
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Шынатай Гулнар «8D01511 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша «Жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Информатика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Бостанов Бектас Ганиевич – педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, «Информатика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а. (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Медешова Айгуль Бактыгалиевна – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Астана халықаралық университеті, Педагогикалық институтының қауымдастырылған профессоры (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Шадиев Рустам Нарзикулович - философия докторы (PhD), профессор, Чжэцзян университеті, Педагогикалық колледжінің профессоры (Ханчжоу қаласы, Қытай Халық Республикасы).
Мнайдарова Светлана Сейтжановна – педагогика ғылымдарының кандидаты, философия докторы (PhD), «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Педагогикалық шеберлік орталығы» жекеменшік мекемесінің Қосымша кәсіптік білім беру бөлімінің аға менеджері (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы).
Сахипов Айвар Айтуарович – философия докторы (PhD), Astana IT University, Бағдарламалық инженерия мектебінің ассистент-профессоры (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Шындалиев Нуржан Тажибаевич – педагогика ғылымдарының кандидаты, «Информатика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы).
Инже Гокхан – философия докторы (PhD), «Компьютерлік инженерия» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Ыстамбұл техникалық университеті (Ыстамбұл қаласы, Түркия Республикасы).
Қорғау 2026 жылғы 4 наурыз, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01511 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша «8D015 – Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте (оффлайн және онлайн) форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://surl.li/wexkwd
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан Республикасы қазіргі таңда «цифрлық қоғам» құру жолында инновациялық технологияларды барлық салаға енгізу бағытына басымдық беруде. Жаһандық деңгейде университеттер білім алушылардың құзыреттілігін арттыру үшін виртуалды және толықтырылған шынайылық, жасанды интеллект, геймификация сияқты жаңа технологияларды қолдануда, аталмыш бағыттан еліміздің жоғары білім беру жүйесі де тыс қалмауы тиіс. Білім беру үдерісіне бұл технологияларды енгізу студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қ.К. 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміздің тұрақты дамуы үшін адами капиталдың сапасын көтеру қажеттігін айта отырып, заманауи білім беру жүйесін қалыптастыруда цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану, оқу үдерісін жаңа әдістермен жетілдіру бағыттарын баса көрсетті. Президент жастарға сапалы білім беру – мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі екенін айта келе, жоғары оқу орындарының оқыту жүйесін жетілдіру, академиялық сапаны арттыру қажеттігін нақты атап өтті. Заманауи технологияларды білім беруге енгізуді отандық ғалымдар маңызды зерттеу жүргізуде, олардың ішінде Серік М., Алматова А.М., Шонгалова Қ., Ахатова Ж., Байзакова С.С. атап өтуге болады. Нақтырақ, студенттердің компьютерлік операциялық жүйелерді әкімшіліктендіру бойынша кәсіби даярлығын қалыптастыруды теориялық және әдістемелік негіздеп, IT саласындағы мамандарды оқытуға жаңа көзқарасты Зулпыхар Ж.Е. ұсынған. Компьютер сәулетіне оқытуда студенттердің кәсіби даярлығын жетілдіру бағытында Шындалиев Н.Т., болашақ ғалымдарды кәсіби-әдістемелік даярлаудағы ақпараттық құзыреттілік тұрғысынан Кариева К.У., Давлетова А.К., информатика мамандарының кәсіби даярлығын жетілдіру әдістемесі бойынша Ермағанбетова М.А., ал электрондық оқу құралдарын құру және оларды пайдаланудың әдістемесі жөнінде Абильдинова Г.М. зерттеулер жүргізді. Ерланова Г.Ж. жоғары өнімді есептеу технологияларын қолдану арқылы мамандарды даярлаудың теориялық және практикалық негіздерін анықтаған, Мұхамбетова М.Ж. клиент-сервер технологиясын жоғары оқу орнының білім мазмұнында жүзеге асырудың дидактикалық шарттарын ұсынды. Садвакасова А.