
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Махметова Надира Аманжолқызы «8D02202 – Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша «Әлеуметтік-мәдени жаңғырту жағдайындағы Қазақстан Республикасының демографиялық дамуының аймақтық ерекшеліктері (Шығыс Қазақстан мысалында)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Уалтаева Алтын Слямкайдаровна – тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Сабданбекова Замзагуль Абляшевна – тарих ғылымдарының кандидаты, «Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университет» КеАҚ Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Шахаман Зәмзәгүл Бәйекеқызы – тарих ғылымдарының кандидаты, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай Өңірлік университеті» КеАҚ Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Қостанай қ., Қазақстан Республикасы).
Капышев Ардак Каиржанович – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент «Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университеті» КеАҚ, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры (Көкшетау қ., Қазақстан Республикасы);
Омурова Жамыйкат Орозбековна – тарих ғылымдарының докторы, «Тарих және аймақтану» факультетінің «Аймақтану және қырғызтану» кафедрасының профессоры, Ж. Баласағын атындағы Қырғыз Университеті (Бішкек қ., Қырғызстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Аубакирова Жанна Сакеновна - тарих ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті КеАҚ (Өскемен қ., Қазақстан Республикасы);
Лысенко Юлия Александровна – тарих ғылымдарының докторы, «Шығыстану» кафедрасының профессоры, Алтай мемлекеттік университеті, (Барнаул қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 10 қазан, сағат 14:30 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02202 – Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.lu/nsqbit
Мекен-жайы: Астана қ., А.Пушкин көшесі, 11, 324-аудитория
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу ХХ ғасырдың соңы – ХХІ ғасырдың басындағы Шығыс Қазақстанның өңірлік ерекшеліктеріне басымдық бере отырып, халық саны мен этникалық құрамын, жас құрылымын, туу, өлім-жітім, табиғи өсім, көші-қон үдерістерін және қазіргі репродуктивтік ұстанымдарды кешенді түрде қарастыруға негізделген. Зeрттeу жұмыcының өзeктілігі. Қазақстан Республикасының қазіргі даму кезеңінде, соның ішінде әлеуметтік-мәдени саланы қамтитын қарқынды жаңғырту процестері жүріп жатыр. Аталған трансформациялар біркелкі сипатта өрбіген жоқ. Бұл ретте әлеуметтік-демографиялық және әлеуметтік-мәдени өзгерістердің сан қырлы сценарийлері қалыптасып, олардың әрқайсысы ғылыми зерттеудің дербес нысаны ретінде қарастырылады. Бұл үдерістердің маңызды факторларының бірі – олардың аймақтық айқын ерекшеленуі. Осы тұрғыда Шығыс Қазақстан жан-жақты талдау жүргізуге арналған репрезентативті әрі ғылыми құндылығы жоғары аймақ болып табылады. Тарихтың ұзақ мерзімді кезеңінде Қазақстандағы демографиялық процестер көбінесе сыртқы ықпалдардың әсерімен айқындалды. Қазіргі уақытта демографиялық дамуды айқындайтын негізгі факторлар ретінде ішкі детерминанттардың басымдыққа шығу үрдісі байқалуда. Демографиялық дамудың басты траекториялары мемлекет аумағында қалыптасып, қазақ этносының әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерімен тікелей байланысты болып отыр. Тәуелсіздік кезеңінде тұңғыш рет қазақстандық демографиялық жүйе дербес негізде қалыптасты. Қазақстан Республикасындағы қазіргі