
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тлеумагамбетова Данара Шайкуалиевна «8D01511 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша «Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің теориялық-практикалық негіздері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Информатика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Хамзина Ботагоз Еркеновна– педагогика ғылымдарының докторы, доцент, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, «Физика және химия» кафедрасының профессор міндетін атқарушы (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы).
Жайдакбаева Ляззат Куандыковна– педагогика ғылымдарының кандидаты, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Информатика кафедрасының меңгерушісі (Шымкент қаласы, Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Шадиев Рустам Нарзикулович - философия докторы (PhD), профессор, Чжэцзян университеті, Педагогикалық колледжінің профессоры (Ханчжоу қаласы, Қытай Халық Республикасы).
Мукашева Манаргуль Умирзаковна– педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Білім беруді цифрландыруды дамыту орталығының жетекші ғылыми қызметкері (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы);
Токжигитова Нургуль Каирбаевна – философия докторы (PhD), «Computer science» факультетінің қауымдастырылған профессоры, Торайғыров университеті (Павлодар қаласы, Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Серік Меруерт – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Информатика» кафедрасының профессоры (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы)
Ярослав Култан – философия докторы (PhD), Братислава экономикалық университеті, «Қолданбалы информатика» кафедрасының профессоры (Братислава қаласы, Словакия Республикасы)
Қорғау 2025 жылғы 10 желтоқсан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01511 – Информатика» мамандығы бойынша «8D015 – Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surli.cc/ijyxee
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес ақпараттық қауіпсіздік саласындағы басым бағыттардың бірі - цифрлық экономика мен қоғамның дамуына байланысты ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын арттыру. Тұжырымдамада ақпараттық қауіпсіздік саласында білікті мамандарды даярлауға, олардың біліктілігін арттыруға және инновациялық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылады. Бұл бағытта жоғары оқу орындарында ақпараттық қауіпсіздік бойынша оқу бағдарламаларын жетілдіру, практикалық дағдыларды қалыптастыратын оқу әдістерін енгізу және бұлттық технологиялар, киберқауіпсіздік симуляциялары, виртуалды лабораториялар сияқты заманауи құралдарды пайдалану арқылы білім берудің сапасын көтеру көзделеді. Цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің қоғам өмірінің барлық салаларына белсенді енгізілуіне байланысты ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігі күннен-күнге артып келе жатқандығын байқаймыз. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес білім беру жүйесінің стратегиялық міндеттерінің бірі цифрлық экономиканың қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келетін және ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша құзыреті жоғары кадрларды даярлау болып табылады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы бойынша дербес деректерді қорғауды күшейту, цифрлық технологияларды реттеу және ақпараттық қауіпсіздік шараларын жетілдіру мәселелеріне баса назар аударылған. Аталған Заңда жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салынып, цифрлық майнинг қызметін құқықтық реттеу және ақпараттық қауіпсіздік саласында зерттеушілермен ынтымақтастықты арттыру бойынша нақты тетіктер ұсынылған. Осы Заң шеңберінде білім беру жүйесінің цифрлық трансформациялануы мен ақпараттық қауіпсіздіктің талаптарына сай педагог кадрларды даярлауды күшейту қажеттілігі ерекше мәнге ие болып отыр. Осыған қосымша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 20 наурыздағы №145 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын