
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Дюсенова Алуа Жакановна «8D03103 – Психология» білім беру бағдарламасы бойынша «Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің даму ерекшеліктері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Психология кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Сабирова Райхан Шайхышевна – психология ғылымдарының кандидаты, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті психология кафедрасының профессоры, (Қарағанды, Қазақстан Республикасы).
Жолдасова Манзура Кенесбеккызы – психология бойынша философия докторы (PhD), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті, Ми институтының ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Шаукенова Зарема Каукеновна – психология ғылымдарының кандидаты, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Топанова Гульмира Туяковна – психология бойынша философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің білім беру бағдарламасының көшбасшысы, (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Нишанова Замира Таскараевна – психология ғылымдарының докторы, Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетінің профессоры,, (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Мандыкаева Алмагуль Рамазановна– психология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті психология кафедрасы қауымдастырылған профессоры, (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Асиль Оздогру – PhD, Мармара университеті гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті психология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, (Стамбул қ., Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 13 наурыз, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03103 – Психология» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Мекен-жайы: Астана қ., Қаныш Сәтбаев көшесі, 2, 302 аудитория
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбы: Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің даму ерекшеліктері. Зерттеу мақсаты: Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің даму ерекшеліктерін зерттеу. Зерттеу міндеттері: 1. Әлеуметтік интеллект ұғымының психологиялық мазмұнын, құрылымын және дамуын теориялық тұрғыда талдау. 2. Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің психологиялық ерекшеліктерін және оған әсер ететін факторларды анықтау. 3. Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің құрылымын жасау, эксперименттік зерттеу арқылы олардағы әлеуметтік интеллектінің даму деңгейін зерттеу. 4. Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің дамуына арналған психологиялық бағдарламаны әзірлеп, оның тиімділігін эксперименттік тұрғыда тексеру. Зерттеудің әдістері: Теориялық: зерттеу мәселесі бойынша ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді теориялық талдау (болжау, салыстыру, бағалау, қорытындылау және т.б.); Диагностикалық әдістер: «Әлеуметтік интеллект» сауалнамасы (Н. Холл әдістемесінің модификациясы), В.В. Бойконың «Эмпатиялық қабілеттер деңгейін анықтау» әдістемесі, «Коммуникативтік және ұйымдастырушылық бейімділіктер» тесті, С.В. Ковалёвтың «Өзін-өзі бағалау деңгейін анықтау» сауалнамасы, К. Роджерс, Р. Даймондтың «Әлеуметтік-психологиялық бейімделу» әдістемесі, «Тромсо-Әлеуметтік интеллект» тесті. Математикалық-статистикалық әдістер: мәліметтерді SPSS-27 статистикалық бағдарламасы көмегімен математикалық және статистикалық өңдеу және интерпретациялау; орташа арифметикалық шама; стандартты орташа ауытқу; дисперсия, факторлық талдау, Стьюдент әдісі; Левен дисперсиясының теңдік критерийі, r-Спирменнің корреляциялық талдауы, тиімділік көлемдері (Cohen’s). Қорғауға ұсынылатын қағидалар: 1. Әлеуметтік интеллект ұғымының ғылыми мазмұны айқындалып, «Әлеуметтік интеллект – адамның әлеуметтік ортада ақпаратты дәл қабылдап, өңдеп және тиімді қолдану қабілеті, өзі мен басқалардың эмоциялары мен мінез-құлқын түсініп, әлеуметтік белгілерге сәйкес икемді жауап беру, қарым-қатынасты үйлесімді құра білу және әлеуметтік жағдайларға бейімделу дағдыларының жиынтығы» анықтама ұсынылды. 2. Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің құрылымының мазмұны когнитивтік, коммуникативтік, эмоциялық және тұлғалық-реттеуші компоненттердің өзара байланысы негізінде сипатталып, білім алушы-қандастардағы әлеуметтік-психологиялық бейімделу деңгейін және тұлғалық өсуін айқындайтын негізгі механизм ретінде анықталды. 3. Зерттеу барысында әлеуметтік интеллектіні диагностикалауға арналған әдістемелердің көрсеткіштері арасындағы корреляциялық байланыс пен факторлық құрылым анықталып, оның даму ерекшеліктері мен негізгі факторлары нақтыланып, құрылымның жүйелілігі мен тұрақтылығы эксперименттік тұрғыда дәлелденді. 4. «Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінінің дамуына арналған психологиялық бағдарламасы» теориялық және эксперименттік деректерге сүйене отырып әзірленіп, оның тиімділігі эксперименттік зерттеу нәтижелері арқылы анықталды. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: 1. Әлеуметтік интеллект ұғымының ғылыми мазмұны айқындалды, адамның әлеуметтік ортада ақпаратты дәл қабылдап, өңдеп және тиімді қолдану қабілеті, өзі мен басқалардың эмоциялары мен мінез-құлқын түсініп, әлеуметтік белгілерге сәйкес икемді жауап беру, қарым-қатынасты үйлесімді құра білу және әлеуметтік жағдайларға бейімделу дағдыларының жиынтығы ретінде әлеуметтік интеллект анықтамасы ұсынылды; 2. Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің психологиялық ерекшеліктері анықталып, әсер ететін ішкі және сыртқы факторлары сипатталды және білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің құрылымы нақтыланды. 3. Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллекті құрылымының мазмұны айқындалды, «Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінінің дамуына арналған психологиялық бағдарлама» жасалды. 4. Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің психологиялық ерекшеліктері эксперименттік зерттеу нәтижелері сандық және сапалық талданып, «Жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінінің дамуына арналған психологиялық бағдарламаның» тиімділігі және ғылыми-практикалық маңыздылығы дәлелденді. Алынған нәтижелердің жаңалығымен маңыздылығын және ғылыми даму бағыттарына сәйкестігін негіздеу. Бірінші нәтиженің жаңалығы әлеуметтік интеллект ұғымы алғаш рет білім алушы-қандастар контексінде жүйелі түрде қарастырылып, оның психологиялық мазмұны, құрылымдық компоненттері мен даму ерекшеліктері қазіргі психологияның теориялық тұғырлары негізінде терең талданды. Зерттеу нәтижесінде әлеуметтік интеллект ұғымына білім алушы-қандастардың әлеуметтік-мәдени және бейімделу ерекшеліктерін ескеретін авторлық анықтама ұсынылды. Екінші нәтиженің жаңалығы жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардың әлеуметтік интеллектінің психологиялық ерекшеліктері эксперименттік тұрғыда анықталды. Әлеуметтік интеллекттің дамуына ықпал ететін ішкі (эмоциялық реттеу, тұлғалық мотивация, өзін-өзі бағалау) және сыртқы (тілдік орта, мәдени айырмашылықтар, әлеуметтік бейімделу жағдайлары) факторлардың өзара байланысы айқындалды. Үшінші нәтиженің жаңалығы білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллекттің құрылымы жасалды және оның когнитивтік, эмоционалдық, коммуникативтік және бейімделу компоненттері эксперименттік зерттеу арқылы тексерілді. Зерттеу барысында білім алушы-қандастардың әлеуметтік интеллект деңгейінің бастапқы