демографиялық ахуал жаһандық үрдістерден елеулі өзгешеліктермен ерекшеленеді. Осы тұрғыда Шығыс Қазақстан ғылыми тұрғыдан айрықша мәнге ие, себебі оның демографиялық құрылымы республикадағы басқа аймақтардан да, жаһандық үлгілерден де едәуір айырмашылықтарға ие. Өңірдің өзіндік ерекшеліктерінің бірі – этникалық құрылымға негізделген субөңірлік деңгейдегі дифференциация. Зерттеу әлеуметтік-мәдени жаңғырту үдерістері жағдайындағы Шығыс Қазақстан халқының демографиялық және әлеуметтік-мәдени даму ерекшеліктеріне бағытталған. Өңірдің таңдалу себебі, Шығыс Қазақстан жалпықазақстандық демографиялық және әлеуметтік-мәдени үрдістерді зерделеу тұрғысынан репрезентативті аймақ болып табылады. Диссертациялық зерттеудің өзектілігі өңірдегі модернизациялық кезеңдегі әлеуметтік-демографиялық өзгерістердің серпінін жан-жақты зерделеудің, халықтың ұдайы даму заңдылықтарын анықтаудың, сонымен қатар аталған үдерістерге әлеуметтік-мәдени факторлардың ықпалын ғылыми тұрғыдан бағалаудың қажеттілігімен негізделеді. Диссертациялық зерттеудің мақсаты – Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени жаңғырту контекстінде демографиялық үдерістерді теориялық-әдіснамалық тұрғыдан талдау, сондай-ақ ХХ ғасырдың соңы – ХХІ ғасырдың басындағы Шығыс Қазақстанның демографиялық дамуының аймақтық ерекшеліктерін жан-жақты зерделеу болып табылады. Осы мақсат аясында өңірдің демографиялық жағдайы: халық саны мен этникалық құрам динамикасын, жас құрылымындағы өзгерістерді, туу, өлім-жітім, табиғи өсім көрсеткіштерін, көші-қон үрдістері мен қазіргі репродуктивтік ұстанымдарын талдау арқылы кешенді бағаланады. Қoйылғaн мaқcaтқa жeту үшін кeліcі міндeттeр aнықтaлды: Демографиялық үдерістерді зерттеудің теориялық негіздері мен әдіснамалық тәсілдерін талдау; Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени жаңғыртудың мазмұны және мәнін айқындап, оның демографиялық дамуға ықпалын анықтау; 1950–1980-жылдары Шығыс Қазақстан халқының қалыптасуы, қоныстану жүйесі, саны мен этникалық құрамының динамикасына тарихи ретроспективалық талдау жүргізу; ХХ ғасырдың соңы - ХХІ ғасырдың басындағы Қазақстанның демографиялық дамуының өңірлік ерекшеліктерін Шығыс Қазақстан мысалында қарастыру; ХХ ғасырдың соңы - ХХІ ғасырдың басындағы Шығыс Қазақстан өңіріндегі туу, өлім-жітім және табиғи өсім үдерістерін зерттеу; Көрсетілген кезеңде өңір халқының көші-қон қозғалыстарының динамикасын зерделеу; Әлеуметтік-мәдени жаңғырту жағдайында Шығыс Қазақстан халқының репродуктивтік ұстанымдарының ерекшеліктерін әлеуметтік зерттеу арқылы анықтау. Диссертациялық жұмыстың деректік негіздері төрт топқа бөлініп қарастырылды: нормативтік-құқықтық актілер, мұрағат құжаттары, 1959, 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 және 2021 жылдардағы халық санағының статистикалық мәліметтері мен ағымдағы статистика, сондай-ақ әлеуметтік зерттеу мәліметтері. 2021–2023 жылдары диссертациялық зерттеу аясында «Қалалық қазақ әйелдерінің репродуктивтік мінез-құлқының өңірлік ерекшеліктері: үрдістері мен болашағы» атты әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Зeрттeу жұмыcының хрoнoлoгиялық жәнe тeрритoриялық шeңбeрі. Диссертациялық зерттеудің тақырыптық аясы Қазақстанның тәуелсіздік кезеңін және қазіргі өңірлік демографиялық үдерістерді Шығыс Қазақстан мысалында қарастырады. Дегенмен, тарихи үрдістердің толыққанды бейнесін қалыптастыру үшін ХХ ғасырдың орта шенінен бастап ретроспективтік талдау жасалды. Бұл тәсіл тарихи және диалектикалық жүйелілік пен детерминизм қағидаттарына негізделген өзара байланыстарды тереңірек ашуға мүмкіндік берді. 