бекіту туралы Жарлығында да ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ұлттық саясаттың негізгі бағдарларын айқындайды. Доктринада ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі мен егемендігін сақтау, ақпараттық технологияларды басқару және деректерді қорғау мәдениетін қалыптастыру - мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалған. Мұнда білім беру жүйесінде ақпараттық қауіпсіздік бойынша құзыреттілікті қалыптастырудың қажеттілігі ерекше көрсетілген. Сонымен қатар, 2022 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында да бірқатар нормативтік-құқықтық актілер жаңартылып, білім беру мекемелерінде цифрлық сауаттылық пен ақпараттық қауіпсіздікке үйрету мазмұны нақты тетіктермен қамтамасыз етілді. Аталған Заң ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеру, электронды ресурстарды қауіпсіз қолдану және дербес деректерді қорғау салаларында педагогтер мен болашақ мамандардың даярлығын жетілдіруге бағытталған. Осы нормативтік негіздер мен стратегиялық құжаттар зерттеуіміздің өзектілігін дәлелдей отырып, болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлаудың теориялық-әдіснамалық тұғырларын қалыптастыруға және практикалық оқыту тетіктерін тиімді ұйымдастыруға ғылыми-тәжірибелік негіз болады. Болашақ информатика мұғалімдердіңің даярлығын ақпараттық қауіпсіздік саласында жүзеге асырудың теориясы мен практикасын зерттеу барысында деректерді қорғау әдістері, киберқауіпсіздік негіздері, ақпараттық қауіпсіздікте машиналық оқыту алгоритмдерін қолдану, ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету технологияларын қолдану арқылы мәселені қою және шешу үшін қажетті білім қоры қарастырылады. Кибершабуылдар, деректердің бұзылуы және желідегі алаяқтық сияқты ақпараттық қауіпсіздіктегі қауіп-қатерлердің көбеюі цифрлық кеңістіктің барлық қатысушыларынан, соның ішінде болашақ информатика мұғалімдердіңің ақпараттық қауіпсіздік бойынша құзыреттіліктің жоғары деңгейін талап етеді. Алайда, болашақ информатика мұғалімдердіңе арналған заманауи білім беру бағдарламалары көбінесе ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жеткілікті назар аудармайды, ал ол сәйкесінше мұғалімдердің тиісті білімін, дағдыларын қалыптастыруға жүйелі көзқарастың болмауына әкеледі және де мектеп бағдарламасына осы мәселелерді енгізуді көздейтін мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптарына қарамастан, студенттердің киберқауіпсіздік негіздерін үйретуге даярлығын төмендетеді. Информатика мұғалімдері ақпараттық қауіпсіздікке байланысты саланы өздері түсініп қана қоймай, сонымен қатар студенттерге цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыра отырып, білімді тиімді түрде беруі керек. Ақпараттық технологиялар мен кибершабуыл әдістерінің қарқынды дамуы болашақ мұғалімдерді даярлау мазмұнын үнемі жаңартып отыруды, сондай-ақ кибершабуылдарды модельдеу, виртуалды зертханалар мен тәжірибеге бағытталған тапсырмаларды пайдалану сияқты инновациялық оқыту әдістерін енгізуді талап етеді. Информатика мұғалімдері өскелең ұрпақтың цифрлық сауаттылығын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады және олардың ақпараттық қауіпсіздік саласындағы даярлығы студенттердің Интернеттегі қауіпсіздік деңгейіне тікелей әсер етеді. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қолданыстағы зерттеулерге қарамастан, осы саладағы болашақ информатика мұғалімдердің даярлау мәселелері жеткілікті зерттелмеген күйінде қалғанын ескере отырып, білім беру процесін жетілдіру үшін жаңа теориялық тәсілдерді, әдістемелер мен практикалық ұсыныстарды әзірлеуді талап етеді. Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлаудың теориялық негіздері мен олардың ақпараттық қауіпсіздік саласындағы құзыреттеріне қойылатын практикалық талаптардың арасындағы сәйкессіздіктердің нәтижесінде қарама-қайшылықтар анықталды. Қарама-қайшылықтарды шешу қажеттігі және оның маңыздылығы, қазіргі білім беру мен жалпы қоғамды ақпараттандырудың процестері мен талаптарына жауап беретін, болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлауды жетілдірудің нәтижелі тәсілдерін анықтаумен айқындалатын зерттеудің ғылыми мәселесін тұжырымдауға мүмкіндік берді. Мәселенің өзектілігі зерттеу тақырыбын келесідей айқындауға мүмкіндік берді: «Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің теориялық-практикалық негіздері». Зерттеудің нысаны: жоғары оқу орындарының оқу процесі. Зерттеудің пәні: жоғары оқу орындарында болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдіру процесі. Зерттеудің мақсаты: Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің теориялық негіздерін анықтау және практикалық жүзеге асыру. Зерттеудің ғылми болжамы: егер, жоғары оқу орнының оқу процесінде болашақ информатика мұғалімдерін даярлауда ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заманауи технологиялар мен әдістер негізінде білім алушылардың даярлығы теориялық-практикалық түрде жетілдірілсе, онда жоғары оқу орнының білім алушыларының заманауи тұрғыда ақпараттық қауіпсіздік бойынша кәсіби құзыреттіліктері артар еді, өйткені білім алушылардың ақпараттық қауіпсіздік саласында хэштеу, сигналдарды анықтау мен бұғаттауды және машиналық оқыту негізінде деректерді қорғау, қауіп-қатерлерді алдын-алуды игерген мамандардың даярлануы талап етіледі. Зерттеудің міндеттері: - Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің теориялық негіздерін анықтау: - ақпараттық қауіпсіздік бойынша жоғары оқу орнының студенттерінің даярлықтарының жағдайын талдау және саралау; - ақпараттық қауіпсіздік бойынша болашақ информатика мұғалімдердің даярлауды жетілдіруде қолданылатын технологиялық қосымшалар кешенін машиналық оқыту негізінде анықтау және жүйелеу; - болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің теориялық-практикалық негіздерінің моделін машиналық оқыту алгоритмдері мен әдістерін қолдану негізінде құру; - Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің практикалық негіздерін анықтау: - ақпараттық қауіпсіздік бойынша болашақ информатика мұғалімдердің даярлауды жетілдірудің оқу-әдістемелік қамтамасын әзірлеу; - болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдіруде машиналық оқыту алгоритмдерін қолдану негіздерін анықтау. - Жоғары оқу орнында болашақ информатика мұғалімдердіңің даярлықтарын жетілдіруде қолданылатын ақпараттық білім порталын құру. - Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарын жүргізу және нәтижелерін талдау. Зерттеудің жетекші идеясы: Ақпараттық қауіпсіздік бойынша болашақ информатика мұғалімдердің даярлауды жетілдіру кәсіби құзыреттіліктерді қалыптастырудың заманауи тәсілдерін, ақпаратты қорғаудың инновациялық технологияларын қолдануды және педагогтерде цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тұрақты дағдыларын қалыптастыру үшін жағдайлар жасауды біріктіретін оқытудың теориялық-практикалық жүйесін әзірлеу және енгізу. Бұл білім беру және цифрлық ортаның өзекті талаптарына сәйкес келетін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: Зерттеу заманауи педагогика тұжырымдамаларына, ақпараттық қауіпсіздік теориясына және цифрлық білім беру принциптеріне негізделген. Зерттеу болашақ мұғалімдердің ақпаратты қорғау саласындағы қажетті білім, білік пен дағдыларды қалыптастыруға бағытталған құзыреттілік тәсілге негізделген. Жүйелік тәсіл болашақ информатика мұғалімдердің даярлауды жетілдіру процесін ақпараттық қауіпсіздік саласындағы құзыреттердің кешенді дамуын қамтамасыз ететін нормативтік, технологиялық және педагогикалық аспектілерді қамтитын тұтас құрылым ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Инновациялық тәсіл ашық ақпараттық білім беру платформасын, аудиожазба, бейнежазба сигналдарын анықтау, бұғаттау құралдары және белсенді оқыту әдістері сияқты заманауи білім беру технологияларын енгізуді көздейді. Әдістемелік аспектіде зерттеу ғылыми әдебиеттер мен нормативтік құжаттарды талдауға, педагогикалық экспериментке, сауалнама мен тестілеу әдістеріне, сондай-ақ ұсынылған оқыту моделінің нәтижелілігін бағалау үшін деректерді