
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Шуакбаева Жулдуз Рамазановна «8D01101 – Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы бойынша «Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация «Аlikhаn Bokeikhаn University» ББМ «Педагогика және психология» кафедрасында орындалған.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Рамазанова Динара Жубанышевна - философия докторы (PhD), доцент, жалпы педагогика және білім берудегі менеджмент кафедрасының меңгерушісі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті (Ақтөбе қ., Қазақстан Республикасы);
Дюсенбаева Бибигуль Амангельдиновна – философия докторы (PhD), педагогика кафедрасының аға оқытушысы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Карабалаева Гульмира Таштановна - педагогика ғылымдарының докторы, педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті (Бішкек қаласы, Қырғыз Республикасы);
Умирбекова Акерке Нурланбековна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, «Білім және қоғамдық даму ғылымдары» бөлімшесінің ғалым хатшысы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Жомартова Айсулу Далеловна - философия докторы (PhD), тұлғалық даму және білім беру кафедрасының қауымдастырылған профессоры, «Торайғыров университеті» КеАҚ (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Оспанова Бибигуль Канатовна – философия докторы (PhD), педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі «Шәкәрім университеті» КеАҚ (Семей қ., Қазақстан Республикасы); Калкеева Камарияш Райхановна – педагогика ғылымдарының докторы, педагогика кафедрасының профессоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Южел Гелишли- педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Гази университеті (Анкара қ., Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 11 маусым, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01101 – Педагогика және психология» мамандығы бойынша «8D011 – Педагогика және психология» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3TNSvm
Мекен-жайы: Астана қ., А.Янушкевич көшесі, 6, 106 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): 8D01101 – «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған Шуакбаева Жулдуз Рамазановнаның «Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары» тақырыбындағы диссертациясына АҢДАТПА Зерттеyдің өзектілігі. Қазіргі кезеңде еліміздің білім беру жүйесінде инклюзивті білім беру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалып, оны іске асыруға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Осы шаралардың негізгі мәні ретінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беретін мектептердің оқу үдерісіне кіріктіру арқылы сапалы білім алуға тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталуы қарастырылады. Сонымен қатар, білім беру жүйесін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерде айқындалған қағидаттар мен талаптарға сәйкес орындалады. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығында инклюзивті білім беру «ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуға тең қол жеткізуі үшін жағдай жасау» ретінде айқындалады. Бұл анықтама инклюзивті білім берудің тұлғаға бағдарланған сипатын және педагогикалық үдерісті білім алушының жеке ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастыру қажеттігін нақтылайды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 26 маусымдағы №56-VII ҚРЗ Заңында білім беру ұйымдарының ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту үшін білім беру бағдарламаларын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке даму ерекшеліктері мен әлеуетті мүмкіндіктеріне сәйкес бейімдеуі қажеттігі белгіленген. Бұл норма педагогтің кәсіби қызметінде икемділік, вариативтілік және инклюзивті тәсілдерді қолдану