен, жаһандану жағдайындағы бәсекеге қабілетті тұлға дамыту қажеттілігімен айқындалады, бұл ел дамуының стратегиялық маңызды бағыты болып табылады. Зерттеу өзектілігі жеке адамның өмір сапасын жақсарту ғана емес, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Тұрақты қоғамның негізі жоғары адами капитал ретінде еңбек өнімділігінің, инновациялық белсенділіктің артуына ықпал етеді. Цифрлық экономика, жасанды интеллект, автоматтандыру бәсекеге қабілеттіліктің жаңа дағдыларын, адами капиталдың жаңартылуын талап етеді. «Қазақстан – 2050» стратегиясына сәйкес адами капиталдың сапасын арттыру, тұлғаның психологиялық саулығын қамтамасыз ету және өмірлік қиындықтарға бейімделу қабілетін дамыту маңызды. Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық трансформациялары аясында тұлғаның әлеуетін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат пен білім беру стратегияларына сәйкес келеді. 2023–2029 жылдарға арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасына сәйкес психологиялық мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлу маңызды. Жастардың шұғыл жағдайларды алдын ала болжауға және қиын мәселелерді тиімді әрі рационалды шешу қабілеттерін нығайтуға бағытталған зерттеулер қажет. Студенттердің іс-әрекетті нәтижелі және игілікті орындалуы, маңызды мәселелерді шешуде мақсат-бағдарлы ізденісі, әлеуметтік ортадағы қиындықтарды құнды тәсілмен икемдей алуы, жағымсыз психологиялық салдардың дамуына кері ықпал ететін, сыртқы және ішкі психологиялық ресурстарды зерделеу маңызды болып табылады. Олай болса, тұлғаның сыртқы және ішкі ресурстық потенциалы тұлғаның психологиялық бейімделу механиздерін, дағдарыс жағдайындағы мінез-құлық стратегияларын, стреске төзімділік пен жаhандық қауіп-қатерлер жағдайында психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етеді. Зерттеу жұмысының өзектілігі студенттердің эмоциялық интеллектін дамытуға, психологиялық әл-ауқатын арттыруға, өмір сапасы мен табыстылығын жақсартуға және психологиялық денсаулығын нығайтуға бағытталған. Бұл мәселе қазіргі психология ғылымында ерекше мәнге ие, себебі эмоциялық интеллект пен психологиялық ресурстар тұлғаның бейімделу қабілеті мен мотивациясын айқындап, психологиялық тұрақтылықтың негізін құрайды. Халықаралық деңгейде де осы бағыт өзекті болып саналады. Мәселен, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының «Mental Health Action Plan 2013–2030» құжатында жастардың психикалық денсаулығын сақтау, стресс пен депрессияны азайту психология мен денсаулық сақтау саясатының өзекті бағыты ретінде көрсетілген. UNESCO-ның «Education 2030 Framework for Action» стратегиясында тұлғаның эмоционалды қабілеттерін, өмірлік дағдыларын және психологиялық ресурстарын дамыту сапалы білім берудің негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, Erasmus+ бағдарламасының студент жастардың әл-ауқатын қолдауға арналған психологиялық жобалары Еуропада жастардың эмоциялық интеллектін, психологиялық тұрақтылығын және әлеуметтік бейімделуін дамытуға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, диссертациялық зерттеу студенттердің эмоциялық интеллектін және метаресурстан дамыту арқылы олардың психологиялық әл-ауқатын арттыруға бағытталып, қазіргі психология ғылымындағы өзекті теориялық және қолданбалы міндеттерді шешуге үлес қосады. Бұл ресурстардың өзара байланысы мен кешенді әрекеттесуі ғылымда метаресурс ұғымын алға шығарады. Метаресурс тұлғаның түрлі өмірлік жағдайларда тиімді әрекет етуіне, өзін-өзі реттеуіне және әлеуетін толық ашуына негіз болатын интегративті психологиялық құрылым ретінде қарастырылады. Жоғары мектепте кәсіби білім