
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жилмагамбетова Раушан Зейнетоллақызы «8D01511 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша «Математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Информатика» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Мадияров Нурлыбай Кокешович – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Жоғары мектеп деканы (Шымкент қ., Қазақстан Республикасы);
Қосыбаева Үмiтжан Аманкелдықызы – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Математика және информатиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Шадиев Рустам Нарзикулович – философия докторы (PhD), профессор, Чжэцзян университеті, Педагогикалық колледжінің профессоры (Ханчжоу қаласы, Қытай Халық Республикасы);
Мукашева Манаргуль Умирзаковна – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Білім беруді цифрландыруды дамыту орталығының жетекші ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Асаинова Алмагуль Жаяковна – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, КеАҚ «Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» профессоры (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Мубараков Акан Мукашевич – педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Информатика» кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Эркан Чалышкан – философия докторы (PhD), Нигде Омер Халисдемир атындағы университеті, «Компьютерлік инженерия» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Нигде қ., Турция).
Қорғау 2025 жылғы 21 ақпан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01511 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша «8D015 – Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас (оффлайн және онлайн) форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: http://surl.li/rwcdsx
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің өзектілігі. Білім беру жүйесі ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Біздің заманымыз болашақ мамандарды даярлау мен білім беру сапасын арттыру, олардың ғылым негіздерін берік меңгеруін қамтамасыз ету, әрбір пәнді оқытудың жоғары ғылыми деңгейін қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Президент Қ.К. Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында дамыған мемлекет болу үшін озық білімге ұмтылып, жаңа технологияны, соның ішінде жасанды интеллектінің көмегімен бейімдеп оқытуды игеру қажеттілігіне ерекше берді. Сонымен қатар, білім беру жүйесі еңбек нарығының қажеттіліктеріне бейімделуі үшін барлығына жоғары жылдамдықты интернет пен цифрлық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Қазақстанның білім беру жүйесі білім берудің ескі форматын дербестендірілген тәсілге өзгертуге ұмтылуда. Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңындағы «Ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне тез бейімделуіне ықпал ететін модульді-кредиттік, қашықтан оқыту және part time, ақпараттық коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану» сияқты білім беру жүйесінің міндеттерімен де дәлелді. Дәстүрлі оқыту моделі бірте-бірте жұмысын тоқтатады, өйткені цифрлық қоғамның қажеттіліктері өзгереді және сыртқы орта белсенді түрде әсер етеді. Оқу орындарында цифрлық білім беру ортасын дамыту, білім алушылардың цифрлық құзыреттіліктерін модельдеу, цифрлық ортада жеке оқу траекториясын құру, сонымен қатар бейімделуге мүмкіндік беретін ақпараттық технологияларды, модельдер мен алгоритмдерді әзірлеу сияқты өзекті мәселелер бар. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 11 – бабының 9 тармағында оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалануды алға тартады. Мысалы, жасанды интеллект пен машиналық оқыту секілді технологияларды, әрбір білім алушының білім алу жолын баптау мен алдын-ала жоспарлау үшін қолдану керек. Бұл оқытудың мақсаты – білім алушылардың Жаңа Қазақстанға қажет критикалық ойлауын дамыту, байланыс орната алуды және де құзіреттіліктерінің мәселесін шешуді үйрету болып табылады. Білім беру ұйымдарында математиканы оқытудың жаңа әдістерін қолдана отырып, заман талабына сай оқыту және жаңа технологияларды зерделеу, анықтау және қолданудағы қиындықтарды жою оқу үрдісінің маңызды талаптары болып табылады. Яғни, математиканы сапалы оқыту білім беруге жаңаша көзқарасты талап етеді. Техникалық және кәсіптік білім беру орындарында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалана отырып математиканы оқыту әдістемесі қазіргі дидактиканың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Өйткені, колледждерде тек математика ғана емес, басқа да пәндерді оқытудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен колледждерде білім алушылар шағын топтарда оқиды. Бұл оқытушының әр білім алушымен жұмыс істеуіне мүмкіндік бар деген сөз. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы математиканы оқыту Нұрғожаев Ш.Б. назарын аударды. Оның «Колледжде математиканы оқытуда ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолданудың дидактикалық шарттары» атты диссертациялық жұмысы осы тақырыпқа арналған. Автор өз диссертациясында білім алушылардың дербестігіне үлкен мән береді. Ақпараттық технологияларды енгізу білім алушылардың сыни ойлауы мен өзін-өзі басқару дағдыларын дамытуға ықпал етеді деп санаймын. Басқа зерттеуші Федорова О.Н. өзінің негізгі назарын колледжде математиканы оқытудың ерекшеліктеріне аударды. Оның пікірінше, «...колледж білім алушының математиканы меңгеру деңгейі оның болашақ өміріне әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады». Бұл тұжырыммен келіспеу қиын, өйткені математикалық дағдылар логикалық ойлау мен күрделі есептерді шешудің негізін құрайды. Сонымен қатар, математиканы жақсы білу білім алушыларға әртүрлі кәсіби салаларда кең мүмкіндіктер ашады. Әсіресе, Мәлібекова М.С. «Жаңа ақпараттық технологияны математика және информатика пәндері байланысында қолданудың педагогикалық негіздері» атты ғылыми жұмысында «Интернет арқылы математиканы оқытудың тиімді құралы - тестілеу, жарыстар мен олимпиадаларға қатысу, электронды оқулықтармен өз бетімен жұмыс істеу және зерттеу жұмысына қажетті материалды іріктеу», - деп есептейді. Әрбір математика және информатика оқытушысы өзінің педагогикалық мақсатына күрделі ақыл-ой операциялары арқылы жетеді. Сондықтан математика оқытушысының бірінші кезектегі міндеті – білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Садвакасова З.М. оқудың когнитивтік стиліне қызығушылық танытуы кездейсоқ емес. Автор бұл маңызды стильді оқу-тәрбие үрдісінде ескеруді жақтағаны сөзсіз. «Біртұтас педагогикалық процесті жүзеге асыратын әрбір оқытушы дидактиканың заңдылықтары мен қағидаларын ғана ескеріп қоймай, сонымен қатар білім алушының алға басу, дамуы, тұлғалық өсуі тәуелді болатын танымдық стильді де ескеруі керек», - деп атап өтеді. Бұл тәсіл әрбір білім алушының әлеуетін барынша арттыруға ықпал ететін тиімдірек білім беру ортасын құруға көмектеседі. Білім беруді ақпараттандырудың дамуы пәндерді оқытуды ақпараттандырудан, атап айтқанда, белгілі математиктер Ершов А.П., Курманалина Ш.К. ықпал еткен информатика мен математиканы кіріктіруден бастады. Авторлардың жұмысы осы пәндердің өзара байланысын тереңірек түсінуге негіз болды. Авторлардың қосқан үлесінің арқасында математиканы оқыту технологиямен жабдықталған және қазіргі білім алушылар үшін қол жетімді болды. Қазіргі уақытта Нұрғалиева Г.Қ., Джусубалиева Д.М., Бектурганова Р.Ч., Бекболғанова А.Қ., Жиембаев Ж.Т. сынды ғалымдар білім беруді ақпараттандыру әдістемесін әзірлеп және білім беруді цифрландыруға байланысты зерттеулер жүргізуде. Олардың білім берудің цифрлық трансформациясы контекстіндегі перспективті бағыттары бейімдеп оқыту болып табылады. Бұл зерттеулер әр білім алушының қажеттіліктеріне сәйкес келетін жекелендірілген оқу бағдарламаларын жасауға көмектеседі. Осы тәсілдің арқасында оқу процесі тиімдірек және нәтижелі болады. Дербес бейімдеп оқыту арқылы жаһандық трендтерді бөліп көрсету бізге заманауи әлемнің сын-қатерлеріне жауап беретін, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескеретін және оқытудың озық әдістерін қолданатын икемді білім беру жүйесін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім алушылардың оқу қарқынын, қызығушылықтары мен қабілеттерін сәйкестендіру арқылы бірегей тұлға ретінде дамуына ықпал етеді. Яғни, жаһандық тенденциялар мен дербес бейімдеп оқытудың синергиясы оқу үрдісін жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар жаңа технологиялармен және педагогикалық әдістермен тиімді әрекеттесе алатын білім беру жүйесін құруға ықпал етеді, сол арқылы білім беруді үздіксіз жетілдіруге қолдау көрсетеді. Трендтерді талдау мен дербес бейімдеп оқытуды біріктіретін тәсіл сонымен қатар тәуелсіздік, шығармашылық ойлау және коммуникативті дағдыларды қалыптастыру арқылы білім алушылардың болашақтың тез өзгеретін талаптарына дайындығына қолдау көрсетеді. Мұндай икемді білім беру жүйесі динамикалық әлеуметтік-экономикалық жағдайда өмірдің және жұмысқа орналасудың әртүрлі салаларына сәтті бейімделуге қабілетті түлектерді дайындауға ықпал етеді. Жаһандық тенденциялар жағдайында дербес бейімдеп оқыту әдістерін енгізу қазіргі қоғамның талаптарына сәйкес келетін білім беру ортасын құруға ықпал етеді. Дербес бейімдеп оқыту білім сапасын жақсартып қана қоймай, болашақтың сынақтарына сәтті бейімделе алатын жаңа ұрпақ даярлайды. Көп жағдайларда, дербес бейімдеп оқыту