
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Шайхымуратова Индира Берикхановна «8D01801 – Әлеуметтік педагогика» білім беру бағдарламасы бойынша «Студенттік ортадағы әлеуметтік остракизмді педагогикалық алдын-алу» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Педагогика» кафедрасында орындалған.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Махадиева Асем Қаратаевна – философия ғылымдарының докторы (PhD), Шымкент университетінің Педагогика кафедрасының аға оқытушысы (Шымкент қ., Қазақстан Республикасы).
Алгожаева Нурсулу Сеиткеримовна – педагогика ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі, Педагогика ғылымдары академиясының академигі, профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы)
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Халикова Лилия Рашитовна – педагогика ғылымдарының кандидаты, М. Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің Психология кафедрасының ЖАК доценті (Уфа қ., Ресей Федерациясы).
Танирбергенова Анар Шынболатовна – педагогика ғылымдарының кандидаты, ғылым және коммерцияландыру бөлімінің басшысы, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Орынбекова Айнур Саматқызы – философия ғылымдарының докторы (PhD), КеАҚ Шәкәрім университетінің Тілдік коммуникация кафедрасының аға оқытушысы (Семей қ., Қазақстан Республикасы)
Ғылыми кеңесшілері:
Асылбекова Марзия Пазиловна – педагогика ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Педагогика кафедрасының меңгерушісі, профессор Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Танер Атмаджа – философия ғылымдарының докторы (PhD), Дөздже университетінің қауымдастырылған профессоры (Түркия мемлекеті, Дөздже қаласы)
Қорғау 2026 жылғы 28 тамыз, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01801 – «Әлеуметтік педагогика» білім беру бағдарламасы бойынша «8D011 – Педагогика және психология» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3UruBa
Мекен-жайы: Астана қ., А.Янушкевич көшесі, 6, 106 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеу қазіргі жоғары білім беру жүйесінде студенттердің өзін-өзі бағалауы мен әлеуметтік бейімделуіне қатер төндіретін әлеуметтік остракизм құбылысын педагогикалық тұрғыда алдын алудың теориялық-әдіснамалық және тәжірибелік негіздерін айқындаумен байланысты. Цифрлық өзгерістер мен әлеуметтік үдерістердің күрделене түсуі, білім беру ортасындағы қарым-қатынастың алуан түрлі формаларға ие болуы студенттік ортада тұлғаны елемеу, оқшаулау, топтан шеттету сияқты жасырын, латентті көріністердің артуына алып келеді. Мұндай жағдайда жоғары оқу орны студентке білім беруші ғана емес, оның тиесілілік сезімін, эмпатиясын, толерантты қарым-қатынас мәдениетін және психологиялық тұрақтылығын қалыптастыратын әлеуметтік-педагогикалық орта ретінде де қарастырылуы тиіс. Зерттеу тақырыбының өзектілігі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» (2007ж.), «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» (2015ж.) Заңдарымен, Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауымен (2019ж.), балаларды зиянды ақпараттан қорғау (2018ж.) және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы (2009ж.) туралы Заңдармен, Оқу-ағарту министрінің буллингтің профилактикасы қағидаларын бекіту туралы бұйрығымен (2022ж.), сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын бекіту туралы бұйрығымен (№123, 26.05.2025ж.) сабақтас. Аталған құжаттар жоғары оқу орындарында студенттердің психологиялық қауіпсіздігін, толерантты қарым-қатынас мәдениетін және инклюзивті ортаны қалыптастыруды талап етеді. Зерттеудің мақсаты – студенттік ортадағы әлеуметтік остракизмді педагогикалық алдын алудың теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындау және оның әдістемесін жасау. Зерттеу нысаны – жоғары оқу орнындағы педагогикалық үдеріс. Зерттеу пәні – студенттік ортадағы әлеуметтік остракизмді педагогикалық алдын алу. Зерттеудің ғылыми болжамы мынадай тұжырымға негізделді: егер студенттік ортадағы әлеуметтік остракизмді алдын алудың теориялық-әдіснамалық негіздері айқындалса, құрылымдық-мазмұндық моделі және оны жүзеге асырудың кешенді әдістемесі әзірленіп ЖОО тәжірибесіне ендірілсе, онда студенттер арасында әлеуметтік остракизм деңгейі төмендейді, өйткені бұл студенттер арасында психологиялық жайлы ортаны құруға оң ықпал етеді. Зерттеу міндеттері: студенттік ортадағы әлеуметтік остракизмді педагогикалық алдын алудың теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындау; оның педагогикалық шарттарын айқындау; құрылымдық-мазмұндық моделін әзірлеу; моделі мен кешенді әдістемесінің тиімділігін тәжірибелік-эксперимент жүзінде тексеру және әдістемелік ұсыныстар дайындау. Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізін K.D. Williams ұсынған остракизм жағдайында бұзылған қажеттіліктердің уақытша моделі, Р. Баумайстер мен М. Лиридің тиесілілікке қажеттілік теориясы, сондай-ақ жүйелілік, тұлғалық-бағдарлық, іс-әрекеттік, аксиологиялық, синергетикалық, коммуникативтік-құзыреттілік, психоэмоционалды қолдау және әлеуметтік бағытталу тұғырлары құрайды. Бұл тұғырлар әлеуметтік остракизмді жеке психологиялық симптом емес, студенттің ішкі күйі мен білім беру ортасының өзара ықпалдасуынан туындайтын кешенді әлеуметтік-педагогикалық құбылыс ретінде қарастыруға мүмкіндік берді. Зерттеу барысында теориялық (ғылыми әдебиетті талдау, салыстыру, модельдеу), эмпирикалық (педагогикалық эксперимент, бақылау, әңгімелесу, сауалнама және тестілеу, фокус-топтармен жұмыс, сараптамалық бағалау, оқу бағдарламаларының мазмұнын талдау) және статистикалық (SPSS Statistics 29.0 негізінде сипаттамалық статистика, Спирмен корреляциясы, Манн-Уитни U-критерийі, Пирсонның χ² критерийі) әдістер қолданылды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы төмендегідей нәтижелермен сипатталады. Біріншіден, студенттік ортадағы әлеуметтік остракизм тұтас педагогикалық алдын алу нысаны ретінде қарастырылды. Екіншіден, оның құрылымдық-мазмұндық моделі (когнитивтік, эмоционалды-құндылықтық, мінез-құлықтық-рефлексивтік компоненттер) әзірленді. Үшіншіден, педагогикалық алдын алу шарттары негізделді. Төртіншіден, кешенді әдістеменің тиімділігі тәжірибелік-эксперимент арқылы дәлелденді. Бесіншіден, әлеуметтік остракизмнің психологиялық предикторлары мен қорғаныс факторлары нақтыланды. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар: студенттік ортадағы әлеуметтік остракизмнің педагогикалық алдын-алудың теориялық-әдіснамалық негіздері; оның педагогикалық шарттары; құрылымдық-мазмұндық моделі; сондай-ақ осы модель мен кешенді әдістеменің тиімділігін дәлелдейтін тәжірибелік-эксперимент нәтижелері. Зерттеу нәтижелері тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында тексерілді. Эксперимент Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (эксперименттік топ) мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің (бақылау тобы) базасында жүргізілді, барлығы 204 студент қатысты (119 және 85). Анықтау кезеңінде екі топтың бастапқы көрсеткіштері салыстырмалы түрде жақын болғаны анықталды. Қалыптастыру кезеңінде 5 кредиттік элективті курс және 12 сабақтан тұратын тренингтік бағдарлама тек эксперименттік топта жүзеге асырылды. Қорытынды диагностика эксперименттік топта остракизм, жалғыздық және фрустрацияның жоғары деңгейінің төмендеуін (мысалы, остракизм бойынша 21%-дан 14%-ға), ал эмпатия мен моральдық бағдардың жоғары деңгейінің артуын көрсетті; бақылау тобында өзгерістер 1-2 пайыздық тармақ шегінде қалды. Корреляциялық талдау остракизмнің жалғыздықпен (ρ=0,522) және фрустрациямен (ρ=0,437) оң, эмпатиямен (ρ=-0,341) кері байланыста екенін дәлелдеді. Зерттеудің теориялық маңыздылығы әлеуметтік остракизм мәселесінің педагогикалық ғылымда арнайы зерттеу нысаны ретінде негізделуімен, оның құрылымы мен педагогикалық шарттарының нақтылануымен айқындалады. Практикалық маңыздылығы зерттеу нәтижелері негізінде «Әлеуметтік остракизмнің алдын алу» элективті курсының (5 кредит, 150 сағат), тренингтік бағдарламаның, диагностикалық кешен мен әдістемелік ұсыныстардың әзірленуімен сипатталады. Бұл материалдарды жоғары оқу орындарының тәрбие жұмысы, эдвайзерлік және психологиялық қызмет тәжірибесінде пайдалануға болады. Диссертация тақырыбы бойынша 15 ғылыми еңбек жарияланды. Оның ішінде 2 мақала Web of Science және Scopus базаларына кіретін шетелдік басылымдарда («Hidden Wounds: Unveiling the Impact of Social Ostracism and Bullying in University Life» // Cogent Education, 2024, т.11; «Social Ostracism and Bullying Among Social Pedagogy and Pedagogy-Psychology Students» // Emerging Science Journal, 2025, т.9), 2 мақала ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымдарда, 1 мақала Ресейдің ғылыми дәйексөз индексіне (РИНЦ) кіретін басылымда, 10 мақала халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен шетелдік журналдарда жарық көрді. Сонымен қатар 1 терминологиялық сөздік және «Балаларға қатысты буллингтің алдын алу» тренингтер жинағының 1 бөлімі дайындалды. Докторанттың жарияланымдарды дайындаудағы үлесі зерттеу тақырыбын ғылыми негіздеу, эмпирикалық деректерді жинау мен өңдеу, нәтижелерді ғылыми мақала түрінде рәсімдеу және оларды халықаралық әрі отандық ғылыми кеңістікте апробациялау арқылы сипатталады. «Social Ostracism and Bullying Among Social Pedagogy and Pedagogy-Psychology Students» мақаласында (Emerging Science Journal) докторант бірінші автор ретінде зерттеу дизайнын, эмпирикалық деректерді жинау мен талдау жұмысын және мақаланы рәсімдеуді жүзеге асырды. «Hidden Wounds: Unveiling the Impact of Social Ostracism and Bullying in University Life (Evidence from Kazakhstan and Türkiye)» мақаласында (Cogent Education) ғылыми кеңесшілерімен (М.П. Асылбекова, Т. Атмаджа) және Т.С. Сламбековамен бірлесіп, Қазақстан мен Түркия студенттері арасындағы остракизм мен буллингтің салыстырмалы талдауына үлес қосты. Жалпы алғанда, диссертациялық зерттеу студенттік ортадағы әлеуметтік остракизмді педагогикалық алдын алу теориясы мен практикасын толықтырып, жоғары білім беру жүйесінде студенттердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми-әдістемелік негіз ұсынады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