1959–1989 жылдары Шығыс Қазақстан құрамына Шығыс Қазақстан және Семей облыстары кіргендіктен, бұл кезеңдегі талдау әр облыс бойынша жеке жүргізілді. Ал 1999 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықтағы деректер біріктірілген Шығыс Қазақстан облысының шеңберінде қарастырылды. Зeрттeу жұмыcының ныcaны. Зерттеудің нысаны ретінде Шығыс Қазақстан халқы, оның этникалық, жас-жыныстық және аумақтық құрылымы, сондай-ақ демографиялық үдерістердің негізгі бағыттары: туу көрсеткіштері, өлім-жітім деңгейі, табиғи өсім мен көші-қон қозғалыстары қарастырылады. Қосымша нысан. Зерттеудің қосымша нысаны ретінде қалалық қазақ әйелдерінің репродуктивтік ұстанымдары негізге алынды. Себебі олар қоғамда жүріп жатқан әлеуметтік-мәдени өзгерістердің нәтижелерін неғұрлым айқын бейнелейді. Қазақ этносы қазіргі кезеңде Қазақстан халқының да, Шығыс Қазақстан өңірінің де негізгі этникалық компонентіне айналып, демографиялық үрдістердің басты бағыттарын айқындаушы күшке ие болып отыр. Зерттеу пәні. Зерттеу пәнін әлеуметтік-мәдени жаңғырту үдерісі құрайды. Оның шеңберінде туу, өлім-жітім, табиғи және көші-қон қозғалыстары сияқты демографиялық үдерістердің динамикасы және трансформациясы, сондай-ақ этникалық және жас құрылымындағы өзгерістер талданады. Зерттеу гипотезасы: 1. Әлеуметтік-мәдени жаңғырту жағдайында негізгі демографиялық үдерістердің трансформациясы жүзеге асуда. Бұл құбылыстар ең айқын түрде Шығыс Қазақстан облысында байқалады, себебі өңірдің демографиялық дамуы жалпықазақстандық үрдістердің негізгі бағыттарын көрсетеді. 2. Халықтың жедел урбанизациясы жағдайында репродуктивтік мінез-құлықтың түрлі типтерінің – дәстүрлі, заманауи және өтпелі үлгілерінің – өзара әрекеттестігі байқалады. Бұл өзара ықпалдастықтың нәтижесінде репродуктивтік мінез-құлықтың алуан түрі қалыптасып, олардың бір бөлігі бәсекелестік, ал кейде құндылықтық сипатқа ие болады. Репродуктивтік ұстанымдар мен тәжірибелердің бұл алуан түрлілігі елдің барлық өңірлерінде, соның ішінде Шығыс Қазақстанда да байқалады. Қазақстанның әлеуметтік-мәдени және демографиялық келешегі қай құндылықтардың үстемдікке ие болуына тікелей байланысты. Диcceртaцияның тeoриялық-әдіcнaмaлық нeгіздeрі. Демографиялық даму француз тарихшылары мен әлеуметтанушыларының тұжырымдамалық көзқарастары тұрғысынан қарастырылады. Ф. Бродель теориясына сәйкес, жаңғырту нақты уақыттық шекараларға ие емес: өткен дәуірлердің инерциясы әрқашан сақталып, қазіргі заманға елеулі ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамда бір мезетте кеңестік мұра да, дәстүрлі элементтер де қатар өмір сүріп, түрлі факторлардың әсері көрініс табады. Яғни, бір жағынан жаңғырту процестері жүріп жатса, екінші жағынан дәстүрлі құндылықтар сақталып қана қоймай, кейбір аймақтарда күшейе түсуде. Ф. Бродельдің тарихи уақыттың көпқабатты концепциясын пайдалану қазақстандық қоғамдағы әлеуметтік-мәдени жаңғыртуды тек саяси бастамалар мен бағдарламалардың нәтижесі ретінде ғана емес, сонымен қатар ғасырлар бойы қалыптасқан тұрақты мәдени құрылымдар мен менталитеттермен шектелетін күрделі әлеуметтік процесс ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл жаңғыртуды тек оқиғалар мен реформалар тұрғысынан түсіндіруден бас тартып, құрылымдық және мәдени шектеулер мен әлеуетті ашуға жағдай жасайды. Осы арқылы қысқа