
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Шакимова Дарияш Дарибаевна «8D03103 – Психология» білім беру бағдарламасы бойынша «Педагогтердің стреске тұрақтылығының психологиялық ерекшеліктері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Психология кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Бердибаева Света Кыдырбековна – психология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы;
Дуанаева Сандугаш Ерубаевна – философия докторы (PhD), М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің жалпы педагогика және психология кафедрасының доценті (Шымкент қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Аяганова Алмагуль Жандильдаевна – психология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Адами ресурстарды басқару институтының HR-әдістемелік секторының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Топанова Гульмира Туяковна – психология бойынша философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің білім беру бағдарламасының көшбасшысы, (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Нишанова Замира Таскараевна – психология ғылымдарының докторы, Ташкент мемлекеттік медицина университетінің профессоры (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Аубакирова Жанат Канашовна – психология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ психология кафедрасының профессор м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Ючел Гелишли – философия докторы (PhD), Гази университетінің профессоры (Анкара, Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 19 қазан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03103 – Психология» білім беру бағдарламасы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3ViD3z
Мекен-жайы: Астана қ., Қаныш Сәтбаев көшесі, 2, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ №1 оқу-әкімшілік ғимараты, 302 дәрісхана.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбы: Педагогтердің стреске тұрақтылығының психологиялық ерекшеліктері Зерттеу мақсаты: Педагогтердің стреске тұрақтылығының психологиялық ерекшеліктерін теориялық және эксперименттік-тәжірибелік зерттеу арқылы айқындау. Зерттеу міндеттері: 1. Педагогтердің стреске тұрақтылығының теориялық-әдіснамалық негіздерін талдау. 2. Педагогтердің стреске тұрақтылығының психологиялық ерекшеліктерін анықтау және олардың өзара байланысына негізделген тұжырымдамалық құрылым әзірлеу. 3. Педагогтердің стреске тұрақтылығының психологиялық ерекшеліктерін эмпирикалық зерттеу. 4. Педагогтердің стреске тұрақтылығын дамытуға арналған психологиялық семинар-тренингтің тиімділігін эксперименттік-тәжірибелік тексеру. Зерттеу әдістері мен әдістемелері. Зерттеу жұмысының барысында қойылған міндеттерді шешу және зерттеу болжамын тексеру үшін келесі әдістер мен әдістемелер қолданылды: 1. Теориялық және практикалық зерттеулерді талдау әдістері. 2. Эмпирикалық деректерді жинау әдістері мен әдістемелері: Педагогтердің стреске тұрақтылығы шкаласы (D.Daniilidou және M. Platsidou), Эмоциялық интеллект шкаласы (N. S. Schutte және т.б.), Эмоциялық реттеу шкаласы (J. J. Gross және O. P. John), Mindful Attention Awareness Scale – MAAS сауалнамасы (K. W. Brown және R. M. Ryan), Психологиялық икемділік шкаласы (F. W. Bond және т.б.)., Педагогтердің өзіндік тиімділігі шкаласы (M. Tschannen-Moran және A. W. Hoy)., Педагогтің кәсіби бірегейлігі шкаласы (D. Beijaard, P. C. Meijer және N. Verloop). 