
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кутебаев Талгат Жетписбаевич «8D03103 – Психология» білім беру бағдарламасы бойынша «Қаржы қызметкерлерінің стресс-менеджменті және тұлғаның мықты тұстары: позитивті-психологиялық ұстаным» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Психология кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - ағылшын тілінде
Ресми рецензенттер:
Кудайбергенова Сандугаш Кансаровна – психология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының ассистент-профессоры, (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Касымжанова Анаргуль Алиакпаровна – психология ғылымдарының кандидаты, «Тұран» университеті Жоғары психология мектебінің профессор-зерттеушісі (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Гарбер Алена Ильинична – философия докторы (PhD), Халықаралық биоцентрлік зерттеу академиясының профессоры, психоонколог, психотерапевт Рейнхардсхёэ клиникасында (Бад-Вильдунген қ., Германия);
Ким Алла Михайловна – психология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Агажаева Лилия Онерхановна – психология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің полковнигі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Уталиева Жанна Тлегеновна – психология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ психология кафедрасы доцентінің м.а.
Роберт Ли Ллойд – PhD, Миннесота университеті психология кафедрасының қауымдастырылған профессоры (АҚШ).
Қорғау 2026 жылғы 28 тамыз, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03103 – Психология» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3UCyGi
Мекен-жайы: Астана қ., Қаныш Сәтбаев көшесі, 2, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ №1 оқу-әкімшілік ғимараты, 302 дәрісхана.
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеудің мақсаты: қаржы саласы қызметкерлерінде тұлғаның мықты тұстарының кәсіби күйзеліс, менталдық әл-ауқат және қабылданатын күйзеліспен өзара байланыстарын және олардың болжамдық маңыздылығын зерттеу. Зерттеу міндеттері: 1. қаржы саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-демографиялық және кәсіби сипаттамаларын ескере отырып, кәсіби күйзеліс деңгейі мен оның көздеріндегі айырмашылықтарды анықтау; 2. зерттелетін кәсіби топқа тән күйзеліс көздерін айқындау; 3. кәсіби күйзеліс, қабылданатын күйзеліс және менталдық әл-ауқат деңгейлерін анықтау; 4. қаржы саласы қызметкерлерінің тұлғаның мықты тұстарын өлшеуге арналған VIA-IS-V6 сауалнамасын бейімдеу; 5. кәсіби және қабылданатын күйзеліс, сондай-ақ менталдық әл-ауқатпен байланысты қаржы саласы қызметкерлерінің тұлғаның мықты тұстарын анықтау; 6. тұлғаның мықты тұстарының кәсіби және қабылданатын күйзеліс, сондай-ақ менталдық әл-ауқаттың предикторлары ретіндегі болжамдық маңыздылығын айқындау. Зерттеу әдістері: Зерттеудің теориялық негізін зерделеу үшін шолу және аналитикалық тәсілдер қолданылды, соның ішінде категориялау, типологиялау, контенттік және әдебиеттік талдау, сондай-ақ тұлғаның мықты тұстары, кәсіби және қабылданатын стресс, менталдық әл-ауқат тақырыптары бойынша ғылыми жарияланымдарды жалпылау жүргізілді. Эмпирикалық-диагностикалық зерттеу келесі әдістерді қамтыды: 1. Кәсіби күйзеліс сауалнамасы Ч. Спилбергер (1991) әзірлеген, Ч. Спилбергер мен П. Вэгг (1999) толықтырған және А.