құзыреттілігінің маңыздылығын көрсетеді. Қазақстан Республикасының инклюзивті білім беру саясатының 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында инклюзивті саясаттың барлық білім алушылар үшін олардың физикалық, зияткерлік және эмоционалдық ерекшеліктеріне қарамастан тең жағдайлар мен мүмкіндіктер жасауға бағытталатыны көрсетіледі, ал оның негізі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, баршаға сапалы білім алуға тең қол жеткізу қағидаты болып табылады. Бұл тұжырымдама инклюзивті білім беруді жүйелі, ұзақ мерзімді және құндылықтық бағдарланған үдеріс ретінде қарастырады. Аталған заңнамалық құжаттардың мазмұны болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың қажеттілігін айқындайды. Құжаттарда айқындалған талаптар педагогикалық кадрлардың инклюзивті білім беру үдерісінде кәсіби іс-әрекетті жүзеге асыруға дайындық деңгейін, оқуда қосымша қолдауды қажет ететін білім алушылардың дамуын қамтамасыз ететін психологиялық-педагогикалық, әдістемелік және құндылықтық даярлықтың қалыптасуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыру қазіргі білім беру саясатының стратегиялық міндеттерімен тікелей сабақтас және ғылыми-педагогикалық тұрғыда негіздеуді талап ететін өзекті бағыт болып табылады. XX ғасырдың соңы әлемдік әлеуметтік саясатта білім берудегі интеграцияны қолдау мен кез-келген түрдегі сегрегацияға қарсы күрес үдерісімен сипатталды. Білім беру жүйесінде бұл үдеріс ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім стандарттарының әртүрлі сатыларын меңгеруде тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін жағдайларды жасауға бағытталған тұжырымдамалық қағидаттарды әзірлеу арқылы жүзеге асты. Бүгінде инклюзивті білім беру мәселесі бойынша алыс-жақын шетелдік ғалымдардың зерттеу нәтижелері жинақталып, педагогтердің инклюзивті даярлық феноменін және оны қалыптастыру жағдайларын теориялық тұрғыдан түсінуге белгілі бір ғылыми алғышарттар қалыптастырылды. Атап айтар болсақ, A.C. Armstrong, D. Armstrong, E. Spandagou [1]; D. Goodley, K. Runswick-Cole [2]; J. Rix [3]; J. McLeskey, N.L. Waldron [4]; F. Polat [5]; Н.Н. Малофеев [6]; Н.М. Назарова [7]; Е.И. Пургина [8] және т.б. инклюзивті білім берудің философиялық-әдіснамалық аспектілерін айқындады; K. Goransson, C. Nilholm, K. Karlsson, R.G. Berlach, D.J. Chambers [9] әртүрлі елдердің білім беру жүйелеріндегі инклюзивті үдерістердің тарихи және әлеуметтік детерминанттарына салыстырмалы талдау жүргізді; Sh. Hardiman, S. Guerin, E. Fitzsimons [10]; C. Wendelborg, J. Tossebro [11]; Л.М. Кобрина [12]; Н.М. Назарова [7] ; Н.Н. Малофеев [13] және т.б. жалпы және арнайы білім берудің өзара іс-қимылы мен сабақтастығының бағыттарын айқындады; J. Goodman, M. Hazelkorn, J. Bucholz, M.L. Duffy, Y. Kitta [14]; H. Warming [15] ерте жастағы тәрбие мен оқыту және жалпы білім беру сатыларында инклюзивті білім беруді жүзеге асырудың түрлі аспектілерін талдады. Сондай-ақ, инклюзивті орта жағдайында әртүрлі даму деңгейіндегі балалардың өзара қарым-қатынасын M. Koster, M.E. Timmerman, H. Nakken, S.J. Pijl, E.J. Van Houten [16]; L.S. Soodak [17], инклюзивті сыныптағы тұлғааралық қатынастар мен психологиялық ахуалдың сипатын И.В. Вачков [18], C. Wendelborg, J. Tossebro [11]; M. Schmidt, B. Cagran [19]; Elin M. Hoffman [20]; S. Cаrrington, R. Robinson [21]; M. Nind, Sh. Benjamin, K. Sheehy, J. Collins, K. Hall [22]; Т.В. Кожекина [23]; В.Ц. Цыренов [24] және т.б. қарастырған. Инклюзивті білім беруді қолдау стратегияларын C. Forlin, D. Chambers [25]; S.K. Williams, C. Johnson, D.G. Sukhodolsky [26]; A. Broderick, H. Mehta-Parekh, D. Kim Reid [27]; С.В. Алехина [28]; Е.Н. Кутепова [29]; М.М. Семаго, Е.Л. Агафонова, Н.Я. Семаго, Т.В. Ветер, С.В. Федотова [30] және т.