К. таратылған технологияларды құру мен жүзеге асыру негізінде болашақ информатика мұғалімдерін даярлауды жетілдірудің моделін ұсынған, Карелхан Н. параллель есептеулер кластерін баптау мен оқу үдерісіне енгізудің ғылыми-практикалық негіздерін көрсеткен. Диссертациялық жұмыстың тақырыбына негіз болып отырған виртуалды технологиялар негізінде білім беру мәселелерін Мукашева, М.У., Нурбекова Ж.К., Казангапова, Л.К., Найманова, Д.С., Калкабаева З.К., Корнилов Ю. В., Сарсимбаева С. М., Дайнеко Е.А., Ипалакова М.Т., Цой Д.Д., Сейтнұр А.М., Сембаев Т.М., Мухтарқызы К., Удербава Н.К. қарастырды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Арымбеков Б.С. пен Туреханов К.М. толықтырылған және виртуалды шынайылық технологияларын физика сабақтарында интеллектуалды оқыту құралы ретінде қолданды. Жилмағанбетова Р.З. дербес бейімдеп оқытуды ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасын даярлады, Токжигитова А.Н. геймификация технологиясын оқыту үдерісінде қолданудың әдіснамасын әзірледі. Елімізде және жаһандық деңгейдегі цифрландыру саласы, цифрлық трансформацияның жаңа стратегиялары мен жаңа технологиялар саласындағы трендтерді қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықтың алдағы қадамдары мен перспективаларын талқылауға арналған «Digital Almaty 2021 – Цифрлық қайта жаңғыру: жаңа жағдайға серпіліс» атты халықаралық форумында Президентіміз Тоқаев Қ.К. «Болашақ – технологиялар мен инновациялардың еншісінде екенін» айтты. Сондықтан, виртуалды технологияларды білім саласына ендіру арқылы болашақ мамандардың білік-дағдыларын жетілдіру өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі кезеңде білім беру жүйесінде студенттердің оқу қарқынын, жеке ерекшеліктерін ескеретін жаңа әдістерге сұраныс артып отыр. Дегенмен, бұл бағыттағы ғылыми-әдістемелік шешімдер әлі де жеткілікті деңгейде қалыптасқан жоқ. Жасанды интеллект пен геймификация құралдарын біріктіре отырып, оқу үдерісін бейімдеу мүмкіндігі зор болғанымен, Қазақстанның жоғары білім беру тәжірибесінде мұндай кешенді әдістемелер кең қолданысқа енбеген. Сонымен қатар, технологиялық дәуірде дүниеге келген қазіргі студенттердің ақпаратты қабылдау, меңгеру ерекшеліктері дәстүрлі оқыту әдістерімен толықтай қамтамасыз етілмейді. Осыған байланысты білім алушылардың мотивациясын арттыру, оқу үдерісіне қызығушылығын күшейту, тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға арналған заманауи әдістемелерді енгізу қажеттілігі туындайды. Осыған орай, жасанды интеллект пен геймификацияны виртуалды шынайылықпен ұштастыра отырып, студенттердің жеке оқу траекториясына негізделген жаңа оқыту әдістемесін әзірлеу – қазіргі жоғары білім беру жүйесінің өзекті міндеттерінің бірі болып табылады. Сонымен қатар, виртуалды технологиялар негізінде студенттерге білім берудің әдістерін жетілдіру бойынша әр түрлі бағатта біртұтас зерттеулер жоқ екені анықталды. Жоғары оқу орындарында виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістері оқу-әдістемелік тұрғыда жеткілікті негізделмеген. Сондықтан білім беруде виртуалды технологияларға жасанды интеллектті кіріктіруді ғылыми-теориялық тұрғыда негіздеу қажеттілігі туындайды. Бұл, өз кезегінде, студенттің оқу-білімге деген қызығушылығын арттырып, оның жеке оқу қарқыны мен деңгейін ескеру арқылы оқыту үдерісін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жоғары оқу орындарында виртуалды технологиялар арқылы білім алуға сұраныс пен оның жеткілікті деңгейде әдіснамалық, программалық қамсыздандырудың болмауы арасында қарама-қайшылықтар анықталды. Қарама-қайшылықтарды шешу қажеттілігі мен өзектілігі, жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдірудің негізгі тәсілдерін анықтау зерттеудің ғылыми мәселесін тұжырымдауға мүмкіндік береді. Бұл қарама-қайшылықтарды шешу үшін зерттеу тақырыбын «Жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру» деп алуға негіз болды. Зерттеудің нысаны: Жоғары оқу орындарының оқу үдерісі. Зерттеудің пәні: Жоғары оқу орындарында студенттерді виртуалды технологиялар негізінде оқытудың әдістерін жетілдіру үдерісі. Зерттеудің мақсаты: Жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім беру әдістерін жетілдірудің әдіснамалық негіздерін анықтау және практикалық жүзеге асыру. Зерттеудің ғылыми болжамы: егер жоғары оқу орындарының оқу үдерісінде студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістері жетілдірілсе, онда болашақ мамандардың білім сапасының деңгейі, кәсіби дағдысы жоғары дәрежеде қалыптасар еді, өйткені виртуалды технологияларды қолдану білім алушылардың білім сапасының артуына, заман талабына сай бәсекеге қабілетті, кәсіби маман болуына ықпал етеді. Зерттеудің мәселесі, нысаны, пәні, мақсаты, болжамына сәйкес міндеттер қойылды. Зерттеудің міндеттері: - жоғары оқу орындарының оқыту үдерісінде виртуалды технологиялардың қолданылу жағдайын анықтау; - виртуалды технологиялар негізінде оқытудың заманауи педагогикалық және технологиялық шешімдеріне шолу жасау; - жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдірудің моделін құру; - виртуалды технологияларға геймификация және жасанды интеллект элементтерін кіріктіру негізіндегі оқытудың кешенді әдістерін ұсыну; - виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіруді оқу-әдістемелік және программалық тұрғыдан қамтамасыз ету; - виртуалды технологияларды оқу үдерісінде қолдану тиімділігіне эксперименттік жұмыстар жүргізіп, нәтижелерін талдау. Зерттеудің жетекші идеясы: Болашақ мамандардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, атап айтқанда виртуалды технологиялар, жасанды интеллект элементтері және геймификацияны қолдану арқылы білім берудің мазмұнын, әдістерін және формаларын жетілдіру қажеттілігі. Бұл идея оқытудың интерактивтілік, иммерсивтілік, персоналдылық, адаптивтілік, тәжірибеге және цифрлық ортаға бейімделу сияқты сипаттарын арттыра отырып, студенттердің кәсіби құзыреттілігін кешенді әрі тиімді қалыптастыруға бағытталады. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері танымның философиялық негізі; білім беру жүйесін ақпараттандыру тұжырымдамасы мен бағдарламасы; жоғары оқу орындарында оқыту және білім беру үдерісін ұйымдастыру теориясы мен тәжірибесі; біртұтас педагогикалық үдерістің теориясы; программалық өнімдер мен оқытудың инновациялық технологиясын әзірлеу және қолдану бойынша педагогикалық зерттеулер, виртуалды технологиялар негіздері. Зерттеудің көздері: ҚР «Білім туралы» Заңы, ҚР «Ғылым және технологиялық саясат» туралы Заңы, «Педагог» кәсіби стандарты, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары», білім берудегі виртуалды технологиялар бойынша отандық және шетелдік ғылыми еңбектер, білім беру веб-сайттары. Зерттеудің әдістері: теориялық әдістер – отандық және шетелдік ғылыми еңбектерге шолу және талдау жасау, зерттеу жұмысының тақырыбына байланысты теориялық мәліметтерді жинақтау және жүйелеу; эмпирикалық әдістер – виртуалды технологиялардың білім беруде қолданылуы бойынша сауалнама және тестілеу жүргізу, педагогикалық эксперимент жүргізу; статистикалық әдістер көмегімен негіздеу. Зерттеудің негізгі кезеңдері: Бірінші кезеңде (2020-2021 жж. бірінші жартысы) зерттеу жұмысының тақырыбы таңдалды. Соған негізделіп ғылыми аппараты, яғни тақырыптың өзектілігі, зерттеудің мақсаты мен негізгі міндеттері, ғылыми жаңалығы, ғылыми болжамы, зерттеу нысаны мен базасы айқындалды. Қарастырылатын тақырып бойынша елімізде және шетелдік басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалар мен әдебиеттерге шолу жасалды. Жоғары оқу орындарының оқу үдерісінде виртуалды технологияларды қолдану бойынша озық тәжірибелер мен оқыту тиімділігі талданды. Зерттеу нысаны ретінде бірнеше жоғары оқу орындарының оқу үдерісі алынды. Таңдалынған білім беру бағдарламаларының білім алушылары эксперимент мақсатымен таныстырылды және эксперименттік және бақылау топтарына бөлінді. Экспериментті жүргізу әдістері белгіленді. Зерттеудің теориялық және эмпирикалық әдістері алынды. Эмпирикалық әдістерден бақылау, сауалнама, тестілеу және математикалық-статистикалық әдістер таңдалынды. Бақылау әдісі арқылы білім алушылардың сабаққа деген белсенділігі, оқу үдерісіне қатысуы мен қызығушылықтары, сонымен қатар оқу материалдарын меңгеруі, оқытушылармен өзара әрекеті