статистикалық өңдеуге сүйенеді. Зерттеудің көздері: Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, «Педагог» кәсіби стандартының «Педагог. ЖОО оқытушысы» мамандық карточкасы, ««Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы 2022 жылғы 20 шілдедегі №2 бұйрығы, Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы, 2023-2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасы, ақпараттық қауіпсіздік отандық және шетелдік ғылыми еңбектер, білім беру web-сайттары. Зерттеудің әдістері: - ғылыми-теориялық әдістер (педагогика, ақпараттық қауіпсіздік және информатиканы оқыту әдістемесі бойынша ғылыми әдебиеттерді талдау, зерттелетін пән саласындағы білім беру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік құралдарды талдау, дербес бейімдеп оқыту үшін оқу-ақпараттық ортаны пайдалану жағдайларын саралау, болжау және болашақ информатика мұғалімдердің даярлау процесін модельдеу); - эмпирикалық әдістер (студенттерді ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлаудың оқу процесін педагогикалық бақылау, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы білім деңгейі мен қажеттіліктерін анықтау үшін студенттерге сауалнама жүргізу, нәтижелерді талдау, болжамды тексеру, қорытындыларды шығару және студенттердің білімін арттыру мен білік, дағдыларының қалыптасу деңгейін анықтау); - деректерді математикалық-статистикалық өңдеу әдістері (енгізілген тәсілдердің тиімділігін бағалау үшін алынған деректерді статистикалық талдау, эксперименттік нәтижелерді салыстырмалы талдау). Зерттеудің базасы: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті. Зерттеудің кезеңдері: Айқындаушы кезең. 2022-2023 оқу жылының бірінші жартысында жүзеге асырылған бастапқы кезеңде зерттеу жұмысы алдымен өз мақсатын нақтылаудан және алға қойылған міндеттерді айқындаудан басталды. Эксперименттік және эмпирикалық зерттеулерді жүргізуге арналған қажетті база таңдалып, арнайы пәндер бойынша жұмыс оқу бағдарламасының мазмұны әзірленді. Сонымен қатар, зерттеу тақырыбына сәйкес сауалнама сұрақтарының жинағы құрылып, сауалнама жүргізілді. Ғылыми, әдістемелік және педагогикалық әдебиеттерге, сондай-ақ интернет-ресурстардағы материалдарға кешенді шолу жасалып, мазмұндық талдау жүргізілді. Ақпараттық қауіпсіздік бойынша арнайы курстың мазмұнына терең талдау жасалды. Бұл курс болашақ информатика мұғалімдердіңің кәсіби даярлығын арттыруда маңызды рөл атқаратыны ескеріліп, оның құрылымдық және мазмұндық компоненттері жүйеленді. Қалыптастырушы кезең. 2022-2023 оқу жылының екінші жарты жылдығында, 2023-2024 оқу жылы, 2024-2025 оқу жылының бірінші жарты жылында жоғары оқу орындарында болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлауды жетілдірудің ғылыми негізделген моделі әзірленді. Бұл модельге сүйене отырып, оқу процесінде қолдануға арналған оқу құралының құрылымы мен мазмұны дайындалды. Оқу құралы теориялық материалдарды тәжірибемен ұштастыра отырып, студенттердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды. Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздікке қатысты білім беру мазмұнын кеңінен тарату мақсатында ашық ақпараттық білім беру порталы әзірленді. Зерттеу жұмысы бойынша эксперименттік жұмыстар жүргізілді. Қорытынды кезең. 2024-2025 оқу жылының екінші жарты жылында болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлауды жетілдіруге бағытталған тәжірибелік жұмыстардың нәтижелері жан-жақты сараланып, жүйеленді. Жүргізілген эксперимент нәтижелері талданып, олардың тиімділігі нақты дәлелдермен негізделді. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелерін рәсімдеу мақсатында диссертациялық жұмыс құрылымдық талаптарға сай ресімделді. Алынған деректер математикалық және статистикалық әдістер арқылы өңделіп, алынған нәтижелердің статистикалық тұрғыдан маңыздылығы тексерілді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: 1. Болашақ информатика мұғалімдерін ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің теориялық негіздері ақпараттық қауіпсіздікте машиналық оқытуды қолдану, деректерді хэштеу және сигналдарды анықтау мен бұғаттауды жүйелеуді қамтитын және оқу процесінде жүзеге асыратын ақпараттық қауіпсіздік кешенін анықталды. 