
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Шабамбаева Анара Габдулбариевна «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша «А.Ж. Машановтың ( әл - Машани) өмірі және тарихи көзқарастары ( 1906 - 1997)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақстан тарихы кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Қашқимбаев Амангелді Нұркейұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ҒК «Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының» бас ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Темирханова Асемгуль Сериковна – доктор PhD, М. Қозыбаев атындағы СҚУ-ның «Қазақстан тарихы және құқық» кафедрасының доценті (Петропавл қ., Қазақстан Республикасы)
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Тұрсұн Хазретәлі Маханұлы – тарих ғылымдарының докторы, «Тарих» кафедрасының профессоры Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы);
Қарасаев Ғани Мұқашұлы - тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекет тарихы институтының Отан тарихы және деректану бөлімінің басшысы (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Лысенко Юлия Александровна - тарих ғылымдарының докторы, Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры (Барнаул қ., Ресей Федерациясы).
Ғылыми кеңесшілері:
Дукенбаева Задаш Оразғалиқызы - тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Әбдуақап Қара – тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры (Ыстанбұл, Түркия Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 3 қазан, сағат 14:30 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/83918468485?pwd=FB0woSuqJYjPAl4ZRbaCMVt2kj3GNN.1
ID: 839 1846 8485
Code: 134185
Мекен-жайы: Астана қ., А.Пушкин көшесі, 11, 324-аудитория
Аңдатпа (қаз.): А.Ж. Машановтың ( әл - Машани) өмірі және тарихи көзқарастары (1906 - 1997) диссертациялық жұмысы Зерттеудің өзектілігі қазіргі тарих ғылымда тарих тұлғаларды олардың жеке өмір тарихы арқылы зерттеуге деген қызығушылықтың артуымен байланысты. Мұндай әдіс белгілі бір дәуірдегі тарихи үдерістерге тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Соңғы жылдары тарихнамада тарихты тұлғалық деңгейде қарастыру үрдісі байқалып отыр. Бұл кезде елдің маңызды оқиғаларына ықпал еткен көрнекті қайраткерлердің өмірбаянын зерттеуге ерекше көңіл бөлінеді. Мұндай тәсіл тарихи кезең бейнесін неғұрлым жан-жақты қалпына келтіруге, тұлғаның уәждері мен мақсаттарын, жеке ерекшеліктерін ашуға, сондай-ақ тарихи фактілердің бұрмалануына жол бермеуге септігін тигізеді. Осыған орай, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ зиялыларының өкілі – ғалым Машанов Ақжан Жақсыбекұлының ғылыми қызметін зерттеу ерекше назарға лайық. Өйткені оның ғылыми мұрасы бүгінгі күнге дейін отандық және халықаралық историографияда жеткілікті дәрежеде қарастырылған жоқ. Ғалымның еңбектері қазіргі тарихи ой контексінде бағаланбай келеді. Сонымен қатар, оның зерттеулері кешенді сипатқа ие болып, әртүрлі мәдениеттер мен тарихи үдерістердің өзара байланысын талдауға қажетті парадигманы ұсынады. Еңбектерінің негізінде тарих, археология, астрономия, философия, жаратылыстану ғылымдарының синтезі жатыр. Бұл тек тарихи оқиғаларды қайта жаңғыртуға ғана емес, сонымен бірге түркі өркениетінің даму принциптерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Машанов А.Ж.