
«8D01511 - Информатика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мухтарқызы Каусар диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мухтарқызы Каусар «8D01511 – Информатика» мамандығы бойынша «Толықтырылған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде физика сабақтарында қолданудың ғылыми-қолданбалы негіздері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Серикбаева Сандугаш Курманбековна - философия докторы (PhD), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, аға оқытушы
Махажанова Улжан Танирбергеновна - философия докторы (PhD), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, аға оқытушы
Бостанов Бектас Ганиевич
Ғылыми кеңесшілер:
Абильдинова Гульмира Маратовна – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Информатика» кафедрасының профессор м.а..;
Lili Nurliyana Abdullah – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Путра университеті, «Информатика және Ақпараттық технологиялар» факультеті, «Мультимедиа» кафедрасы (Селангор, Малайзия).
Қорғау 2024 жылғы 19 сәуір, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01511 – Информатика» мамандығы бойынша «8D015 – Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: http://surl.li/rkslf
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, Мәжіліс залы (№ 302 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде «Цифрлық білім беру ресурстары (ЦБР) оқу үрдісінде қажетті және цирфлық форматта ұсынылған бейне-аудиоматериалдар, виртуалды шынайылық, интерактивті модельдеу объектілерін оқу үрдісінде қолдану оқу жетістіктерін бағалауға мүмкіндік беретін бағдарламалық-әдістемелік оқыту кешені», – деп атап көрсетілген. Берілген мемлекеттік құжаттағы заң талаптары білім беру саласында цифрлық форматтағы объектілерді оқу үрдісінде қолдану арқылы оқу жетістіктерін бағалауға арналған бағдарламалық-әдістемелік оқыту кешенін енгізу қажеттілігін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауында «Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды», – деген болатын. Ал толықтырылған шынайылық қолданбаларын орта мектептерде оқыту сапасын арттыру құралы ретінде жаратылыстану пәндерінде қолдану, үкіметтің білім берудегі технологиялық және ғылыми жетістіктерді ілгерілету мақсатына сәйкес келеді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және цифрлық саланы дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы қаулыда «Білім беру жүйесін цифрландыру» бойынша «Цифрлық білім беру ортасы дәстүрлі баламасына қарамастан, қажет болған жағдайда оны толықтыра отырып, мұғалім мен оқушылар арасындағы коммуникацияның және кері байланыстың жаңа арналарына қолжетімділікті аша отырып, жұмыс істейтін болады», – деп көрсетілген. Бұл құжатта айтылған талаптарды орындауда оқушылар мен мұғалім арасындағы коммуникация мен кері байланысты орнатуға арналған жаңа технологияларды керек болған жағдайда толықтыру қажеттілігін көрсетеді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың цифрлық формалары қазіргі таңда күнделікті сауаттылықтың негізіне айналуда. Ғылыми-техникалық прогрестің арқасында біздің өмірімізді компьютер, планшет, смартфон, ноутбук және т.б. заманауи технологияларсыз елестету мүмкін емес. Бүкіл әлемде әртүрлі электрондық технологиялардың даму ағымы өсуде, ал біз оны тоқтата алмаймыз! Керісінше, осы жаңа технологияларды өміріміздің ажырамас бір бөлігі ретінде қабылдауымыз тиіс. Бір жағынан, цифрлық немесе Z, NET, ALWAYS ON деп те аталатын цифрлық құрылғыларда жас ұрпақ ерте жастан бастап уақытының көп бөлігін өткізеді және қазіргі оқушылар көбіне интернеттен мультимедиялық ақпаратты сандық құрылғылар арқылы қабылдайды. Осыған байланысты білім беру жүйесін цифрлық ұрпаққа инновациялық білім беру технологияларын жаппай және тиімді пайдалану арқылы, оларға таныс: цифрлық білім беру ресурстары, ойындар, мультимедиялық қосымшалар, толықтырылған және виртуалды шынайылықтар арқылы бейімдеу қажет. Екінші жағынан, «Жайлы мектеп» бағдарламасын енгізу әрекеті белсенді дамып келе жатқан жоқ. Білім беру мекемелеріндегі білім алушылардың көбінің смартфондары бар және барлық ауылдық мектептер интернет желісімен қамтылғанына қарамастан. Көптеген ауылдық мектептерде визуалды физикалық