б. зерттесе, педагогтерді, арнайы педагогтерді, педагог-психологтарды инклюзивті білім беру жағдайында қызмет етуге кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттырудың әртүрлі жолдарын J.R. Kim [31]; K. Scorgie [32]; А. De Boer, S.J. Pijl, А. Minnaert [33]; E.E. Kourkoutas, M.R. Xavier [34]; A. Moran [35]; С.В. Алехина [36]; Д.З. Ахметова [37]; О.А. Денисова [38]; Е.Н. Кутепова; Е.А. Мартынова [39], В.Н. Поникарова [40]; Н.А. Романович [41], D.L. Ferguson [42], А. Galkiene [43] және т.б. айқындаған. «Инклюзивті құзыреттілік» ұғымының мәнін анықтап, болашақ педагогтерде қалыптастырудың әдіснамалық және әдістемелік тәсілдерін М.Ю. Айбазова, К.Ю. Лавринец [44]; И.Н. Хафизуллина [45]; B. Cagran, M. Schmidt; А.В. Виневская [46]; О.В. Воробьева [47]; М.Ю. Денисова; А.Д. Гонеев, Е.Г. Самарцева [48] және т.б. қарастырған. Отандық білім беру және педагогикалық ғылымдарда инклюзивті білім беру мәселесі әлеуметтік және мемлекеттік сұраныстың негізінде, соңғы уақытта ерекше назарға ие тақырыптардың бірі болып отыр. Осы бағытта зерттеу жүргізген отандық ғалымдардың еңбектеріне шолу жасайтын болсақ: еліміздегі инклюзивті білім берyді қамтамасыз ететін нормативті-құқықтық құжаттарды Р.А. Сүлейменова [49], инклюзивті білім берy аясына болашақ педагогтерді даярлаy мәселесімен З.А. Мовкебаева [50], П.Ж. Парманкулова [51], жалпы білім беретін орта мектептің оқy үдерісіне ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қосyдың ұйымдастырyшылық-педагогикалық жағдайының ғылыми-әдіснамалық аспектілерін А.А. Байтyрсынова [52], ересектердің инклюзивті білім берy аймағында кәсіби оқытyын ұйымдастырyдың ғылыми-әдістемелік негіздерін А.Қ. Құсайынов, А.Х. Арғынов, Р.А. Жyмаканова [53], ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың психологиялық алғышарттары мен даму ерекшеліктерін, инклюзивті білім беру жағдайында педагогтердің кәсіби даярлық үдерісінің педагогикалық негіздерін И.А. Оралканова [54] және А.К. Оралбекова [55], педагогті инклюзивті білім беру ортасына кәсіби тұрғыдан бейімделуін қамтамасыз ету Б.К. Оспанова [56], жеке білім алу қажеттіліктері бар балаларға білім беру үдерісіне қатысатын арнайы педагогтердің даярлық жүйесін жетілдіруді Б.А. Дюсенбаева [57] зерттеген. «Педагогтың кәсіби құзыреттілігі» ұғымы XX ғасырдың 90-жылдарынан бастап психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде кеңінен қарастырылып келеді. Бірқатар ғалымдар, Е.В. Бондаревская, Е.В. Попова, А.И. Пискунов [58], кәсіби құзыреттілікті мәдениет ұғымымен, Б.С. Гершунский [59] кәсіби білім деңгейімен байланыстырады; Д.М. Гришин [60], Н.В. Кузьмина [61], А.К. Маркова [62], Л.М. Митина [63], А.И. Пискунов [64] сияқты зерттеушілер оны тұлғаның кәсіби қызметінің тиімділігін айқындайтын субъектілік қасиеттерінің бірі ретінде қарастырады; зерттеушілер Т.Г. Браже [65] , Н.И. Запрудский [66] құзыреттілікті білім, білік, дағдылар және кәсіби маңызды жеке қасиеттер жүйесі ретінде сипаттайды. Көзқарастар әртүрлі болғанымен, көптеген ғалымдар педагогтің кәсіби құзыреттілігін жүйелі құбылыс ретінде қарастырады және оны кәсіби қызметті табысты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін күрделі интегративті тұлғалық құрылым деп түсінеді. Жалпы орта мектептегі инклюзивті білім берудің мазмұнын Л.И. Аксенова [67], И.М. Бгажнокова [68], Н.С. Грозная [69], Л.Н. Давыдова [70], Н.Н. Малофеев [13], Н.М. Назарова [7] және т.