
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Булегенова Индира Бектурсыновна «8D02310 – Шетел филологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша «Жағымды және жағымсыз эмоцияларды функционалды-семантикалық тұрғыдан зерттеу (ағылшын, неміс, қазақ тілдері материалдары негізінде)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шетел филология кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Мажитаева Шара Мажитаевна – филология ғылымдарының докторы, КеАҚ «Е.А. Букетов атындағы Қарағанды университеті» профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Куребаева Гульжаухар Ахметовна – филология ғылымдарының кандидаты КЕАҚ «Alikhan Bokeikhan University» (Семей қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Саурбаев Ришат Журкенович – филология ғылымдарының кандидаты, шетел филологиясы кафедрасының профессоры, «Торайғыров Университеті» КеАҚ (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы);
Нефедова Лилия Амиряновна – филология ғылымдарының докторы, профессор, лингвистика және аударма факультетінің деканы, «Челябі мемлекеттік университеті» ФМББМ ЖОО (Челябі қ., Ресей Федерациясы);
Гүлназ Төкенқызы – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы “Тіл- қазына” ұлттық ғылыми практикалық орталығы Қолданбалы лингвистика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Кенжетаева Гулзира Кабаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Сакаева Лилия Радиковна – филология ғылымдарының докторы, Қазан федералды университетінің профессоры (Қазан қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 20 маусым, сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02310 – Шетел филологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/83239506803?pwd=skNIkg6REKupIL6IStp5s5x2PrKCHt.1
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, Мәжіліс залы, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Булегенова Индира Бектурсыновнаның «8D02310 – Шетел филологиясы» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Жағымды және жағымсыз эмоцияларды функционалды-семантикалық тұрғыдан зерттеу (ағылшын, неміс, қазақ тілдері материалдары негізінде)» диссертациялық жұмысы XXI ғасыр тіл білімінде алар орны ерекше антропоцентрлік парадигма аясында адамның көңіл-күйі, сезімі және оның мәдениетінің тілден көрініс табуы ғалымдар тарапынан теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да белсенді түрде зерттелуде. Қазіргі тіл білімінің тағы бір басты бағыт-бағдары «адам-тіл-мәдениет» қарым-қатынысының міндеттерін шешуді көздейді. Сондай-ақ адам эмоциясын түрлі мәдениеттерде салыстырмалы- салғастырмалы зерттеу тіл білімінің өзекті бағыттарының бірі екендігі даусыз. Бұл бағыт түрлі мәдениеттерде адамның көңіл-күйін бейнелеу мен берудің өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын тұрмыс-салт, менталды, ұлттық таным тұрғысынан терең танып білуге мүмкіндік береді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ағылшын, неміс және қазақ тілдеріндегі жағымды және жағымсыз эмоцияларды білдіретін тілдік бірліктерді функционалды-семантикалық тұрғыдан зерделеу арқылы үш түрлі мәдениеттегі эмоцияны білдіретін тілдік бірліктердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау жұмыстың өзектілігін айқындайды Зерттеу нысаны ағылшын, неміс және қазақ тілдеріндегі жағымды және жағымсыз эмоцияларды білдіретін тілдік бірліктер. Зерттеу пәні. ағылшын, неміс және қазақ тілдеріндегі жағымды және жағымсыз эмоцияларды білдіретін тілдік бірліктердің функционалды-семантикалық ерекшеліктері. Зерттеудің мақсаты. үш түрлі этномәдениет туындысы ретінде ағылшын, неміс және қазақ тілдеріндегі көркем мәтін негізінде жағымды және жағымсыз эмоциялардың функционалды-семантикалық ерекшеліктерін салыстыра-салғастыра отырып, өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындау, үш түрлі лингвомәдениеттегі жағымды және жағымсыз эмоциялардың функционалды семантикасын ашып көрсету. Зерттеу мақсатын жүзеге асыру үшін келесі міндеттер қойылды: 1. «Эмоция» мен «эмотивті бірлік» ұғымдарының лингвистикалық зерттеулердегі табиғатын ашып, анықтамасын беру және тіл біліміндегі эмоцияны білдіретін басқа ұқсас ұғымдармен ара жігін ашып көрсету. 