
«8D01511 - Информатика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Өмірзақова Айсара Айбекқызы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Өмірзақова Айсара Айбекқызы «8D01511 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша Мектепте иммерсивті оқыту технологияларын қолдану қауіпсіздігі мәселелерін зерттеу тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Информатика» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Ибашова Альмира Байдабековна - ғылым кандидаты, доцент, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, доцент
Куанбаева Баян Улжагалиевна - ғылым кандидаты, доцент, Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, доцент
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Шадиев Рустам - философия докторы (PhD), профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, профессор
Токжигитова Нургуль Каирбаевна - философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Торайғыров университеті
Шилибекова Айдана Сенбековна - ғылым кандидаты, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ , Басқарма бастығы
Ғылыми кеңесшілері:
Давлетова Айнаш Халиуллиновна – педагогика ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Информатика» кафедрасының доценті м.а. (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы); Мукашева Манаргуль Умирзаковна – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, білім беруді цифрландыруды дамыту орталығының жетекші ғылыми қызметкері (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы);
Григорьев Сергей Георгиевич – техника ғылымдарының докторы, профессор, Ресей білім академиясының корреспондент - мүшесі, Мәскеу қалалық педагогикалық университеті, «Информатика, басқару және технологиялар» департаментінің профессоры (Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 10 қаңтар, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01511 – Информатика» мамандығы бойынша «8D015 – Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: http://surl.li/snariz
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.):Зерттеудің өзектілігі. Иммерсивті технологиялардың танымал және қолжетімді түрлері болып табылатын виртуалды және толықтырылған шынайылықтарды білім беру саласында қолдану заманауи инновациялық бағыттардың бірі болып саналады. Жалпы, «иммерсивті технологиялар» ұғымы, ағылшын тіліндегі «immersive» сөзіне байланысты «қатысу әсерін» немесе «ортаға ену әсерін» жасайтын технологиялар дегенді білдіреді. Технологиялық тұрғыдан алғанда иммерсивті технологиялар – қолданушыға жасанды түрде құрылған цифрлық виртуалды ортаға енуге және онымен шынайы ортадағы сияқты әрекеттесуге мүмкіндік беретін программалық- техникалық құралдар жиынтығы болып табылады. Иммерсивті технологиялар виртуалды ортаға терең ену арқылы білімді игеру процесіндегі рөлі өте маңызды, олар негізінен білім алушылардың абстрактілі ұғымдарды жан-жақты игеруі үшін қажетті жан-жақты сенсорлық танымдық тәжірибелер жасауы үшін қолданылады. Қазіргі уақытта иммерсивті технологиялар қатарына жататын виртуалды шынайылықты білім беруде қолдану HTC Vive Pro, ClassVR, Meta Quest (бұрын Oculus Quest деп аталды) сияқты және тағы да басқа заманауи VR (Virtual reality) гарнитураларының қолжетімді болып әлемдік нарықта жаппай таралуымен тығыз байланысты. Дегенмен, дидактиканың басты қағидаларының бірі – көрнекілік қағидасы және тәжірибе негізінде оқытуға негізделген конструктивтік ұстаным тұрғысынан алғанда виртуалды шынайылықтың білім беруде үлкен мүмкіндіктерге ие екені ғалымдардың назарын ерте бастан аударды. Бұл бағыттағы алғашқы зерттеулер өткен