б. қарастырған. Аталған ғалымдардың ортақ идеясы - интеграция мен инклюзия идеяларын жалпы білім беру мектептеріне кеңінен енгізу көбінесе педагог кадрлардың кәсіби біліктілігіне байланысты, сондықтан болашақ педагогтері даярлау үдерісіне өзгерістер енгізуді талап етеді деген пікір тұжырымдалған. Олай болса, осы тұрғыдан алғанда, болашақ пеагогтердің кәсіби құзыреттілігінің құрамдас бөлігі ретінде инклюзивті құзыреттілікті қалыптастыру мәселесі ерекше мәнге ие. Инклюзивті білім беру мәселесі тұрғысындағы алыс-жақын шетелдік және отандық ғалымдардың тарапынан зерттелген жұмыстарды талдау арқылы біз бұл мәселенің ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттелген, көп бағытты және мемлекеттік тұрғыдан әлеуметтік өзекті сипатта екеніне көз жеткіздік. Сонымен қатар, бұл мәселенің едәуір зерттеліп, зерделенгеніне де көз жеткіздік. Білім беру саласындағы кез-келген мәселе педагогтің құзыреттілігіне байланысты екенін алға тартсақ, біздің зерттеп отырған инклюзивті білім беру мәселесі де осы санаттағы мәселе екендігі дау туғызбайды. Педагогтің инклюзивті құзыреттілігін, жалпы педагогтік құзыреттіліктің құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, оның қалыптасуына жағдай жасау аталмыш мәселенің оңтайлы шешілуіне алғышарт жасайды деген тұжырым жасауға болады. Ал, біз зерделеген зерттеулерде нақты ғылыми мәселе тұрғысында инклюзивті құзыреттілікті жеке кәсіби құндылық ретінде қалыптастыру мәселесі әлі де болса өзінің шешімін таппағанын көрсетті. Осылайша, қазіргі педагогика ғылымы мен білім беру практикасының қазіргі даму бағыттары, яғни ерекше білім алу қажеттіліктері бар оқушыларды қоғамдық ортаға толыққанды қатысуды қамтамасыз етуге бағытталған үдерістер келесідей қарама-қайшылықтардың бар екенін айқындауға негіз болды: білім беру барысында ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды жалпы орта білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие кеңістігіне толыққанды енгізуді көздейтін әлеуметтік сұраныс пен педагогтердің инклюзивті оқытуды жүзеге асыруға жеткіліксіз дайындығы арасындағы қайшылық; білім беру тәжірибесінің инклюзивті құзыреттілігі жоғары деңгейде қалыптасқан білікті мамандарға деген қажеттілігі мен педагогтерді кәсіби даярлаудың инновациялық мазмұның қажеттілігі арасындағы қайшылық; педагогтерді кәсіби даярлау үдерісінің әлеуеттік мүмкіндіктері мен болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттарының жеткіліксіз негізделуі арасындағы қайшылық біздің зерттеу тақырыбымызды «Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық–педагогикалық шарттары» таңдауға негіз болды. Зерттеу мәселесі: Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары қандай? Зерттеyдің мақсаты: Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттарын теориялық тұрғыдан негіздеу, олардың тиімділігін тәжірибе арқылы тексеру. Зерттеyдің нысаны: ЖОО-да болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыру кеңістігі. Зерттеyдің пәні: Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыру үдерісі. Ғылыми болжамы: егер, болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары айқындалса, онда болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыру үдерісінің сапасы артады, себебі болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыруға ықпал ететін, нақтыланған психологиялық-педагогикалық шарттар жүйесі оңтайлы жағдай жасауға мүмкіндік туғызады. Зерттеyдің міндеттері: 1. Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздерін нақтылау. 2. Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттарының ерекшелігін айқындау. 3. Кәсіби даярлық үдерісінде болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары жүйесінің моделін әзірлеу. 4. Кәсіби даярлық үдерісінде болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары жүйесінің моделінің тиімділігін тәжірибе арқылы негіздеу. Зерттеудің жетекші идеясы: Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары жүйесінің оңтайлы моделін ұсыну. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізін келесі тұғырлар құрайды: тұлға мен іс-әрекетті зерттеудегі жүйелілік қағидасына негізделген жалпы ғылыми тәсіл (Б.Г. Ананьев, Б.С. Гершунский, В.И. Загвязинский, В.С. Ильин, Л.Н. Леонтьев, Б.