мерзімді реформалар мен ұзақ мерзімді қағидаттардың өзара байланысын ескере отырып, әлеуметтік-мәдени жаңғырту процестерін кешенді талдауға жол ашылады: қандай өзгерістер тез жүзеге аса алатынын, ал қандайлары тек эволюциялық жолмен іске асырылатынын көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, диссертацияның теориялық негізінде П. Бурдьенің тұжырымдамасы маңызды орын алады. Оның негізгі категориялары – габитус, өріс және капитал түрлері (әлеуметтік, мәдени, экономикалық, символикалық) – Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени жаңғырту жағдайында демографиялық процестердің динамикасын талдау үшін әдіснамалық тұрғыдан құнды құрал болып табылады. Түрлі әлеуметтік топтар (этникалық құрамына, білім деңгейіне, урбанизация дәрежесіне, өңірлік ерекшеліктеріне байланысты) әртүрлі габитустарға ие, ал бұл олардың бала санына, некеге тұру жасына, әйелдің қоғамдағы рөліне және бала туу үдерістерін реттеуге көзқарасын қалыптастырады. Мысалы, Шығыс Қазақстанның оңтүстік аймақтары және ауылдық жерлерінде жоғары туу деңгейін сақтауға ықпал ететін дәстүрлі габитустар басым болса, қалаларда, әсіресе білім деңгейі жоғары халық арасында туу көрсеткішінің төмендеуі айқын байқалады. Демографиялық үдерістерді П. Бурдье теориясы тұрғысынан талдау түрлі әлеуметтік топтардың габитустарының трансформациясын және олардың туу, көші-қон, отбасы құрылымындағы өзгерістермен байланысын ашып көрсетеді. Бурдье ұсынған тәсіл жаңғыртудың әмбебап әрі сызықтық процесс еместігін дәлелдейді: ол әлеуметтік өрістер мен капиталдардың теңсіз бөліну контексінде өрбиді. Оның тұжырымдамасы барлық әлеуметтік-экономикалық детерминанттар – мәдени фактор арқылы реттелетінін, өйткені мәдениет өмірлік құндылықтар мен мағыналар жүйесін айқындайтынын көрсетеді. Экономикалық жүйе индустриалды, цифрлық немесе постиндустриалды сипат алуы мүмкін, алайда жаңғырту процестерінің іргетасы ең алдымен мәдени негізде қалыптасады. Зерттеудің әдіснамалық негізін дәстүрлі қоғамнан қазіргі қоғамға өтуді қарастыратын модернизация теориясы құрайды. Осы теория аясында ХХ ғасырдың ортасынан бастап Қазақстандағы этникалық тұрғыдан әркелкі демографиялық дамудың ерекшеліктері және олардың посткеңестік пен қазіргі кезеңдегі трансформациясы айқындалады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: 1) Диссертациялық зерттеуде Қазақстандағы демографиялық үдерістердің әлеуметтік-мәдени жаңғырту жағдайындағы ерекшеліктері алғаш рет кешенді түрде зерттеліп, бұл жаңа ғылыми тәсіл ретінде ұсынылды. Алғаш рет зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізін П. Бурдье концепциясы мен Ф. Бродельдің көпқабатты тарихи уақыт теориясы құрайды. 2) Демографиялық дамудың өңірлік ерекшеліктері алғаш рет жекелеген аймақ – Шығыс Қазақстан мысалында зерделенді. Аталған өңірдің ерекшелігі – Қазақстан Республикасының демографиялық дамуына тән көпқабатты әрі қарама-қарсы бағыттағы үрдістердің бір мезетте осы өңірде бейнелеуінде. 3) Әлеуметтік-мәдени жаңғырту жағдайындағы Шығыс Қазақстан өңірінің халық саны мен этникалық құрамының динамикасы тарихи-демографиялық әдістер мен IT-технологиялардың мүмкіндіктерін қолданған әлеуметтік талдау негізінде зерттеліп, сарапталды. 4) Диссертациялық зерттеудің ғылыми нәтижелері алғаш рет жаңа деректер базасына – «Демографиялық ақпараттық портал» (http://statdata.info) және Қазақстанның интерактивті демографиялық карталарына сүйене отырып негізделді. Интерактивті құралдарды пайдалану өңірлік деңгейде демографиялық дамудың аз зерттелген қырларын тереңірек талдауға мүмкіндік берді. 