Б. Леонова мен С.Б. Величковская (2005) бейімдеген. Сауалнама ішкі келісімділіктің жоғары деңгейін көрсетті (α Кронбах = 0.93). Сенімділік коэффициенттері Жұмыстағы қысым және Ұйымдық қолдаудың болмауы субшкалалары үшін 0.85 және 0.83 құрады. 2. Варвик–Эдинбург менталдық әл-ауқат шкаласы С. Стюарт-Браун және т.б. (2009) әзірлеген және С.К. Нартова-Бочавер және т.б. (2015) бейімдеген. Ішкі келісімділіктің сенімділік коэффициенті бойынша α Кронбах 0.85 құрады. 3. Қабылданатын күйзеліс шкаласы С. Коэн және Г. Уильямсон (1988) әзірлеген, В.А. Абабков және т.б. (2016) бейімдеген. Шкаланың ішкі келісімділік сенімділігі (Кронбах альфасы) 0.74 құрады. 4. «Іс-әрекеттегі құндылықтар: артықшылықтарды түгендеу – 6 ізгілік» (VIA-IS-V6) сауалнамасы Р. Макграт (2017) әзірлеген және Т.Ж. Кутебаев пен А.Е. Егинбаева (2026) бейімдеген. VIA-IS-V6 интеллектуалдық, эмоционалдық, тұлғааралық, азаматтық, ұстамдылыққа тән және теологиялық мықты тұстарын қамтиды, олар тұлғаның 24 мықты тұстарына бөлінеді. Ішкі келісімділік бойынша жоғары сенімділік көрсетті (α Кронбах = 0.90). Математикалық-статистикалық әдістер: деректерді өңдеу, талдау және интерпретациялау үшін IBM SPSS (27-нұсқасы) бағдарламасын пайдалану арқылы жүзеге асырылды. Демографиялық айнымалылар бойынша сипаттамалық статистика көрсеткіштері (жиіліктер, пайыздар, орташа мәндер, стандартты ауытқулар) есептелді. Барлық құралдарының ішкі келісімділік сенімділігін бағалау үшін Кронбах альфасы коэффициенттері қолданылды. Мамандық, жыныс, жас, еңбек өтілі және білім деңгейіне қарай кәсіби күйзеліс деңгейі мен оның көздеріндегі айырмашылықтарды бағалау үшін t-тесттер және дисперсиялық талдау (ANOVA) жүргізілді. Жас топтары, еңбек өтілі, жыныс, отбасылық жағдай, білімі және біліктілігі бойынша кәсіби күйзеліс, менталдық әл-ауқат және қабылданатын күйзеліс көрсеткіштеріндегі айырмашылықтар көпөлшемді дисперсиялық талдау (MANOVA) көмегімен талданды. Әсер көлемі үшін β коэффициенттері, Коэннің d көрсеткіші және η² (эта-квадрат) есептелді. Тұлғаның мықты тұстары мен кәсіби күйзеліс, жұмыстағы қысым, қолдаудың болмауы, менталдық әл-ауқат және қабылданатын күйзеліс арасындағы оң және теріс байланыстар Пирсонның корреляциялық талдауы арқылы бағаланды, статистикалық мәнділік p<0.05 белгіленді. Тұлғаның мықты тұстарының кәсіби күйзеліс, менталдық әл-ауқат және қабылданатын күйзеліс үшін болжамдық маңызы көптік сызықтық регрессиялық талдаулар көмегімен бағаланды. 3 стандартты ауытқудан асатын көпөлшемді шеткі мәндер талдаудан алынып тасталды. Көптік сызықтық регрессияның алғышарттары (қалыптылық, сызықтылық, гомоскедастикалық, мультиколлинеарлық) тексерілді, ешқандай бұзушылықтар анықталған жоқ. Қорғауға шығарылатын негізгі ережелер: 1. Қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби күйзеліс деңгейі мен оның көздерінде кәсіби бағытына қарай (экономистер, қаржыгерлер, бухгалтерлер) және әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларына (жынысы, жасы, еңбек өтілі және білім деңгейі) байланысты статистикалық мәнді айырмашылықтар анықталды, бұл кәсіби күйзеліс көріністерінің әркелкілігін көрсетеді. 2. Қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби күйзелісінің негізгі көздері ретінде кәсіби қызметтегі басым ұйымдастырушылық және экономикалық факторлар анықталды. 3. Қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби, қабылданатын күйзеліс және менталдық әл-ауқат деңгейлері бойынша айырмашылықтар анықталды. 4. VIA-IS-V6 сауалнамасы бейімделіп, оның қаржы саласы қызметкерлерінің тұлғаның мықты тұстарын өлшеу құралы ретіндегі психометриялық сенімділігі мен валидтілігі расталды. 5. Қаржы саласы қызметкерлерінің тұлғаның мықты тұстары мен кәсіби күйзеліс, қабылданатын күйзеліс және менталдық әл-ауқат арасындағы статистикалық мәнді өзара байланыстар анықталып, тұлғаның жекелеген мықты тұстары күйзеліс деңгейінің төмен болуымен және әл-ауқат деңгейінің жоғары болуымен байланысты екені дәлелденді. 6. Қаржы саласы қызметкерлерінің тұлғаның мықты тұстары кәсіби және қабылданатын күйзелістің, сондай-ақ менталдық әл-ауқаттың мәнді предикторлары екенін көрсететін, әсерлерінің бағыты мен шамасы әртүрлі көпфакторлы болжамдық модель эмпирикалық тұрғыдан расталды. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: Қаржы қызметкерлерінде кәсіби күйзеліс деңгейі мен оның көздері кәсіби бағытына (экономистер, қаржыгерлер, бухгалтерлер), жынысына, жасына, еңбек өтіліне және білім деңгейіне қарай мәнді түрде ерекшеленетіні анықталды. Қаржыгерлер экономистерге қарағанда жағымсыз міндеттердің болуы мен қарама-қайшы тапсырмаларға, кәсіби өсу мүмкіндігінің шектеулілігіне және қызметтік жоғарылау үшін бәсекелестікке байланысты күйзелісті жоғарырақ деңгейде сезінді. Қаржы саласында ер адамдар әйелдермен салыстырғанда қолдаудың жеткіліксіздігіне байланысты кәсіби күйзелісті жиірек бастан кешірген. Экономистер арасында ер адамдар жалпы кәсіби күйзелісті жиірек әрі күштірек сезінген. Сонымен қатар, олар әйелдерге қарағанда қолдаудың жеткіліксіздігін айқынырақ және жиірек сезініп, жұмыстағы қысымға көбірек ұшыраған. Қаржы саласында ер адамдар әйелдермен салыстырғанда мерзімнен тыс жұмыс және басқа бөлімшелермен туындайтын келіспеушіліктерге байланысты күйзеліс деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Экономистер арасында ер адамдар әйелдерге қарағанда жұмысқа жарамсыз жабдықты пайдалануға мәжбүр болу, жеке уақыттың жеткіліксіздігі, маңызды шешімдерді жедел қабылдау қажеттілігі және басқа бөлімшелермен қақтығыстарға байланысты күйзелісті жоғарырақ деңгейде сезінген. Қаржыгерлер арасында ер адамдар ұйымның басқа бөлімшелерімен қақтығыстарға байланысты әйелдерге қарағанда жоғары күйзелісті сезінген. Ал бухгалтерлер арасында әйелдер ер адамдармен салыстырғанда басшылық тарапынан қолдаудың жеткіліксіздігіне байланысты күйзеліс деңгейінің жоғары екенін хабарлады [1]. 30 жасқа дейінгі қаржы саласы қызметкерлері кәсіби өсудің шектеулі мүмкіндіктеріне байланысты күйзелісті жоғарырақ деңгейде сезінген. Еңбек өтілі 5 жылдан кем мамандар 11–20 жылдық тәжірибесі бар мамандармен салыстырғанда жұмысты қатаң мерзімде орындау қажеттілігіне байланысты күйзелісті жоғарырақ деңгейде сезінген. Еңбек өтілі 5–10 жыл аралығындағы қаржы саласы қызметкерлері басқа бөлімшелермен туындайтын қақтығыстарды 11–20 жылдық өтілі бар қызметкерлерге қарағанда көбірек күйзеліс тудыратын фактор ретінде бағалаған. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар қаржы саласы қызметкерлері жоғары білімі бар мамандармен салыстырғанда кәсіби күйзелістің барлық субшкалалары, айқындылығы, жиілігі, жалпы күйзеліс индексі бойынша жоғары деңгей көрсетті. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар қаржы қызметкерлері жоғары білімі бар қызметкерлерге қарағанда жағымсыз міндеттердің болуы мен қарама-қайшы тапсырмаларға, дағдарыстық жағдайларды еңсеру қажеттілігі, жақсы орындалған жұмыс үшін мойындаудың жеткіліксіздігі, жұмыс міндеттерін тиімді орындау үшін персоналдың нашар дайындығы, ұйымдық саясатты айқындау мен шешім қабылдау үдерісіне қатысудың шектеулілігі, жеткіліксіз жалақы, артық қағазбастылық, басқа қызметкердің орнына жұмыс атқару, мерзімнен тыс жұмыс, сондай-ақ басшылық тарапынан қолдаудың жеткіліксіздігіне байланысты күйзелісті айтарлықтай жоғары бағалады. Бұған қоса, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандар жоғары және орта кәсіптік білімі бар қызметкерлермен салыстырғанда мансаптық ілгерілеу мүмкіндігінің шектеулілігіне байланысты күйзелісті жоғарырақ деңгейде сезінген. Сонымен бірге, олар орта білімі бар қызметкерлерге қарағанда тікелей жетекшімен тіл табысудың қиындығына байланысты күйзелістің жоғары деңгейін атап өтті. Еңбек өтілі артқан сайын кәсіби күйзеліс деңгейі төмендейді, ал білім деңгейі жоғарылаған сайын кәсіби күйзеліс деңгейі жоғарылайды. Сондай-ақ білім деңгейі жұмыстағы қысымды оң бағытта болжайтыны анықталды. Еңбек өтілі қолдаудың болмауы көрсеткіші үшін мәнді теріс предиктор болып шықса, білім деңгейі – мәнді оң предиктор ретінде айқындалды [2]. Қаржы саласы қызметкерлерінің барлығына ортақ негізгі күйзеліс факторлары ретінде жауапкершіліктің артуы, қатаң мерзімдер, жеткіліксіз жалақы, жағымсыз міндеттер мен құжаттама жүктемесінің шамадан тыс артуы анықталды. Қаржы саласының барлық кәсіби топтарында кәсіби күйзеліс деңгейі және ұйымдық қолдаудың тапшылығы жоғары болмады. Алайда жұмыстағы қысым деңгейі жоғары екені анықталды. Сонымен қатар, менталдық әл-ауқат пен қабылданатын күйзеліс көрсеткіштері барлық кәсіби топтарда орташа деңгейде байқалды. Интеллектуалдық, эмоциялық, тұлғааралық, азаматтық, ұстамдылыққа қатысты және теологиялық мықты тұстар кәсіби күйзеліс, жұмыстағы қысым, ұйымдық қолдаудың болмауы және қабылданатын күйзеліс көрсеткіштерімен теріс корреляциялық байланыста болды. Интеллектуалдық, эмоциялық, тұлғааралық, азаматтық, ұстамдылыққа қатысты және теологиялық тұлғаның мықты тұстары менталдық әл-ауқат көрсеткішімен оң корреляцияны көрсетті. Тұлғааралық мықты тұстар кәсіби күйзеліс, жұмыстағы қысым және қолдаудың болмауы көрсеткіштерімен жоғары деңгейдегі теріс корреляциямен сипатталды. Эмоциялық мықты тұстар қабылданатын күйзеліс көрсеткішімен ең жоғары деңгейдегі теріс байланысты көрсетті. Теологиялық мықты тұстар психологиялық әл-ауқат көрсеткішімен ең жоғары деңгейдегі оң корреляцияны айқындады. Интеллектуалдық мықты тұстар кәсіби күйзеліс, жұмыстағы қысым және ұйымдық қолдаудың тапшылығы көрсеткіштерін оң бағытта болжады, ал тұлғааралық мықты тұстар аталған көрсеткіштерді теріс бағытта болжады. Менталдық әл-ауқат эмоциялық, тұлғааралық және теологиялық мықты тұстар арқылы оң бағытта болжанды, ал