техникалық, қаржылық және педагогикалық шектеулермен шектеледі, бұл оның толық орындалуын қиындатады. Осыған байланысты, дербес бейімдеп оқытуды ұйымдастыру үшін ғылыми-әдістемелік пен бағдарламалық жасақтамасын құрудың күрделілігі есебінен іске асырылмауы зерттеу жұмысының қарама-қайшылықтарын тудырады. Жоғарыда айтылғандарды саралай келе, диссертациялық жұмыс тақырыбы «Математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасы» деп таңдалды. Зерттеудің мақсаты: оқыту тиімділігін арттыруға, білім беру саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететін математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасын құру. Зерттеудің міндеттері: − дербес бейімдеп оқыту бойынша ғылыми, оқу–әдістемелік еңбектерді және бағдарламалық қамтамасыз ету орталарын талдау; − білім беру ұйымдарында оқыту үрдісін ұйымдастыруға әсер ететін психологиялық-пеагогикалық факторларды анықтау; − математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасын құру және жүзеге асыру моделін құрастыру; − математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми–әдістемелік негіздерінің алгоритмдерін анықтау; − математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың бағдарламалық жасақтамасын құру; − математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасын қолданудың тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарын жүргізу. Зерттеудің нысаны: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы оқыту үрдісі. Зерттеудің пәні: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасын жасау. Зерттеудің ғылыми болжамы: егер білім беру ұйымдарында математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми–әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасы жасалып қолданылса, онда білім алушылардың математика пәні бойынша білім сапасы артар еді, өйткені дербес бейімдеп оқыту әдістері әр білім алушының ерекше қажеттіліктері мен қабілеттерін ескереді, оқу үрдісін дербестендіруге мүмкіндік береді, білім алуышылардың оқыту үрдісіне белсенді қатысуына және оқуға деген ынтаны арттыруға ықпал етеді. Зерттеудің жетекші идеясы: дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасын математика сабақтарында қолданудың негіздерін анықтап, жүзеге асыру, пән бойынша қызығушылығы мен оқыту сапасын арттыруға ықпал ету. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: Ақпараттық – коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы математиканы оқыту әдіснамасы бойынша ғылыми еңбектер, дербес білім беру ортасын құрудың әдіснамалық негізі, дербес бейімдеп оқытудың формалары, білім беруді дербестендірудің тәсілдері мен әдістері, дербес бейімдеп оқыту технологиялары, статистикалық әдістер. Зерттеудің көздері: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты., «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» қосымшасы, Білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарды бекіту туралы заңы, ҚР бастауыш және орта кәсіптік білім беретін оқу орындарын ақпараттандыру бағдарламасын бекіту туралы заңы, Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін жалпы білім беретін пәндер циклінің немесе модулінің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы заңы, ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы заңы, ТжКбб оқулықтарының мазмұны, педагогика және білім берудегі ғылыми-қолданбалы технологиялар бойынша ғылыми еңбектер. Зерттеудің әдістері: 1. Теориялық-ғылыми әдебиеттерді және бейімдеп оқытумен байланысты қолданыстағы тәсілдерді талдауды қамтиды. Бұл бейімдеп оқыту технологияларын дамытудың теориялық негіздерін жалпылауға және жүйелеуге мүмкіндік береді. Бұл әдіс математика пәнін дербес оқыту тұжырымдамасын қалыптастыруға негіз болады. 2. Эмпирикалық – бақылаулар, эксперименттер және сауалнамалар арқылы деректерді жинау мен талдауды қамтиды. Бұл әдіс теориялық болжамдарды практикалық тексеруге, бейімделу тәсілдерінің тиімділігін анықтауға және олардың оқу нәтижелеріне әсерін зерттеуге бағытталған. Эмпирикалық әдіс білім алушылардың нақты жетістіктерін бағалауға және алынған деректер негізінде оқыту әдістерін түзетуге мүмкіндік береді. 3. Статистикалық–деректерді талдау және түсіндіру үшін сандық әдістерді қолдануды қамтиды. Ол заңдылықтарды анықтау, гипотезаларды сынау және эксперименттер мен бақылаулар үрдісінде алынған нәтижелердің маңыздылығын бағалау үшін қолданылады. Бұл әдіс бейімдеп оқыту технологияларының тиімділігін және олардың оқу жетістіктеріне әсерін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен мен теориялық маңыздылығы: 1. Білім беру ұйымдарында дербес бейімдеп оқытудың ғылыми, оқу–әдістемелік және бағдарламалық қамтамасыз ету негіздеріне талдаулар жасау мен оқыту үрдісін ұйымдастыруға әсер ететін психологиялық–педагогикалық факторларды анықтау негізінде математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың мәселесі анықталды. 