берудің басты бір құраушысы болатын студенттердегі метаресурстың психологиялық ерекшеліктерінің теориялық және практикалық аспекті тұрғысынан зерттеулердің жеткіліксіздігіне қазіргі кезде айрықша назар аударылуда. Метаресурстың психологиялық ерекшеліктері студенттердің бақыт туралы түсінігі, өмірдегі қайраттылық, эмоциялық интеллект, психологиялық денсаулықты сақтау, өмірдегі қанағат, өзін-өзі реттеу механизмдері негізінде студенттер буллинге қарсы тұра алады, суицид туралы ойламайды, острокизмді тоқтата алады, басқа ағымдарға кетпейді, тұлға белгілі бір жетістіктерге жете алады. Метаресурстың дамуы қарастырылса да, тіпті шетелдік ғылымда да толымды зерттелген жоқ, теориялық алғы шарттар бар, бірақ олар студенттердегі метаресустың дамуы және оның ерекшеліктерін анықтау бойынша ғылымға толық мәлімет берілген жоқ. Сондықтан студенттердегі метаресурстың даму бағытындағы психологиялық қасиеттердің алғышарттарын, мазмұнын, механизмдерін, психологиялық технологиясын айқындау және осы орайда метаресурстың психологиялық механизмдері мен тұлғаның өзін-өзі реттеу біліктілігінің өзара байланысты, тәуелділікте, шарттастықта метаресурстың даму ерекшеліктерін зерттеу алға қойылып отыр, осыған орай қазірге кезде ғылыми тұрғыдан толық беру көкейтесті әрі мәнді болмақ. Осыған байланысты қарама-қайшылықтар анықталды: 1. Қазіргі жаһандық ақпараттану жағдайында жоғары білікті, эмоциялық тұрақты, қайратты, метаресурсы жоғары мамандарға сұраныстың артуы және осы қасиеттердің механизмдерін мен предикторын айқындаудың теориялық-тәжірибелік негіздерінің жеткіліксіздігі арасындағы қарама-қайшылық. 2. Ғылымда метаресурстың дамуы қарастырылған, студенттердегі метаресурсты дамыту және оның ерекшеліктерін анықтау бойынша ғылыми айналымға еңгізілмеген. 3. Ғылыми танымның эмпирикалық формасына сәйкес студенттердің жан-жақты, жүйелі мәліметтері жинақталғанымен, студенттердегі метаресурсты дамытудағы психологиялық технологиясын айқындау және осы орайда метаресурстың психологиялық механизмдері мен тұлғаның өзін-өзі реттеуінің өзара байланыста, тәуелділікте, шарттастықта метаресурстың даму ерекшеліктерін зерттеу алға қойылып отыр. Осы орайда, жоғары оқу орындарында студенттердегі метаресурстың дамуын теориялық-әдіснамалық және эмпирикалық контексте зерттеу қажеттілігін дәйектей отырып, диссертация тақырыбын «Студенттердегі метаресурстың дамуындағы психологиялық ерекшеліктер» деп таңдадық. Зерттеу мақсаты: Студенттердегі метаресурстың дамуындағы психологиялық анықтауыштар мен ерекшеліктерді теориялық негіздеу және оларды эксперименттік-практикалық жұмыстармен дәйектеу. Зерттеу нысаны: студенттердегі метаресурстың психологиялық даму механизмдері. Зерттеу пәні: студенттердегі метаресурстың даму ерекшеліктері. Зерттеу болжамы: студенттердегі метаресурстың психологиялық дамуы өмірдегі қайраттылық, психологиялық денсаулық, психологиялық қауіпсіздік, эмоциялық интеллект, өзін-өзі реттеу анықтауыштарымен негізделеді. Жалпы болжам жеке болжамдармен нақтыланады: 1. Студенттерде метаресурстың дамуы олардың өзін-өзі реттеу мүмкіндіктеріне өзара тәуелді болады. 2. Студенттерде метаресурстың дамуы эмоциялық интеллектпен шарттасады. 3. Студенттерде метаресурстың дамуын анықтау, болжау, ерекшеліктерін тануда психологиялық денсаулық мәнді ықпалға ие. 4. Студенттерде метаресурстың дамуы олардың психологиялық қауіпсіздігімен өзара детерминанталады. 5. Өмірдегі қайраттылық метаресурстың барлық көрсеткіштерін анықтайтын параметр бола алады. Зерттеу міндеттері: 1. Студенттерде метаресурстың дамуындағы психологиялық ерекшеліктер теорияларын талдау. 