теологиялық мықты тұстар ең күшті оң предиктор болды. Қабылданатын күйзеліс эмоциялық, ұстамдылыққа қатысты және теологиялық мықты тұстар арқылы теріс бағытта болжанды, ал эмоциялық мықты тұстар қабылданатын күйзелістің ең күшті теріс предикторы болды [3]. Қаржы қызметкерлерінде тұлғаның мықты тұстарын өлшеуге арналған VIA-IS-V6 сауалнамасын бейімдеу және валидациялау нәтижелері оның жақсы психометриялық сипаттамаларын көрсетті. Эксплораторлық факторлық талдау жалпы дисперсияның 53%-ын түсіндіретін 4 факторды анықтады: интеллектуалдық, эмоциялық, ұстамдылық және теологиялық факторлар. Конфирматорлық факторлық талдау модельдің деректерге сәйкестігін растады. Алты ізгілік және тұлғаның мықты тұстарының 24 көрсеткіші бойынша α-Кронбах сенімділік коэффициенттері тиісінше 0.94 және 0.90 құрады, бұл ішкі келісімділік сенімділігінің жоғары деңгейін көрсетеді. Мәнді корреляциялық байланыстар VIA-IS-V6 сауалнамасының құрылымдық валидтілігін, соның ішінде конвергенттік және дискриминанттық валидтілігін растайды [4]. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Зерттеудің ғылыми жаңалығы Қазақстанның қаржы секторы контексінде алғаш рет позитивті-психологиялық тәсіл аясында тұлғаның мықты тұстарына кешенді теориялық-эмпирикалық талдау жүргізілуімен айқындалды. Зерттеу нәтижелері тұлғаның мықты тұстарының қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби және қабылданатын күйзелісі, сондай-ақ менталдық әл-ауқаты үшін мәнді психологиялық предикторлар екенін дәлелдеді. Қолданыстағы зерттеулердің көпшілігі тұлғаның мықты тұстарының жекелеген түрлерін немесе ізгіліктерді қарастыруға негізделген болса, осы зерттеуде алғаш рет тұлғаның мықты тұстарының толық спектрінің кәсіби күйзеліс, менталдық әл-ауқат және қабылданатын күйзеліс көрсеткіштерімен байланыстары жүйелі түрде талданды. Алынған эмпирикалық деректер негізінде тұлғаның мықты тұстарының белгілі бір топтары кәсіби күйзеліс, менталдық әл-ауқат және қабылданатын күйзеліс көрсеткіштерінің мәнді предикторлары екені анықталды. Эмоциялық, тұлғааралық, теологиялық және ұстамдылыққа қатысты мықты тұстардың күйзеліс пен менталдық әл-ауқатқа ықпалының біркелкі еместігі айқындалды. Алынған нәтижелердің маңыздылығы тұлғаның мықты тұстарының қызметкерлердің кәсіби стресс-төзімділігін және менталдық әл-ауқатын нығайтатын тұлғаның негізгі ішкі ресурстары ретінде айқындалуымен сипатталады. Зерттеу нәтижелері позитивті психология, стресс психологиясы және менталдық әл-ауқат салаларындағы теориялық-әдіснамалық тәсілдерді кеңейтеді әрі стресс-төзімділіктің детерминанттары мен еңсеру стратегияларын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл нәтижелер қаржы секторы қызметкерлерінде күйзелістің алдын алу және менталдық әл-ауқатты арттыруға бағытталған практикалық бағдарламаларды әзірлеуге ғылыми негіз қалыптастырады. Алынған нәтижелердің практикалық маңыздылығы оларды қызметкерлердің күйзелісті тиімді басқаруы және менталдық әл-ауқатын арттыру мақсатында тұлғаның мықты тұстарына негізделген превентивті бағдарламалар мен coping-стратегияларды (күйзелісті еңсеру стратегияларын) әзірлеуде қолдану мүмкіндігімен айқындалады. Мұндай бағдарламалар жүйелі интервенциялар мен позитивті психология практикалары