2. Көркем мәтіндегі эмотивті бірліктің қызметін анықтау, көркем мәтінде эмоцияның берілетін тілдік құралдарын талдау. 3. Ағылшын, неміс және қазақ тілдері сияқты түрлі құрылымды үш тілдегі көркем мәтіндердегі жағымды және жағымсыз эмоцияларды білдіретін тілдік құралдарды анықтап, оларға функционалды-семантикалық өріс, микроөрістер тұрғысынан семантикалық талдау жасап, үш түрлі лингвомәдениеттегі жағымды және жағымсыз эмотивті тілдік бірліктердің функционалды семантика тұрғысынан өзара ұлттық мәдени ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ашып көрсету. 4. Үш түрлі лингвомәдениеттегі тілдік әлемді қабылдайтын жағымды және жағымсыз эмоцияны модальділік маркері бойынша эксплицитті түрде ашып көрсету мақсатында еркін ассоциативті эксперимент өткізу. Зерттеу жұмысының әдістері эмоция жайлы теориялық көзқарастарды жинақтау, зерделеу, жүйелеу, қорыту және эмотивті бірліктердің мәтіндегі мазмұндық сипаттамасын эксплицитті түрде ашып көрсетуге мүмкіндік беретін мәтіндік талдау әдісі, лингвостатистикалық әдіс, эмоцияның ассоциациясын анықтау мақсатында қолданылған ассоциативтік эксперимент әдістері қамтиды. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалық дәрежесі – түрлі құрылымды ағылшын, неміс және қазақ тілдеріндегі үш түрлі лингвомәдениеттің айқын көрінісі ретінде американдық жазушы Т. Драйзердің «Trilogy of Desire» (The Financier, The Titan, The Stoic), неміс жазушысы В.Бредельдің «Verwandte und Bekannte» трилогиясы (Die Vater, Die Sohne, Die Enkel) мен қазақ халқының ұлы жазушысы, аудармашысы Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясы (Ымырт, Сергелдең, Күйреу) көркем мәтіндері негізінде тұңғыш рет жағымды және жағымсыз эмоцияларды білдіретін тіл құралдары сарапталып, олардың функциясы мен семантикасы айқындалып, дүниетанымдарына орай жағымды және жағымсыз эмоцияларды білдірудің ұқсастықтары мен айырмашылықтары анықталды. Сонымен қатар жағымды және жағымсыз эмоциялар микроөрістерге жіктеліп, олардың үш тілде қолдану үрдісінің психологиялық, философиялық, әлеуметтік негізі айқындалып, үш түрлі ұлт мәдениетіндегі ұлттық ерекшеліктері белгіленді. Зерттеудің теориялық маңызы. Ағылшын, неміс және қазақ тілдеріндегі жағымды және жағымсыз эмоциялар, олардың функционалды-семантикалық өрісі бұрын соңды арнайы зерттеу нысаны болмағандықтан, бұл зерттеу жұмысының тіл білімі ғылымына теориялық тұрғыдан қосатын маңызы зор. Өйткені зерттеу еңбегінде ағылшын, неміс және қазақ тілдеріндегі жағымды және жағымсыз эмоциялар, олардың функционалды-семантикалық өрісі, мағыналық ерекшеліктері мен ұқсастықтары жайында маңызды теориялық пікірлер сараланып, жинақталды. Жағымды және жағымсыз эмоциялар туралы ой-пікірлер жұмыста кеңінен пайдаланылып, жаңа тұжырымдармен толықтырылды. Жұмыстың практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының теориялық тұжырымдары мен деректері және ғылыми нәтижелері ағылшын, неміс және қазақ тілдерін шетел тілдері ретінде оқып үйренушілер үшін тіл үйрену үдерісінде, оқулықтар дайындауда, сөздіктер мен анықтамалар құрастыруда және салғастырмалы сөзжасам саласында теориялық курстарда қосымша құрал ретінде пайдалануға болады. Ағылшын, неміс және қазақ тілдері сияқты үш түрлі лингвомәдениеттегі жағымды және жағымсыз эмоцияларды функционалды-семантикалық тұрғыдан зерттеу нәтижелері аударма ісі мен мәдениетаралық қарым-қатынас мәселесін қарастыруда өз септігін тигізеді. Қорғауға ұсынылатын диссертацияның негізгі тұжырымдары: 1. Эмоцияның вербалды берілуі тілде психологиялық «эмоционалдылық» категориясына ұқсас эмотивтілік сияқты арнайы категория бар екендігін көрсетеді. Эмоцияның тілде бейнеленуі мен берілуінде номинациялық әлеует жоғары болғандықтан, коммуникация тұрғысынан эмотивті сема жетекші рөл атқарады. Функционалдылық тұрғысынан біз мұндай бірлікті эмотивті тілдік бірлік деп атаймыз. Мұндай тілдік бірліктер көркем мәтінде автор-кейіпкер бастамаларының өзара әрекеттестігі нәтижесінде эмотивтілікке ие болады; Көркем мәтіндегі кейіпкерлердің эмоционалды көңіл күйін, олардың эмоционалды әлемін және автордың ой-ниетін ашып көрсетуде ағылшын, неміс және қазақ тілдері лингвомәдениеттерінде эмоцияны білдіретін тілдік бірліктер маңызды рөл атқарады. 