ғасырдың 50-60 жылдары Стэнфорд университетінде басталды, ал қазіргі уақытта осы университеттің адамдармен виртуалды қарым-қатынас зертханасы (Virtual Human Interaction Laboratory, VHIL) виртуалды шынайылықтың оқытудағы мүмкіндіктерін зерттейтін үлкен орталыққа айналды. Зертхана ғалымдары 2016 жылы ауа ластануының салдарынан (CO2) мұхит түбінің қышқылдану процесі жүретінін және ондағы тіршіліктің жойылатынын симуляциялайтын VR контентті тәжірибеден өткізді. Білім алушылар мұхит түбіне түсіп, қышқылдану процесі мен оның тіршілікке әсерін, өздерінің қатысуымен бақылай алды, қышқылдану салдарынан қарайған және тесіліп қалған моллюскаларды, балдырларды өз қолдарымен ұстап көру мүмкіндігіне ие болды. Тәжірибе білім алушылардың білім мазмұнына қызығушылығы мен ынтасының 75-80 пайызға дейін жоғарылағанын растады және бұл университет оқытушыларының да назарын аударды. Жалпы білім беретін мектептерде иммерсивтік оқыту технологиялары екі бағытта қолданылуы мүмкін. Біріншіден толықтырылған немесе виртуалды шынайылық технологиялары оқыту құралы ретінде пайдаланылады. Бұл жағдайда иммерсивтік технологиялар оқулықтар, интерактивті тақта, мобильдік қосымшалар және т.б. цифрлық ресурстар сияқты пәнді оқытудың қосымша құралы ретінде қолданылады. Қазақстанның мектепке дейінгі, орта білім беру және арнайы білім беру ұйымдарын виртуалды шынайылық көзілдіріктерімен және де сәйкесінше толықтырылған және виртуалды шынайылық контенттерімен жабдықтау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы №70 «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Екінші жағдайда иммерсивтік технологиялар мектептегі информатика пәнінің немесе арнайы элективтік курстардың мазмұндық компоненті ретінде қарастырылады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, таңдау курстарының және факультативтердің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығына сәйкес жалпы орта білім беру деңгейіндегі 10-11 сыныптарға арналған «Информатика» пәні үлгілік оқу бағдарламасының «3D модельдеу» бөлімінде «11.2.4.1 – виртуалды және кеңейтілген шынайылықтың мақсатын түсіндіру; 11.2.4.2 – адамның психикалық және физикалық денсаулығына виртуалды және кеңейтілген шынайылықтың әсері; 11.2.4.3 – бірінші тұлға көрінісімен 3D панорама (виртуалды саяхат) жасау» сияқты оқу мақсаттары қарастырылған. Мұндағы мақсат, білім алушылардың, цифрлық технологиялар саласындағы жаңа жетістіктер болып саналатын толықтырылған және виртуалды шынайылықтар туралы білімі мен оны пайдалана алу дағдыларының болғанын көздейді. Қазіргі уақытта иммерсивті технологияларды білім беруде қолдануға байланысты зерттеулердің қатары жылдам көбейіп келе жатыр. Виртуалды шынайылық ортасындағы оқыту процесі кезінде білім алушылардың білімді меңгеруіне қолайлы әсер ететін көптеген факторлар бар екені анықталып отыр. Мұндай факторларға білімнің мазмұнына деген қызығушылық, жаңа білімді үйренуге ынтаның жоғарылауы, жаңа технологиялық тәсілдің эмоциялық әсері, оқыту процесінің білім алушы үшін еркіндік бере алуы және т.б. жатқызуға болады. Сонымен қатар, бұл виртуалды шынайылық ортасындағы оқытуда әлі де болса толық зерттелмеген бірқатар тәуекелдердің бар екені де расталып отыр. Иммерсивті орталарға тән шынайылықты шартты түрде сезіну мен қабылдау (перцептивтік реализм) және де шамадан тыс эмоциялық сезінулер білім алушыларға қосымша когнитивтік немесе психологиялық салмақтар салуы мүмкін деген болжамдар да бар. Бұл бағыттағы соңғы зерттеулердің бірінде виртуальды шынайылыққа ену кезіндегі қолайсыздықтардың, атап айтқанда киберсырқат, көру қабілетінің шаршауы, бұлшық еттердің