арқылы психологиялық сүйемелдеу жүйесіне және ұйымның корпоративтік стресс-менеджмент стратегияларына енгізіліп, позитивті, тиімді әрі қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға ықпал ете алады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі: Зерттеу позитивті психологияның, еңбек психологиясының заманауи даму бағыттарына сәйкес келеді және ҚР қызметкерлердің психологиялық стресс-төзімділігін және менталдық әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларының басымдықтарына сәйкес келеді, бұл зерттеу жұмысының ғылыми әрі практикалық маңыздылығын айқындайды. Ол Қазақстан бекіткен БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ), атап айтқанда ТДМ 3: «Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және барлық жастағы адамдардың әл-ауқатына жәрдемдесу» іске асыруға үлес қосады. Ұлттық стратегия аясында бұл 2024 жылғы 30 шілдедегі № 611 қаулымен бекітілген ҚР 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарымен расталады: аталған жоспар азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын және өмір сүру деңгейін арттыруға бағдарланған әрі халықтың менталдық денсаулығын нығайтуға бағытталған шараларды көздейді. Сонымен қатар, салауатты жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылатын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасы аясында қызметкерлердің дене және психологиялық денсаулығын қолдауға бағытталған шараларды қамтиды. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы: 1. Professional and gender differences in job stress: A comparison of economics, finance, and accounting professionals. Journal of Occupational and Environmental Medicine, 2023, 65(10), e648–e653. (Kutebayev, T., Rakhimov, A., Utaliyeva, Z.). Үлес: концептуализациялау, әдіснама, формальды талдау, эмпирикалық зерттеу, мәтін жазу, рецензиялау, редакциялау, визуализациялау, жобаны басқару. 2. Work-related stress among financial professionals: The impact of age, work experience and education. PLoS ONE, 2024, 19(11), e0314169. (Kutebayev, T., Utaliyeva, Z., Sautenkova, M., Aizhanova, G.). Үлес: концептуализациялау, әдіснама, формальды талдау, эмпирикалық зерттеу, бағдарламалық жасақтама, мәтін жазу, рецензиялау, редакциялау, визуализациялау, жобаны басқару. 3. The relationships of character strengths with job stress, mental wellbeing and perceived stress among financial professionals. Frontiers in Psychology, 2025, 16:1629075. (Kutebayev T., Lloyd R.). Үлес: концептуализациялау, әдіснама, формальды талдау, эмпирикалық зерттеу, бағдарламалық жасақтама, ресурстар, валидация, мәтін жазу, рецензиялау, редакциялау, визуализациялау, басқару және жобаны әкімшілендіру. 4. VIA-IS-V6: Валидация және психометриялық қасиеттер сауалнамасының орыс тіліндегі нұсқасын бейімдеу. Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы, Психология сериясы. – Алматы, 2026. – №1 (86). – Б. 10-21. (Кутебаев Т.Ж., Егинбаева А.Е.). Үлес: концептуализациялау, әдіснама, формальды талдау, эмпирикалық зерттеу, бағдарламалық жасақтама, ресурстар, валидация, түпнұсқа мәтінін жазу, рецензиялау, редакциялау, нәтижелерді визуализациялау, басқару және жобаны әкімшілендіру.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=F4AK4ebWBDs