2. Метаресурстың құрылымдық механизмін айқындау және олардың өзара байланысын дәйектеу. 3. Студенттерде метаресурстың дамуындағы психологиялық ерекшеліктердің сипаттарын айқындау. 4. Студенттерде метаресурстың дамуындағы психологиялық ерекшеліктерді эксперименттік зерттеудің және анықтаудың мазмұнын ашу. 5. Студенттердегі метаресурстың дамуындағы оңтайлы психологиялық технологияларды эксперименттік-практика жұмыс барысында тексеру. Зерттеу жұмысының барысында көзделген міндеттерді айқындау және зерттеу болжамын тексеру үшін келесі әдістер мен әдістемелер қолданылды: – теориялық және практикалық зерттеулерді талдау әдістері; – эмпирикалық деректерді жинау әдістері: 1. «Жеке ресурстардың жоғалуы мен иеленуі» сауалнамасы (Н. Водопьянова, М. Штейн). 2. Д.В. Люсиннің «Эмоциялық интеллект» сауалнамасы. 3. С. Мадди әдістемесі бойынша «Қайраттылық» тесті. 4. В.И. Моросанованың «Өзін-өзі реттеу стилі» сауалнамасы. 5. «Oxford Happiness Inventory» Оксфордтық бақыт сауалнамасы. 6. Стреске төзімділікті өзіндік бағалау тесті (С. Коухен және Г. Виллиансона бойынша); – зерттеу нәтижелерін сапалық талдау және интерпретациялау әдістері; – статистикалық талдау әдістері мен процедуралары – деректерді сандық және сапалық интерпретациялау үшін SPSS 23.0 статистикалық бағдарламасы арқылы жүзеге асырылды. Деректерді сандық және сапалық интерпретациялау үшін Стьюденттің жұптасқан t-критерийі, Пирсонның r-корреляциялар коэффициенті, Ч. Спирменнің корреляциялық коэффициентіне негізделген талдау қолданылды. Сауалнама нәтижелерінің сенімділігі мен дұрыстығы зерттеу мақсатына, міндеттеріне және болжамдарына сәйкес келетін стандартталған кешенді әдістерді қолдану, экспериментке қатысушылардың жеткілікті саны және нәтижелерді өңдеуде статистикалық әдістерді дұрыс пайдалану арқылы қамтамасыз етілді. Зерттеу нәтижелерінің сенімділігі мен дәлелділігі келесі аспектілер арқылы қамтамасыз етілді: қарастырылып отырған мәселенің терең теориялық негізделуі, дәлелді және валидті психодиагностикалық әдістердің кешенді қолданылуы, зерттеуге таңдаманың репрезентативтілігі, математикалық статистика әдістерін тиімді пайдалану, анықталған факторлар мен заңдылықтарды мазмұнды талдау, алынған нәтижелерді басқа зерттеулердің деректерімен салыстыру, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін практикалық тұрғыдан апробациялау. Зерттеудің практикалық базасы және сыналушылардың сипаттамасы. Зерттеу базасы ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Туран – Астана университеті мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 1–4 курс студенттері алынды. Зерттеуге жалпы саны 453 ерікті студенттер қатысты (орташа жасы – 23). Диссертациялық зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі: Метаресурстың психологиялық теориялары (Н.А. Деева, В.Н. Марков, В.И. Моросанова, С.А. Калашникова, О.А. Конопкин, Д.А. Леонтьев, К. Рифф, С.В. Власов, В.Н. Мостовенко және т.б.). Студенттердің психологиялық ерекшеліктерін ғылыми негіздеп зерттеген (Э. Шпрангер, Ст. Холл, Дж. Тренер, К. Роджерс, С. Маклеод, А.Р. Ерментаева, А.Б. Брэкен, Л. Линдеман, Р. Бенедикт, Г. Триандис, Л.Ф. Обухова, Ф. Роис, В.А. Крутецкий, А.Г. Ковалев, Г. Селье, К.С. Барри, У. Кремер, К. Хаммонд, Т. Бриджмен, С. Каммингс, Дж. Баллард, Д. Марсия, З. Барт, В. Маартен, В.С.Дж. Шварце, К. Люксе, В.Л. Виньоле, С.Л. Рубинштейн, Л.С. Выготский т.б.). Студенттердің өзін-өзі реттеу (анықтауыштарын) механизмдер мен процестерін ғылыми тұрғыдан негізделген түрде зерттеуде бірқатар концепциялары (Л. Линдеман, Г. Селье, В. Козлов, Г. Шихи, Л.С. Выготский, Ф.Е. Василюк, D.E. Super, Д. Эльконин, Б.Г. Ананьев, В. Франкл, О.А. Конопкин, В.И. Моросанова, А.