үрдістерді тәжірибеде оқытуға және ұсынуға арналған зертханалық жабдықтар тапшы. Ал толықтырылған шынайылық технологиясы бұл мәселені тиімді шешуге көмектесе алатын таптырмас құрал болып табылады. Осылайша, цифрлық технологиялар білім беру жүйесіндегі барлық мәселелердің панацеясы емес, ол дәрістер мен практикалық сабақтарды цифрлық ұрпақ үшін ақпараттандыратын және белсенді ете алатын құрал. Толықтырылған шынайылық өнімдерін енгізу мен ғылыми зерттеулерді жариялау білім беру жүйесіндегі осы технологияның маңызды өзектілігі мен әлеуетін көрсетеді. Зерттеу жұмысында толықтырылған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде физика сабақтарында қолданудың ғылыми-қолданбалы негіздерінің қажетті шарттарын әзірлеу және қолдану көзделеді. Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерге талдау жасай отырып, мектептерде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жиі және тиімді пайдаланып жатқандығын көруге болады. Алайда, білім беруде толықтырылған шынайылық технологиясын қолдану саласы бойынша салыстырмалы түрде ғылыми зерттеулер санының аздығы анықталды. Ұсынылып отырған зерттеу жұмысы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың толықтырылған шынайылық бағыты бойынша зерделенді, жоғарыда аталған ғалымдардың ғылыми еңбектеріне талдау жасау арқылы осы мәселенің мектептегі физика пәні бойынша білім мазмұнында қарастырылмағаны. Толықтырылған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде физика пәнінде қолданудың ғылыми-теориялық және қолданбалы негіздері әлі де арнайы зерттелмегені анықталды. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту бойынша жалпы білім беретін орта мектептің физика пәнін оқытуда толықтырылған шынайылық технологиясын қолдану оқыту сапасын арттыра алады, өйткені бұл технология көрнекілік, бұрын мүмкін емес зертханалық жұмыстарды жүргізу, зертханалық жұмыстарды жасауға арнайы құрал-жабдықтар мен ортаны талап етпеу, сондай-ақ интеграция дәрежесін арттыру сияқты бірқатар ерекше артықшылықтарға ие. Білім беруде цифрлық технологияларды әртүрлі көрнекі мазмұн ретінде пайдалану оқыту сапасын арттыруға көптеген мүмкіндіктер береді. Бұрын әзірленген электрондық оқулықтар, цифрлық білім беру ресурстары және басқа да медиа-цифрлық контенттер дидактикалық оқыту құралдарының ғана сипатына ие. Ал мектеп базасының қолданбалы оқыту құралдарына деген тапшылығын байқауға болады. Сонымен қатар, информатика пәнінде мектеп бағдарламасына енгізілген толықтырлған шынайылық бойынша жеке тақырыптар бар болғанымен, өкінішке орай, олар тек 11 сынып оқулықтарында ғана. Оқушылар тек информатика пәні аясында ғана толықтырылған шынайылық технологиясымен танысумен шектеледі. Егер, бұл тақырыптар басқа академиялық пәндерге біріктірілсе және компьютерлік графика сияқты факультативтік сабақтарда модельдер құрып қана қоймай, AR технологиясы көмегімен қозғалысқа әрекеттендірсе және оларды әртүрлі пәндерде қолданса, бұл пәнаралық байланысқа, оқыту сапасына, оқушылардың қатысуы мен қызығушылықтарына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Қазіргі педагог оқытудың тиімді әдістерінің негізгі функциясының бірі – оқыту сапасымен қатар, білім алушыларды тарту, қызықтыру және технологияны қолдану, толықтырылған және виртуалды шынайылық негізінде оқыту үрдісін жүргізу, оны тиімді ету арқылы білім алушыларды қызықтыра алатындығын біледі. Бұл толықтырылған және виртуалды шынайылыққа негізделген визуалды, интерактивті мазмұнды қолдану тақырыптық аймақты тереңірек түсінуге және зерттеуге мүмкіндік береді, мұнда толықтырылған және виртуалды шынайылық элементтері қазір жүзеге асырылып жатқан кейбір 3D нысандар ретінде ғана емес, сонымен қатар білім алушының зерттелетін тақырыппен интерактивті өзара әрекеттесуіне мүмкіндік береді және оқу материалын түсінікті етеді. Білім беру үрдісі үшін толықтырылған шынайылық технологиясының айқын маңыздылығына қарамастан, жалпы білім беретін орта мектептегі оқытудың заманауи әдістемелік жүйесі физика пәнінде мұндай технологияны зерттеу объектісі ретінде де, оқыту құралы ретінде де қамтымайды. Осылайша, жалпы білім беретін орта мектептерде оқыту сапасын арттыру құралы ретінде физика сабақтарында қолданбалы ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарын пайдалану қажеттілігі, бір жағынан толықтырылған шынайылық технологиясы негізінде жасалатын заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың маңызды білім беру әлеуеті, екінші жағынан, жалпы білім беретін негізгі орта мектептерде толықтырылған шынайылық технологиясын оқыту сапасын арттыру құралы ретінде физика пәнін оқытуда енгізу мен пайдаланудың ғылыми-қолданбалы қамтамасының болмауы арасындағы қарама-қайшылықты көруге болады. Анықталған қайшылықты жою қажеттілігі зерттеудің өзектілігін көрсетеді. Бұл қарама-қайшылықты жою мақсатында білім беруді цифрландырудың дамып жатқан кезеңінде орта мектептерде оқыту сапасын арттыру құралы ретінде физика сабақтарында, зертханалық жұмыстар жасауда арнайы толықтырлған шынайылық технологиясы негізінде жасалған ғылыми-қолданбалы негіздердің жоқтығы мәселесі, диссертация тақырыбын «Толықтырылған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде физика сабақтарында қолданудың ғылыми-қолданбалы негіздері» деп таңдауға негіз болды. Зерттеудің мақсаты: толықтырылған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде физика сабақтарында қолданудың ғылыми-қолданбалы негіздерін анықтау және жүзеге асыру. Зерттеудің міндеттері: жалпы білім беретін орта мектепте толықтырылған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде қолданудың жағдайы мен сапасын анықтау; орта мектептерде толықтырылған шынайылық технологиясын жүзеге асырудың ғылыми-қолданбалы негіздерінің моделін құру; толықтырылған шынайылық технологиясы негізінде мектептің физика пәніне арналған мобильді қосымша жасау; жалпы білім беретін орта мектепке AR технологиясын қамтитын элементтері бар авторлық бағдарлама құру; зерттеу пәні бойынша педагогикалық-эксперименттік жұмыстарды ұйымдастыру және алынған нәтижелерді саралау. Зерттеудің нысаны: жалпы білім беретін орта мектептер. Зерттеудің пәні: жалпы білім беретін орта мектептерде физика сабақтарында толықтырылған шынайылықты қолданып, оқыту сапасын арттырудың ғылыми-қолданбалы негіздері. Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, жалпы білім беретін орта мектепте толықтырылған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде физика сабақтарында қолдану ғылыми негізделсе және жүйелі түрде жүзеге асырылса, онда оқушылардың физика пәні бойынша білім сапасы артады, өйткені толықтырылған шынайылық технологиясын физика пәнінде қолдану заманауи қажеттілік болып саналады. Зерттеудің жетекші идеясы: толықтырылған шынайылықты физика сабақтарында қолданудың ғылыми-қолданбалы негіздерін анықтап, жүзеге асыру, оқушылардың пән бойынша зертханалық жұмыстарды арнайы орта мен құрал-жабдықтарды талап етпестен үздіксіз білім беру үрдісін жүргізуге, пән бойынша қызығушылығы мен оқыту сапасын арттыруға ықпал ету. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: философиялық, педагогикалық, ғылыми-техникалық, оқу-әдістемелік негіздер, таным үрдісі (күнделікті практикалық таным, ғылыми таным), тұлға дамуының педагогикалық-психологиялық принциптері, ғылыми-қолданбалы, дидактикалық тұжырымдамалар, негізгі заманауи талаптар қолданылады. Зерттеудің көздері: нормативтік-құқықтық құжаттар, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауы, негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, «Педагог» кәсіптік стандарты, жаратылыстану пәндерін тереңдете оқыту бойынша талаптар, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы сайты, «2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хат, «Физика» пәні мұғалімдеріне арналған әдістемелік нұсқау хат, жалпы білім беретін орта мектеп оқулықтарының мазмұны, педагогика және білім берудегі ғылыми-қолданбалы технологиялар бойынша ғылыми еңбектер. Зерттеу әдістері: теориялық зерттеудің жалпы ғылыми әдістері (талдау, синтездеу, ресімдеу, модельдеу, жіктеу, жалпылау, әдебиетті зерттеу); эмпирикалық зерттеу әдістері (педагогикалық тәжірибені зерделеу, байқау, әңгімелесу, сауалнама жүргізу, тестілеу); объектіге бағытталған жобалау және программалау әдістері; көрнекті модельдер мен толықтырылған шынайылық құралдарын әзірлеу; педагогикалық эксперимент пен статистикалық әдістер. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: 1. Толықтырлған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде жалпы білім беретін орта мектептің білім беру мазмұнында жүзеге асырудың ғылыми-қолданбалы негіздері мен оқу-әдістемелік құралдарын қамтитын моделі құрылды. 2. Толықтырылған шынайылық технологиясы негізінде мектептің физика пәніне арналған мобильді қосымша жасалды. 3. Жалпы білім беретін орта мектепке арналған AR технологиясын қамтитын элементтері бар авторлық бағдарлама құрылды. 4. Экспериметтік жұмыстардың нәтижелері зерттеудің ғылыми болжамының дұрыстығымен дәлелденді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: «Интерактивное цифровое решение на дополненной реальности по предмету физика» EdLab мобильді қосымшасы әзірленді (Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік, 2021 жыл 8 қараша №21467). AR технологиясын қамтитын элементтері бар «3D модельдеу» авторлық бағдарламасы құрылды. «3D модельдеу» авторлық бағдарламасы факультативтік пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілді. Толықтырлған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде жалпы білім беретін орта мектептің білім беру мазмұнында жүзеге асыру мақсатында оқу үрдісінде қолдануға ұсынылды: 1. Астана қаласының әкімдігінің «Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы №85 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК толықтырлған шынайылық негізінде жасалған EdLab мобильді қосымшасы физика пәнінде қолданысқа ендіріліп, «3D модельдеу» авторлық бағдарламасы факультативтік пән ретінде білім мазмұнына ендірілді. 2. Astana Garden School-да физика пәні бойынша EdLab мобильді қосымшасы «Электор тогы» тарауы бойынша зертханалық жұмыстарда қолданысқа енгізілді және оң нәтижелер алынды. 3. «Дарынды ер балаларға арналған «Білім инновация» лицей-интернаты» КММ-де толықтырлған шынайылық негізінде жасалған физика пәні бойынша EdLab мобильді қосымшасын оқу үрдісінде қолданысқа енгізілді және эксперименттік жұмыстар жүргізуде қолданылды. Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: ғылыми-теориялық және тәжірибелік қағидаттар, «Толықтырылған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде физика сабақтарында қолданудың ғылыми-қолданбалы негіздері» тақырыбы бойынша мобильді қосымшаны қолдану, тәжірибелік-эксперименттік зерттеу жұмыстарының оң нәтижелері, ұсынылған ғылыми-қолданбалы негіздердің тиімділігі, жалпы білім беретін орта мектептің білім беру үрдісіне ендіру арқылы қамтамасыз етілді. Қорғауға ұсынылатын қағидалар: 1. Толықтырлған шынайылықты оқыту сапасын арттыру құралы ретінде жалпы білім беретін орта мектептің білім беру мазмұнында жүзеге асырудың ғылыми-қолданбалы негіздерін және оқу-әдістемелік құралдарын қамтитын модель: 1.1 нормативтік-құқықтық актілер мен талаптарды ескере отырып, жалпы білім беретін орта мектепте қарастырылатын үрдістің мақсат-міндеттері мен жалпы құрылымы; 1.2 білім беру үрдісін жүзеге асыру кезеңдері мен мазмұнын, оларды іске асыру жолдары; 1.3 жалпы білім беретін орта мектепте толықтырылған шынайылық технологиясын физика пәнінде қолдану арқылы оқыту сапасын арттыру жолдары мен күтілетін нәтижелері. 2. Жалпы білім беретін орта мектепте толықтырылған шынайылық технологиясы негізінде физика пәніне арналған интерактивті EdLab мобильді қосымшасы. 3. Жалпы білім беретін орта мектепке AR технологиясын қамтитын элементтері бар «3D модельдеу» авторлық бағдарламасы. 4. Толықтырылған шынайылық технологиясын орта мектептің физика пәнінде оқыту сапасын арттыру құралы ретінде қолданудың ғылыми-қолданбалы негіздері бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының оң нәтижелері. Зерттеудің базасы: Астана қаласының әкімдігінің «Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы №85 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК, Astana Garden School, «Дарынды ер балаларға арналған «Білім инновация» лицей-интернаты» КММ. Зерттеудің негізгі кезеңдері: Бірінші кезеңде (2020-2021 оқу жылы). Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және цифрлық саланы дамыту тұжырымдамалары, білім беруді ақпараттандыру, цифрлық технологиялар, жалпы білім беретін орта мектептің білім беру жүйесі бойынша қойылатын талаптар мен қаулылар қарастылды. Оқу үрдісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану және қолдану қажеттілігі мәселелерін бойынша отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектеріне шолу жасалынып, талдау жүргізілді. Зерттеу жұмысының ғылыми аппараты негізделіп, тақырыптың өзектілігі, нысаны, пәні, мақсаты, болжамы, практикалық маңыздылығы анықталды. Білім алушылардан зерттеу пәніне сәйкес даярлық деңгейлерін анықтау мақсатында, сауалнамалар құрылып, жүргізілді. Тәжирибелік-эксперименттік жұмыстардың жоспары құрылып, зерттеу базалары анықталды. Екінші кезеңде (2021-2022 оқу жылы, 2022-2023 оқу жылының бірінші жартысы). Пәнге арналған арнайы оқу-әдістемелік кешен әзірленді, толықтырылған шынайылық технологиясын оқыту сапасын арттыру құралы ретінде жалпы білім беретін орта мектептің білім беру мазмұнында жүзеге асырудың ғылыми-қолданбалы негіздерінің моделі құрылды, білім мазмұнында жүзеге асыруға арналған әдістер мен оқу-әдістемелік қамтамалар әзірленді, толықтырылған шынайылық негізінде EdLab мобильді қосымшасы әзірленді (авторлық құқық рәсімделді), толықтырылған шынайылық технологиясын оқу сапасын арттыру құралы ретінде негізгі орта мектептің физика пәнінде қолданудың ғылыми-қолданбалы негіздерін анықтау бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізілді, алынған нәтижелер сараланды, Scopus базасында индекстелетін журналдарға және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы cапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіндегі журналдарға мақалалар жазылып жіберілді. Үшінші кезеңде (2022-2023 оқу жылының екінші жартысы). Тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар барысында алынған нәтижелерді саралау, жүйелеу, зерттеу қорытындыларын жинақтау, диссертация мәтінін рәсімдеу жұмыстары орындалды. Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: Scopus және Web of Science базаларында индекстелетін журналдарда 2 мақала: 1. The use of Augmented Reality for Teaching Kazakhstani Students Physics Lessons // International Journal of Engineering and Technology (IJET). – 2022 . – Vol. 17, №12 – P. 215–235. 2. Systematic Review of Augmented Reality Methodologies for High School Courses // International Journal of Engineering Pedagogy (iJEP). – 2023. – Vol. 13, №4 – P. 79–92. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы cапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіндегі журналдарда 3 мақала: 1. Білім беру саласындағы толықтырылған шынайылық әдебиеттеріне шолу // Торайғыров университетінің хабаршысы, «Педагогика» сериясы, - №1. – 2022. – Б. 65-73. 2. Толықтырылған шынайылық мобильді қосымшаларының оқушылардың оқу мотивациясына әсері // Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, - №1. – 2023. – Б. 201-211. 3. Advantages of Using Mobile Apps in Physics Lessons at School // Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, - №2. – 2023. – Б. 182-193. Оқу-әдістемелік нұсқаулықтар: 1. «3D модельдеу» жалпы білім беретін орта мектепке арналған авторлық бағдарлама. Халықаралық білім мен ғылымды қолдау орталығы, оқу-әдістемелік кеңес мәжілісінің 2023 жыл 13 қаңтар №849 хаттамасымен бекітілген. ISBN 978-601-02-1216-9. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы куәліктер: 1. «Интерактивное цифровое решение на дополненной реальности по предмету физика» авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік, 2021 жыл 8 қараша №2146. Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және оқу үрдісіне енгізу: Астана қаласының әкімдігінің «Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы №85 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК, Astana Garden School, «Дарынды ер балаларға арналған «Білім инновация» лицей-интернаты» КММ мектептерімен тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізілді. Астана қаласының әкімдігінің «Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы №85 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК мектебіне факультативтік пән ретінде толықтырылған шынайылық технологиясын қамтитын элементтері бар «3D модельдеу» авторлық бағдарламасы оқу үрдісіне енгізіліп, баспадан шықты. Диссертация құрылымы кіріспе, үш негізгі тарау, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/VX1etoVmkhg?si=-gZBhkUeZUyENv3z