шаршауы, өзін-өзі ұмытып қатты беріліп кету және ақыл-ой қабілетіне салмақ түсіру сияқты белгілердің байқалуына қатысты 380 астам зерттеулерге шолу жасалған. Бұған жан-жақты, үлкен зерттеуде виртуалды шынайылыққа ену кезіндегі киберсырқаттың негізгі белгілері ретінде бас айналуы, көздің бұлыңғырлануы, дене тепе-теңдігінің бұзылуы, жүрек соғысының жиілеуі, жүрек айнуы, терлеу, дене температурасының көтерілуі аталған. Сонымен қатар зерттеушілер бүгінгі күні VR гарнитуралар мен VR контенттер сапасының біраз жақсарғанына қарамастан виртуалды шынайылықты қолдану эргономикасын зерттеудің әлемдік деңгейдегі маңызды және күрделі мәселе екеніне де назар аударып отыр. Мектеп жасындағы балалар үшін виртуалды иммерсивті технологияларды, атап айтқанда виртуальды шынайылықты пайдалануда білім алушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, психоэмоционалды және әлеуметтік әл-ауқатына қатысты мәселелер туралы зерттеулер әлі де болса жеткіліксіз. Ғалымдар виртуалды шынайылықтың мектеп жасындағы балалардың денсаулығына әсері мәселелерін кешенді зерттеу қажеттілігін жиі атап өтуде. Мектеп жасындағы балалардың виртуалды шынайылықты пайдалануына қатысты сауалнамалар олардың ата-аналарында бірқатар сұрақтардың пайда болғанын көрсетті: «Виртуалды шынайылық басқа медиа құралдардан қалай ерекшеленеді?», «Виртуалды шынайылық балалардың дамуына қандай әсер тигізеді?», «Виртуалды шынайылыққа ұзақ уақыт пайдаланудың когнитивті салдары бар ма?», «Виртуалды шынайылықта ұсынылған мазмұнның қандай сипаттамалары балалардың көзқарасы мен мінез- құлқын өзгертеді?». Бұл сұрақтардың балалар мен жасөспірімдер үшін ғана емес, ересектер үшінде аса маңызды екені педагогтар мен психологтарды, әлеуметтік сала мамандары мен мен медицина қызметкерлерінің қауымдастықтарын бірдей алаңдатып отыр. Аталған зерттеулердің нәтижелері, яғни жоғарыда аталған тәуекелдердің жан-жақты зерттелмеуі және олардың алдын-алуға қатысты қауіпсіздік шарттарының тағайындалмауы иммерсивті технологияларды мектептегі білім беру процесінде жаппай қолдануда қарама-қайшылыққа әкелетін мәселелердің бар екенін анықтайды. Сондықтан, аталған мәселені жан-жақты зерттеу мақсатында диссертациялық жұмыстың тақырыбы «Мектепте иммерсивті оқыту технологияларын қолдану қауіпсіздігі мәселелерін зерттеу» деп аталды. Зерттеудің нысаны – жалпы білім беретін мектептегі оқу процесі Зерттеудің пәні – жалпы білім беретін мектептегі оқу процесінде иммерсивті технологияларды қолданудағы тәуекелдер мен қауіпсіздік шарттары Зерттеудің мақсаты: Иммерсивті технологияларды қауіпсіз пайдалану тәсілдері мен қағидаларын әдіснамалық және эмпирикалық тұрғыда негіздей отырып жалпы білім беретін мектептегі оқыту процесінде иммерсивті технологияларды қолданудағы қауіпсіздік шарттарын ұсыну. Зерттеудің ғылыми болжамы: егер иммерсивті технологияларды қолдануда білім алушылардың салауатты, жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсер етуі мүмкін тәуекелдердің болуы теориялық және эмпирикалық тұрғыда жан-жақты зерттеліп дәлелденсе, онда бұл технологияларды жалпы білім беретін мектептегі оқу процесінде қауіпсіз қолданудың шарттарын анықтау мүмкін болар еді, өйткені цифрлық технологияларды білім беруде қолданудағы тәуекелдердің алдын-алу және қауіпсіздік шарттарының сақталуы білім алушы немесе мектеп үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де өте маңызды. Зерттеудің міндеттері: 1. Иммерсивті технологияларды оқыту процесінде қолдану бойынша ғылыми және ғылыми-әдістемелік зерттеулерге, халықаралық және отандық тәжірибелерге талдау жасау және оларды қолдануда қауіпсіздік шараларын сақтауды қажет ететін тәуекелдердің бар екенін әдіснамалық тұрғыда негіздеу. 