5) Диссертациялық зерттеуде қалалық тұрғындардың репродуктивтік мінез-құлқы мен ұстанымдарын анықтауға арналған үш жылдық әлеуметтік зерттеу нәтижелері пайдаланылды. Зерттеу барысында сапалық және сандық әдістер кешені: эксперттік сауалнама, тереңдетілген сұхбат және сандық сауалнама қолданылды. Әлеуметтік-мәдени өзгерістердің ортақ үдерістері мен түрлі құндылықтардың өзара ықпалдастығы жағдайында қалалық ортада репродуктивтік мінез-құлық пен ұстанымдардың трансформациясы өңірлерде әркелкі және бірдей қарқында емес түрде жүзеге асатыны айқындалды. 6) Зерттеу барысында репродуктивтік мінез-құлықтың төрт негізгі түрі анықталды: дәстүрлі, қазіргі заманғы және өтпелі түрлер (қазіргіден дәстүрліге немесе дәстүрліден қазіргіге). Қазақстандық қоғамда аталған әртүрлі модельдердің қатар жүруі урбанизация, рурализация, архаизация және модернизация сияқты қарама-қарсы әлеуметтік-мәдени үдерістердің бір мезгілде өмір сүретінін дәлелдеді. Қазақстандық қоғамның бүгінгі және келешектегі жаңғырту бағыттарын айқындайтын демографиялық мінез-құлықтың көптүрлі үлгілері әлеуметтік құрылым мен мәдени құндылықтарға әрқилы әсер ететін фактор ретінде бағаланады. Зeрттeу жұмыcы бoйыншa қoрғaуғa шығaрылғaн нeгізгі тұжырымдaр: 1) Шығыс Қазақстан өңірінің демографиялық дамуының негізгі үрдістері анықталды: халықтың салыстырмалы түрде жоғары тығыздығы, басқа өңірлерге қарағанда төмен туу көрсеткіші, өлім-жітімнің жоғары деңгейі мен халықтың қартаюы, сондай-ақ көші-қонның қарқындылығының жоғарылығы. 2) ХХ ғасырдың соңында Шығыс Қазақстанның демографиялық дамуы тарихи қалыптасқан қоныстану жүйесі мен қазақ және орыс халқының сандық арақатынасымен айқындалған болса, қазіргі таңда республикада да, оның өңірлерінде де сандық басымдыққа ие болған қазақ этносы негізгі демографиялық үрдістердің бағытын айқындап отыр. 3) Әлеуметтік-мәдени жаңғыртудың себептері түрлі жылдамдықта және әркелкі бағытта дамып жатқан үдерістермен байланысты. 1960-жылдары туған аға буын мен 2000-жылдары дүниеге келген жас ұрпақ екі түрлі демографиялық әлеуетті қалыптастырады. Әр буын қазақстандық қоғамдағы әлеуметтік-мәдени жаңғырту үдерістеріне өзіндік үлесін қосады: аға буын дәстүрлердің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етсе, жас буын инновациялық құндылықтар мен жаһандық мәдени трендтерді енгізуде шешуші рөл атқарады. Бұл ұрпақаралық айырмашылықтар қоғамдағы жаңғырту үдерістерінің көпқырлылығын және біркелкі еместігін бейнелейді. 4) Шығыс Қазақстанның демографиялық даму ерекшеліктері тұтастай алғанда мемлекеттегі өңірлік демографиялық үдерістердің көрінісін бейнелейді. Өңірге жалпықазақстандық демографиялық трендтердің барлығы тән: халық құрылымында этникалық ығысу (қазақтардың орыстар және басқа этностарға қарағанда басым болуы), репродуктивтік мінез-құлықтың түрлі типтері байқалуда. Табиғи өсімнің деңгейі мен қарқыны өңір ішіндегі аймақтарда әркелкі, көші-қон әлеуеті жоғары күйінде қалып отыр. Шығыстың солтүстік бөлігі, негізінен славян этностары шоғырланған аймақ, Солтүстік-Шығыс және Орталық Қазақстанға тән демографиялық сипаттарды көрсетсе, оңтүстік бөлігі, қазақ халқының басымдығымен және ауылдық тұрғындардың көптігімен ерекшеленіп, Оңтүстік және Батыс Қазақстан аймақтарына тән демографиялық ерекшеліктерді бейнелейді. Осылайша, Шығыс Қазақстан түрлі аймақтардың демографиялық келбетін жинақтайтын бірегей өңір болып табылады. 