Ф. Ломов, В.А. Сластенин, П.Г. Щедровицкий, А.С. Сулейменова, С.А.Байменова және т.б.); қазіргі субъект-субъектілік өзара іс-қимыл тұжырымдамалары, жеке тұлғаға бағдарланған және дараландыру қағидаларына негізделген көзқарастар (А.Г. Асмолов, Е.В. Бондаревская, Л.Н. Митина, В.Г. Маралов, В.В. Сериков, В.А. Ситаров, В.И. Слободчиков, А.М. Трещев, Ю.И. Турчанинова, Г.Н. Цукерман, Е.А. Крюкова, И.С. Якиманская және т.б.); қалыпты және ерекше білім беру қажеттілігі бар баланың даму заңдылықтарының бірлігі мен дамуындағы оқытудың жетекші рөлін ашатын тұжырымдамалар (Т.А. Власова, Л.С. Выготский, А.Р. Лурия, В.И. Лубовский, Б.Г. Ананьев, Д.Б. Эльконин, Е.Д. Хомская және т.б.); құзыреттілікке бағдарланған білім беру тұжырымдамасы (В.А. Болотов, В.Н. Введенский, И.А. Зимняя, А.А. Пинский, Дж. Равен, В.В. Сериков, И.Д. Фрумин, А.В. Хуторской, М.А. Чошанов, Б.Д. Эльконин, Л.Н. Лиходедова, А.К. Жолдасбекова және т.б.). Зерттеудің көздері: Зерттеy мәселесі бойынша философтардың, психологтар мен педагогтердің еңбектері, ресми материалдар мен құжаттар (Қазақстан Респyбликасының Конститyциясы, Қазақстан Респyбликасының Білім тyралы Заңы, Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, 2022 жылы Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасы, инклюзивті білім берy бағытындағы отандық, алыс- жақын шетелдік ғалымдардың зерттеyлері, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, ЖОО-ның педагогикалық оқy жоспарлары мен білім берy бағдарламалары, халықаралық, респyбликалық және мерзімді басылымдар материалдары). Зерттеy әдістері: Зерттеу жұмысы қойылған мақсат пен міндеттерге сай келетін жүйелі-әдіснамалық тәсіл негізінде жүргізілді. Теориялық деңгейде философиялық, психологиялық, педагогикалық және әдістемелік ғылыми еңбектерге жүйелі талдау жүргізіліп, зерттеліп отырған мәселенің ғылыми негіздері, ұғымдық аппараты мен теориялық тұжырымдары айқындалды. Эмпирикалық деңгейде зерттеу деректерін жинау және нақтылау мақсатында енгізілген бақылау, әңгімелесу, сауалнама және эксперттік бағалау әдістері пайдаланылды. Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігінің қалыптасу динамикасын анықтау мақсатында педагогикалық эксперимент ұйымдастырылып, оның анықтаушы және қалыптастырушы кезеңдері жүзеге асырылды. Зерттеу нәтижелерінің объективтілігі мен ғылыми дәлелділігін қамтамасыз ету мақсатында алынған эмпирикалық деректерге сандық және сапалық талдау жүргізіліп, қорытындылар ғылыми тұрғыда негізделді. Зерттеудің кезеңдері: Зерттеу жұмысы логикалық сабақтастықта бірнеше кезең бойынша жүйелі түрде іске асырылды. Бірінші кезең - бастапқы даярлық кезеңі. Зерттеу тақырыбына байланысты философиялық, психологиялық және педагогикалық еңбектерге кешенді теориялық сараптама жасау, зерттеу мәселесінің ғылыми игерілу деңгейін анықтау осы кезең барысында жүргізілді. Сонымен қатар, зерттеудің негізгі ұғымдары жүйеленіп, мақсаты мен міндеттері нақтыланды, ғылыми болжам тұжырымдалып, зерттеуді жүзеге асырудың бағдарламасы құрылды. Екінші кезең - негізгі кезең. Осы кезең аясында болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігінің қалыптасуын сипаттайтын өлшемдер мен деңгейлік көрсеткіштер айқындалды. Кәсіби даярлық жүйесінде инклюзивті құзыреттілікті дамытуға бағдарланған құрылымдық модель әзірленіп, оның тиімділігі тәжірибелік-эксперименттік зерттеу барысында сынақтан өткізілді. Үшінші кезең - қорытынды кезең. Аталған кезеңде тәжірибелік-эксперименттік зерттеу барысында алынған нәтижелер жан-жақты сарапталып, эмпирикалық деректерге сүйене отырып теориялық тұжырымдар айқындалды. Зерттеудің жетекші идеялары мен негізгі қағидаттары біріздендіріліп, диссертациялық жұмысты рәсімдеу үдерісі толық аяқталды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәні: Зерттеу нәтижелерінің