-ның өмірі мен ғылыми ізденістерін зерттеу қазіргі таңда тек өзекті ғана емес, сонымен қатар отандық тарихи ғылымды әрі қарай дамыту үшін аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Оның өмірбаянын, ұлттық және әлемдік ғылымға қосқан үлесін зерттеу ұлттық тарихтағы «ақтаңдақтарды» азайтуға ғана емес, сонымен қатар оларды әлемдік мәдениет контексінде қарастыруға мүмкіндік береді. Диссертациялық зерттеудің мақсаты: Машанов А.Ж.-ның өмірі мен тарихи көзқарастарын кешенді түрде зерттеу және оның Қазақстандағы тарихи ғылымның дамуына қосқан үлесін анықтау. Мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылды: – Машанов А.Ж.-ның өмірі мен қызметіне арналған ғылыми еңбектер мен жарияланымдарға жан-жақты историографиялық шолу жасап, оның ғылыми мұрасының зерттелу деңгейін бағалау; – Машанов А.Ж.-ның Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде (ЦГА РК), Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінде (ГА РФ) сақталған жарияланбаған жеке мұрағаттық құжаттары мен материалдарын талдау; – Машанов А.Ж.-ның ғылыми және педагогикалық қызметін зерттеу; – Машанов А.Ж.-ның Қазақстандағы тарихи ғылымның дамуына қосқан рөлі мен үлесін қарастыру; – Ғалымның еңбектеріндегі тарихи – әдеби дискурсты талдау; – Тарихи және саяси үдерістерді қалыптастырудағы ғалымның рөлін анықтау. Зерттеу объектісі: Машанов А.Ж.-ның өмірі мен қызметі, оның ғылыми еңбектері. Зерттеу пәні: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессордың тарихи көзқарастары. Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Диссертациялық еңбек 1906 – 1997 жылдар аралығында өмір сүрген Машанов А.Ж.-ның өмірі мен қызметін кешенді түрде қарастырады. Бұл ғалымның тарихи ғылымға, әсіресе Қазақстанның көне тарихын зерттеуге қосқан үлесін жан-жақты зерделеуге мүмкіндік берді. Ғылыми жаңалық мынадай жайттардан тұрады: – Ғалымның өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуде кешенді тәсіл қолданылды. Бұрынғы жарияланымдарда Ақжан Жақсыбекұлының ғылыми қызметінің жекелеген қырлары ғана қарастырылса, бұл еңбекте ғалымның өмір жолы, ғылыми мұрасы ғана емес, сонымен қатар оның тарихи көзқарастары мен тарих пен археологияға қосқан үлесі отандық және шетелдік зерттеулер негізінде кең контексте қарастырылды. – Алғаш рет ғылыми айналымға РФ МА қорларынан автор анықтаған бұрын құпия сақталған түпнұсқа архивтік құжаттар енгізілді. Бұл деректерді талдау Машанов А.Ж.-ның ХХ ғасырдың ортасындағы ерекше жағдайларда жүргізген ғылыми қызметін түсіндіруге зор үлес қосты. – Машанов А.Ж.-ның ғылыми және педагогикалық қызметі, Қазақстандағы геология ғылымында жаңа бағыт – геомеханиканы құру және дамытуға қосқан үлесі қарастырылды. Бұл – отандық геологиялық ғылымның дамуындағы маңызды кезең болып табылады. – Негізгі назар ғалымның Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуіне және Қазақстанда фарабитанудың дамуына қосқан үлесіне аударылды. – Кең ауқымды дереккөздерді зерттеу Ақжан Жақсыбекұлының Қазақстандағы тарихи ғылымға қосқан рөлі мен үлесін анықтауға мүмкіндік берді. Ғалымның Қазақстанның көне тарихына қатысты бұрыннан белгілі де, аз зерттелген еңбектерімен қатар, ҚР ОМА қорларында сақталған бұрын ғылыми айналымға енбеген еңбектері де алғаш рет талданды. Бұл оның тарих, археология және басқа да сабақтас ғылымдар саласындағы теориялық және практикалық тұжырымдарын зерттеуге жол ашты. – Ақжан Жақсыбекұлының ғылыми еңбектері алғаш рет тарихи – әдеби дискурс тұрғысынан қарастырылды. Бұл тәсіл ғалым еңбектеріне жаңаша көзқарас қалыптастырып, оның зерттеулеріне тән ерекшеліктерді ашып көрсетті. Ғалым еңбектерінде материалдың фактографиялық сипатына ерекше көңіл бөлінеді. Дәстүрлі тарихи көзқарастан айырмашылығы – Машанов А.