2. Иммерсивті технологияларды оқыту процесінде қолдануда болуы мүмкін тәуекелдердің контекстік классификациясы жасау және олардың сипаттамаларын беру. 3. Иммерсивті технологияларды оқыту процесінде қауіпсіз қолданудың теориялық моделін құру. 4. Зерттеудің теориялық және эмпирикалық нәтижелеріне сүйене отырып жалпы білім беретін мектептегі оқыту процесінде иммерсивті технологияларды қолданудағы қауіпсіздік шарттарын ұсыну. 5. Жалпы білім беретін мектептегі оқыту процесінде виртуальды шынайылықты қолданудағы тәуекелдерді анықтау үшін эксперименттік жұмыстар жүргізу. Зерттеудің жетекші идеясы: Иммерсивті технологияларды мектепте білім беруде қолдануда тәуекелдердің бар екенін дәлелдеу және олардың алдын-алуда қажет болатын қауіпсіздік шарттарын әзірлеу. Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері: Зерттеу барысында негізге алынған ғылыми-педагогикалық теориялар, әдіснамалық ұстанымдар мен ғылыми зерттеулер: ақпараттық технологияларды қолданудағы орнындағы тәуекелдерді анықтау, симуляциялық сырқатты цифрлық бағалауда жетілдірілген әдісі (Souchet A.D., Lourdeaux D., Pagani Kennedy R.S, Lane N.E., Berbaum K.S., Lilienthal M.G.), AR және VR технологияларының білім берудегі мүмкіндіктері туралы Григорьев С.Г., Родионов М.А., Кочеткова О.А және т.б. еңбектерінде қарастырылған. Зерттеуде білім беру саласындағы келесі нормативті-құқықтық құжаттар пайдаланылды: Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы; «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы №70 бұйрығы; Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық- эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің таңдау курстарының үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 16 қыркүйектегі №399 бұйрығы пайдаланылды. Зерттеудің әдістері: Зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми-техникалық, ғылыми-әдістемелік әдебиеттер мен басылымдарды жүйелеуде талдау әдісі. Мектепте оқыту процесінде иммерсивті технологияларды қолданудың мүмкіндіктерін және тәуекелдерін анықтауда бақылау және бағалау әдістері. Иммерсивті оқыту технологияларының әсерін эмпирикалық жолмен анықтауда Kennedy R.S. және сараптау әдістері. Иммерсивті оқыту технологияларының білім берудегі әсерлерін жүйелеуде класификация әдісі. Мектепте оқытуда иммерсивті технологияларды қолданудағы тәуекелдер мен олардың алдын – алу (қауіпсіздігі) шарттары арасындағы байланысты анықтауда моделдеу әдісі. Виртуалды шынайылыққа ену кезіндегі әсер етулерді бақылау үшін эксперимент жүргізілді және оның нәтижелерін өңдеуде статистикалық әдістер. Зерттеудің негізгі кезеңдері: Бірінші кезеңде (2020 ж., қыркүйек – 2021 ж., қаңтар) – зерттеу жұмысының ғылыми аппараты негізделіп, тақырыптың өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, пәні, нысаны, жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы анықталды. Зерттеу міндеттеріне орай атқарылатын жұмыстардың жоспары құрылып, орындалу кезеңдері айқындалды. Екінші кезеңде (2021 ж., ақпан – 2022 ж., қаңтар) – зерттеу тақырыбы бойынша қалыптастыру кезеңін жүзеге асыру. Мектептерде оқытудың иммерсивті оқыту технологияларын қауіпсіз қолдану тәсілдері мен принциптерін қамтитын зерттеу әдіснамасы негізделді. Иммерсивті оқыту технологияларының білім берудегі әсерлері классификацияланды және мектептегі оқыту процесінде иммерсивті технологияларды қолданудағы тәуекелдер мен олардың алдын – алу (қауіпсіздігі) шарттары арасындағы байланыстың теориялық моделі даярланды. Бұл кезеңде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті гранттық қаржыландырған «AP08856402 Орта мектептің білім беру процессінде виртуалды және кеңейтілген шынайылықты қолданудың әдіснамалық, психология-педагогикалық және технологиялық аспектілері» тақырыбындағы гранттық ғылыми жоба құрамында алғашқы анықтаушы эксперименттер жүргізілді. Үшінші кезеңде (2022 ж., ақпан – 2022 ж., маусым) – ғылыми зерттеу тақырыбы бойынша мектепте қорытынды эксперимент жұмыстары жүргізілді және деректер жинақталды. Зерттеу нәтижелерін жетілдіру мақсатында Мәскеу қалалық педагогикалық университетінде онлайн форматта ғылыми тағылымдама өтілді. Төртінші кезеңде (2022 ж., қыркүйек – 2023 ж., желтоқсан) – Мәскеу қалалық педагогикалық университетінде ғылыми тағылымдама оффлайн форматта жалғастырылды. Эксперименттік зерттеу нәтижелері талданып, өңделді, алынған нәтижелер салыстырылды және жалпылама қорытындылар, ұсыныстар жасалды, диссертациялық зерттеу қорытындылары рәсімделді. Зерттеудің базасы: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Мәскеу қалалық педагогикалық университеті, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Ақтөбе қаласындағы №55 мектеп гимназия. Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні: Иммерсивті технологияларды оқыту процесінде қолдану бойынша ғылыми және ғылыми-әдістемелік зерттеулерге, халықаралық және отандық тәжірибелерге талдау жасалып және оларды қолдануда қауіпсіздік шараларын сақтауды қажет ететін тәуекелдердің бар екенін әдіснамалық тұрғыда негізделді. Иммерсивті технологияларды оқыту процесінде қолдануда кездесетін тәуекелдердің контекстік классификациясы ұсынылып және олардың сипаттамасы әзірленді. Иммерсивті технологияларды оқыту процесінде қауіпсіз қолданудың теориялық моделі әзірленді. Жалпы білім беретін мектептегі оқыту процесінде иммерсивті технологияларды қолданудағы қауіпсіздік шарттары әзірленді. Жалпы білім беретін мектептегі оқыту процесінде виртуальды шынайылықты қолданудағы тәуекелдерді анықтау үшін эксперименттік жұмыстар жүргізілді және алынған нәтижелерге талдау жасалды. Зерттеудің практикалық мәні: Иммерсивті оқыту технологияларын қолдануда қауіпсіздік шараларын сақтауды қажет ететін тәуекелдердің бар екені әдіснамалық тұрғыда негізделді, яғни бұл әдіснама виртуалды және толықтырылған шынайылық технологияларын мектептегі оқыту процесінде қауіпсіз қолданудың шараларын тағайындауға өз үлесін қосады. Иммерсивті технологияларды оқыту процесінде қолдануда кездесетін тәуекелдердің контекстік классификациясы және олардың сипаттамамалары қаупісіздік шараларын қажет ететін салауаттылық тәуекелдерінен басқа технологиялық, әлеуметтік және педагогикалық тәуекелдердің бар екеніне зерттеушілер назарын аударады және болашақтағы жаңа зерттеулер бағытын айқындауы мүмкін. Иммерсивті технологияларды оқыту процесінде қауіпсіз қолданудың теориялық моделі мен экспериментте алынған нәтижелер негізінде ұсынылған мектептегі оқыту процесінде иммерсивті технологияларды қолданудағы қауіпсіздік шарттарын, «Иммерсивті оқыту технологияларын білім беруде қолдану: Виртуалды және толықтырылған шынайылық» тақырыбындағы әдістемелік құралды мектеп мұғалімдері өз іс-тәжірибелерінде қолдана алады. Бұл зерттеудің нәтижелерін, яғни ғылыми және ғылыми-әдістемелік басылымдарда ресми түрде жарияланған нәтижелерді мектепке арналған виртуалды және толықтырылған шынайылық контенттерін сараптамадан өткізетін немесе санитариялық талаптарды тағайындайтын мемлекеттік ұйымдар арнайы стандарттар немесе басқа да құжаттар даярлауда пайдалануына болады. Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі мен негізділігі зерттеу барысында қолданылған халықаралық және отандық ғылыми зерттеулер мен тәжірибелерді қамтитын дереккөздер, әрбір нәтижеге қол жеткізу үшін сәйкесінше қолданылған зерттеу әдістері, эксперименттік жұмыстардың сандық нәтижелері, зерттеу бойынша ашық жарияланған ғылыми және ғылыми- әдістемелік еңбектер қамтамасыз етеді. Қорғауға ұсынылатын қағидалар: 1) Цифрлық иммерсивті оқыту технологияларын қолдануда қауіпсіздік шараларын сақтауды қажет ететін тәуекелдердің бар екенін әдіснамалық тұрғыда дәлелдеу. 2) Иммерсивті технологияларды оқыту процесінде қолдануда кездесетін тәуекелдердің контекстік классификациясы және олардың сипаттамасы. 3) Иммерсивті технологияларды оқыту процесінде қауіпсіз қолданудың теориялық моделі. 4) Жалпы білім беретін мектептегі оқыту процесінде иммерсивті технологияларды қолданудағы қауіпсіздік шарттары. 5) Эксперимент нәтижелері бойынша виртуальды шынайылықты мектептегі оқыту процесінде қолдануда анықталған тәуекелдер және статистикалық деректері. Зерттеу нәтижелерін мектепте сынақтан өткізу және оқу процессіне енгізу, мемлекеттік ресми ұйымдардың іс-тәжірибесіне және ғылыми зерттеулер жүргізуге енгізу: Зерттеу нәтижелері жалпы білім беретін мектептерде сынақтан өткізілді және білім беру саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының, мемлекеттік ғылыми сараптамалық ұйымдардың іс-тәжірибесіне енгізілді: – Ғылыми зерттеу тақырыбы бойынша Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектеп- гимназиясында қорытынды эксперимент жұмыстары жүргізілді және деректер жинақталды. Докторанттың жетекшілігімен мектеп-гимназия білім алушылары виртуалды шынайылық бағыты бойынша Халықаралық – «INFORMATRIX – 2021, 2022» мектеп білім алушыларының жобалар конкурсына қатысып жүлделі І, ІІІ орындарды иеленді (Қосымшалар Ә, Б). – Жалпы білім беретін мектептегі оқыту процесінде иммерсивті технологияларды қолданудағы қауіпсіздік шарттарын сақтауға байланысты ұсыныстар мен «Иммерсивті оқыту технологиялары: виртуалды және толықтырылған шынайылық» тақырыбындағы әдістемелік құралы Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығында жалпы білім беретін мектепке арналған VR/AR контенттеріне сараптамалар жасауда қолданылды (Қосымша В). – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті гранттық қаржыландырған «AP08856402 Орта мектептің білім беру процессінде виртуалды және кеңейтілген шынайылықты қолданудың әдіснамалық, психология-педагогикалық және технологиялық аспектілері» тақырыбындағы гранттық ғылыми жоба құрамында болып диссертация тақырыбы бойынша жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілді, мақалалар жарияланды, мақалаларға сілтемелер жасалды. Зерттеудің қорытынды және аралық нәтижелері «Research on the health problems of school students in virtual reality» (Чэнду, 2024), «Здоровьесберегающие аспекты обучения в учебной среде виртуальной реальности» (Минск, 2022), «Киберкультура школьника как основа безопасного использования цифровых технологий» (Якутск, 2021) тақырыбындағы баяндамаларда шетелдік мамандардың қатысуымен талқыланды (Қосымша Б). Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: Зерттеудің негізгі қағидалары халықаралық журналдарда жарияланып, ғылыми семинарлар мен халықаралық конференцияларда баяндалып талқыланды. Нөлдік емес импакт-факторы бар Scopus және Web of Science деректер қорына кіретін халықаралық ғылыми журналдарда 2 мақала жарияланды: Contextual structure as an approach to the study of virtual reality learning environment // Cogent Education. – 2023. – Vol. 10, Issue 1. – Р. 2165788. Computational thinking assessment at primary school in the context of learning programming // Cogent Education№10. Article 2165788 – 2023 - p. 1-22 Scopus және Web of Science деректер қорына кіретін халықаралық ғылыми конференцияда 1 мақала жарияланды: Research on the health problems of school students in virtual reality // 2024 13th International Conference on Educational and Information Technology (ICEIT), (Chengdu, 2024. – Р. 15-18). Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми журналдарда 5 мақала жарияланды: Мектепте иммерсивті технологияларды қолданудағы қауіпсіздік шарттары: пилоттық зерттеу // «ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының хабаршысы» ғылыми журналы – № 409 (3) – 2024 г. – С. 176-190. Возможные проблемы при использовании виртуальной реальности в обучении // Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы, Физика-математика ғылымдары сериясы. – 2023. – №4(84). – Б. 165-175. О внедрении технологий виртуальной и дополненной реальности в школу // Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы, Физика-математика ғылымдары сериясы. – 2021. – №1(73). – Б. 182-188. Программалауды оқыту процесінде білім алушылардың есептік ойлауын дамыту // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнің Хабаршысы, Педагогика. Психология. Әлеуметтану сериясы. – 2019 – №4(129).– Б. 55-64. A Psychological Research of Students' Academic Motivation in Collaborative Learning in Virtual Reality // Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы, «Психология» сериясы. – 2024. – №1(74). – Б. 113-119. Рецензияланатын ғылыми журналдарда және халықаралық конференцияларда 6 мақала жарияланды: Психолого-педагогические аспекты использования иммерсивных технологий в образовании // Вестник МГПУ. Серия «Информатика и информатизация образования». – 2023. – №1(63). – С. 99-111. Collaborative learning in a virtual reality environment // Collection of materials of the II Scientific and Practical conference with international participation (Kyiv, 2023. – P. 38-50). Здоровьесберегающие аспекты обучения в учебной среде виртуальной реальности // Материалы международной научно-практической конференции «Физико-математическое образование: цели, достижения и перспективы» (Минск. – 2022. – С. 379-383). Киберкультура школьника как основа безопасного использования цифровых технологий // Современная школа как результат развития педагогической системы в условиях реализации ФГОС: материалы научно- практической конференции (Якутск, 2021. – С. 119-123). Білім беруде иммерсивті технологияларды қолдану // Білім алушытер мен жас ғалымдардың «Ǵylym jáne bilim - 2021» XVI Халықаралық ғылыми конференциясының баяндамалар жинағы (Нұр-Сұлтан, 2021. – Б. 659-663). Білім беру саласындағы иммерсивті технологиялардың әсері // «Инновациялық зерттеулердің тиімділігін арттырудың модельдері мен әдістері»: халықаралық ғылыми конференцияның материалдар жинағы (Қарағанды, 2020. – Б. 32-38). Оқу құралы даярланды: Иммерсивті оқыту технологияларын білім беруде қолдану: виртуалды және толықтырылған шынайылық: әдістемелік құрал. – Нұр-Сұлтан, 2022. – 112 б. Зерттеу аясында мектептегі ағылшын тілі немесе экологияға байланысты элективтік курстарда қолдануға болатын виртуалды шынайылық контенті даярланды: 1. «Цифрлық сауаттылық 3-сынып. ІІ бөлім - Ойын құру». (Авторлық куәлік, (Қосымша А) 2. «Aral Sea» тақырыбындағы Арал теңізі туралы үш тілде ақпарат беретін виртуалды шынайылық қосымшасы. (Қосымша А) Диссертация құрылымы: кіріспеден, 3 бөлімнең, қорытынды, пайданылған әдебиеттер тізімі және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/Mq-9X9BEiaw