және соңғы көрсеткіштері салыстырмалы түрде талданып, даму динамикасы ғылыми тұрғыда негізделді. Төртінші нәтиженің жаңалығы «жоғары оқу орындарында білім алушы-қандастардағы әлеуметтік интеллектінің дамуына арналған» психологиялық бағдарлама әзірленді және оның тиімділігі эксперименттік жолмен дәлелденді. Бағдарлама әлеуметтік бейімделу, тұлғааралық өзара әрекет және өзін-өзі реттеу дағдыларының дамуына бағытталып, тәжірибелік деректермен расталды. Докторанттың әрбір басылымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы: Диссертациялық жұмыстың мазмұны бойынша жарияланған еңбектердің жалпы саны - 7, оның ішінде Scopus базасына енген журналдарда - 1, ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда - 3, Халық аралық конференцияларда - 3. Әр жарияланым диссертациялық зерттеудің жекеленген аспектілерін бейнелейді. 1. The specifics of developing the social intelligence of Oralman students with artificial intelligence // International Journal of Evaluation and Research in Education (IJERE). – 2025. – Vol. 14, №2. – Р. 1013-1022. (Scopus дерекқорындағы пайыздылығы -60%) (бірлескен авторлар A. Mandykayeva, A. Mambetalina, G. Menlibekova, A. Aitysheva, Y. Nurkatov., докторанттың үлесі – 70%). Мақалада жасанды интеллектке негізделген білім беру бағдарламасының білім алушы-қандастардың (оралман) әлеуметтік интеллектін дамытуға ықпалы зерттеледі. Зерттеуге 18–20 жас аралығындағы 300 студент қатысып, олар эксперименттік және бақылау топтарына бөлінген. Алты айлық жасанды интеллект бағдарлама интерактивті құралдар мен модельдеуді қамтыды. Бағалау Tromsø Social Intelligence Scale (TSIS) әдістемесі арқылы жүргізілді (әлеуметтік ақпаратты өңдеу, әлеуметтік дағдылар, әлеуметтік саналық). Нәтижелер эксперименттік топта барлық көрсеткіштердің айтарлықтай артқанын (жалпы балл 59,37-ден 82,33-ке дейін), ал бақылау топта өзгерістердің мардымсыз екенін көрсетті. Зерттеу кезеңінде топтар арасындағы айырмашылықтардың статистикалық мәнді екенін растады. Зерттеу нәтижелері жасанды интеллектке негізделген білім беру бағдарламалары білім алушы-қандастардың әлеуметтік бейімделуін, қарым-қатынас дағдыларын және қоғамға тиімді интеграциялануын нақты түрде жақсарта алатынын дәлелдейді 2. Communicative and organizational interaction as a tool of social intelligence // Вестник Евразийского национального университета имени Л.Н. Гумилева. Серия Педагогика. Психология. Социология. – 2023. – №2(143). – С. 387-397. (ККСОН). (бірлескен авторлар: A.R. Mandykayeva, A.А. Ozdogru, докторанттың үлесі – 80%). Мақалада әлеуметтік интеллекттің маңызды құрамдас бөлігі ретінде коммуникативтік және ұйымдастырушылық қабілеттер қарастырылады. Білім алушы-қандастар арасында жүргізілген эмпирикалық зерттеу бұл қабілеттердің ортадан жоғары деңгейде дамығанын және олардың арасында оң байланыс бар екенін көрсетті. Авторлар коммуникативтік және ұйымдастырушылық дағдылар білім алушы-қандастардың әлеуметтік бейімделуі мен тиімді қарым-қатынас орнатуында шешуші рөл атқаратынын атап өтеді. 3. Білім алушы-қандастардың әлеуметтік интеллектісінің психологиялық ерекшеліктері // Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетi хабаршы. Психология сериясы. – 2023. – Т. 76, №3. – Б. 7-19. (бірлескен авторлар: А.Р. Мандыкаева, А.А. Оздогру, докторанттың үлесі – 80%). Мақалада білім алушы-қандастардың әлеуметтік интеллектінің психологиялық ерекшеліктері эмпирикалық тұрғыда талданады. Зерттеу Холл әдістемесінің «Әлеуметтік интеллект» сауалнамасы негізінде жүргізіліп, білім алушы-қандастардың өзін-өзі тану, өзін-өзі реттеу, эмпатия, коммуникабельділік және өзін-өзі мотивациялау деңгейлері анықталған. Нәтижелер әлеуметтік интеллекттің жалпы орта деңгейде екенін, ал коммуникабельділіктің салыстырмалы түрде төмен қалыптасқанын көрсетеді. Автор әлеуметтік интеллект компоненттерінің білім алушы-қандастардың әлеуметтік бейімделуі мен тұлғааралық өзара әрекеттесуіндегі шешуші рөлін негіздеп, оны мақсатты дамыту қажеттігін дәлелдейді. 