
«8D01511 - Информатика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Рахметов Максот Елеусизович диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Рахметов Максот Елеусизович «8D01511 – Информатика» мамандығы бойынша «Болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша даярлығын жетілдіру» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ғылыми кеңесшілер:
Садвакасова Айгуль Кадыркановна – философия докторы (PhD), Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Информатика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а.;
Peter Schmidt – философия докторы (PhD), Братислава экономикалық университеті, «Қолданбалы информатика» кафедрасының профессоры (Братислава қ., Словакия Республикасы).
Қорғау 2024 жылғы 19 сәуір, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01511 – Информатика» мамандығы бойынша «8D015 – Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: http://surl.li/rksjb
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің өзектілігі. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, цифрлық экономикаға көшу, әртүрлі әлеуметтік кәсіби желілерді құру мен жетілдіру, ақпараттың қолжетімділігі классикалық білім беру жүйесін модернизациялауды және оны жаңа мазмұнымен толтыруды талап етеді. Сондықтан қазіргі қоғамға заманауи цифрлық технологияларды кәсіби іс-әрекетінде жүзеге асыра білетін жаңа буын педагогтары қажет. Президент Қ.К. Тоқаевтың соңғы жылдары қабылданған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында сапалы мамандарды даярлауға, Қазақстанның цифрлық хабқа айналуына қажетті кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталуы айтылған. Демек, Мемлекет басшысының болашақ маман даярлауға ерекше мән беретіндігі байқалады. «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» бұйрығының 1 - тарауы 9 тармағында «құзыреттілік – оқу процесінде алған білімді, шеберлік пен дағдыны кәсіби қызметте практикалық тұрғыда пайдалана білу қабілеті» деп көрсетілген. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауының 5-ші тармағында «Қолжетімді әрі сапалы білім. Толыққанды оқу үдерісіне қажетті барлық функциялардың жиынтығы бар бірыңғай интеграцияланған білім беру платформасын қамтамасыз ету» қажеттілігі көрсетілген. Жоғарыда көрсетілген құжаттар тақырыптың өзектілігіне негіз бола алады. Жоғары оқу орындарында педагогикалық кадрларды даярлауды жан-жақты қарастырмай және жетілдірмей, қазіргі қоғамның сапалы жаңа жағдайына қол жеткізу мүмкін емес. Педагогты даярлау міндеттері халықаралық және ұлттық деңгейдегі қабылданған құжаттармен ХХІ ғасырдың жаңа сын-қатерлерімен күрделене түседі. Қазақстан мен БҰҰ 2021-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі негіздемелік бағдарламаларға қол қойды. Бұл құжаттар жан-жақты және әділ сапалы білім беруді қамтамасыз етуді және өмір бойы білім алу мүмкіндігін ынталандыруды талап етеді. Тұрақты дамуда негізінен адамдардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету туралы айтылады, барлық экономикалық және әлеуметтік өзгерістер қоғамның цифрландыруы арқылы адамның қажеттіліктері мен ұмтылыстарын қанағаттандыруға бағытталуы керек. Жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандарты, жоғары кәсіптік білім берудің мемлекеттік стандарты оқытуға құзыреттілік тәсілді қолдайды. Білім алушының өз қызметін жоспарлауы және жүзеге асыру үшін ақпаратты пайдалануға дайын болуы, дәлелді тұжырымдарды қалыптастыруы, ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттілігімен сипатталады, ақпараттық құзыреттілікке ие болуымен анықталады: жетіспейтін ақпаратты мақсатты түрде іздеу, жеке фрагменттерді салыстыру, тұтас талдау және гипотеза жасау дағдыларын меңгеру. Осы міндетті жүзеге асыруда педагогтар білім беру және тәрбие іс-әрекетінде құзыреттілік көзқарасты көрсетуі керек. Демек, қабылданған құжаттар ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін кеңінен қолдануды қамтиды. АКТ-ның дамуы білім беру саласына үлкен үлесін қосты. Әр түрлі пәндерді оқытуға арналған компьютерлік программалар