
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Шакиев Мадияр Нуржанович «8D02203 – Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша «Кемел Тоқаев: қаламгерлік-тұлғалық жолының тарихы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақстан тарихы кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Алиакбарова Айнур Пернебековна – философия докторы (PhD), «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ-ның «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Ускембаев Канат Садвакасович – тарих ғылымдарының кандидаты, ЖШС «Астана халықаралық университетінің» Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Өтепова Гульфира Елубаевна – тарих ғылымдарының докторы, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры, «Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» КеАҚ (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы);
Байдалы Рауан Жомартұлы – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі (Қостанай қ., Қазақстан Республикасы);
Ишанходжаева Замира Райимовна – тарих ғылымдарының докторы, Өзбекстан тарихы кафедрасының профессоры, Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Садыков Тлеген Садыкович – тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Қазақстан тарихы» кафедрасының професоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Жеребцов Игорь Любомирович – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Ғылым Академиясы Орал бөлімшесінің Ғылыми орталығы Коми тіл, әдебиет және тарих институтының директоры (Сыктывкар қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 3 қазан, сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02203 – Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.li/jhstba
Мекен-жайы: Астана қ., А.Пушкин көшесі, 11, 324-аудитория
Аңдатпа (қаз.): «Кемел Тоқаев: қаламгерлік-тұлғалық жолының тарихы» диссертациялық жұмысы Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Кеңестік тарих ғылымы қуатты идеологиялық қысым шырмауында болған кезде, ұстанған бағытқа келіспеушілікпен күрес жүргізіліп, отандық тарихты әлем тарихының дербес бір бөлігі ретінде қарастыру ұғымы болмады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін ғана, Отан тарихын толықтай объективті тұрғыда, жаңаша ғылыми ұстанымда зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туды. Өйткені, өзге мемлекеттің саяси ықпалында болған ұлттың тарихы бұрмаланып, еркін түрде жазылмайтыны жасырын емес. Қазіргі заман жағдайында мемлекет пен қоғамның даму тарихын жан-жақты қарастыру маңызы артып отыр. Солардың ішінде, ұлт зиялылары өкілдерінің мұрасын жаңаша методологиялық ұстанымда зерттеу және ұзақ уақыт бойы қоғамда өз бағасын ала алмай келген тұлғалардың өмір жолын зерделеу қажеттілігі туындады. Көрнекті тұлғалардың ұлт тарихындағы рөлін, еңбектерін саралаған кезде, олардың қоғамдық-әлеуметтік ортамен байланыстылығы ерекше назарға алынуы тиіс. Осыған орай, қазақ әдебиеті саласында нәтижелі еңбек еткен басқа да ұлт зиялылары сияқты Кемел Тоқаевтың да қоғам мен мәдениеттің дамуына қосқан үлесі елеусіз қалмағаны дұрыс деген пікірдеміз. Қазақ әдебиетінде жаңа бағыттың бастамашысы болып мойындалған жазушының есімі көлеңкеде қалғандықтан, күні бүгінге дейін отандық тарихта лайықты бағасы берілмеген. Кемел Тоқаевтың дүниетанымдық көзқарасын, қоғамдық қызметін, шығармашылық мұрасын зерделеу – Отан тарихының тұлғатану бағытындағы өзекті тақырыптың бірі болып табылатыны сөзсіз. Қазіргі таңда, қоғамның әлеуметтік, экономикалық, мәдени тұрғыда дамуындағы тұлғаларды негізгі қозғаушы күші ретінде қарастыру идеясы қалыптасып келеді. Осыған байланысты, жеке тұлғаны жан-жақты зерттеу маңыздылығы бұрынғыдан арта түсті. Соңғы уақытта, «тарихи ғұмырнама», «тарихи тұлғатану», «биотарихнамалық жанр», «персоналды тарих» сияқты терминдер ғылымтануда жиі қолданыла бастады. Аталған терминдер тарихнамадағы осыған дейін қалыптасқан салаларымен бірге, тұлғатану саласын жаңа