С. Шаров т.б.). Психологиялық денсаулық теориясын ғылыми-методологиялық негіздеме бере отырып зерттеген (А. Maslow, C. Rogers, Э. Эриксон, М. Аргайл, R.S. Lazarus т.б.). Тұлғаның болашақтағы бақыты туралы болжамдарын дәйектеген (N.M. Bradburn, E. Diener, M.L. Kern, С. Любомирски, E. Diener, М. Селигман, И.Л. Фельдман, И.А. Джидарьян, Л.У. Самнер, П.А. Сорокин т.б.); Қорғауға ұсынылатын қағидалар: 1. Диссертацияда студенттердің метаресурсының дамуын қамтитын когнитивті, аффективті және мінез-құлықтық компоненттер, сондай-ақ олардың дамуына ықпал ететін психологиялық механизмдері нақтыланды. Отандық және шетелдік психология ғылымындағы метаресурс феномені ғылыми тұрғыда негізделді. 2. Студенттердегі метаресурстың даму ерекшелігін айқындайтын психологиялық құрылымдық компоненттерінінің өзара байланысы айқындалып, психодиагностикалық кешенді әдістемелер әзірленді. Эмпирикалық тұрғыда сенімділігі және дискриминанттық валидтылығы тексерілді. 3. Зерттеу нәтижелері студенттердің метаресурсының дамуына арналған бағдарламалар мен әдістемелердің тиімділігін растады. Алынған деректер студенттердің метаресурс деңгейінің айтарлықтай артқанын көрсетті, бұл метаресурстың психологиялық даму ерекшелігі эмоциялық интеллект, психологиялық денсаулықты сақтау, психологиялық қауіпсіздік, қайраттылық өзін-өзі реттеу механизмдері өзара байланысының жақсаруынан және өзін-өзі реттеу қабілеттерінің нығаюынан байқалды. 4. Студенттердегі метаресурстың психологиялық даму ерекшеліктерін анықтаушы (эмоциялық интеллект, психологиялық денсаулық, психологиялық қауіпсіздік, қайраттылық, бақыт туралы түсінік) механизмдері өзара байланысты. Студенттерде метаресурстың дамуы олардың өзін-өзі реттеу мүмкіндіктеріне өзара тәуелді бола отырып, эмоциялық интеллектпен шарттасады. Студенттердегі психологиялық денсаулықтың дамуы олардың өзіндік ішкі мүмкіндіктерін танып білуге ықпал етеді. Студенттерде метаресурстың дамуы олардың психологиялық қауіпсіздігімен өзара детерминанталады. Студентердегі психологиялық қауіпсіздік пен өмірдегі қайраттылық метаресурстың параметрін анықтайтын маңызды көрсеткіш болып табылады. 5. Зерттеу нәтижелері негізінде студенттердің метаресурсының даму процесін ұйымдастыруға арналған ұсынымдар дайындалды. Тренинг-семинар өткізуге арналған соңғы ғылыми зерттеулер мен практикалық әдістерге негізделген сайт даярланды. Студент өзекті ақпаратқа қол жеткізіп және алған білімді күнделікті өмірде қолдана алады. Электрондық форматта әзірленген психотехнологиялар мен әдістемелерді оқу процесіне енгізу, сондай-ақ кәсіби және әлеуметтік ортада табысты бейімделуге ықпал ететін студенттердің метаресурсының дамуына жағдай жасауды көздейді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы теориялық және эмпирикалық талдау нәтижелеріне сүйенеді: 1. «Метаресурс» ұғымына талдау жасалып, авторлық анықтама берілді (Қосымша А). 2. Отандық психология ғылымында алғаш рет, метаресурстың психологиялық механизмдері анықталып, өзін-өзі реттеуге әсері дәйектелінетін эксперименттік зерттеудің кешенді әдіснамалық базасы айқындалды. 3. Студенттердегі метаресурстың даму механизмдері олардың эмоциялық интеллект, психологиялық денсаулықты сақтау, психологиялық қауіпсіздік, өмірлік қайраттылық және бақыт пен қанағаттылықпен тұтастықта бола отырып, метаресурстың дамуындағы психологиялық ерекшеліктер өзін-өзі реттеу біліктілігіне өзара байланыстылығы анықталды. 