мен онлайн қызметтер және практикалық дағдыларды шыңдады. Қазіргі заманғы цифрлық білім беру мен интернет ресурстары оқу материалының көрнекілігі мен қабылдау деңгейін көтеруде мүмкіндіктері мол. Білім беруге арналған цифрлық ресурстар ойын әдістерімен бірігіп ақпаратты тану және игеру үдерісінде білім алушылардың мотивациясын жақсартуға ықпал етеді. Зерттеудің өзектілігі қазіргі білім берудің негізгі қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі – қашықтықтан оқыту платформасын құру және оларды білім беру үдерісіне енгізу арқылы расталады. Егер 2020 жылға дейін қолданыстағы қашықтықтан оқыту платформалары педагогикалық қызмет тәжірибесінде қажеттілігінен қарағанда пайдалы және стандартты емес қосымша ретінде болса, «COVID-19» пандемиясы білім беру саласында айтарлықтай өзгерістер енгізгені белгілі. Білім беру мекемелері алдымен қашықтықтан оқытуға толығымен көшті, ал карантиннен кейін жағдай жақсарған соң - аралас оқыту форматын жалғастыруда. Соған байланысты, бүгінгі күннің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі - оқытудың кез-келген нысаны: күндізгі, қашықтықтан немесе аралас оқыту үшін білім беруді цифрландыру болып табылады. Бұл әрине, ең алдымен қазіргі жоғары білім беру жүйесіне тиесілі. Соңғы жылдары Қазақстанда және шетелде оқу үдерісін ұйымдастырудың заманауи цифрлық технологияларын енгізу мен дамытудың тұрақты тенденциясы байқалуда. Информатика педагогтарын даярлау «7М01511-Информатика» білім беру бағдарламалары бойынша педагогикалық жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады. Білім беру бағдарламаларында информатика педагогтарын даярлауға арналған пәндер тізімі әзірленеді және бекітіледі. Алайда, қоғамдағы және білім беру саласындағы жаңа сын-қатерлер, жаһандану информатика педагогтарын жаңа цифрлық технологияларға, оның ішінде қашықтықтан білім беру платформаларын құру мен жүзеге асыруға кешенді дайындауды талап етеді. Тәжірибелер көрсеткендей, жаңалықты енгізу әрқашан да қиындықтарға әкеледі. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде, университет оқытушылары мен білім алушыларының платформамен жұмыс істеуде келесідей қиындықтарды атап өтеді: цифрлық платформамен жұмыс істеуге уақыттың болмауы, LMS жүйесінде жұмыс істеу үшін қажетті АКТ құзыреттерінің болмауы, сондай-ақ, болашақ информатика пәнінің маманы оқыту платформасын өзбетімен құру үшін дайындықтарының жоқтығымен, әдістеменің жетіспеушілігі және т.б. Тақырыптың күрделілігі мен көп мағыналығына байланысты цифрлық білім беру соңғы уақытқа дейін зерттеудің негізгі пәні ретінде қарастырылуы жоқтың қасы, алайда бірқатар алыс-жақын шетелдік және отандық ғылыми зерттеулер цифрлық білім берудің мәнін ашуға мүмкіндіктер береді. Зерттеу жұмыстарые талдау нәтижесінде ЖОО-да болашақ информатика педагогтарын қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша даярлау қажеттілігі мен оқыту мазмұны және әдістемесінің жеткіліксіз пысықталуы арасындағы қайшылықтар айқындалды. Атап айтқанда: - қоғамның әртүрлі міндеттерін шешуде цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану талабы және еліміздегі ЖОО-ғы ақпараттық технологияны оқытудың қолданыстағы тәжірибесі; - болашақ информатика педагогтарын жаңа мемлекеттік білім беру стандарты жағдайында білім беру платформаларын құрудың қажеттілігі және оларды дайындау әдістемесінің болмауы; - қазіргі білім беру платформаларын дамыту үдерісінің көрінісі және болашақ информатика педагогтарының білім беру платформалар құру тәжірибесінің болмауы. Болашақ информатика педагогтарының кәсіби қызметінде қашықтықтан оқыту платформаларын құрудың әдістемесін меңгеруі мен білім беру бағдарламаларының мазмұнында осы сұрақтың жеткіліксіз дәрежеде қарастырылуы зерттеудің қарама-қайшылығын анықтады. Көрсетілген қарама-қайшылық жоғары оқу орындарында болашақ информатика педагогтарын даярлау үдерісінде қашықтықтан оқыту платформасын құру сұрақтары бойынша зерттеудің мәселесін анықтап берді. Көрсетілген қарама-қайшылық пен анықталған мәселе «Болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша даярлығын жетілдіру» тақырыбын таңдауға негіз болды. Зерттеудің нысаны: Жоғары оқу орнының оқу үдерісі. Зерттеудің пәні: болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша даярлығын жетілдіру үдерісі. Зерттеудің мақсаты: Болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру бойынша даярлығын жетілдіруді теориялық тұрғыдан негіздеу және практикалық жүзеге асыру. Зерттеудің болжамы: егер ЖОО-ның оқу үдерісінде болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асырудың ғылыми-теориялық, практикалық негіздері анықталған болса, онда болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру мен оны жүзеге асыру бойынша даярлығын жітілдіруге мүмкіндік туады, өйткені қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша болашақ информатика педагогтарының даярлықтарын жетілдіру заман талабы болып табылады. Зерттеудің мақсатына сәйкес келесі міндеттер қойылды: 1. Болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша даярлығын жетілдірудің ғылыми-теориялық негіздерін анықтау. 2. Қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру негізінде болашақ информатика педагогтарын даярлауды жетілдірудің моделін құру. 3. Қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша болашақ информатика педагогтарын даярлауды жетілдірудің практикалық және оқу-әдістемелік негіздерін анықтау. 4. Қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша болашақ информатика педагогтарының даярлығын жетілдірудің тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарын жүргізу, нәтижелерін саралау және эксперименттің тиімділігін дәлелдеу. Зерттеудің жетекші идеясы: болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформаларын өзбетімен құра білу және жүзеге асыру негізінде мақсатты түрде даярлауды жетілдіру, сәйкесінше болашақ маманның қызметінде кәсіби міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері. Теориялық (зерттеу тақырыбы бойынша философиялық, психологиялық-педагогикалық, ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді талдау; ҚР білім беру стандарттарын зерттеу және талдау, болашақ информатика педагогтарын әдістемелік даярлаудың өзіндік тәжірибесін талдау, салыстыру, жүйелеу және жалпылау); эмпирикалық (бақылау, білім алушылар мен оқытушылардан сауалнамалар, педагогикалық эксперимент); математикалық статистика әдістері (деректерді сандық және сапалық талдау, нәтижелерді графикалық бейнелеу). Зерттеу көздері: Президент Қ.К. Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» бұйрығы, «Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы, ҚР «Білім туралы» Заңы, ҚР жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, информатика педагогтарын даярлау бағыттары бойынша білім бағдарламалары, педагогтың кәсіби стандарты, зерттеу бағыты бойынша педагогтар, әлеуметтанушылар, әдіскерлер мен информатика саласы ғалымдарының еңбектері. Зерттеу әдістері: теориялық (зерттеу тақырыбы бойынша отандық және шетелдік психологиялық - педагогикалық, ғылыми-әдістемелік және арнайы әдебиеттерді, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын, информатика педагогтарын даярлау бағыттары бойынша білім бағдарламаларын жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласы бойынша типтік оқу жоспарын талдау, салыстыру, модельдеу); - эмпирикалық (бақылау, сауалнама, зерттеу гипотезасын тексеру үшін тәжірибелік). - статистикалық (эксперименттік жұмыс жүргізу және оның нәтижелерін өңдеу). Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Зерттеудің ғылыми жаңалығы - оқу үдерісін бақылауға, білім алушылардың дайындық көрсеткіштерінің динамикасын бағдарлауға және ақпараттық жүйенің көмегімен оқыту сапасының диагностикалық зерттеулерінің нәтижелерін өңдеуді оңтайландыруға мүмкіндік беретін қашықтықтан оқыту платформаларын құру негізінде оқу үдерісін қолдау технологиясын негіздейді және жүзеге асырады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы мынада: 1. Болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру бойынша даярлығын жетілдірудің ғылыми-теориялық негіздері жоғары оқу орындарының білім беру тәжірибесінде қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру мәселесінің қолданылуы мен жүзеге асырылу әдістерінің анықталуымен нақтыланды. 2. Қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру негізінде болашақ информатика педагогтарын даярлауды жетілдірудің моделі мақсаттық, ұйымдастырушылық, мазмұндық және нәтижелік блоктарды қамту арқылы құрылды. 3. Қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша болашақ информатика педагогтарын даярлауды жетілдірудің практикалық негіздері қашықтықтан оқыту платформасының жүйесін жобалау, программалық және оқу-әдістемелік негіздерін әзірлеумен анықталды. 4. Болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша даярлығын жетілдірудің тәжірибелік-эксперименттік жұмыстары жүргізіліп, оң нәтижелері алынды. Практикалық мәнділігі. 1. Информатика педагогтарын даярлау саласының магистрлерін оқыту үдерісіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «7М01511 -Информатика» білім бағдарламасының білім алушылары үшін «Білім онлайн платформалары» элективті пәні, оқу үдерісіне ендірілді. 2. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «7М01511 -Информатика» білім беру бағдарламасының білім алушылары үшін «Білім беру электрондық ресурстарын жасақтау әдістері» пәнінің мазмұнына толықтырулар жасалып, «Білім онлайн платформалары» элективті пәні оқу үдерісіне ендірілді. 3. Қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру арқылы болашақ информатика педагогтарын даярлығын жетілдіру мақсатында оқыту үдерісіне енгізілген «Білім беру электрондық ресурстарын жасақтау әдістері» , «Білім онлайн платформалары» элективті пәндердің оқу бағдарламалары және оқу-әдістемелік кешендері жасалды. 4. Болашақ информатика педагогтарына арналған «Білім-онлайн платформалары» атты оқу құралы жарық көрді. 5. «DL Platform» қашықтықтан оқыту платформасы құрылып, «7М01511- Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша магистранттарының оқыту үдерісіне ендірілді. 6. «Қашықтықтан оқыту платформалары» (ҚР ӘМ Ұлттық зияткерлік меншік институты авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі №33454, 10.03.2023ж.) ЭЕМ-ге арналған программасы дайындалды. Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі мен негізділігі: зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздерімен, әдістеме мен педагогика саласындағы қазіргі ғылыми жетістіктерге сүйенумен, болашақ информатика педагогтарын әдістемелік дайындаудағы информатика және АКТ оқытушыларының педагогикалық тәжірибесін талдаумен, зерттеудің теориялық және эмпирикалық әдістерінің қойылған мақсаттар мен міндеттерге сәйкестігімен, нақты оқу үдерісінде зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізумен қамтамасыз етіледі. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар: 1. Болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша даярлығын жетілдірудің ғылыми-теориялық негіздерінің жоғары оқу орындарының білім беру тәжірибесінде қолданыстағы әдістерін талдау арқылы педагогикалық клиент-серверлік, желілік серіктестік және веб-жоба әдістерімен толықтырылуы. 2. Қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру негізінде болашақ информатика педагогтарын даярлауды жетілдірудің моделі келесі блоктарды қамтиды: 2.1 мақсаттық – білім саласы бойынша мемлекеттік нормативтік құжаттарға, стандарт, білім беру бағдарламалары, жұмыстық оқу бағдарламалары (силлабустар); 2.2 ұйымдастырушылық – педагогикалық-технологиялық әдістер талдау, желілік серіктестік, веб-жоба , педагогикалық клиент серверлік, интерактивті , салыстыру, модельдеу және эмпирикалық әдістер арқылы және серверлік, бұлттық серверде ұйымдастыру, құрастырылған платформаны әкімшілік басқару негізінде жүзеге асырылуы; 2.3 мазмұндық - білім беру бағдарламалары негізінде профильдік пәндер, қашықтықтан оқыту платформасын құру негізінде жасалған академиялық ақпараттық ресурстары, оқу-әдістемелік қамтамасы; 2.4 нәтижелік – білім алушыларды қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша мотивациялық, ақпараттық-мазмұндық, аппараттық-технологиялық компоненттер мен критерийлері. 