2. Көркем мәтіндегі эмотивтіліктің функционалды-семантикалық өрісі – «эмотивтілік» семантикалық функциясының ортақтығына қарай біріккен тілдің барлық деңгейіндегі тілдік құралдар жүйесі. Функционалды семантикалық өрістің микроөрісін өзегінде денотативті мағыналы эмосемалар, шеткері аймағын коннотативті мағына беретін контекстуалды эмотивті тілдік бірліктер құрайды да, ағылшын, неміс және қазақ тілдері сияқты түрлі құрылымды үш тілдегі көркем мәтіндердегі эмотивті тілдік бірліктер функционалды-семантикалық өріс аясында «жағымды және жағымсыз» модалділік маркері бойынша жіктеледі. 3. Ағылшын, неміс және қазақ тілдерінде жағымды және жағымсыз эмоцияны білдірудің өзара ұлттық мәдени ұқсастықтары мен айырмашылықтары болады. Қуаныш, сүйіспеншілік, үміт микроөрістері үш тілге тән. Бақыт, қамқорлық эмоцияларын білдіретін микроөрістері тек ағылшын тілінен орын алады. Бата, еркелету, мейірімділік сияқты жағымды эмоциялардың микроөрістері тек қазақ тіліндегі көркем мәтіндерде кездеседі. 4. Ассоциативті эксперимент түрлі лингвомәдениет өкілдерінің тілдік әлемі мен тілдік санасын, ұлттық дүниетанымымен қатар, эмоционалды көңіл-күйін және олардың тілде бейнеленуін «жағымды және жағымсыз» модалділік маркері арқылы эксплицитті және имплицитті түрде ашып көрсетті. Үш тілге де ортақ ашу, қайғы, мұң, қорқыныш, жек көру, қызғаныш жағымсыз эмоцияларына «жою», «агрессия», «қараңғы», «суық», «төмен» сияқты эмоционалды тіл бірліктері ассоциация берді. Ал, қуаныш, бақыт, үміт, ар-ождан, махаббат жағымды эмоцияларына «ашық», «жарық», «жылу», «тәтті», «еркіндік» сияқты сөздер ассоциациялар тудырады. Жұмыстың жариялануы мен талқылануы (апробация) жалпы зерттеу нәтижелері 9 жарияланымда көрініс тапты. Web of Science Core Collection мәліметтер баспасына 1 мақала, ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы бақылау комитеті (ҒЖБСБК) ұсынған тізімге енетін журналдарда 4 мақала, шетелдік халықаралық конференцияларда 4 мақала жарияланды. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, әр бөлім өзіне тиісті тұжырымнан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертация мәтініне ассоциативті эксперимент нәтижелері және эмотивті тілдік бірліктерді статистикалық талдау нәтижелері енгізілген. Диссертациялық жұмыстың қысқаша мазмұндамасы. Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны, зерттеу пәні, зерттеудің ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық негіздері, зерттеу әдістері, диссертациялық зерттеудің дереккөздері, зерттеу жұмысының негізгі кезеңдері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, зерттеу жұмысының сарапталуы мен жариялануы секілді зерттеу талаптары қамтылды. Жұмыстың «Эмоцияларды зерттеудің теориялық және әдістемелік алғышарттары» атты бірінші бөлімі іштей төрт тараушадан тұрады. Эмоцияның тілде көрініс табуының теориялық негіздерін жинақтап, зерделеу нәтижесінде эмоцияның тілде вербалды және бейвербалды формада берілетіндігі, оның ішінде вербалды түрде бейнеленуінің жетекші рөл атқаратындығына көз жеткіздік. Қарастырылған теориялық ойларды тұжырымдай отырып, «эмоционалдылық»-тың психологиялық ұғым, ал «эмотивтілік»-тің лингвистикалық ұғым екендігіне назар аударамыз. Адам эмоциясы мен сезімі ең алдымен көркем мәтінде бейнеленеді және беріледі. Эмотивті бірліктердің қазіргі тіл білімінде терең қызығушылыққа ие болу себебі адам эмоциясы мен сезімі, адамның шынайы табиғаты, адамның ішкі әлеміндегі сезімдері, тілдік санасы, ұлттық дүниетанымы сыртқы әлемде сөз арқылы көрініс табады. Нақ осы себептен де эмотивті