4. Студенттердің метаресурсын өзіндік дамуына бағытталған психологиялық дағдылары мен өзін-өзі реттеуін жақсартуға арналған, заманауи психологиялық тренинг-семинар жүргізуге негізделген, кез-келген уақытта қолдануға тиімді электрондық форматтағы онлайн сайт ашылды (Қосымша А). Зерттеудің теориялық маңыздылығы: - зерттеу «метаресурс» ұғымының құрылымы мен компоненттеріне қатысты ғылыми түсініктерді нақтылап, кеңейту арқылы психология ғылымдарының теориялық негіздерінің дамуына ықпал етеді. Жұмыста студенттердің білім беру ортасының ерекшеліктерін ескере отырып, метаресурсты түсіндірудің жаңа тұжырымдамалық көзқарастары ұсынылған; - студенттердің метаресурсының даму негіздерін зерттеудің әдіснамалық тұғырлары анықталып, бұл метаресурстың даму заңдылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді; - метаресурстың теориялық негіздерін талдау және нақтылау барысында философиялық және психологиялық білімдерді біріктіретін тәсілдерге, сондай-ақ ғылыми теориялық зерттеу әдістеріне негізделді. Зерттеу нәтижелері ғылыми танымның кеңеюі мен психологиялық даму механизмдерін түсіндіру мақсатында басқа психологиялық зерттеулерде қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, студенттердің метаресурсының дамуының психологиялық негіздерінің анықталуы болашақ ғылыми зерттеулер үшін маңызды теориялық негізді қамтамасыз етеді; - студенттердегі метаресурстың дамуын жан-жақты талдап, оны теориялық аспектіде зерттеу негізінде жасалған психологиялық тұжырымдар мен алынған ғылыми нәтижелер тұлғаның даму бағытындағы кез-келген зерттеулерге үлгі ретінде пайдалануға жарамды; - студенттердегі метаресурсты қамтамасыз ету психологиялық ерекшеліктерін зерттеу әдістемесінің маңыздылығын және алынған ғылыми нәтижелердің сандық, сапалық талдауы барлық психологиялық зерттеулер үшін негізгі дереккөз ретінде қызмет ете алады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: - студенттердегі метаресурстың даму ерекшеліктеріне байланысты теориялық, эмпирикалық нәтижелерін жоғарғы оқу орындарында, оқу және оқудан тыс жағдайларында метаресурсты дамытудың психотехнологиялық элементтерін еңгізуге мүмкіндік береді; - студенттердегі метаресурстың даму механизмі ретінде эмоциялық интеллект, психологиялық денсаулықты сақтау, психологиялық қауіпсіздік, қайраттылықты зерттеуге арналған сауалнамалардың мазмұны мен жеке құрылымдарын психологиялық диагностикалық құралдар, психоконсультациялық тәсілдер, тренингсеминар ретінде қолдануға жарамды; - студенттердегі метаресурстың даму ерекшеліктері мен жетілдірудің психотехникаларына байланысты теориялық және эмпирикалық зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарындағы психологиялық пәндерді оқыту барысында студенттердің психологиялық сауаттылығын арттыру мен психологиялық кәсіби сананың қалыптасуын қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға болады; - зерттеуден алынған теориялық және эмпирикалық деректерді психологиялық оқулықтар, оқу және әдістемелік құралдар әзірлеуде, білім беру процесінде, аудиториядан тыс іс-шараларда, оқу-әдістемелік кешендер мен элективті курстар дайындауға жарамды; - электрондық ресурстағы «Студенттердегі метаресурстың дамуы» тренинг-семинар бағдарламасының мазмұнын өзгертіп немесе түрлендірмей – ақ, әртүрлі әлеуметтік-психологиялық семинарларда, біліктілікті арттыру курстарында, сондай-ақ университет студенттеріне арналған топтық технология ретінде қолдануға болады. Зерттеудің негізгі кезеңдері: зерттеу үш кезеңмен қамтылды: Бірінші кезеңде (2021-2022) зерттеу мәселесі бойынша философиялық, психологиялық, әлеуметтік әдебиеттерге талдау жүргізілді. Диссертациялық зерттеу жұмысының ғылыми негіздері бойынша эксперимент бағдарламасы бекітілді. Студенттердің психологиялық диагностика, психологиялық және эмоциялық күйін анықтау үшін сауалнамаларды арнайы бланкіге толтырды. Екінші кезеңде (2022-2023) экспериментке келген кезде сыналушы экспериментке дейінгі «Жеке ресурстардың жоғалуы мен иеленуі» сауалнамасы (Н. Водопьянова, М. Штейн), эмоциялық интеллект сауалнамасы (Д.