бақыланды. Жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру мәслелесіне бағытталған сауалнамалар жасалып, респонденттерден алғашқы сауалнама алынды. Сауалнамалар арқылы эксперименттік және бақылау топтарының білімдерінің негізгі параметрлері анықталды. Виртуалды технологиялар бойынша отандық және шетелдік ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектерді талдап, шолу мақаласы жарияланды. Екінші кезеңде (2020-2021 жж. екінші жартысы, 2021-2022 жж., 2022-2023 жж. бірінші жартысы) виртуалды технологияларды қолданып білім алушыларды даярлау барысында білім берудің әдістерін жетілдірудің моделі құрылды. Виртуалды технологиялар негізінде білім алушылардың даярлық деңгейін өлшейтін компоненттері, критерийлері мен көрсеткіштері анықталды. Эксперименттік жұмыстар жүргізілді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бойынша «6В01503 – Білім беру жүйесіндегі информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» білім беру бағдарламасының «Компьютерлiк желiлер және бұлттық технологиялар» курсының, «Alikhan Bokeikhan university» бойынша «6B06122 – Информатика» білім беру бағдарламасының «Компьютерлік желілер» курсының мазмұны толықтырылып, силлабустары жасалды. Астана Медицина университеті бойынша «6B10108 – Стоматология» білім беру бағдарламасының «Ауыз қуысы хирургиясы» және Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясы бойынша «6B10103 – Стоматология» білім беру бағдарламасының «Ауыз қуысы хирургиясы 1» курсының мазмұны толықтырылды. Оқыту үдерісінде пайдалануға арналған оқу құралы, цифрлық білім беру ресурстары (ЦББР), қосымшалар жасалды және оқу үдерісіне ендірілді. Эксперименттік топтарда аталған оқу-әдістемелік кешен қолданылып, сабақтар жүргізілді. «Компьютерлiк желiлер және бұлттық технологиялар» және «Компьютерлік желілер» пәндерін өткізуге цифрлық білім беру ресурстарын, «VirtualLab_edu» виртуалды лабораториясын, «NetVR» виртуалды шынайылық (VR) қосымшасы мен Oculus Quest 2 виртуалды шынайылық көзілдірігі қолданылды. Ал «Стоматология» білім беру бағдарламаларында «Ауыз қуысы хирургиясы», «Ауыз қуысы хирургиясы 1» курстарын өткізуде виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру бойынша оқу-әдістемелік құралдарды, сандық білім ресурстарын, ««VR simulator» виртуалды технологияларды білім беруде қолдануға арналған виртуальды шынайылық симуляторы» қосымшасы мен Oculus Quest 2 виртуалды шынайылық көзілдірігі қолданылды. Тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жалғасты. Білім деңгейлерінің өзгеріс динамикасын анықтау мақсатында тест және сауалнамалар жүргізілді. Мақалалар даярланды. Үшінші кезеңде (2022-2023 жж. екінші жартысы) тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында алынған мәліметтер жинақталып, жүйеленді, сараланды және талданды, статистикалық әдіспен өңделді. Болжамның дұрыстығы расталды. Зерттеу нәтижелерін берілген талаптар бойынша диссертация ретінде рәсімдеу жүргізілді. Зерттеудің базасы: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Alikhan Bokeikhan university, Астана Медицина университеті, Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясы. Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы: 1. Жоғары оқу орындарының білім беру үдерісінде виртуалды технологиялар негізінде оқытудың заманауи педагогикалық және технологиялық шешімдері ретінде жасанды интеллект және геймификацияның мүмкіндіктерін қолданып оқытудың әдістерін жүзеге асырудың тиімді құралдары мен принциптері анықталды. Отандық және әлемдік әдебиеттерге шолу жасалып, тиімді әдістер мен зерттеуді дамыту бағыты айқындалды. 2. Жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдірудің нормативтік-мақсаттық, мазмұндық-әдістемелік және нәтижелік блоктарынан тұратын моделі жасалды. 3. Виртуалды технологияларға жасанды интеллект және геймификация элементтерін кіріктіріп оқытуға негізделген білім беруді жетілдірудің 2D–VR және AR–VR кешенді әдістері ұсынылды. 4. Жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім беру әдістерін жетілдірудің оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілуі: оқу жұмыс бағдарламасы (силлабус) мен пәннің оқу-әдістемелік кешенінің мазмұны толықтырылды, оқу үдерісін қолдайтын оқу құралы және цифрлық білім беру ресурустары даярланды. 5. Жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру негізінде оқу үдерісінде қолданылатын «NetVR», «VR_simulator» виртуалды шынайылық және ««VirtualLab_edu» виртуалды лаборатория» қосымшалары жасақталды. 6. Виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру бойынша эксперимент жүзеге асырылып, жүргізілген жұмыстарының нәтижелері зерттеудің ғылыми болжамының дұрыстығын дәлелдеді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: Виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіруге арналған программалық және әдістемелік қамтамалар әзірленді: 1. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «6В01503 – Білім беру жүйесіндегі информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» білім беру бағдарламасының «Компьютерлік желілер және бұлтты технологиялар» пәні, «Alikhan Bokeikhan university» бойынша «6B06122 – Информатика» білім беру бағдарламасының «Компьютерлік желілер» пәні, Астана медицина университетінің «6B10108 – Стоматология» білім бағдарламасының «Ауыз қуысы хирургиясы», Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясының «6В10103 – Стоматология» білім беру бағдарламасының «Ауыз қуысы хирургиясы 1» пәні мазмұны. 2. Виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру. Оқу құралы. – Семей: «Alikhan Bokeikhan university», 2025. – 110 б. ISBN 978-601-08-5442-0. 3. «Компьютерлік желі» пәні бойынша виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіруге арналған цифрлық білім беру ресурстары жасалды. Авторлық құқықпен №59984 қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы Куәлік, 16.06.2025 ж. 4. «Болашақ стоматологтардың анестезияны орындау дағдысын қалыптастырудағы виртуалды технологиялар: VR-симуляторды қолдану» цифрлық білім беру ресурстары жасалды. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы Куәлік, 15.05.2025 ж. №58053. 5. Компьютерлік желілерді оқытуға арналған «NetVR» виртуалды шынайылық қосымшасы әзірленді және оқу үдерісіне ендірілді. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік. 11.06.2025 ж. №59540. 6. ««VirtualLab_edu» виртуалды лаборатория» қосымшасы жасақталды және «Компьютерлiк желiлер және бұлттық технологиялар» пәнi бойынша «6В01503 – Білім беру жүйесіндегі информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» білім беру бағдарламасының, «Компьютерлік желілер» пәні бойынша «6B06122 – Информатика» бiлiм беру бағдарламасының оқу үдерісіне енгізілді. ЭЕМ-ге арналған бағдарлама. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік. 21.06.2024 ж. №47824. 7. ««VR_simulator» виртуалды технологияларды білім беруде қолдануға арналған виртуалды шынайылық симуляторы» қосымшасы әзірленіп, «Ауыз қуысы хирургиясы» пәні бойынша «6B10108 – Стоматология», «Ауыз қуысы хирургиясы 1» пәні бойынша «6В10103 – Стоматология» білім беру бағдарламаларының оқу үдерісіне енгізілді. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік. 21.06.2024 ж. №47808. 8. Педагогикалық тәжірибенің нәтижесі эксперимент жүргізілген жоғары оқу орындарына енгізілді және апробациядан өтті. Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі мен негізділігі: Жоғары оқу орындарында білім беру үдерісін жетілдіруде виртуалды технологияларды қолдану мәселесіне арналған ғылыми, теориялық және әдістемелік әдебиеттерді жан-жақты талдауға негізделген. Зерттеу барысында педагогикалық ғылымдағы дәстүрлі және инновациялық әдістер салыстырылып, олардың артықшылықтары мен шектеулері айқындалды. Осы негізде студенттердің оқу мотивациясын арттыруға, кәсіби құзыреттілігін дамытуға және білім беру мазмұнын тиімді меңгертуге бағытталған 2D–VR, AR–VR кешенді оқыту әдістері ұсынылды. Белгіленген зерттеу мақсаттарына сәйкес оқу үдерісінде виртуалды зертханалық жұмыстар мен VR-сценарийлер қолданылып, оларды геймификация элементтерімен толықтыру және жасанды интеллектке негізделген виртуалды ассистентпен интеграциялау жолдары қарастырылды. Бұл шешім студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, күрделі оқу материалдарын визуализациялау арқылы оңай қабылдауға және білімді практикада қолдануға мүмкіндік берді. Жүргізілген