2. Болашақ информатика мұғалімдерін ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің теориялық-практикалық негіздерінің моделі машиналық оқыту алгоритмдері мен әдістерін қамту негізінде құрылды. 3. Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің практикалық негіздері оқу-әдістемелік қамтамасын әзірлеумен, жасанды интеллекттің бағыты машиналық оқыту алгоритмдерін оқу процесінде қолдануымен негізделді. 4. Жоғары оқу орнында болашақ информатика мұғалімдерінің даярлықтарын жетілдіруде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін биометриялық прокторинг жүйесі, QR-код және ақпараттық чат-бот, машиналық оқытуға байланысты контентті ақпараттық білім порталы әзірленді. 5. Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің тәжірибелік-эксперименттік жұмыстары жүргізіліп, оң нәтижелер алынды. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: 1. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6В01511- Информатика» білім беру бағдарламасының студенттері үшін «Ақпараттық қауіпсіздік» арнайы курсының мазмұнына хэштеу, жасанды интелектінің машиналық оқыту, сигналдарды анықтау және бұғаттау сияқты тақырыптар бойынша толықтырулар енгізілді. 2. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «6В01511 - Информатика» білім беру бағдарламасының студенттері үшін «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері» арнайы курсына заманауи тақырыптармен толықтырылар енгізілді. 3. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «6B01503 - Білім беру жүйесіндегі информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» білім беру бағдарламасының студенттері үшін «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері» арнайы курсына заманауи тақырыптармен толықтырылар енгізілді. 4. Болашақ информатика мұғалімдердіңің білімдерін жетілдіру мен жаңа білік, дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Ақпараттық қауіпсіздіктің теориялық-практикалық негіздері (Шифрлеу алгоритмдері. Хэштеу функциялары. Ақпараттық қауіпсіздікте машиналық оқыту)» оқу құралы құрылды. 5. «Болашақ информатика мұғалімдердің даярлауға арналған курстар: машиналық оқыту, желілік технологияларды, ақпараттық қауіпсіздікті қолдану» ақпараттық білім беру порталы (ҚР ӘМ авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге деректерді енгізу туралы куәлігі №50360, 10.10.2024 ж.) ЭЕМ-ге арналған бағдарламасы жасалды. 6. «Болашақ информатика мұғалімдердіңе арналған ақпараттық қауіпсіздік бойынша деректерді бақылау және қорғау құралдары (аудиожазба, бейнежазба, сигналдарды тосқауылдау құралдары) (ҚР ӘМ авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге деректерді енгізу туралы куәлігі №57678, 06.05.2025 ж.) ЭЕМ-ге арналған бағдарламасы жасалды. 7. «Болашақ информатика мұғалімдердің даярлауға арналған курстар: машиналық оқыту, желілік технологияларды, ақпараттық қауіпсіздікті қолдану» ақпараттық білім беру порталы(security.org.kz) әзірленді. Зерттеудің ғылыми нәтижелерінің дәлдігі мен негізділігі: зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келетін теориялық және эмпирикалық әдістер кешенін пайдаланумен, болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлаудың теориялық және практикалық негіздерін эксперименттік тексерумен және ұсынылған модельді сынақтан өткізудің оң нәтижелерімен расталады. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалары: 1. Болашақ информатика мұғалімдерінің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің теориялық негіздері: ақпараттық қауіпсіздік бойынша болашақ информатика мұғалімдерінің даярлықтарын жетілдіруде қолданылатын ақпараттық кешенінің ақпаратттық қауіпсіздікте машиналық оқытуды қолдану және хэштеу, сигналдарды анықтау мен бұғаттаудың анықталуы және жүйеленуі. 2. Болашақ информатика мұғалімдерін ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің теориялық-практикалық негіздерінің машиналық оқыту алгоритмдері мен әдістерін қамтитын моделі. 3. Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің практикалық негіздері: 3.1 Ақпараттық қауіпсіздік бойынша болашақ информатика мұғалімдердің білімдерін жетілдіруде, жаңа білік пен дағдыларын қалыптастыруда ақпараттық кешенін жүзеге асыратын оқу-әдістемелік қамтамалары. 3.2 Болашақ информатика мұғалімдерін даярлауды жетілдіруде ақпараттық қауіп-қатерлерді алдын-алу үшін машиналық оқыту алгоритмдерінің қолданылуы. 4. Жоғары оқу орнында болашақ информатика мұғалімдерінің даярлықтарын жетілдіру бойынша ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін биометриялық прокторинг жүйесі, QR-код және ақпараттық чат-бот, машиналық оқытуға байланысты контентін қамтитын ақпараттық білім порталы. 5. Болашақ информатика мұғалімдердің ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлықтарын жетілдірудің тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының нәтижелері. Зерттеудің нәтижелерінің дәлелдігі мен негізделігі ақпараттық қауіпсіздік саласына бағытталған ғылыми, теориялық және әдістемелік әдебиеттерге жүргізілген шолуға негізделді. Зерттеу мақсатына сәйкес жоғары оқу орындарының студенттерін ақпараттық қауіпсіздік бойынша даярлауды жетілдіру моделі құрылып, оқу процесіне тиімді енгізілуі қамтамасыз етілді. Зерттеу барысында алынған нәтижелер математикалық және статистикалық талдау әдістерімен өңделіп, олардың бастапқы ғылыми болжамдарға сәйкестігі расталды. Бұл зерттеудің тұжырымдарын сенімді етіп, ұсынылған әдістеменің тиімділігін дәлелдеуге мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелерінің талқылануы мен жүзеге асырылуы: Зерттеу нәтижелері 10 баспа жұмысында жарияланған, оның ішінде: Scopus базасында индекстелген халықаралық журналда 2 басылым: 1. Integration of Cybersecurity into Computer Science Teachers’ Training: Systematic Review// International Journal of Engineering Pedagogy(IJEP). - 2025. - Vol. 15, №4. - Б. 57-75. 2. Information Security of Educational Portal Based on Face Anti-Spoofing Method: Effectiveness of Tiny Neural Network Machine Learning Model // I.J. Modern Education and Computer Science. - 2025. - №3. - P. 59-71. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдарында 3 мақала: 1. «Ақпараттық қауіпсіздік» курсы бойынша кейбір сұрақтарды оқытуға арналған әдістемелік нұсқаулықтар // Торайғыров университетінің хабаршысы. - 2023. - №2. - Б. 199-210. 2. Python программалау ортасында криптография алгоритмдерін жүзеге асыру әдістері // Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Хабаршысы. - 2023. - Т. 403, №3. - Б. 203-217. 3. «Ақпараттық қауіпсіздік» арнайы курсының мазмұнын оқу процесінде жетілдіру: машиналық оқытудың көмегімен кибершабуылдарды анықтау // ҚазҰУ Хабаршысы. «Педагогикалық ғылымдар» сериясы (2520-2634). - 2024. - Т. 78, №1. - Б. 174-186. Халықаралық және Республикалық конференцияларда 2 мақала: 1. Monitoring student actions during online testing using machine learning //International Journal of Engineering Research in Computer Science and Engineering (IJERCSE) . - 2024. - Vol. 11. - P. 45-48. 2. Application of Computer Vision Methods for Information Security // R&E-SOURCE. - 2025. - P. 161-177. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы куәліктер: 1."Болашақ информатика мұғалімдерін даярлауға арналған курстар: машиналық оқыту, желілік технологияларды, ақпараттық қауіпсіздікті қолдану» ақпараттық білім беру порталы". 2. «Болашақ информатика мұғалімдеріне арналған ақпараттық қауіпсіздік бойынша деректерді бақылау және қорғау құралдары (аудиожазба, бейнежазба, сигналдарды тосқауылдау құралдары). Оқу құралы: 1. Ақпараттық қауіпсіздіктің теориялық- практикалық негіздері(Шифрлеу алгоритмдері. Хэштеу функциялары. Ақпараттық қауіпсіздікте машиналық оқыту), -Астана, 2024. -103 б. Диссертация құрылымы келесідей бөлімдерден тұрады. Кіріспе, үш бөлім, пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшалар.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/4O_P5ZJ7VYg