3. Эмпирикалық деректерді өңдеу және талдаудың сандық статистикалық әдістері: дескриптивтік талдау, жолдық талдау (path analysis) әдісі, параметрлік статистикалық әдістер, Кронбахтың α коэффициенті, Пирсонның χ² критерийі. Деректерді өңдеу SPSS 26.0 бағдарламасы арқылы жүзеге асырылды. Қорғауға ұсынылатын қағидалар: 1. Отандық және шетелдік психология ғылымындағы педагогтердің стреске тұрақтылығы ұғымы теориялық тұрғыда негізделді және оның мазмұны мен құрылымы анықталды. 2. Педагогтердің стреске тұрақтылығының психологиялық ерекшеліктерінің тұжырымдамалық құрылымы әзірленіп, оның өзара байланыстары SEM (құрылымдық теңдеулерді модельдеу) әдісі арқылы тексерілді. 3. Педагогтердің стреске тұрақтылығының психологиялық ерекшеліктерін эмпирикалық зерттеу нәтижесінде эмоциялық интеллекттің педагогтердің стреске тұрақтылығы мен психологиялық ерекшеліктері арасындағы медиаторлық рөлі дәлелденді. 4. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес педагогтердің стреске тұрақтылығын дамытуға бағытталған психологиялық семинар-тренингтің тиімділігі расталды. Педагогтердің психологиялық ерекшеліктерін дамытуға бағытталған авторлық бағдарлама және электрондық форматтағы онлайн платформа әзірленіп, білім беру ұйымдарының тәжірибесінде қолдануға ұсынылды. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы 1. Педагогтердің стреске тұрақтылығы ұғымының теориялық-әдіснамалық негіздері жүйеленіп, оның мазмұны мен құрылымы нақтыланды. Педагогтердің стреске тұрақтылығы ұғымы кәсіби іс-әрекет барысында стресс факторларының ықпалын еңсере отырып, эмоциялық өзін-өзі реттеуді жүзеге асыруға, мінез-құлықты икемді әрі саналы ұйымдастыруға, өзіндік тиімділік пен кәсіби бірегейлікті сақтауға, сондай-ақ тұлғалық ресурстарды нәтижелі жұмылдыруға мүмкіндік беретін тұлғаның интегративті психологиялық қасиеті ретінде анықталды. 2. Педагогтердің стреске тұрақтылығының психологиялық ерекшеліктері ретінде эмоциялық интеллект, эмоциялық реттеу, саналылық, психологиялық икемділік, педагогтің өзіндік тиімділігі және кәсіби бірегейлік анықталды. Олардың өзара байланысына негізделген тұжырымдамалық құрылым әзірленіп, жолдық талдау (path analysis) нәтижелері арқылы оның эмпирикалық негізділігі расталды. 3. Эмпирикалық зерттеу нәтижесінде эмоциялық реттеу, саналылық, психологиялық икемділік, педагогтің өзіндік тиімділігі және кәсіби бірегейліктің эмоциялық интеллект пен педагогтердің стреске тұрақтылығының маңызды болжаушылары екені анықталды. Эмоциялық интеллекттің аталған психологиялық ресурстар мен стреске тұрақтылық арасындағы медиаторлық рөлі, сондай-ақ стреске тұрақтылыққа тікелей әсері дәлелденді. Нәтижесінде педагогтердің стреске тұрақтылығы өзара байланысқан тұлғалық және кәсіби ресурстар жүйесінің нәтижесі екені анықталды. 4. Педагогтердің стреске тұрақтылығын дамытуға бағытталған психологиялық семинар-тренингтің тиімділігі эксперименттік-тәжірибелік тұрғыда расталды. Педагогтердің психологиялық ерекшеліктерін дамытуға бағытталған авторлық бағдарлама және электрондық форматтағы онлайн платформа әзірленіп, білім беру ұйымдарының тәжірибесінде қолдануға ұсынылды. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі Зерттеу нәтижелерінің жаңалығы мен маңыздылығы педагогтердің стреске тұрақтылығын жеке психологиялық сипаттама ретінде емес, өзара байланысты психологиялық ерекшеліктер жүйесі ретінде кешенді қарастырумен негізделеді. Зерттеу нәтижесінде: – отандық психологияда алғаш рет педагогтердің стреске тұрақтылығын өзара байланысты психологиялық ерекшеліктер жүйесі ретінде түсіндіретін тұжырымдамалық құрылым әзірленіп, теориялық тұрғыдан негізделді. Бұл тұжырымдамалық құрылым стресс пен копингтің транзакциялық теориясына (Р. Лазарус, С. Фолкман), ресурстарды сақтау теориясына (С. Хобфолл), психологиялық тұрақтылық тұжырымдамасына (А. Мастен, К. Коннор, Дж. Дэвидсон), әлеуметтік-когнитивтік теорияға (А. Бандура), кеңейту және қалыптастыру теориясына (Б. Фредриксон), сондай-ақ қабылдау және міндеттеме теориясына (С. Хейз және т.б.) сүйене отырып әзірленді. Осы теорияларды интеграциялау негізінде эмоциялық интеллект, эмоцияларды реттеу, саналылық, психологиялық икемділік, өзіндік тиімділік және кәсіби бірегейлік педагогтердің стреске тұрақтылығын қамтамасыз ететін қорғаныштық сипаттағы психологиялық ресурстардың біртұтас жүйесі ретінде қарастырылды. Бұл ретте эмоциялық интеллект аталған психологиялық ерекшеліктер мен стреске тұрақтылық арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін негізгі медиаторлық механизм ретінде тұжырымдалып, эмпирикалық тұрғыдан негізделді; – педагогтердің стреске тұрақтылығына ықпал ететін психологиялық ерекшеліктер тікелей және жанама әсер ету жолдары құрылымдық теңдеулерді модельдеу (SEM) негізінде анықталып, эмоциялық интеллектінің медиаторлық рөлі эмпирикалық тұрғыдан дәлелденді. Бұл нәтижелер педагогтердің стреске тұрақтылығының қалыптасу механизмдерін тереңірек түсіндіруге мүмкіндік береді; – Қазақстанның білім беру жүйесі жағдайында педагогтердің стреске тұрақтылығы мен оны қамтамасыз ететін психологиялық ерекшеліктердің өзара байланысы туралы жаңа эмпирикалық деректер алынды, ұсынылған тұжырымдамалық құрылымның сәйкестігі мен валидтілігі бағаланды. Алынған нәтижелер осы бағыттағы кейінгі психологиялық зерттеулерге теориялық және эмпирикалық негіз бола алады; – зерттеу нәтижелері негізінде педагогтердің стреске тұрақтылығын дамытуға бағытталған авторлық психологиялық семинар-тренинг әзірленіп, оның тиімділігі эксперименттік-тәжірибелік жолмен дәлелденді; – педагогтердің стреске тұрақтылығын, саналылығын және эмоциялық интеллектін өздігінен кешенді бағалауға мүмкіндік беретін авторлық диагностикалық онлайн-платформа әзірленді. Платформа педагогтердің психологиялық ресурстарын бағалау және дамыту мақсатында білім беру ұйымдарында, педагог-психологтердің қызметінде, педагогтердің біліктілік арттыру жүйесінде және жоғары оқу орындарындағы психологиялық даярлық үдерісінде қолдануға жарамды. Осылайша, зерттеудің ғылыми жаңалығы педагогтердің стреске тұрақтылығын жеке психологиялық сипаттама ретінде емес, өзара байланысты психологиялық ерекшеліктердің кешенді жүйесі ретінде қарастырумен; осы психологиялық ерекшеліктерді біріктіретін тұжырымдамалық құрылымды әзірлеумен; олардың стреске тұрақтылыққа тікелей және жанама әсер ету жолдарын эмпирикалық анықтаумен; эмоциялық интеллектінің медиаторлық рөлін негіздеумен; сондай-ақ Қазақстанның білім беру жүйесі жағдайында ұсынылған құрылымдық модельдің сәйкестігі мен валидтілігін бағалаумен айқындалады. Алынған нәтижелердің ғылыми маңыздылығы педагогтердің стреске тұрақтылығын түсіндіретін психологиялық механизмдерді жүйелеу, эмоциялық интеллект, эмоцияларды реттеу, саналылық, психологиялық икемділік, өзіндік тиімділік және кәсіби бірегейлік арасындағы өзара байланысты теориялық және эмпирикалық тұрғыдан негіздеу, олардың стреске тұрақтылыққа әсер ету жолдарын нақтылау және Қазақстанның білім беру контексіне қатысты жаңа ғылыми деректер ұсынуымен сипатталады. Алынған нәтижелер педагогтердің стреске тұрақтылығы психологиясы саласындағы кейінгі зерттеулерге теориялық, әдіснамалық және эмпирикалық негіз бола алады. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңыздылығы педагогтердің стреске тұрақтылығын бағалау, дамыту және психологиялық қолдау жұмыстарында қолдануға болатын нақты құралдардың әзірленуімен анықталады. Авторлық психологиялық семинар-тренинг педагогтердің эмоциялық-реттеуші және бейімделу ресурстарын дамытуға бағытталса, диагностикалық онлайн-платформа педагогтердің стреске тұрақтылығын, саналылығын және эмоциялық интеллектін өздігінен кешенді бағалауға мүмкіндік береді. Аталған құралдар білім беру ұйымдарында, педагог-психологтердің қызметінде, педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінде және жоғары оқу орындарындағы психологиялық даярлық үдерісінде пайдаланылуы мүмкін. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертациялық зерттеу Қазақстан Республикасының білім беру сапасын арттыруға, адами капиталды дамытуға және педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайтуға бағытталған мемлекеттік басымдықтарымен сәйкес келеді. Зерттеу Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының, «Педагог мәртебесі туралы» Заңының және «Білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған кәсіптік стандарттың» педагогтердің кәсіби құзыреттілігін үздіксіз дамытуға және кәсіби қызметінің сапасын арттыруға бағытталған негізгі ережелерімен сабақтас. Кәсіптік стандартта педагогтің кәсіби қызметін тиімді жүзеге асыру үшін қажетті жеке тұлғалық құзыреттіліктер қатарында стреске тұрақтылық пен эмоциялық интеллекттің белгіленуі зерттеу тақырыбының өзектілігін айқындайды. Осы тұрғыдан зерттеу педагогтердің стреске тұрақтылығын және онымен байланысты эмоциялық интеллект, өзіндік тиімділік, саналылық сияқты психологиялық ресурстарды ғылыми тұрғыдан зерделеуге бағытталған. Аталған психологиялық ерекшеліктерді анықтау педагогтердің психологиялық саулығы мен кәсіби тұрақтылығын нығайтуға бағытталған кәсіби даму бағдарламалары мен қолдау тетіктерін әзірлеуге ғылыми негіз болады. Осылайша, диссертациялық зерттеу нәтижелері педагогтер, білім беру саласының мамандары, психологтер, жалпы қазақстандық қоғам және болашақ зерттеушілер үшін елеулі ғылыми әрі практикалық маңызға ие. Зерттеу педагогтердің стреске тұрақтылығының психологиялық ерекшеліктері туралы ғылыми түсініктерді кеңейтіп, отандық зерттеулердің эмпирикалық базасын толықтырады. Нәтижелер педагогтердің эмоциялық интеллект, өзіндік тиімділік, саналылық сияқты психологиялық ресурстарының стрестен қорғаныс рөлін түсінуге және кәсіби тұрақтылықты нығайтуға бағытталған тиімді стратегиялар мен бағдарламаларды әзірлеуге негіз болады. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесі Диссертацияның негізгі нәтижелері нөлдік емес импакт-факторы бар және халықаралық деректер базаларында индекстелетін басылымдарда 1 мақала, ҚР ҒЖБМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің тізіміне енгізілген басылымдарда 3 мақала, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар материалдарында 3 мақала түрінде жарияланды. Сонымен қатар 2 авторлық куәлік алынды. Докторант барлық жарияланымдарда бірінші автор ретінде зерттеудің барлық кезеңдеріне толық қатысқан: зерттеу идеясын дамыту, теориялық негіздерін әзірлеу, зерттеу дизайнын құру, эмпирикалық деректерді жинау және талдау, алынған нәтижелерді интерпретациялау, сондай-ақ ғылыми мәтіндерді дайындау және рәсімдеу. Мақалалар тізімі: Нөлдік емес импакт-факторы бар және халықаралық деректер базаларында индекстелетін басылымдарда жарияланған мақала: 1. Professional development training can help teachers to build resistance against teaching associated stress. Cogent Education. 