эксперименттік жұмыс барысында алынған деректер математикалық-статистикалық әдістер арқылы өңделді: білім алушылардың оқу үлгерімі мен танымдық белсенділігіне қатысты сандық көрсеткіштер салыстырмалы талдаудан өтті, сондай-ақ алынған нәтижелердің сенімділігі дисперсиялық талдау және корреляциялық байланыстарды анықтау әдістері арқылы расталды. Эксперименттік деректер бастапқы болжамдарға толық сәйкес келіп, ұсынылған әдістеменің тиімділігін дәлелдеді. Қорғауға ұсынылатын қағидалар: 1. Жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдірудің моделі. Модель келесі блоктарды қамтиды: 1.1 нормативтік-мақсаттық блок: зерттеуге негіз болатын нормативті-құқықты құжаттардың негізге алынуы және жоғары оқу орындарында студенттерге виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру мақсатының қойылуы; 1.2 мазмұндық-әдістемелік блок: виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіруді жүзеге асыратын оқыту әдістері, принциптері, оқу үдерісіне енгізу негіздері, оқу-әдістемелік негіздері мен программалық қамтамалар, технологиялық-программалық жабдықтар; 1.3 нәтижелік блок: білім алушылардың білімін жетілдіретін, білігі мен дағдыларын қалыптастыратын компоненттер мен критерийлер таңдалынып, зерттеу жұмысы барысында құрылған болжамның дұрыстығының дәлелденуі. 2. Виртуалды технологияларға жасанды интеллект және геймификация элементтерін кіріктіріп оқытуға негізделген кешенді әдістері: 2.1 жасанды интеллект, геймификация технологиялары негізіндегі 2D–VR кешенді әдісі; 2.2 геймификация технологиясы негізіндегі AR–VR кешенді әдісі. 3. Жоғары оқу орындарында виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдірудің оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуі: 3.1 жасанды интеллект негізінде студенттің оқу қарқынын ескеріп, тапсырмалар мазмұнын бейімдеп реттейтін адаптивті оқыту жүйесі мен виртуалды ассистент мүмкіндіктері, мотивацияны арттыру мақсатында геймификация технологиясының элементтері енгізілген 2D–VR және AR–VR кешенді әдістері келтірілген «Виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру» атты оқу құралы; 3.2 «Компьютерлік желі» пәні бойынша виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру және «Болашақ стоматологтардың анестезияны орындау дағдысын қалыптастырудағы виртуалды технологиялар: VR-симуляторды қолдану» атты цифрлық білім беру ресурстары; 3.3 «6B06122 – Информатика» білім беру бағдарламасының «Компьютерлік желілер», «6В01503 – Білім беру жүйесіндегі информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бiлiм беру бағдарламасының «Компьютерлiк желiлер және бұлттық технологиялар» курстарының мазмұны 2D-VR жасанды интеллект және геймификация әдісі негізіндегі жаңа тақырыптармен толықтырылды. Сонымен қатар «6B10108 – Стоматология» білім бағдарламасының «Ауыз қуысы хирургиясы», Оңтүстік Қазақстан Медицина университетінің «6В10103 – Стоматология» білім беру бағдарламасының «Ауыз қуыс хирургиясы 1» пәні мазмұны AR–VR геймификация негізіндегі тақырыптармен толықтырылуымен негізделуі. 4. Жоғары оқу орындарында виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдірудің программалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі: «VirtualLab_edu» қосымшасы, «NetVR» және «VR_Simulator» виртуалды шынайылық қосымшалары. 5. Виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру бойынша эксперимент жасалып, жүргізілген жұмыстарының нәтижелері зерттеудің ғылыми болжамының дұрыстығын дәлелдеді. Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және оқу үдерісіне енгізу Зерттеу нәтижелері Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бойынша «6В01503 – Білім беру жүйесіндегі информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» білім беру бағдарламасының «Компьютерлік желілер және бұлтты технологиялар» және «Alikhan Bokeikhan university» бойынша «6B06122 – Информатика» білім беру бағдарламасының «Компьютерлік желілер» пәндері бойынша сынақтан өткізіліп, оқу үдерісіне енгізілді (Қосымшалар А, Ә). Сонымен қатар Астана медицина университетінің «6B10108 – Стоматология» білім бағдарламасының «Ауыз қуысы хирургиясы» және Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясының «6В10103 – Стоматология» білім беру бағдарламасының «Ауыз қуысы хирургиясы 1» пәні бойынша сынақтан өткізіліп, оқу үдерісіне енгізілді (Қосымшалар Б, В). 