Ж. еңбектерінде фактілер тек объективті шындық ретінде ғана берілмей, геологтың жеке тұлғалық интерпретациясымен ұштасып жатады. Ол оқиғаларды құрғақ баяндаумен шектелмей, оларға қатысты субъективті пікірін де білдіреді. Мұндай баяндау үлгісі мен субъективтілікке назар аудару тарихты қабылдауда жаңа мүмкіндіктер туғызып, ғалымның жеке көзқарасы мен бағалауы оқиғаларды түсінуге қалай әсер ететінін айқындайды. – Сонымен қатар, Машанов А.Ж.-ның қоғамдық-саяси және тарихи қызметі, оның тарихи әрі саяси үдерістерге қатысуы қарастырылады. Ғалымның өмірін тарихи тұлға әрі саяси субъект ретінде зерттеуге ерекше көңіл бөлінеді. Оның отандық тарихи ғылымға қосқан үлесімен қатар, елдегі саяси үдерістердің қозғаушы күші ретіндегі рөлі де қарастырылады. Тақырыптың зерттелу дәрежесі. Отандық тарихнамада ұлттық элитаның ғылыми қызметін зерттеу мәселелері М.К. Қозыбаев, К.Н. Нұрпейісов, М.К. Қойгелдиев, З.О. Дүкенбаева, М.А. Алпысбес, А.М. Ауанасова, Ж.У. Қыдыралина, Г.К. Жапекова және т.б. еңбектерінде өз көрінісін тапқан. Аталған зерттеушілер қазақ халқының көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметін зерделеумен қатар, тарихтағы тұлғаның орнына, оның ұлттық кодты қалыптастыру мен дамытудағы рөліне де талдау жасаған. Отандық тұлғатану тарихында ХХ ғасырдың екінші жартысындағы интеллектуалдық элита өкілдерінің қызметіне арналған еңбектер ерекше орын алады. Осындай қайраткерлердің бірі – Машанов А.Ж., оның өмірі мен ғылыми қызметі көзі тірісінде-ақ зерттеушілердің назарында болды. 1995 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ұжымы ғалымның 90 жылдық мерейтойына орай библиографиялық көрсеткіш жариялады. Бұл көрсеткіш – маңызды историографиялық дереккөздердің бірі, өйткені онда ғалымның өмірі, шығармашылығы және ғылыми жолы туралы мәліметтермен қатар, 1942 жылдан 1994 жылға дейінгі жарияланған еңбектерінің сипаттамасы хронологиялық ретпен берілген: публицистикалық мақалалары, ғылыми-зерттеу жұмыстарының есептері, сондай-ақ оның жетекшілігімен дайындалған докторлық және кандидаттық диссертациялар. Айта кету керек, Ақжан Жақсыбекұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кешенді зерттеулер өте аз. Бүгінде ғалымның өмірбаяны мен ғылыми жаңалықтарының негізгі қырларын қарастырған үш негізгі еңбекті атауға болады. Бұл зерттеулер Ш.А. Әбдіраманға, З.О. Дүкенбаеваға және М.Б. Нұрпейісоваға тиесілі. Басқа еңбектердің басым көпшілігі Ақжан Жақсыбекұлының ортағасырлық ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуіне арналған. Бұл мәселеге А.-Х.Ф. Мархабаев, А.А. Құсайынұлы, С. Мәмет, М. Шапиян, Н. Нұртазина және т.б. ғалымдар көңіл бөлген. Зерттеудің дереккөздік базасы. Зерттеудің негізгі дереккөздерінің маңызды бөлігін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде (ҚР ОМА) сақталған материалдар құрайды. Атап айтқанда, 2285-қор: 5-іс «В мире музыки аль – Фараби. Материалы по музыкальному наследию аль – Фараби», 8-іс «Арфа – бык. По следам аль – Фараби»», 11-іс «Аристотель Востока», 12-іс «Космология аль – Фараби», 14-іс «Ғұлама ғалым әл-Фараби еңбектерінің соңғы кездегі зерттелуі», 38-іс «Өгізханның