2024, 11(1), Article 2346049. https://doi.org/10.1080/2331186X.2024.2346049. ҚР ҒЖБМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің тізіміне енгізілген басылымдарда жарияланған мақалалар: 2. Assessment of stress resilience and occupational personality characteristics of teachers. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Психология сериясы. 2024, 147(2), 512-524. https://doi.org/10.32523/2616-6895-2024-147-2-512-524. 3. Practical significance of the results of factor analysis for increasing teachers' stress resilience. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. 2025, 153(4), 47-61. https://doi.org/10.32523/3080-1893-2025-153-4-47- 61. 4. Mindfulness and its impact on teachers' stress resilience. Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. 2025, 85(4). https://doi.org/10.51889/2959-5967.2025.85.4.009. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар материалдарында және басқа басылымдарда жарияланған мақалалар 5. Ынтымақтастық - педагогтердің стреске тұрақтылығының предикторы ретінде. «Білім және қоғам синтезі: инновациялар және заманауи аспектілері»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Алматы қ., 1 қараша 2024 ж. - Алматы: ПҒА, 2024. – 326 б. ISBN 978-601-08-4623-4. МРНТИ: 14.01.07. 6. Влияние эмоционального интеллекта на эффективность командной работы. Педагогический диалог. 2025, 51(1). https://doi.org/10.62670/2308-7668.2025.51.1.006. 7. Практики осознанности в формировании стрессоустойчивости педагогов. Научный форум: Педагогика и психология. 2025, 9(100). https://nauchforum.ru/files/2025_09_01_ped/9%28100%29.pdf Авторлық куәліктер: 1. «Mindfulness» практикасы арқылы педагогтердің стреске тұрақтылығын дамыту. ЭЕМ-ге арналған бағдарлама. Авторлық құқық объектісі № 59488, 10 маусым 2025. 2. Педагогтердің стреске тұрақтылығын, саналылығын (mindfulness) және эмоциялық интеллектін кешенді бағалауға арналған SHDD авторлық диагностикалық платформасы. Компьютерлік бағдарлама. Авторлық құқық объектісі № 67363, 11 ақпан 2026. Диссертацияның құрылымы кіріспе, үш тарау, қорытынды және әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады. 22 кесте, 18 сурет берілген. Диссертацияның жалпы көлемі 142 бетті құрайды. Кіріспе бөлімде зерттеудің өзектілігі негізделіп, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны мен пәні, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы айқындалды. Негізгі бөлімде педагогтердің стреске тұрақтылығының теориялық-әдіснамалық негіздері қарастырылып, зерттеу аясындағы негізгі ұғымдар нақтыланды, педагогтердің стреске тұрақтылығының психологиялық ерекшеліктері айқындалып, авторлық тұжырымдамалық құрылым ұсынылды және эмпирикалық, эксперименттік-тәжірибелік зерттеу жүргізіліп, оның нәтижелері талқыланды. Қорытынды бөлімде зерттеудің мақсат, міндеттеріне сәйкес қол жеткізілген негізгі нәтижелер жүйеленіп, солардың негізінде болашақ зерттеулерге арналған ұсыныстар тұжырымдалды. Әдебиеттер тізімі пайдаланылған дереккөздерді қамтып, тиісті стандарттарға сәйкес рәсімделді. Қосымша бөлімде статистикалық деректер мен әдістемелік материалдар ұсынылды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