2022 жылдың 22 желтоқсанында «Астана медициналық университет» КеАҚ Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссия шешімі зерттеу жүргізуге рұқсат берді (Қосымша Г). Зерттеу нәтижесінің талқылануы және жүзеге асырылуы: Нөлдік емес импак-факторы бар Scopus және Web of Science деректер қорына кіретін халықаралық ғылыми журналдарда 1 мақала: 1. Does Screen-Based VR impove learning performance in Higher Education? A Meta-Analysis of Recent Research // International Journal of Information and Education Technology. – 2024. – №14(11). – Р. 1593-1599 (Қосымша Ғ). Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім сапасын қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 4 мақала: 2. Виртуалды технологиялар арқылы білім беру бағдарламасы бойынша оқыту әдістерін жетілдірудің өзектілігі // Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Хабаршысы. – 2020. – №4(72). – Б. 294-299. 3. Технология виртуальной реальности в высшем образовании: «зонтичный» обзор систематических обзоров и мета-анализов // ҚазҰУ Хабаршысы. – 2023. – №1(74). – Б. 92-101. 4. Влияние образовательной виртуальной среды на навыки программирования и вычислительное мышление студентов-пограммистов // Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Хабаршысы. – 2023. – №2(82). – Б. 297-304. 5. Білім беруде виртуалды технологияларды қолдану өзектілігі // 3i: intellect, idea, inovation – интеллект, идея, инновация. – 2024. – №1. – Б. 216-225. Халықаралық конференциялар мен ғылыми журналдарда 3 мақала: 6. Инновациялық технологиялар // «Медицина және медициналық білім берудегі ақпараттық технологиялар және аналитика: инновациялар мен перспективалар» «Астана медицина университтеті» КеАҚ 60 жылдық мерейтойына арналған халықаралық республикалық ғылыми конференция. Астана. 2024 ж. Б.12-13 ISBN 978-601-244-455-1 7. Виртуалды технологиялар // «Медицина және медициналық білім берудегі ақпараттық технологиялар және аналитика: инновациялар мен перспективалар» «Астана медицина университтеті» КеАҚ 60 жылдық мерейтойына арналған халықаралық республикалық ғылыми конференция. Астана. 2024 ж. Б.35-36 ISBN 978-601-244-455-1 8. Білім беру саласындағы виртуалды шынайылық технологиялары // «Медицина және медициналық білім берудегі ақпараттық технологиялар және аналитика: инновациялар мен перспективалар» «Астана медицина университтеті» КеАҚ 60 жылдық мерейтойына арналған халықаралық республикалық ғылыми конференция. Астана. 2024ж. Б.36-38 ISBN 978-601-244-455-1 Оқу құралы: 9. Виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіру. Оқу құралы. – Семей: Alikhan Bokeikhan university, 2025. – 110 б. ISBN 978-601-08-5442-0 Цифрлық білім беру ресурстары: 10. «Компьютерлік желі» пәні бойынша виртуалды технологиялар негізінде білім берудің әдістерін жетілдіруге арналған цифрлық білім беру ресурстары жасалды. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік, 16.06.2025 ж. №59984 (Қосымша Д). 11. «Болашақ стоматологтардың анестезияны орындау дағдысын қалыптастырудағы виртуалды технологиялар: VR-симуляторды қолдану» цифрлық білім беру ресурстары. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы Куәлік, 15.05.2025 ж. №58053 (Қосымша Е). Жоғары оқу орындарында қолдануға арналған виртуалды технологияларға жасанды интеллект және геймификация элементтерін кіріктіріліп әзірленген қосымшалар: 12. Компьютерлік желілерді оқытуға арналған «NetVR» виртуалды шынайылық қосымшасы. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік. 11.06.2025 ж. №59540 (Қосымша Ж). 13. ««VirtualLab_edu» виртуалды лабораториясы». Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік. 21.06.2024 ж №47824 (Қосымша З). 14. ««VR_simulator» виртуалды технологияларды білім беруде қолдануға арналған виртуалды шынайылық симуляторы». Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік. 21.06.2024 ж №47808 (Қосымша И). Диссертация құрылымы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімі және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=mEYLcCF3xtw