2. Мақсаттық, мазмұндық, нәтижелік блоктарды қамтитын математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасын құру және жүзеге асырудың моделі құрастырылды. 3. Математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерінің алгоритмдері анықталды. 4. Математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың бағдарламалық жасақтамасы құрылды және жүзеге асырылды. 5. Математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасын қолданудың тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының оң нәтижелері алынды. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: – дербес бейімдеп оқыту технологияларын пайдалану бойынша оқытушыларға арналған брейнсторминг ұйымдастырылды; – «Дербес бейімдеп оқыту технологиясын қолдану бойынша әдістемелік нұсқаулық» әдістемелік нұсқаулығы жарық көрді; – білім алушыларға білім деңгейіне бейімдеп оқытуға арналған практикалық жұмыстар бойынша оқу құралы жасалды және оқу үрдісіне ендірілді; – «APLE®» дербес бейімдеп оқыту ортасы әзірленіп, оқыту үрдісіне ендірілді. Зерттеудің нәтижелерінің дәлдігі мен мен негізділігі: Математика пәнін дебес бейімдеп оқыту үшін ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтаманы пайдалану ғылыми аспектілерді жан-жақты зерттеуге, принциптерді қатаң сақтауға, теориялық және практикалық сипаттағы негізділікке негізделген. Бұл сондай-ақ эксперименттік жұмыстың оң нәтижелерімен және алынған нәтижелерді оқу процесіне біріктірумен қамтамасыз етіледі. Қорғауға ұсынылатын қағидалар: 1. Білім беру ұйымдарында дербес бейімдеп оқытудың ғылыми, оқу–әдістемелік және бағдарламалық қамтамасыз ету негіздеріне талдаулар жасау мен оқыту үрдісін ұйымдастыруға әсер ететін психологиялық–педагогикалық факторларды анықтау негізінде математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың мәселесі анықталды: 1.1) математика пәнін дербес бейімдеп оқытуға қажеттіліктің артуы; 1.2) әр білім алушының ерекше қажеттіліктері мен оқу қарқыны мен қабілетіне сәйкес білім беру үрдісін даралау мақсатында бағдарламалық жасақтама қолдану қажеттігі артуы негізінде анықталды. 2. Математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасын құру және жүзеге асырудың моделі келесі блоктарды қарастырумен негізделеді: 2.1) мақсаттық блокта ресми құжаттарды, оқу бағдарламаларын анықтау және зерттеу жұмысында қолдануды нақтылау; 2.2) мазмұндық блокта білім беру ұйымдарында арнайы пән мазмұнын бағдарламалық жасақтама арқылы толықтыру, әдістемелік нақтылау, оқу-әдістемелік қамтамасыздандыру; 2.3) нәтижелік блокта білім алушылардың білімін жетілдіретін, білігі мен дағдыларын қалыптастыратын компоненттер мен критерийлерді анықтау. 3. Математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерінің алгоритмдері анықталды: 3.1) оқыту мазмұнын бейімдеу алгоритмі; 3.2) оқу үлгерімін бағалау алгоритмі; 3.3) ақпараттық ортада тақырып бойынша білім деңгейлерін жетілдіру алгоритмі. 4. Математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың бағдарламалық жасақтамасы «APLE®» құрылды және жүзеге асырылды: 4.1) бағдарламалық жасақтаманың құрылымы мен мазмұны құрастырылды; 4.2) екінші деңгейлі домен ретінде «APLE®» атауымен орналастырылды. 5. Математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасын қолданудың тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының оң нәтижелері және қойылған болжамның дәлелденуі. Зерттеудің базасы: «Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі» ШЖҚ МКК, «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жоғары колледжі» ЖШС, Астана қаласы әкімдігінің «Техникалық колледжі» ШЖҚ МКК. Зерттеудің негізгі кезеңдері: Бірінші кезең (2021-2022 оқу жылы). Зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми және оқу-әдістемелік дереккөздерге талдау жүргізілді. Зерттеу жұмысының ғылыми аппараты құрылды, негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалды. Математика пәнін дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-теориялық негіздері, сондай-ақ білім беру үрдісін ұйымдастыруға әсер ететін психологиялық-педагогикалық факторлар талданды. Олардың маңыздылығы анықталды. Дербес бейімдеп оқытудың әртүрлі формалары қарастырылып, білім беру ортасында осы технологияның қасиеттері мен қолданылуы зерттелді. Екінші кезең (2022-2023 оқу жылы, 2023-2024 оқу жылының бірінші жартысы). Дербес бейімдеп оқытуға арналған бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу орталары игерілді және объектілерді тану бойынша жұмыстар жүргізілді. Зерттеу жұмысының пәндік аймағы, дербес бейімдеп оқыту технологиясына негіздей отыра қолдану жолдары, ғылыми-әдістемелік пен бағдарламалық жасақтамасы құрастырылды. Оқыту үрдісінде дербес бейімдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық жасақтамасы қолданылып, сынақтан өткізілді. Сонымен қатар, дербес бейімдеп оқыту технологияларын пайдалану бойынша оқытушыларға арналған брейнсторминг ұйымдастырылды. Үшінші кезең (2023-2024 оқу жылының екінші жартысы). Жүргізілген педагогикалық эксперименттің нәтижелері математикалық статистика әдістерін қолдана отырып жинақталды, талданды және өңделді. Зерттеу нәтижелері негізінде ұсыныстар әзірленді, сонымен қатар диссертациялық жұмыс жазылды. Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: Scopus халықаралық базасында индекстелетін журналда 1 мақала: 1. The Role of Adaptive Personalized Technologies in the Learning Process: Stepik as a Tool for Teaching Mathematics // International Journal of Virtual and Personal Learning Environments (IJVPLE). ‒ 2023. – Vol. 13(1). – P. 1-15. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда 5 мақала: 1. Pedagogical formation of students' cognitive activity in an adaptive educational environment // Ясауи университетінің Хабаршысы «Педагогика» сериясы. – 2022. – №3(125). – Р. 246-255. 2. Management of the learning process using adaptive personalized learning systems // «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының хабаршысы» ғылыми журналы «Педагогика» сериясы. – 2023. – №2(402). – Р. 115-122. 3. Personalized adaptive learning: analysis, comparison, conclusions // «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының хабаршысы» ғылыми журналы «Педагогика» сериясы. – 2023. – №3(403). – Р. 102-113. 4. Investigation of the effectiveness of personalized adaptive mathematics teaching // А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің көпсалалы ғылыми журналы «Педагогика» сериясы. – 2023. – №2. – Р. 194-203. 5. Оқытудың когнитивті теориясына негізделген дербес бейімдеп оқыту технологиясы // Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ хабаршысы «Педагогика» сериясы. – 2024. – №2. – Б. 415-429. Халықаралық ғылыми–практикалық конференцияларда 4 мақала: 1. Использование адаптивного персонализированного обучения математике в соответствии с интересами учащихся: влияние соответствующих контекстов на успеваемость и результаты обучения // «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында мектеп пен жоғары оқу орындарында математика мен физиканы оқытудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы (Алматы, 2021. – С. 151-154). 2. Использование адаптивных образовательных платформ на уроках математики // «Инновация, білім, тәжірибе-білім беру жолының векторлары» Алтысарин оқулары халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы (Қостанай, 2023. – С. 618-623). 3. Адаптивные персонализированные системы в образовании: аспекты реализации и влияние на развитие компетенций студентов // «Сейтқасымов оқулары – 2023» тақырыбы бойынша Халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясы материалдарының жинағы (Астана, 2023. – С. 560-562). 4. Цифрлық платформаның көмегімен дербес бейімдеп оқыту // Инновациялық зерттеулердің тиімділігін арттырудың модельдері мен әдістері: халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинағы (Алматы, 2023. – Б. 281-287). Оқу-әдістемелік нұсқаулықтар: 1. «Математика» бойынша практикалық тапсырмалар жиынтығы – МКҚК Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы», 2023. – 70 б. 2. «Методические рекомендации по использованию персонализированных адаптивных образовательных технологий» Астана: «Интеллект» баспасы, 2023. – 25 б. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәліктер (Қосымша А): 1. «Программное обеспечение персонализированного адаптивного обучения математике» авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік, 2024 жыл 14 наурыз №43698. 2. «Методические рекомендации по использованию персонализированных адаптивных образовательных технологий» авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік, 2023 жыл 1 мамыр №35794. Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және оқу үрдісіне ендіру Зерттеу нәтижелері Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің «06130100 – Бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасы бойынша, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жоғары колледжі «01140700 – Информатика» білім беру бағдарламасы, Астана қаласы әкімдігінің Техникалық колледжінде «07150100 – Машина жасау технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша сынақтан өткізіліп, оқу үрдісіне ендірілді. Диссертация құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/Ey004vJUq80