3. Қашықтықтан оқыту платформасын құру және жүзеге асыру бойынша болашақ информатика педагогтарын даярлауды жетілдірудің практикалық негіздері: 3.1 қашықтықтан оқыту платформасының жүйесін жобалаудың сұлбасы, қауіпсіздігі; 3.2 оқу үдерісінде қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асырудың программалық негіздерінің құрылымы, мазмұны және оқу-әдістемелік негіздері. 4. Болашақ информатика педагогтарының қашықтықтан оқыту платформасын құру мен жүзеге асыру бойынша даярлығын жетілдірудің тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының нәтижелері және қойылған болжамның расталуы. Зерттеу кезеңдері: I-кезең - ізденіс кезеңінде (2020-2021 жж.) отандық және шетелдік психологиялық - педагогикалық, ғылыми - әдістемелік және арнайы зерттеу тақырыбы бойынша әдебиеттер, болашақ информатика педагогтарын даярлауда қашықтықтан оқыту платформаларын қолдану бойынша жоғары оқу орындарының білім беру тәжірибесі талданды. Сондай-ақ, оқу үдерісіне қашықтықтан оқыту платформаларын енгізу әдістері мен формалары анықталып, қашықтықтан оқу платформаларын құру бойынша болашақ информатика педагогтарын даярлау моделі ұсынылды. Арнайы курстың мазмұны анықталды. Оқу-жұмыс бағдарламасы (силлабус), оқу-әдістемелік кешен әзірленді. Сауалнама сұрақтары әзірленді. II-кезең - қалыптастыру кезеңінде (2021-2022 оқу жылы, 2022-2023 оқу жылының І жарты жылдығы) арнайы курс оқу үдерісіне ендірілді, қашықтықтан білім беру платформасын құру, болашақ информатика педагогтарын даярлауда қашықтықтан оқыту платформасын қолдану негізінде әдістемелік құралдар, оқу материалдарын әзірлеп, оқыту үдерісінде жүзеге асырылды. III-кезең - қорытынды кезеңінде (2022-2023 оқу жылы) болашақ информатика педагогтарын даярлауда дайындалған қашықтықтан білім беру платформасының тиімділігін педагогикалық эксперимент жүзінде тексеру, нәтижелерді қорытындылау, математикалық - статистикалық өңдеулер жүргізу. Зерттеудің негізгі базасы: «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ, «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ. Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: – Scopus базасындағы журналда 1 мақала: Usage and effectiveness of educational platforms in Kazakhstan during the Covid-19 pandemic// World Transactions on Engineering and Technology Education.ISSN: 1446-2257. 20 August 2022. Vol.20, No.3, P. 226-231. – Web of Science Core Collection базасындағы журналдарда 1 мақала: Systems and effective management methods in the conditions of digitalization // Sustainable and Innovative Development in the Global Digital Age, 2022. - P. 1-10 (Slovakia). – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 4 мақала: 1.Білім беруде қолдануға арналған онлайн платформалар // Қаз ХҚ және ӘТУ Хабаршысы. – 2022. - Том 64. - № 1.- Б.86-174; 2.Қашықтықтан оқыту платформаларын құру мен жүзеге асырудың практикалық алғышарттары // Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының хабаршысы. Педагогика. – 2022.-№3.-Б.149-160; 3.The model of the distance learning platform in the preparation of future computer science teachers // Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының хабаршысы. Педагогика. – 2022.-№4.-Б.130-140; 4.Educational platform with elements of distance learning technologies in higher educational institutions of kazakhstan: features and benefits // Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының хабаршысы. Педагогика. – 2022.-№6.-Б.166-174. – халықаралық конференцияларда 1 мақала: Обзор платформ для организации дистанционного обучения в Казахстане //Ғылым: теория және тәжірибелер. Конференция. -2022. -Б.141-146; – Оқу құралдары: «Білім онлайн платформалары» - Атырау: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті 2023. - 145 б. ISBN 978-601-262-503-5 (хаттама №4, 31.01.2023 ж.). Диссертация құрылымы: диссертациялық жұмыс кіріспеден, 3 бөлімнен, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/KuWNYLng4Sc