ғылыми жаңалығы төмендегідей сипатталады: алғаш рет болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігінің мәні кәсіби құзыреттіліктің құрамдас интегративті бөлігі ретінде айқындалды; инклюзивті құзыреттіліктің мәні кәсіби құзыреттіліктің құрамдас интегративті бөлігі ретінде шарттары; мазмұны - мотивациялық, когнитивтік, операциялық және рефлексивтік бөліктері, көрсеткіш деңгейлері мен диагностикалық құралдарды анықталды; болашақ педагогтердің инклюзивті құзыретттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары жүйесінің моделі құрастырылды. Жүргізілген ғылыми жұмыстың қорытындылары шарттарды нақылаудың теориялық тұғырнамасын тереңдетуге және мазмұндық тұрғыдан толықтыруға мүмкіндік жасалды. Кәсіби педагогикалық білім берудің теориялық-әдістемелік негіздерінің түсініктік-терминологиялық базасы «болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігі» ұғымы, құбылыстың мазмұндық сипаттамасы, құрылымдық компоненттері, қалыптасу өлшемдері мен деңгейлік көрсеткіштері ғылыми негізде айқындалды. Қалыптастырылған әдіснамалық алғышарттары, теориялық тұжырымдары педагог кадрларды инклюзивті білім беру кеңістігінде инклюзивті құзыреттілікті қалыптастыру мәселесін тереңдетіп қарастыруға негіздеме жасалды. Зерттеудің практикалық мәні: Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңыздылығы болашақ педагогтердің кәсіби білім беру жағдайында инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыру моделінің және педагогикалық бағыттағы білім алушыларға арналған «Инклюзивті білім беру» оқу-әдістемелік құралының әзірленуі, олардың тәжірибелік-эксперименттік жолмен тиімділігінің дәлелденуімен сипатталады. Зерттеу үдерісінде әзірленіп, тәжірибеде тексерілген диагностикалық құралдар жиынтығы жоғары оқу орындарының оқытушыларына болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігінің қалыптасу дәрежесін бағалауға мүмкіндік берді. Педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орны білім алушыларының инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған, тәжірибеде тексерілген оқу-әдістемелік кешендер әлеуметтік-педагогикалық білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру, оқу курстарын және педагогикалық іс-тәжірибелерді жоспарлауда қолдануға болады. Қорғаyға ұсынылған қағидалар: 1. Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың нақтыланған теориялық-әдіснамалық негіздері аясында, зерттеудің негізгі ұғымдары ұсынылады. Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігі - педагогтің ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту және тәрбиелеу үдерісінде олардың жеке қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, тең жағдай жасауға бағытталған кәсіби және тұлғалық дайындығын тиімді жүзеге асыра алуын сипаттайтын тұлғаның кешенді кәсіби сапасы деп анықтама нақтыланды. Айқындалған инклюзивті білім берудің әлеуметтік-педагогикалық феномен ретіндегі мәні, педагогикалық бағытта даярланатын білім алушылардың инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыруда жоғары оқу орнының білім беру ортасының әлеуеті. Анықталған болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігі өзара байланысқан мотивациялық, когнитивтік, операциялық және рефлексивтік компоненттері, көрсеткіш деңгейлері мен диагностикалық құралдары. 