қолтаңбасы», 41-іс «Ай арысы», 48-іс «Өгізхан – өркеш жұлдыз», 59-іс «Қанышпен кездескен күндер», 62-іс «Қарқаралы маңындағы кейбір мирастар», 68-іс «Қазақстан жерінде ерте замандарда қазылған кендер», 76-іс «Ғылымға барған жолымдағы естелік белестер», 125-іс «А. Машановтың өмірбаяны», 128-іс «Заслуженному ученому 70 лет», 130-іс «Өмірдің мәні – құштарлықта! Жүз жасаңыз, ғалым ата!», 131-іс «Ақиқат таным сайы», 132-іс «Он второй раз вернул аль – Фараби на казахскую землю», 133-іс «Өнегелі ғұмыр. Мерейтой лебізі», 134-іс «Тоқсанның төрінде отырған тектілік. Ірі тұлға. Қарқаралыдағы тұңғыш қазақ мектебі», 151-іс «Л. Сколон мен Т. Сапарғалиевтің А. Машановтың «Аль – Фараби и музыка» атты еңбегіне жазған пікірлері», 152-іс «М. Бурабаев пен Ә. Кекілбаевтің А. Машановтың «По следам аль – Фараби» атты еңбегіне жазған пікірлері», 165-іс «С.К. Корнеевке әл-Фараби мұрасын зерттеу үшін Сирияға баруына жағдай жасауды өтінген хаты», 166-іс «Кессенге және Италия кітапханасының директорына “Әл-Фараби” музыкасы атты кітаптың микрофильмін жіберуді өтінген хаты», 227-іс ««Гур – эмир», «Шахи – Зинда», «Арыстанбаб», «Омаяттар» мазарларының және өзге де мәдени сәулет ескерткіштерінің суреттері мен фотосуреттері». Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Мемлекеттік архивінде (РФ МА) сақталған материалдар пайдаланылды: Р – 9396 қор «КСРО Жоғары білім министрлігі» 69-іс «Мәскеу геологиялық барлау институтының 1945–1946 оқу жылындағы жұмысы туралы есеп», Р–9506 қор «КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғары аттестациялық комиссия» 247–249 істер «Машанов А.Ж.». Диссертациялық жұмыс аясында сондай-ақ келесі архивтердегі құжаттар пайдаланылды: Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, 141-қор «Қазөлкеком БК(б)П» 1031-іс «Тау-металлургия институты оқытушыларына мінездемелер», РҒП «Ғылым Ордасы» ғылыми архиві, 2-қор «Қазақ КСР Ғылым академиясы. Канцелярия», 6а-іс «Қазақ КСР Ғылым академиясы. Анықтамалық», 1375-іс «ҚазКСР ҒА ғалымдары мен Азия және Африка елдері жазушыларының V Халықаралық конференциясы қатысушыларының бірлескен мәжілісінің хаттамасы. Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған»; 1439-іс «Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми конференцияны дайындауға қатысты материалдар», Қарағанды облыстық мемлекеттік архиві, 1363-қор 11-іс «Қарқаралы аңыздары (жинаған өлкетанушы Семаҡов Л.Ф.)», 13-іс «Қарқаралы өңірінің тарихына қатысты материалдар», 205-қор 205а-іс «Монтаждық парақ. «Машанов Қарқаралыда» атты түрлі-түсті киносюжет», 1487-қор, Ю. Поповтың жеке қоры, 222-іс «Алғашқы қазақ математигі, 1920 жылдардағы Әлімхан Әбеуұлы Ермеков туралы материалдар (құжат көшірмелері, мақалалар, естеліктер және т.б.), өлкетанушы жинаған (1969, 1990–1991 жж.)», ҚР «Кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік архиві» РММ, 2093-іс «Әл-Фараби», 3617-іс «Аристотель Востока». Ғалымның тарихи көзқарастарын ашып көрсететін негізгі дереккөздер ретінде біз оның келесі еңбектерін пайдаландық: «Жер сыры», «Қазақстанның тас–қола дәуірі мұралары», «Табу», сондай-ақ С.