
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Удербаева Нургуль Калиевна «8D01511 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша ««Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындықты қолданудың теориялық-практикалық негіздері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Информатика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Мукашева Манаргуль Умирзаковна – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, білім беруді цифрландыруды дамыту орталығының жетекші ғылыми қызметкері (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы);
Баумуратова Диларам Бекбулатовна – философия докторы (PhD), Астана халықаралық университеті, Педагогикалық институтының аға оқытушысы (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Шадиев Рустам Нарзикулович – философия докторы (PhD), профессор, Чжэцзян университеті, Педагогикалық колледжінің профессоры (Ханчжоу қаласы, Қытай Халық Республикасы);
Шилибекова Айдана Сенбековна – педагогика ғылымдарының кандидаты, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы);
Казимова Динара Ашубасаровна – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент), Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, «Қолданбалы математика және информатика» кафедрасының профессоры (Қарағанды қаласы, Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Карелхан Нурсауле – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Информатика» кафедрасы (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы);
Peter Schmidt – философия докторы (PhD), профессор, Братислава экономикалық университеті, «Қолданбалы информатика» кафедрасының меңгерушісі (Братислава қ., Словакия Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 16 маусым, сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01511 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша «8D015 – Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.li/ugzzge
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің өзектілігі Цифрландыру қоғамның барлық салаларында, соның ішінде білім беруде шешуші рөл атқарады. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру», осыдан қоғамның қарқынды цифрлануы жағдайында өскелең ұрпақтың цифрлық сауаттылығын қалыптастыру мәселелері барған сайын маңызды бола түсуде. Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептерінің бастауыш білім беру деңгейінде «Цифрлық сауаттылық» пәні алғаш 2021 жылы енгізілді. Қоғамның қарқынды цифрлануы жағдайында өскелең ұрпақтың цифрлық дағдыларын қалыптастыру мәселелері барған сайын маңызды бола түсуде. Бұл білім оқушыларды қазіргі жоғары технологиялық әлемде өмір сүруге дайындауды қамтамасыз ете отырып, білім беру процесінің ажырамас бөлігіне айналады. Мектеп бағдарламасына «Цифрлық сауаттылық» пәнін ерте жастан енгізу ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын одан әрі дамыту үшін берік негіз қалауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта оқушылардың түрлі салаларда нақты өмірлік қолданбалы мәселелерді шешу қабілеттерін зерттеуге бағытталған көптеген халықаралық зерттеулер жүргізілуде. Осындай зерттеулердің бірі – оқушылардың компьютерлік және ақпараттық сауаттылық деңгейін (CIL) бағалайтын ICILS (International Computer and Information Literacy Study). Халықаралық компьютерлік және ақпараттық сауаттылықты зерттеу (ICILS) 2023 нәтижелері бойынша Қазақстан 407 балл жинады, бұл зерттеуге қатысқан елдердің орташа 476 ұпайынан төмен және мектеп оқушыларының цифрлық сауаттылық деңгейін одан әрі арттыру қажеттілігін көрсетеді. Зерттеуге сегізінші сынып оқушылары қатысатынын ескерсек, цифрлық сауаттылықты қалыптастыруды жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарынан бастау керек екені анық. Оқытудың бастапқы кезеңінде оқу процесіне заманауи технологиялар мен цифрлық құралдарды енгізу негізгі дағдыларды нығайтады, бұл өз кезегінде нәтижелерді жақсартуға және оларды халықаралық деңгейге жақындатуға ықпал етеді. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында білім берудің бастапқы кезеңінде «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуға заманауи білім беру құралдарын енгізу қажеттілігі өзекті болып отыр. Интерактивті және инновациялық тәсілдерді қолдану бастауыш сынып оқушыларының тұрақты қызығушылығын дамытуға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар оқу сапасын айтарлықтай жақсартады. Мұндай технологияларды пайдалану білім беру үдерісіне қойылатын заманауи талаптарға сай келеді және цифрлық дәуірдің негізгі құзыреттіліктерін қалыптастыруға кең мүмкіндіктер ашады. Солардың бірі – толықтырылған және виртуалды шындық. Осыған орай, өскелең ұрпақты ақпараттық-коммуникациялық және цифрлық сауаттылықтарын бастауыш білім беру деңгейінен бастап арттыруға ықпал ететін заманауи технологияларды, яғни толықтырылған (AR, Augmented Reality) және виртуалды (VR, Virtual Reality) шындықты пайдалану мәселесі туындап, диссертация тақырыбы ««Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындықты қолданудың теориялық-практикалық негіздері» деп таңдалды. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындықты қолдану өзекті бағыт болып табылады, себебі бұл қазіргі ақпараттық мәдениет жағдайында ақпаратты тиімдірек игеруге мүмкіндік беретін және де әлі кең таралмаған инновациялық тәсіл. Зерттеудің мақсаты: «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындықты қолданудың теориялық негіздерін анықтау және практикалық түрде жүзеге асыру. Зерттеудің нысаны: Жалпы білім беретін орта мектептердің бастауыш білім беру деңгейі. Зерттеудің пәні: «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолдану. Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, жалпы білім беретін орта мектептердің бастауыш сыныптарында «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологиялары қолданса, онда білім алушылардың цифрлық сауаттылық пәні бойынша білім, білік, дағдысының қалыптасуы артады, өйткені толықтырылған және виртуалды шындық технологиялары оқушылардың бастауыш сыныптардан бастап цифрлық сауаттылықтарын арттырудағы білім беру саласының заманауи әдісінің бірі болып табылады. Зерттеудің міндеттері: 1. Толықтырылған және виртуалды шындық технологияларының жалпы қолданылуы мен «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытудағы теориялық негіздерін анықтау. 2. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданудың теориялық-практикалық негіздерінің моделін құру. 3. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданудың практикалық негіздерін анықтау. 4. Бастауыш білім беру деңгейінде цифрлық сауаттылық пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындықты қолдануға арналған оқу-әдістемелік қамтамасын жасау. 5. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданудың тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарын ұйымдастыру және нәтижелерін талдау. Зерттеудің жетекші идеясы: «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолдану арқылы білім алушылардың білімін жетілдіру. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: Теориялық (зерттеу тақырыбы бойынша философиялық, психологиялық-педагогикалық, ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді талдау; ҚР білім беру стандарттарын зерттеу және талдау, толықтырылған және виртуалды шындықты білім беру жүйесінде қолданылуын талдау, салыстыру, жүйелеу және жалпылау); эмпирикалық (бақылау, білім алушылар мен оқытушылар арасында сауалнамалар жүргізу, педагогикалық эксперимент жүргізу); математикалық статистика әдістері (деректерді сандық және сапалық талдау, нәтижелерді графикалық бейнелеу). Зерттеудің көздері: ҚР «Білім туралы» Заңы; ҚР «Ғылым туралы» Заңы; ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың тұжырымдамасы; Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты; ICILS – компьютерлік және ақпараттық сауаттылық деңгейінің халықаралық зерттеуі; толықтырылған және виртуалды шындық туралы отандық және шетелдік ғылыми еңбектер. Зерттеудің әдістері: Теориялық – толықтырылған және виртуалды шындық технологиялары бойынша ғылыми әдебиеттерге талдау жасау, педагогикалық модель құру, бастауыш білім беру деңгейінде цифрлық сауаттылықты оқытуда толықтырылған және виртуалды шындықты қолданудың технологиялық-программалық қамтамалардың ерекшеліктерін анықтау. Эмпирикалық – педагогикалық бақылау жүргізу, әңгімелесу, сауалнама, тест, білім алушылардың білімі, білігі мен дағдысының қалыптасу деңгейінің диагностикасын тақырыптар бойынша анықтау. Статистикалық – математикалық статистика әдістерімен расталған білім, білік және дағдылардың сипаттамаларын нақтылау. Зерттеудің базасы: Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының «Қостанай ауданы білім бөлімінің мемлекеттік тілде оқытылатын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының «Қостанай ауданы білім бөлімінің Н. Наушабаев атындағы мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Зерттеудің кезеңдері: Бірінші кезең (2020-2021) – Теориялық-ізденушілік, эксперименттің айқындаушы кезеңі. Зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектерге талдау жүргізілді. Зерттеу жұмысының ғылыми аппараты құрастырылып, негізгі мақсаты мен міндеттері анықталды. «Цифрлық сауаттылық» пәнінде толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданатын оқу-ақпараттық ортасының құрылымы сараланды. Қарастырылып отырған проблема бойынша материалдар жиналып, жүйеге келтірілді. Зерттеудің әдіснамалық негіздері мен қағидалары тізіліп, эксперимент жұмысының жоспары құрылды. Екінші кезең (2021-2022) – Тәжірибелік эксперименттің қалыптастырушы кезеңі. Зерттеу тақырыбы бойынша зерттеу жұмысының ғылыми болжамы мен міндеттеріне сәйкес, жалпы орта білім беру жүйесінде білім алушылардың толықтырылған және виртуалды шындық технологиялары бойынша білімін жетілдіру, білік пен дағдысын қалыптастырудың моделі құрылып, даярлық сапасын арттырудың негіздері анықталып, зерттеу базаларындағы тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар кезеңдермен жүйеленіп, нәтижелері ғылыми-әдістемелік тұрғыда сараланды. «Цифрлық сауаттылық» оқулығына негізделіп толықтырылған және виртуалды шындықты қолдануға арналған авторлық «Digital AR» мобильді қосымшасы мен «Digital VR» программасы, 2-сынып оқушыларына арналған «Цифрлық сауаттылықты дамыту» бойынша оқу құралы және «Цифрлық сауаттылықты дамыту (2-сынып)» электрондық білім беру ресурсы құрастырылды. Үшінші кезең (2022-2023) – тәжірибелік эксперименттің қорытынды кезеңі орындалды. Диссертация тақырыбы бойынша зерттеу нәтижелеріне статистикалық-математикалық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Нөлдік және альтернативті болжам ұсынылып, болжамды тексеруде Пирсонның 2 критерийі қолданылды. Диссертацияны талапқа сай рәсімдеу жүзеге асырылды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні: 1. «Цифрлық сауаттылық» пәнінің оқыту жағдайы мен оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданудың теориялық: танымдық дағдыларды дамыту, сыни тұрғыдан ойлау, қызығушылықты арттыру, мультимодальды оқыту және визуалды қабылдау негізінде анықталды. 2. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданудың теориялық-практикалық негіздерінің моделі мақсаттық, мазмұндық-әдістемелік және нәтижелік блоктарын қамту негізінде құрылды. 3. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолдануда техникалық талаптарына сай программалардың ерекшеліктері анықталып, «Digital AR» қосымшасы мен «Digital VR» программасы әзірленді, практикалық негізделді. 4. Бастауыш білім беру деңгейінде цифрлық сауаттылық пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындықты қолдануға арналған оқу-әдістемелік қамтамасы құрастырылды. 5. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданудың компоненттері, критерийлері және көрсеткіштері бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының кезеңдері мен оң нәтижелері анықталды. Зерттеудің нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру. Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының «Қостанай ауданы білім бөлімінің мемлекеттік тілде оқытылатын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2-сынып оқушылары, Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының «Қостанай ауданы білім бөлімінің Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2 сынып оқушылары сынаққа қатысты, «Цифрлық сауаттылық» пәнінде толықтырылған және виртуалды шындық технологиялары қолданылған «Цифрлық сауаттылықты дамыту» бойынша оқу құралы және «Цифрлық сауаттылықты дамыту (2-сынып)» электрондық білім беру ресурсы ендірілді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: 2-сынып «Цифрлық сауаттылық» оқулығына негізделген және барлық бөлімдерін қамтыған «2-сынып оқушыларына арналған «Цифрлық сауаттылықты дамыту» бойынша оқу құралы мен «Цифрлық сауаттылықты дамыту (2-сынып)» цифрлық білім беру ресурсы құрастырылды, «Цифрлық сауаттылық» оқулығына негізделген «Digital AR» мобильді қосымшасы мен «Digital VR» программасы әзірленіп, авторлық құқық алынды және инновациялық педагогикалық тәжірибенің нәтижесі енгізілді. Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі мен негізділігі: ««Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындықты қолданудың теориялық-практикалық негіздері» тақырыбы бойынша жүргізілген эксперименттік нәтижелер педагогикалық, оқу-әдістемелік әдебиеттер құралын жан-жақты талдаумен, эксперименттік жұмыстардың түрлі кезеңдерде зерттеу нәтижелерін жүйелі жүргізу, алынған нәтижелердің математикалық-статистикалық өңдеулермен, зерттеу нәтижелерінің оқу процесіне ендірілумен қамтамассыз етілді. Қорғауға ұсынылатын қағидалар: 1. «Цифрлық сауаттылық» пәнінің оқыту жағдайы мен оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданудың теориялық негіздері: танымдық дағдыларды дамыту, сыни тұрғыдан ойлау, қызығушылықты арттыру, мультимодальды оқыту және визуалды қабылдау. 2. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданудың теориялық-практикалық негіздерінің мақсаттық, мазмұндық-әдістемелік және нәтижелік блоктан тұратын моделі. 3. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданудың практикалық негіздері: 3.1 техникалық талаптарына сай программалық негіздерінің жүйеленуі; 3.2 толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын колдану әдістері – ойын, визуалды-иллюстрациялық, тәжірибеге бағытталған, иммерсивті, бейімделген; 3.3 толықтырылған және виртуалды шындықты қолданудың техникалық-программалық негіздері, «Digital AR» мобильді қосымшасы мен «Digital VR» программасы. 4. Бастауыш білім беру деңгейінде толықтырылған және виртуалды шындықты қолдануға бағытталған «2-сынып оқушыларына арналған «Цифрлық сауаттылықты дамыту» бойынша оқу құралы мен авторлық куәландырылған «Цифрлық сауаттылықты дамыту (2-сынып)» электрондық білім беру ресурстары; 5. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда толықтырылған және виртуалды шындық технологияларын қолданудың компоненттері, критерийлері және көрсеткіштері бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының кезеңдері мен оң нәтижелері, ғылыми болжамның дәлелденуі. Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: Жарияланған мақалалар және ғылыми еңбектер диссертация тақырыбы бойынша зерттеу нәтижелерін сипаттайды. Scopus деректер базасында СiteScore бойынша процентиль көрсеткіші кемінде 25 болатын халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 2 мақала, оның ішінде 1 мақала Web of Science Core Collection деректер базасында индекстелетін JCR деректеріне сәйкес импакт-фактор бойынша Q3 кіретін журналда: 1. The Effectiveness of Using Virtual and Augmented Reality Technologies for Teaching Computer Scince in Schools // International Journal of Information and Education Technology (IJIET). – 2024. Vol.14 (Процентиль: Education – 61%). 2. Developing Future Teachers’ Competences in IT and Robotics Using Virtual and Augmented Reality: A Study of Teaching Effectiveness // Journal of Technical Education and Training (JTET). – 2025. Vol. 17 No. 1 (Процентиль: Education – 50%). Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің білім беру мен ғылым саласында Бақылау комитеті ұсынған ғылыми журналдарда 3 мақала жарияланды: 3. Цифрлық сауаттылық оқытуда виртуалды және толықтырылған шындықты қолдану негіздері // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы, Педагогика. Психология. Әлеуметтану сериясы. –2022. – №1(138). 4. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытуда AR және VR технологияларын қолданудың тиімділігі // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы, Педагогика. Психология. Әлеуметтану сериясы. – 2023. – №4(145). 5. Виртуалды және толықтырылған шындық технологияларын «Цифрлық сауаттылық» пәнінде қолданудың практикалық негіздері // Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы, Физика-математика ғылымдары сериясы. – 2024. – №2(86). Халықаралық конференциялар мен ғылыми журналдарда жарияланған мақалалар: 6. Review of the effectiveness of new information technologies in the era of global digital technologies // Southern Federal University, Rostov-on-Don, Russian Federation – 2022. 7. The use of modern digital technologies in education. Trends and Innovations in E-business // Education, and Security Tenth International Scientific Web-conference of Scientists and Ph.D. students or candidates. Slovak Society for Economic Informatics. – November 18, 2022. 8. Использование иммерсивных технологий для обучения цифровой грамотности младших школьников // Сұлтанғазы оқулары. «Білім берудегі заманауи зерттеулер: теория, практика, нәтижелер» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы. – 15 қараша, 2024. 9. «2-сынып оқушыларына арналған «Цифрлық сауаттылықты дамыту» бойынша оқу құралы» – «Қостанай баспа үйі», 2024. – 21 б.; Толықтырылған шындық қосымшасы мен виртуалды шындық программасы: 10. «Digital AR» толықтырылған шындық мобильді қосымшасы Android мобильді құрылғыларына арналған. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы Куәлік №44070 «29» наурыз 2024 ж.; 11. «Digital VR» виртуалды шындық программасы Oculus Quest 2 виртуалды көзілдірігіне арналған. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы Куәлік №43913 «26» наурыз 2024 ж.; 12. «Цифрлық сауаттылықты дамыту (2-сынып)» ЭЕМ-ге аргалған цифрлық білім беру ресурсы. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы Куәлік №43914 «26» наурыз 2024 ж. Диссертация құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/2fCUnyuxNYY?si=ZCML-AdqIa9Ppxxc