2. Айқындалған болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары олардың инклюзивті құзыреттілігінің мазмұны, құрылымдық компоненттері, тетіктері мен қалыптасу өлшемдері. Қарастырылған болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігінің қалыптасу критерийлері ретінде мотивациялық, когнитивтік, операциялық және рефлексивтік компоненттері. Мотивациялық компонент инклюзивті білім берудің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін кәсіби мотивациялар жүйесінің қалыптасуымен сипатталады. Когнитивтік компонент баршаға қолжетімді білім беруді тиімді ұйымдастыру үшін қажетті теориялық білімдер жүйесінің және оларды танымдық қызмет барысында қолдану тәжірибесінің қалыптасуымен ерекшеленеді. Операциялық компонент білім алушылардың ерекше қажеттіліктерін ескере отырып оқыту жағдайында кәсіби-педагогикалық мәселелерді шешудің тиімді тәсілдерін игеру дәрежесін және кәсіби іс-әрекетті жүзеге асыру тәжірибесін құрайды. Рефлексивтік компонент педагогикалық бағыттағы жоғарғы оқу орны білім алушыларының баршаға қолжетімді білім беру қызметіне дайындығы барысында оқу-танымдық, квазикәсіби және тікелей кәсіби іс-әрекет үдерісінде өзіндік талдау мен рефлексия жүргізе алу қабілетін көрсетеді. Белгіленген өлшемдерге сүйене отырып, болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігінің қалыптастыру дәрежесі төмен, орташа және жоғары деңгейлерге жіктелді. 3. Кәсіби даярлық үдерісінде әзірленген болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін табысты қалыптастыруға ықпал ететін психологиялық-педагогикалық шарттары жүйесінің моделі. 4. Кәсіби даярлық үдерісінде болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары жүйесінің моделінің тиімділігінің тәжірибе арқылы тексерілген нәтижелері. Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі. Теориялық, әдіснамалық және әдістемелік тұрғыда дәлелденyімен, зерттеy жұмысының мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестігімен, әдістер кешенін пайдаланyмен, зерттеy деректерінің дәлелділігімен, тәжірибелік-эксперименттік зерттеy жұмысының жоспарлы кезеңділігімен, бастапқы және соңғы көрсеткіштер нәтижелерінің қорытындыланyы, әдістемелік жұмыс нәтижелерінің тиімділігімен, олардың оқy-тәрбие үдерісіне ендірілyімен қамтамасыз етілген. Зерттеудің базасы: Абай облысы, Семей қаласы, «Аlikhan Bokeikhan University» ББМ, гуманитарлық факультетінің педагогикалық бағытта білім алатын студенттері. Зерттеу нәтижелерінің талқылануы мен жүзеге асырылуы. Зерттеy нәтижелері бойынша – ғылыми еңбек, соның ішінде: 4 - ҚР БҒМ БҒСБК ұсынған ғылыми басылымдарда, 1 - Scopus деректер базасына кіретін журналдарда және 7 - халықаралық конференция материалдарында, оның ішінде 2 - шетелдік конференция материалдарында жарияланды. Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық зерттеу жұмысы құрылымдық тұрғыдан кіріспені, үш бөлімді, қорытындыны, қолданылған әдебиеттер тізімін және қосымшаларды қамтиды. Кіріспеде зерттеyдің өзектілігі негізделіп, мақсаты мен міндеттері, зерттеyдің нысаны мен пәні, болжамы, әдіснамалық негіздері, әдістері мен негізгі кезеңдері, теориялық және практикалық маңыздылығы, ғылыми жаңалығы анықталды және қорғаyға ұсынылатын тұжырымдар мен қағидалар айкындалып, зерттеy барысында қолданылған әдіс-тәсілдер сипатталды. «Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздері» тақырыбындағы бірінші бөлімде инклюзивті білім беру әлеуметтік-педагогикалық феномен ретінде қарастырылып, оның мәні мен қазіргі білім беру жүйесіндегі орны талданды. «Инклюзия», «инклюзивті білім беру», «инклюзивті орта», «инклюзивті құзыреттілік» ұғымдарының мазмұны нақтыланып, жоғары оқу орнының білім беру кеңістігі болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыру үдерісіндегі маңызды педагогикалық ортасы ретінде сипатталып, оның әлеуеті айқындалды. «Жоғары оқу орны кеңістігінде болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың шарттары» бөлімінде инклюзивті құзыреттілікті қалыптастырудың мазмұны, оны бағалау тетіктері мен өлшемдері, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық шарттары жүйесінің моделі қарастырылды. Бөлімде ұсынылған модель мен анықталған шарттар жоғары оқу орны жағдайында болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін тиімді қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негізі ретінде сипатталды. «Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыруды тәжірибе арқылы тексеру» атты үшінші бөлімде болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігінің бастапқы деңгейі анықталып, олардың даярлық көрсеткіштері диагностикаланды. Болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары жүйесінің моделі жүзеге асырылды, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелері талданып, қорытындыланды. Қорытындыда зерттеy барысында алынған жұмыстардың қорытындысы бойынша тұжырымдар мен нәтижелері ұсынылып, ғылыми әдістемелік ұсыныстар берілді. Пайдаланылған әдебиеттер тізімінде зерттеy барысында талданған философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттер мен нормативтік құжаттар тізімі берілген. Қосымшада зерттеy барысында пайдаланылған материалдар жиынтығы беріледі. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: Зерттеу нәтижесінде болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары жүйесінің моделі теориялық тұрғыдан негізделіп, тәжірибелік-эксперименттік жолмен тиімділігі дәлелденді. Инклюзивті құзыреттіліктің мотивациялық, когнитивтік, операциялық және рефлексивтік компоненттері нақтыланып, олардың қалыптасу тетіктері мен өзара байланысы айқындалды, сондай-ақ критерийлер, көрсеткіштер және деңгейлік сипаттамалар жүйеленіп, диагностикалық құралдар әзірленді. Психологиялық-педагогикалық шарттар жүйесі тұлғаға бағдарланған, құзыреттілікке негізделген және субъект-субъектілік өзара әрекет қағидаттары негізінде ғылыми тұрғыда негізделіп, оқу-әдістемелік қамтамасыз ету кешенімен толықтырылды. Тәжірибелік зерттеу нәтижелері барлық компоненттер бойынша оң динамиканы көрсетіп, ұсынылған модель мен шарттардың болашақ педагогтердің инклюзивті білім беру жағдайындағы кәсіби даярлығын арттырудағы тиімділігін растады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі: Зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарымен және қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарымен толық үйлеседі. Атап айтқанда, олар ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы №348 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру стандарттарындағы тең қолжетімділік қағидаттарын және 2021 жылғы заңнамалық өзгерістерде көрсетілген білім алушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімдеу талаптарын жүзеге асырумен сабақтас келеді. Зерттеу 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті білім беру тұжырымдамасының негізгі бағыттарына сәйкес келіп, болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыруды педагог кадрларды кәсіби даярлауды жетілдірудің маңызды бағыты ретінде негіздейді. Нәтижесінде, жұмыс құзыреттілікке бағдарланған білім беру парадигмасымен үйлесіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларға тең жағдай жасауға және педагогтердің кәсіби қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми және практикалық тұжырымдар ұсынады. Ізденушінің әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы: Диссертациялық зерттеу аясында жарияланған ғылыми еңбектердің барлығы ізденушінің тікелей қатысуымен орындалып, барлық мақалаларда бірінші автор ретінде ұсынылуы диссертациялық жұмыстың негізгі ғылыми нәтижелерінің дербес алынғанын дәлелдейді. Бұл зерттеудің тұжырымдамалық идеялары, теориялық негіздері мен эмпирикалық қорытындыларының авторлық сипатта қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен қатар, Scopus базасындағы басылымда бірінші және корреспондент-автор мәртебесіне ие болуы диссертациялық нәтижелердің халықаралық деңгейде мойындалуын және олардың ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығының жоғары екенін айқындайды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=YBpiF9UztZM