4. Білім алушы-қандастардың эмпатиялық қабілеттерінің психологиялық ерекшеліктері // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Педагогика. Психология. Әлеуметтану сериясы. – 2022. – №4(141). – Б. 449-460. (бірлескен авторлар: А.Р. Мандыкаева, А.А. Оздогру, Ж.Т. Уталиева, А.М. Даужанова, докторанттың үлесі – 70%). Мақалада білім алушы-қандастардың әлеуметтік интеллект құрылымындағы эмпатияның психологиялық ерекшеліктері зерттеледі. Эмпатия әлеуметтік интеллекттің негізгі көрсеткіші ретінде қарастырылып, білім алушы-қандастардың әлеуметтік бейімделуі мен тұлғаралық қарым-қатынасындағы рөлі айқындалады. Зерттеуге білім алушы-қандастар қатысып, В.В. Бойконың «Эмпатия деңгейін диагностикалау» әдістемесі қолданылған. Нәтижелер білім алушы-қандастарда эмпатия деңгейі көбіне ортадан төмен екенін көрсетіп, сандық және сапалық талдау нәтижелері ұсынылды. 5. Білім алушы-қандастардың коммуникативтік және ұйымдастырушылық қабілеттерінің психологиялық ерекшеліктері // ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «ҚР жоғары білім беруді дамыту перспективалары»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары (Павлодар: Торайғыров университеті, 2021. – Б. 196-202). (бірлескен авторлар: А.Р. Мандыкаева, докторанттың үлесі – 85%). Мақалада білім алушы-қандастардың коммуникативтік және ұйымдастырушылық қабілеттерінің психологиялық ерекшеліктері әлеуметтік интеллект контекстінде қарастырылады. Зерттеу нәтижелері білім алушы-қандастардың бұл қабілеттері әртүрлі деңгейде қалыптасқанын, ал олардың әлеуметтік бейімделуі мен тұлғааралық қарым-қатынас тиімділігі осы көрсеткіштерге тікелей байланысты екенін көрсетеді. Автор коммуникативтік-ұйымдастырушылық қабілеттерді дамыту білім алушы-қандастардың жоғары оқу орнындағы табысты әлеуметтенуінің маңызды шарты екенін негіздейді. 6. Әлеуметтік интеллектіні зерттеудің әдіснамалық негіздері // Білім және ғылым-2021: 5-ші халық. ғыл.-тәж. конф. материалдары (Нұр-Сұлтан, 2021 – Б. 47-50). (бірлескен авторлар: А.Р. Мандыкаева, докторанттың үлесі – 85%). Мақалада әлеуметтік интеллектті зерттеудің әдіснамалық негіздері қарастырылады. Автор әлеуметтік интеллект ұғымының қалыптасу тарихын шетелдік, ресейлік және қазақстандық ғалымдардың еңбектері негізінде талдайды. Әлеуметтік интеллекттің құрылымы когнитивтік, эмоционалдық және мінез-құлықтық компоненттер арқылы сипатталып, оның тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік бейімделудегі маңызы айқындалады. Зерттеу әлеуметтік интеллектті, әсіресе білім алушы-қандастардың бейімделуі мен тұлғалық дамуы тұрғысынан әрі қарай терең зерттеу қажеттігін негіздейді. 7. Әлеуметтік интеллект зерттеу пәні ретінде // Қазіргі заманғы психологиялық-педагогикалық ғылымның өзекті мәселелері: халықаралық ғылыми – практикалық конференция материалдарының жинағы (Астана: Астана халықаралық университеті, 2023. – Б. 231-238). (бірлескен авторлар: А.Р. Мандыкаева, докторанттың үлесі – 85%). Мақалада әлеуметтік интеллект психологиядағы дербес зерттеу пәні ретінде қарастырылады. Автор әлеуметтік интеллект ұғымының қалыптасуын, оның негізгі модельдері мен құрылымын (когнитивтік, эмоциялық және мінез-құлықтық компоненттер) шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектері негізінде жүйелейді. Әлеуметтік интеллекттің тұлғааралық қарым-қатынас, әлеуметтік бейімделу және жеке тұлғалық дамудағы маңызы айқындалды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=99x8c7hRrOA