В. Люсин), қайраттылық тесті (С. Мадди), «өзін-өзі реттеу стилі» сауалнамасы (В.И. Моросанова), Оксфордтық бақыт сауалнамасы, өзін-өзі бағалау стресске төзімділік сынағы (С. Коухен және Г. Виллиансон) жүргізілді. Экспериментке қатысушылардың нәтижелері барысында мақалалар жинағы жарыққа шықты. Үшінші кезеңде (2023-2024) негізгі зерттеу нәтижелері жарияланды. Эмпирикалық зерттеу жоспары құрастырылып, психодиагностикалық әдістемелердің батареясы таңдалды. Алынған нәтижелерді талдау және статистикалық өңдеу жүзеге асырылды. Статистикалық мәліметтерді өңдеу мамандандырылған SPSS бағдарламасы, 23.0 нұсқасы арқылы жүзеге асырылды. Диссертациялық зерттеу материалдары рәсімделді. Зерттеудің апробациясы. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері автордың халықаралық және аймақтық ғылыми конференцияларда жасаған баяндамалары арқылы ғылыми қоғамдастыққа таныстырылып, оң бағаға ие болды. Зерттеу тақырыбы бойынша 10 мақала жарияланды, олардың ішінде 2 мақала Scopus халықаралық базасына енгізілген шетелдік ғылыми журналда, 5 мақала Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда және 3 мақала халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар жинақтарында жарық көрді. Диссертацияның көлемі мен құрылымы келесідей ұсынылған: кіріспе, үш негізгі бөлім, қорытынды, пайдаланылған дереккөздердің тізімі (120), сонымен қатар графикалық және кестелік материалдар (15 кесте, 26 сурет) және қосымшалар. Қорытынды бөлімде диссертациялық зерттеу міндеттеріне сәйкес алынған негізгі нәтижелер жүйеленіп, олардың негізінде негізделген ұсыныстар тұжырымдалды. Библиографиялық бөлімде пайдаланылған дереккөздердің толық тізімі жүйеленіп, тиісті стандарттарға сәйкес рәсімделді. Қосымша бөлімде статистика, зерттеу нәтижелері мен тиісті әдістемелік материалдар реттелген түрде баяндалды. Кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделіп көрсетілген, мәселенің зерттелу деңгейі ашылып дәйектелді, зерттеу нысаны, пәні, ғылыми гипотезасы, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, теориялық-әдіснамалық негіздері, теориялық және практикалық маңызы айқындалып келтірілген. Бірінші «студенттерде метаресурстың дамуындағы психологиялық ерекшеліктер теориялары» атты бөлімде студенттік кезеңдегі психологиялық даму ерекшеліктері қарастырылды. Студенттік кезеңде тұлғаның өзін-өзі дамытуға бағытталған әрекеттері күшейетіні, жеке мақсаттарды анықтау, өзін-өзі жетілдіру және өмірлік мақсаттарға қол жеткізу жолында белсенді қадамдар жасалатыны нақтыланды. Екінші «студенттерде метаресурстың дамуындағы психологиялық ерекшеліктерді эксперименттік зерттеу және анықтау» атты бөлімде Студенттердегі метаресурстың дамуындағы психологиялық ерекшеліктерді эксперименттік зерттеу жолдары және амалдары қарастырылады. Үшінші «студенттерде метаресурстың дамуындағы оңтайлы психологиялық технологиялар» атты бөлімде зерттеу барысында қойылған мақсаттар мен міндеттер толық орындалып, студенттердегі метаресурс олардың психологиялық көрсеткіштерімен өзара байланысы нақты ғылыми дәлелдермен расталды. Сонымен қатар, тренинг-семинардың тиімділігі эксперименттік әдістемемен сенімді түрде дәйектеліп, тұлғаның психологиялық әлеуетін дамытуға бағытталған интервенциялық әсер етудің технологиялық тәсілдерінің маңыздылығы дәлелденді. Бұл нәтижелер білім беру және психологиялық қолдау салаларында қолдануға негіз бола алады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=XRkhgJuH9Sk