көзқараспен қарастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы ұсынған «Тарихи сана» ұлттық жобалық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаның негізгі мақсаттарының бірі – отандық тарих ғылымына жаңа серпін беріп, тұлғалар мен тарихи оқиғаларды заманауи ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу болып табылады. Аталмыш мемлекеттік жоба аясында ғылым, мәдениет, мемлекет қайраткерлерінің қоғамдық рөлі мен тарихи мұрасын жан-жақты зерттеу міндеті алға қойылған. Сонымен бірге, бұрын қолданысқа түспеген немесе шектеулі таралған архивтік құжаттардың цифрландырылуы және қолжетімділігінің артуы арқасында, тұлғалық тарихты жаңа көзқараспен пайымдау мүмкін болып отыр. «Тарихи сана» ұлттық жобасының жас ұрпаққа отансүйгіштік рухты көтеру, тарихи сананы сіңіру және ұлттық бірегейлікті күшейту жағынан маңызды болып табылады. Осыған байланысты, тұлғалар туралы зерттеулер академиялық құндылықпен шектелмей, қоғамдық-идеологиялық тұрғыдан да өзекті екенін атап өткен жөн. 2025 жылы Қазақстан Республикасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы атап өтілуде. Адамзат тарихындағы сұрапыл соғыста көптеген қазақстандық майдангерлер батырлық пен қайсарлықтың көптеген үлгілерін көрсетті. Осындай ерлікпен шайқасқан тұлғаларды ұлықтау, өскелең ұрпақтың санасына орнықтырудың маңызы жоғары екені белгілі. Соған байланысты, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту барысында батырлар есімдерін ерліктеріне сай бағалау, кеңестік кезеңде біржақты қарастырылған жекелеген тұлғалардың жетістіктерін әділетті ғылыми тұрғыда қайта зерделеу – қазіргі заман қажеттілігі болып табылады. Осыған орай, зерттеу жұмысы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Кемел Тоқаевтың жауынгерлік бейнесін де шынайы, кешенді әрі ғылыми негізде пайымдауға бағытталған. Бұл зерттеу – еліміздің тарихи тұлғаларды ұлықтау ұмтылысымен тікелей үндеседі. Зерттеу жұмысының мақсаты. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – Кемел Тоқаевтың өмір жолы мен тұлғалық қалыптасу кезеңдерін, шығармашылық мұрасын қарастырып, рухани-мәдени салаға қосқан үлесін тарих ғылымы тұрғысынан зерттеу. Ғылыми нәтижелері: 1. Кемел Тоқаевтың өмірбаяны архив құжаттары негізінде алғаш рет ғылыми тұрғыда жазылды. 2. Жазушы шығармаларының тарихи құндылығы ғылыми айналымға еңгізілді. 3. Кемел Тоқаев туралы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы деректер тұңғыш рет зерделенді. 4. Тұлғаның өз заманындағы қазақ зиялыларымен байланыс деңгейі анықталды. 5. Қаламгердің қоғамдық мәселелерге араласу деңгейі анықталды. Зерттеу жұмысының нысаны. Диссертацияның негізгі зерттеу нысаны ретінде Кемел Тоқаевтың өмірі, қоғамдық қызметі мен шығармашылығы алынып отыр. Зерттеу жұмысының пәні. Кемел Тоқаевтың өскен ортасы, тұлғалық келбеті, тарихта алатын орны мен рөлі. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Кемел Тоқаевтың қаламгерлік тұлғалық жолының тарихы тақырыбы ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеліп отыр. Жазушының өмірі мен шығармашылығы кешенді түрде зерттеліп, бірқатар ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді. Атап айтқанда, балалық шағы мен өскен ортасы, Ұлы Отан соғысы жылдарына байланысты, мемлекеттік және шығармашылық жолына қатысты мәліметтер тың деректер негізінде жазылды. Зерттеу міндеттері: 1. Зерттеу тақырыбына сәйкес тұлғатанудың теориялық-методологиялық, деректік негіздерін айқындау; 2. Тақырыпқа қатысты деректерді деректанулық сыннан өткізу; 3. Кемел Тоқаевтың тұлғалық көзқарастарының қалыптасуына әсер еткен өскен ортасы мен басқа да факторларды қарастыру; 4. Зерттеу барысында хронологиялық реттілікпен өмір жолының маңызды кезеңдерін жекелеп көрсету; 5. Әдебиет саласындағы мұрасы мен шығармашыл ортамен қарым-қатынас деңгейін анықтау, баға беру; 6. Тарихи деректер негізінде қоғамдық қызметін зерттеу; 7. Кемел Тоқаевтың отбасы тәрбиесіндегі орны мен рөлін көрсету; 8. Зерттеліп отырған тұлға үлгісінде қоғамдағы әкелік институттың маңызын айқындау; 9. Кемел Тоқаевқа қатысты эпистолярлық мұраны жинақтау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу; 10. Ұлттық интеллигенция өкілі ретінде қалыптасуын, тұлға ретіндегі тарихи орнын көрсету. Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Диссертациялық жұмыс Кемел Тоқаевтың 1923-1986 жылдары өмір сүрген аралықты қамтиды. Бұл уақыт аралығы толықтай кеңестік кезеңге сәйкес келгендіктен, жазушының азамат ретінде жетілуі мен өміріндегі елеулі өзгерістерде, аталған кезеңдегі ірі тарихи оқиғалармен байланысы байқалады. Диссертация тақырыбы тұлғалық қалыптасуы мен шығармашылық жолының тарихымен байланысты болғандықтан, Кемел Тоқаевтың өмір сүрген жылдар аралығымен шектеледі. Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмыста тұлға өмір сүрген кезеңдегі қоғамның жай күйі мен тарихи оқиғалар ортасында болуын жалпығылыми әдістемелік кешен жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Бұл әдістің тарихилық және объективтілік методологиялық принциптері басшылыққа алынды. Зерттеу барысында қойылған мақсаттарға жету үшін биографиялық, сызықтық, сипаттау (нарративтік) әдістері қолданылды. Сонымен қатар, тұлғатану саласының өркениеттілік ұстанымына ерекше көңіл бөлінді. Зерттеу жұмысындағы айтылған пікірлер мен тұжырымдардың бір-бірімен логикалық тұрғыда байланысып тұруына аса назар аударылды. Тұлғаның ғылыми мұраларын зерделеу барысында оның қоғамға, мәдениеттің дамуына қосқан үлесіне ерекше мән берілді. Жеке тұлғаны ғылыми тұрғыда қарастыру библиогрфиялық көрсеткіштермен (шығу тегі, қоршаған ортасы, білімі мен тәрбиесі, қызметі және т.б.) шектелмей, көзқарастары мен іс-әрекеттеріне әділ баға беруге мүмкіндік беретін қоғамдық-әлеуметтік, өмірлік ұстанымдарына тоқталдық. Қазақ халқының төл деректері, тарихи құнды мұралары зерттеле отырып, жаһандану заманындағы ұлттың сақталуы мен дамуына қажетті құндылықтарын насихаттау дұрыс жолға қойылу керек. Отандық тарих ғылымының теориясы мен методологиясы әлемдегі өркениетті елдердегі осы бағыттағы жаңалықтары мен өзгерістерімен өзіндік үндестікте болуы маңызды. Диссертациялық жұмыстың тақырыбында іргелі зерттеу жұмыстарының болмауы, бұл тақырыптың теориялық-методологиялық негізі мүлдем қалыптаспағанын білдіреді. Сондықтан да, зерттеу жұмысы барысында, тұлғаның өмір жолын мейлінше жан-жақты қарастыруға мүмкіндік беретін әдістерді қолдану күрделі мәселе болып келеді. Осыған орай, отандық және шетелдік ғалымдардың тұлғатану саласындағы тәжірибелерін есепке ала отырып, бұл бағыттағы зерттеу жұмысын өрістетуге жағдай туғызатын теориялық-методологиялық негіздерді басшылыққа алуға тырыстық. Келесі нәтижелер қорғауға шығарылады: 1. Зерттеу тақырыбына байланысты еңбектерге тарихнамалық талдау жасалынды. 2. Кемел Тоқаевқа қатысты мұрағат құжаттарына, мерзімді баспасөз жарияланымдарына деректенулық талдау жүргізілді. 3. Зерттеліп отырған тұлғаның өскен ортасының, өмір сүрген уақытындағы тарихи оқиғалардың тұлғалық қалыптасуына ықпалы айқындалды. 4. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери қызметі туралы автобиографиялық шығармасы сараланып, мәліметтердің тарихи шындығы архив құжаттар негізінде расталды. 5. Қаламгердің шығармашылық жолы қазақ әдебиетіндегі детективтік жанрдың дамуымен байланыстылығы қарастырылды. 