А. Семёнов–Зусердің «Ежелгі Қазақстан» атты еңбегіне жазған рецензиясы. Машанов Ақжан Жақсыбекұлының өмірі мен тарихи көзқарастарына арналған диссертациялық зерттеудің әдіснамалық негізі мен әдістері ғылыми шынайылық, тарихилық, объективтілік және пәнаралық ұстанымдарға сүйенеді. Зерттеу барысында тарихи–мәдени, жүйелік, биографиялық және проблемалық–хронологиялық әдістер қолданылды. Ғылымилық принципі әртүрлі дереккөздерді талдау кезінде пайдаланылды. Олардың қатарында архивтік материалдар, очерктер, хаттар, сондай-ақ ғалымның өз еңбектері мен замандастарының жарияланымдары бар. Бұл еңбектің басты әдіснамалық тіректерінің бірі – тарихилық принципі. Ол Ақжан Жақсыбекұлының қызметін оның өмір сүрген әрі шығармашылықпен айналысқан тарихи дәуірінің контексінде қарастыруға мүмкіндік береді. Биографиялық әдіс Машанов А.Ж.-ның өмірі мен қызметін зерттеудің маңызды құралы болып табылады. Ол бізге профессордың өміріндегі деректерді зерделеп қана қоймай, оның дүниетанымын түсінуге де мүмкіндік берді. Пәнаралық ұстаным мәселені бірнеше тарихи субдисциплина – әлеуметтік, саяси және мәдени тарих тұрғысынан қарастыруға жол ашты. Мұндай тәсіл ғалым қызметін тереңірек түсінуге және оны әр қырынан талдауға мүмкіндік берді. Проблемалық – хронологиялық әдіс Ақжан Жақсыбекұлының өмірбаянын негізгі кезеңдерге бөліп, олардың әрқайсысын хронологиялық ретпен қарастыруға, сол кезеңнің өзекті мәселелерін айқындауға жағдай жасады. Тарихи–генетикалық әдіс фактілерді түсіндіруге, олардың пайда болу себептерін анықтауға және себеп – салдарлық байланыстарды талдауға бағытталды. Бұл әдіс Машанов А.Ж.-ның өмірі мен қызметіндегі өзгерістердің динамикасын қадағалауға, сондай-ақ оның педагогикалық техникум студентінен Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесіне, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріне дейінгі тарихи-ғылыми жолының заңдылықтарын түсінуге мүмкіндік берді. Ауызша тарих әдістерін, соның ішінде сұхбатты қолдану, зерттеудің маңызды бөлігі болды. Бұл бізге ғалым туралы бірегей мәліметтерді оның ұлы Машанов Әлішер Ақжановичтен, Сүлейменов Олжас Омаровичтен және шәкірті Нұрпейісова Маржан Байсановнадан алуға мүмкіндік берді. Айта кету керек, ауызша естеліктердің ерекшелігі – олардың субъективтілігінде. Әрбір естелік, әрбір баяндау әңгімелесушінің жеке көзқарасын, оның сезімдері мен эмоцияларын бейнелейді. Бұл оқиғаларды ресми пікірден өзгеше қырынан көруге мүмкіндік береді. Ақжан Жақсыбекұлына қатысты мұндай субъективті әңгімелер оның докторлық диссертациясына байланысты жеке толғаныстарын, шешуші сәттерде қабылдаған маңызды шешімдерін, сондай-ақ оның қызметін замандастары мен айналасындағы ортаның қалай қабылдағанын ашып көрсетуге көмектесті. Зерттеудің практикалық маңызы. Жұмыстың негізгі тұжырымдары Машанов А.Ж.-ның ғылыми шығармашылығы мен ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ұлттық зиялыларына арналған жинақтаушы еңбектерді дайындауда пайдаланылуы мүмкін. Диссертация материалдары «ХХ ғасырдағы Қазақстанның тарихи тұлғалары», «Тарихи персоналистика» пәндері бойынша дәрістік және тәжірибелік сабақтарды әзірлеуде қолдануға болады. Болашақта алынған деректер негізінде жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына арналған оқу құралы мен монография шығаруға мүмкіндік бар. Зерттеудің хронологиялық шеңбері Машанов А.Ж.-ның өмір сүрген жылдарын – 1906–1997 жылдарды қамтиды. Бұл кезең ғалымның ғана емес, жалпы қоғамның да өмірінің барлық саласында үлкен өзгерістермен ерекшеленді. Қорғауға шығарылатын тұжырымдар. 