бірліктерді эмоция шынайы бейнеленетін көркем мәтіндегі «автор-кейіпкер» сезімдері негізінде зерттеу және оларды «жағымдылық-жағымсыздық» модальділік маркері бойынша жіктеу тіл білімінде елеулі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Көркем мәтіндегі эмотивті бірліктерді зерделеуден бұрын, олардың көркем мәтіндегі қызметін зерттеу нәтижесінде эмотивті тілдік бірліктердің коммуникативті; эмоционалды және экспрессивті; прагматикалық қызметте болатындығын анықтадық. Екінші бөлімде «Ағылшын, неміс және қазақ тілдеріндегі жағымды және жағымсыз эмоциялардың функционалды-семантикалық өрісін» зерделеу мақсатында жазылу кезеңі (XIX ғасыр соңы мен XX ғасырдың басы), көтеретін мәселелері де бірдей, яғни халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіндегі халық теңсіздігі сияқты саяси-әлеуметтік қиындықтар мен халықтың ол қиындықтарға деген эмоциялық реакциясы, көлемі жағынан үшеуі де трилогия болып келетін қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан ұлы жазушы Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясы (Ымырт, Сергелдең, Күйреу), американдық жазушы, публицист Т. Драйзердің «Trilogy of Desire» (The Financier, The Titan, The Stoic) және неміс жазушысы В.Бредельдің «Verwandte und Bekannte» (Die Vater, Die Sohne, Die Enkel) трилогиясымен егжей-тегжейлі танысып, бұл көркем шығармалардан барлық жағымды және жағымсыз эмоциялы тілдік бірліктері бар контекстерді іріктеп алып, оларды мәтіндік талдау, семантикалық талдау, лингвостатистикалық және т.б. әдістердің сүзгісінен өткізіп, оларды дәстүрлі түрде жағымды және жағымсыз эмоциялар атты екі үлкен топқа жіктеп, әр топтың ішіндегі эмоциялы тілдік бірліктердің функционалды семантикасын зерделеп, оларды өзара микроөрістерге топтастырып, сонымен қатар ағылшын, неміс және қазақ лингвомәдениеттеріндегі жағымды және жағымсыз эмоциялардың салыстырмалы-салғастырмалы әдістің көмегімен үш түрлі халықтың мәдениетіндегі жағымды және жағымсыз эмоциялардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ашып көрсетуге тырыстық. Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстар тізімі Web of Science Core Collection, Scopus халықаралық рецензияланатын журналдардағы мақалалар: 1. Negativizing emotive coloronyms: A Kazakhstan-US Ethno-Psycholinguistic comparison // Amazonia Investiga. – 2023. – Vol. 12, Issue 67. – Р. 265-282 (Web of Science Researcher IDN-5159-2016). ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен тізімдегі республикалық ғылыми басылымдар: 1. Эмоция – лингвистикалық зерттеулер нысаны ретінде // Наука и жизнь Казахстана. – 2020. - №6/1. - С. 307-311. 2. Эмоционалды бірліктердің мәтінде берілу жолдары // Торайғыров университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. – 2021. - №3. – Б. 21-30. 3. Жағымсыз эмоциялардың тілде берілу мәселесі // Абылай хан атындағы ҚХҚ және ӘТУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2022. - №1. – Б. 34-45. 4. Эмоционалды тіл бірліктерінің ассоциативті байланыстары // Торайғыров университетінің Хабаршысы. Филологиялық сериясы. – 2022. - №4. - Б. 67-75. Отандық және халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинақтары мен шетелдік ғылыми журналдар: 1. Emotive function of the word // Международная научная конференция Скребневские чтения (Нижний Новгород, 2020. - С. 78-83). 2. Problem of emotive semantics // Международная научно-практическая конференция Fundamental and applied research in the modern world (Бостон, 2021. - С. 74-77). 3. Қуаныш эмоциясының тілде берілуі // Қазақстанда және әлемде көптілді білім беру ортасын қалыптастыру: жүзеге асырудың нәтижелері мен мәселелері Халықаралық ғылыми – тәжірибелік семинар материалдарының жинағы (Нұр-Сұлтан, 2022. - Б. 63-67). 4. Аpproaches to the study of the expression of positive and negative emotions in the text // Казанский лингвистический журнал. Филологические науки. – 2023. - №6(4). – С. 481-489.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/AYWiZJz53j4