6. Кемел Тоқаев отбасының тарихы мен ондағы тұрмыстық, тәрбие-танымдық ұстанымдары Қасым-Жомарт Тоқаевтың естелік жазбалары мен архив құжаттары негізінде зерттелді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі. Қазіргі уақытта отандық тарих ғылымындағы тұлғатану мәселесі қарқынды дамып келеді. Сондықтан қорғауға ұсынылып отырған ғылыми-зерттеу жұмысының бұл мәселеге қосар үлесі бар. Диссертациядағы деректерді, мәліметтерді, тұжырымдар мен пікірлерді жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы курсындағы тұлғатану мәселелері бойынша оқытылатын лекциялар мен семинарларда қолдануға болады. Сонымен бірге, оқулықтар, ғылыми жобалар, ұжымдық монографиялар жазу кезінде, зерттеу жұмысы нәтижелерінің маңызы зор. Осы тұста, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орнында білім алушыларда отансүйгіштікті насихаттауға арналған іс-шараларда зерттеу жұмысының материалдарын қолдануға болады. Зерттеу жұмысының деректік негіздері. Ғылыми зерттеу жұмысының деректік қорын бірнеше топқа бөлуге болады. Диссертацияның бірінші әрі негізгі деректік қорына естеліктер мен құжаттық көшірмелер жинақталған еңбектерді жатқызуға болады. Екіншісі, архив қорларында сақталған құжаттар жазушының қоғамдық қызметі, шығармашылығы, отбасы мен замандастарымен қарым-қатынасы туралы тыңғылықты деректер береді. Деректік негіздің үшінші тобы – баспасөз басылымдарындағы замандастары, туыстары мен ізбасарлары жариялаған Кемел Тоқаевтың тұлғалық келбеті туралы мәлімет беретін естелік-мақалалар болып табылады. Осы тұста, баспасөз басылымдарындағы жарияланымдар жазушының өмір жолы, жеке қасиеттері, соғыс кезеңі, шығармашылығы сияқты әр түрлі мәселелерді қамтиды. Аталған деректік материалдарда Кемел Тоқаевтың тұлғасы жан-жақты қарастырылған, яғни тұлғаның өмір жолын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертация 2023 жылы іске қосылған «Тарихи сана» ұлттық жобалық бағдарламасының алдына қойылған мақсаттарына сай келеді. Бұл бастаманың басты мақсаты – отандық тарих ғылымының дамуына тың серпін беру, сондай-ақ тарихи тұлғалар мен оқиғаларды қазіргі заманғы ғылыми әдіснама арқылы жаңаша зерделеу болып табылады. Жоба аясында ғылым, мәдениет және мемлекет қайраткерлерінің тарихи рөлі мен қоғамдық маңызын жан-жақты зерттеу міндеті қойылған. Сонымен қатар бұрын зерттелмеген немесе шектеулі қолданыста болған архивтік деректердің цифрландырылуы мен қолжетімді болуының арқасында тұлғалық тарихты жаңаша қырынан қарастыруға жол ашылды. «Тарихи сана» ұлттық жобасы жас ұрпақтың бойында отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, тарихи танымды нығайту және ұлттық бірегейлікті арттыру тұрғысынан ерекше мәнге ие. Осыған орай, тарихи тұлғалар жөніндегі зерттеулер тек академиялық маңызбен шектелмей, қоғамдық-идеологиялық тұрғыдан да өзектілігін арттырып отыр. Ізденушінің қосқан жеке үлесі: Зерттеу жұмысы барысында ізденуші Кемел Тоқаевтың қаламгерлік және тұлғалық болмысын зерттеуге арналған арнайы әдістемелік тәсілдерді дербес түрде айқындады. Автор тұлға тарихын зерттеуде әдеби, тарихи және архивтік материалдарды кешенді түрде қолдану арқылы деректік базаны қалыптастырды. Диссертациялық жұмыстың дереккөздік негізіне бұрын ғылыми айналымда болмаған, Қазақстан Республикасы Президент архиві, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архиві, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі архиві қорларында сақталған құжаттар алынды. Сонымен қатар, мерзімді басылым беттерінде жарияланған материалдар мен замандастарының естеліктері ғылыми тұрғыдан сарапталды. Кемел Тоқаевтың жазушылық мұрасы мен мемлекеттік қызметтегі қоғамдық рөлі кеңінен зерделеніп, оның шығармашылығы мен өмір жолының өзара байланысы айқындалды. Тұлғаның шығармаларындағы қоғамның жай күйі мен олардағы тарихи мазмұнның өзара сабақтастығы ашып көрсетілді. Жалпы алғанда, Кемел Тоқаевтың қаламгерлік және тұлғалық жолы алғаш рет жүйелі, дерекке негізделген тарихи-ғылыми тұрғыда кешенді түрде зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілді. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында талқыланды. Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен нәтижелері негізінде 13 мақала жарық көрді. Солардың ішінде 5 мақала ҚР ҒЖБМ БҒСБК журналдарында, 8 мақала Отандық және шетелдік халықаралық ғылыми конференция жинақтарында. Оларда диссертациялық жұмыстың теориялық принциптері мен нәтижелері сипатталды. Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/MAbh6preNsQ; https://youtu.be/zhUe5T7TeTs