5) Жүргізілген әлеуметтік зерттеу қазіргі Қазақстандағы қалалық әлеуметтік ортаны дәстүрлі және жаңғыртылған құндылықтардың өзара бәсекесі мен ықпалдастығы кеңістігі ретінде сипаттауға мүмкіндік берді. Бұл процеске халықтың жоғары мобильділігі, әсіресе жедел урбанизация ықпал етуде. Қалалардың инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық ресурстары (ең алдымен еңбек нарығы) халықтың жедел өсуіне сәйкес келмейді. «Жаңа қала тұрғындары» дәстүрлі құндылықтардың тасымалдаушысы ретінде индустриалды-постиндустриалды өмір салтына тез арада бейімделе алмайды. Қалалық әлеуметтік-мәдени контекстте репродуктивтік мінез-құлық саласында рурализация, тіпті архаизация белгілері айқын байқалады. 6) Әлеуметтік-мәдени үдерістердің аймақтық ерекшеліктері бар. Батыс өңірлерде архаизация процесі күштірек байқалса, оңтүстікте керісінше – баяу болса да тұрақты жаңғырту бағыты айқындалуда. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде бұрыннан қалыптасқан жаңғыртылған репродуктивтік мінез-құлық үлгісі сақталғанымен, дәстүрлі құндылықтардың таралуы және туу деңгейінің өсуі қатар жүруде. Алайда бұл үрдіс Шығыс Қазақстан халқының тұрақты өсуін қамтамасыз ете алмайды, себебі жас буын ішкі көші-қон нәтижесінде аймақтан кетіп жатыр. 7) Қазіргі Қазақстанның демографиялық дамуы урбанизация жағдайында жаңа әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени мүмкіндіктердің ашылуымен қатар, жаһандық және өңірлік факторлардың ықпалын көрсететін жаңа әлеуметтік-демографиялық тәуекелдермен де сипатталады. 8) Өңірлік деңгейдегі елеулі демографиялық ауытқулар мен тәуекелдер мемлекеттік құрылымдардың назарында болуы тиіс. Әрбір аймақтың демографиялық ерекшеліктері мен әлеуметтік-мәдени сипаттарын ескере отырып, республика үшін арнайы аймақтық демографиялық даму бағдарламаларын әзірлеу қажет. Жұмыcтың cыннaн өтуі (aпрoбaция). Диссертациялық зерттеудің негізгі тұжырымдары, қорытындылары мен нәтижелері отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланған 9 мақалада көрініс тапты. Соның ішінде 3 мақала – ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда, 2 мақала – халықаралық Web of Science дерекқорына енген журналдарда және 4 мақала – халықаралық ғылыми конференциялар материалдарында жарияланды. Диссертациялық зерттеуде ұсынылған ғылыми нәтижелер Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық ғылыми жобалары аясында алынды. Аталған жобалар қазақстандық қоғамның модернизация жағдайындағы әлеуметтік-мәдени трансформациясы мен демографиялық дамуының өзекті мәселелерін кешенді түрде зерттеуге бағытталды: 1. AP09260600 «Қалалық қазақ әйелдерінің репродуктивтік мінез-құлқының өңірлік ерекшеліктері: үрдістері мен болашағы»; 2. AP19676895 «Қазақстанның демографиялық әлеуеті ретіндегі қазақтар: ретроспективасы мен даму болашағы». Аталған ғылыми жобаларды іске асыру барысында теориялық-әдіснамалық және эмпирикалық база қалыптастырылып, алынған нәтижелер жан-жақты апробациядан өтті. Бұл өз кезегінде диссертациялық жұмысты қорытынды ғылыми өнім ретінде ұсынуға негіз болды. Зерттеу нәтижелері диссертациялық жұмыс «АР26198933 «Шығыс Қазақстан: Семей мен Өскемен қалалық кеңістігінің әлеуметтік-демографиялық және әлеуметтік-мәдени трансформация траекториялары» гранттық ғылыми жобасының шеңберінде қорытынды ғылыми өнім ретінде ұсынылуына негіз болды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/O8uvCzxO_-U