1. Машанов Ақжан Жақсыбекұлы – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның ғылыми өміріндегі ірі тұлғалардың бірі. Оның геология, геомеханика, тарих, фарабитану салаларындағы еңбектері қазақстандық ғылымның маңызды бөлігі болып табылады. Ғалымның өмірі мен қызметіне арналған историографиялық еңбектерді талдау оның Қазақстан ғылымы мен білім тарихындағы орнын тереңірек түсінуге, сондай-ақ Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі өзгерістер контексінде қазақстандық ғылыми ойдың дамуына ықпалын қарастыруға мүмкіндік береді. 2. ҚР ОМА мен РФ МА табылған жарияланбаған архивтік-құжаттық материалдар Машанов А.Ж.-ның кәсіби қызметін терең әрі жан-жақты талдауға, сондай-ақ оның өмірі мен шығармашылығының бұрын белгісіз қырларын ашуға мүмкіндік берді. 3. Ғалымның ғылыми және педагогикалық қызметін талдау Машанов А.Ж.-ның отандық ғылымға елеулі үлес қосқанын айқындауға жағдай жасады. Ғалымның басты еңбектері мыналар болып табылады: 1) Қазақстан геологиясында жаңа бағыт – геомеханиканы қалыптастыру және дамыту; 2) Қазақстанда фарабитану мектебін ашу және дамыту. Ақжан Жақсыбекұлы Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттеу барысында тек оның идеяларын ғылыми тұрғыдан пайымдап қана қойған жоқ, сонымен бірге фарабитануды жеке білім саласы ретінде әрі қарай дамытудың негізін қалаған академиялық дәстүрді қалыптастырды. 4. Машанов А.Ж.-ның еңбектерін талдау оның Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына айрықша үлес қосқанын көрсетеді. Оның кітаптары мен қолжазбалары көне Қазақстан тарихының құнды дереккөздері болып табылады. Ақжан Жақсыбекұлының ғылыми қызметіндегі бірегей бағыттарының бірі – тарихты зерттеуде геологиялық әдістерді қолдануы. Ол геологиялық және табиғи үдерістерді ежелгі тайпалардың тарихына, олардың қоныстануына, мәдени қарым-қатынасына әсер еткен маңызды факторлар ретінде қарастырды. Оның еңбектерінде қолданылған геологиялық әдіс өткеннің табиғи жағдайларын қалпына келтіруге ғана емес, сонымен бірге халықтардың қоныс аударуы, көне қоғамдардың әлеуметтік-экономикалық құрылымдарындағы өзгерістер арасындағы жасырын байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді. 5. Машанов А.Ж.-ның тарихи еңбектері тарихи – әдеби дискурс тұрғысынан қарастырылуы тиіс. Бұл, ең алдымен, тарихи материалдың фактографиялық сипатына, автор – әңгімелеушінің болуына, баяндалғанға қатысты өзінің ұстанымын білдіруіне және оқиғаларға берген жеке бағасына байланысты. 6. Машанов А.Ж.-ның тарихи және саяси қызметін зерттеу оның тарихи әрі саяси үдерістерді алға жылжытудағы маңызды рөлін айқындауға мүмкіндік береді. Ол Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармашылығын зерттеу, оның есімін тарихи отанына қайтару арқылы халықтың мәдени мұрасына жүгіну негізінде ұлттық сананы рухани жаңғыртуға бағытталған ағартушылық қызметімен ерекшеленді. Апробация. Диссертациялық зерттеу тақырыбы бойынша 1 монография және 18 ғылыми мақала жарияланды. Оның ішінде 2 мақала Web of Science және Scopus деректер базасында индекстелетін халықаралық ғылыми журналдарда, 5 мақала уәкілетті орган ұсынған ғылыми басылымдарда, 11 мақала халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар жинақтарында және Қазақстан Республикасының ғылыми басылымдарында жарық көрді. Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық зерттеу кіріспеден, үш бөлімнен тұратын негізгі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған дереккөздер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/h2Vy_DGFmy4
