
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Султанова Аягоз Канатовна «8D02208 – Археология және этнология» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің музей коллекциясындағы ежелгі түркі мәдени кешені: қалыптастыру және визуализация мәселелері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Археология және этнология кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Рогожинский Алексей Евгеньевич – тарих ғылымдарының кандидаты, «Таңбалы» музей-қорығының жетекші ғылыми қызметкері (Алматы облысы, Қазақстан Республикасы);
Джумабекова Гульнара Саиновна – тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Митько Олег Андреевич – тарих ғылымдарының кандидаты, Новосібір мемлекеттік университетінің Гуманитарлық зерттеулер меңгерушісі (Новосібір қ., Ресей Федерациясы);
Самашев Зайнолла Самашұлы – тарих ғылымдарының докторы, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Байгунаков Досбол Сулейменович – тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасының доценті (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Марал Калымжановна Хабдулина – тарих ғылымдарының кандидаты, «Археология және этнология» кафедрасының доценті, Қ. Ақышев атындағы археология ғылыми – зерттеу институтының директоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Николаус Борофка – РһD, профессор, Германия археологиялық институтының бас ғылыми қызметкері (Берлин, Германия).
Қорғау 2026 жылғы 29 маусым, сағат 14:30 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02208 – Археология және этнология» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн, онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/89137254856?pwd=ZkPzF0ZPYQjsAfiygathaVDJq9u8bz.1
Мекен-жайы: Астана қ., А.Пушкин көшесі, 11, 324-аудитория
Аңдатпа (қаз.): Султанова Аягоз Канатовнаның «8D02208 – Археология және этнология» білім беру бағдарлама бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің музей коллекциясындағы ежелгі түркі мәдени кешені: қалыптастыру және визуализация мәселелері» диссертациялық жұмысы Өзектілігі. Көне түркілердің мәдениет тарихы ғылыми зерттеудің маңызды әрі өзекті саласы болып табылады, өйткені ол қазақтардың және Еуразияның басқа да түркітілдес халықтары тарихының көне беттерінің бірін ашады. Көне түркілердің дала империясының пайда болуы аймақтың кейінгі тарихына ықпал ете отырып, көшпелі қоғамдардың саяси, әлеуметтік және мәдени ұйымдасуының дамуындағы маңызды кезең болды. Қазіргі Қазақстанда ұлттық бірегейлік пен тарихи сананы қалыптастыру процестері түркі өркениетінің бастауларына жүгінумен тығыз байланысты. Бұл контексте әлеуметтік жадтың маңызды институты қызметін атқаратын музей кеңістігінде тарихи-мәдени мұраны трансляциялау (жеткізу) мәселесі ерекше мәнге ие болады. Зерттеудің өзектілігі еліміздің жетекші музейлерінде, соның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде түркі кезеңінің мұрасын таныстыру тәсілдерін тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қарастыру қажеттілігімен негізделеді. Жұмыстың негізгі тезисі – қазіргі жағдайда «көне түркі мәдени кешені» ұғымы тек археологиялық санат ретінде қарастырыла алмайды деген тұжырым. Музей кеңістігінде ол күрделі музейлік-визуалды конструктіге айналады. Көне түркі мәдени кешені артефактілердің қарапайым жиынтығы шеңберінен шығады; бұл мәдениеттің материалдық және символдық көріністерінің біртұтас жүйесі, оны музей ортасында физикалық түрде сақтап қана қоймай, сонымен қатар тиімді визуалдау және ең бастысы, қазіргі келуші үшін оның бойындағы мағыналарды аша отырып, интерпретациялау қажет. Музей кеңістігі өз табиғаты бойынша мәдениетті қайталама репрезентациялау (ұсыну) формасы екенін атап өткен жөн. Экспозиция өткеннің «тікелей көшірмесі» емес, көне түркі әлемінің бейнесін мақсатты түрде музейлік конструктiлеу процесiнiң нәтижесі болып табылады. Осылайша, зерттеу әдіснамасы экспонаттарды іріктеу, олардың кеңістіктік ұйымдастырылуы және визуалды сүйемелдеу арқылы өткен шақ туралы белгілі бір нарративтің қалай жасалатынын талдай отырып, осы конструктiлеудiң ерекшелігін ескеруі тиіс. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көне түркі мәдени мұрасын визуалдау мәселелерін зерттеу пәнаралық әдіснамалық негіздерге жүгінуді талап етеді. Археологиялық мұраны музейлік интерпретациялау мәдениетті тек ғылыми ғана емес, сонымен бірге визуалды-символдық тұрғыдан ұғынудың ерекше формасы болғандықтан, музей коллекциясын және оны экспонаттау стратегияларын толыққанды талдау үшін археологиялық, этнологиялық, мәдениеттанушылық және тікелей музеологиялық тәсілдерді біріктіретін ерекше оптика қажет. Ғылыми зерттеу академиялық археологиялық реконструкция мен музейлік визуалдау тәжірибесінің қиылысында орналасады. Ол көне түркі мәдениеті туралы жинақталған археологиялық білім массиві мен оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің визуалды кеңістігінде трансляциялаудың өзіндік әдістері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған. Диссертацияның негізіне Қазақстанның Ұлттық музейінде көне түркі мәдени мұрасын тиімді репрезентациялау және өзектендіру оны визуалдаудың тұжырымдамалық тәсілін – жекелеген артефактілерді дәстүрлі «археологиялық» көрсетуден бастап, біртұтас музейлік-визуалды конструкт құруға дейін трансформациялаған жағдайда ғана мүмкін болады деген гипотеза алынды. Зерттеу мақсаты – Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің экспозициялық кеңістігінде көне түркі мәдени кешені (VI–XI ғғ.) заттарының репрезентациясы мен визуалдануына кешенді талдау жасау және музейлік интерпретация бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін келесі міндеттерді шешу қажет: 1. Ғылыми әдебиеттерде көне түркі мәдени кешенінің тарихы мен зерттелу деңгейін талдау; 2. «Көне түркі мәдени кешені» ұғымына теориялық-әдіснамалық тәсілдерді анықтау; 3. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің музей коллекциясын қалыптастыру процесі мен жүйелеу принциптерін зерттеу; 4. Экспонаттарға типологиялық және визуалды-семиотикалық талдау жүргізу; 5. Визуалдаудың заманауи тәсілдерін анықтау және экспозицияны жетілдіру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу. Диссертациялық жұмыстың аумақтық шеңбері ҚР Ұлттық музейінің экспозициясында ұсынылған көне түркі мәдени кешенінің заттары табылған Қазақстан мен Орталық Азия аумағымен айқындалады. Диссертациялық жұмыстың хронологиялық шеңбері ерте ортағасырлық дәуірдің (VI-XI ғғ.) академиялық кезеңдестірілуімен анықталған. ҚР Ұлттық музейінің коллекциясында ұсынылған көне түркі мәдени кешенінің заттары осы уақытқа жатады. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Зерттеу проблематикасы зерттеу нысанын әртүрлі түсіндіретін бірнеше ғылыми бағыттардың қиылысында орналасқан. «Көне түркі мәдени кешені» ұғымының қалыптасу эволюциясы теориялық негіздеудің бірнеше кезеңінен өтеді. Бірінші кезең – «көне түркі мәдени кешені» ұғымының мазмұны мен құрылымын әзірлеу. Д.Г. Савинов, К.М. Байпақовтың еңбектерінде тұжырымдалған концептуалды идеялар Орталық Азиядағы түркі халықтарының этногенезін, мәдени сабақтастығын және рухани дәстүрін қайта жаңғырту үшін көне түркі мәдени кешенінің маңызын атап көрсетеді. Түркі кезеңінің археологиясы саласындағы іргелі еңбектер (С.И. Руденко, Л.Р. Қызласов, З. Самашев, К.М. Байпақов, М. Елеуов, Д.Г. Савинов және т.б.) қажетті фактологиялық базаны қалыптастыра отырып, «көне түркі мәдени кешені» ұғымының мазмұнын негізінен материалдық артефактілер арқылы ашады. Екінші кезең – музейде визуалдау үшін археологиялық экспонаттардың түрлерін нақтылауға және кеңейтуге ықпал ететін көне түркілердің ғұрыптық тәжірибесін зерттеу. Ол скифтік триадаға ұқсас зерттеушілер ұсынған «түркі триадасы» негізінде көне түркілердің заттық әлемі мен рухани мәдениетінің үйлесімі арқылы «көне түркі мәдени кешені» ұғымының мазмұны мен семантикасын әзірлеуді көздейді. Жерлеу-еске алу кешендері мен жартастағы суреттерді археологиялық зерттеу, сондай-ақ руналық ескерткіштерді интерпретациялау жөніндегі жұмыстар көне түркі мәдениетін ғылыми түсінуге негіз қалайды. Д.Г. Мессершмидт, В. Радлов, Н. Ядринцев, П. Мелиоранский, Д. Клеменцтің еңбектері көне түркілердің тілі мен жазуын зерттеудің негізін қалады. ХХ ғасырдың басынан бастап Орталық Азияның кең байтақ аумағында жүйелі археологиялық қазба жұмыстарына көшу басталады. Моңғолия, Тува, Алтай, Қазақстан және Орта Азиядағы қазба жұмыстары көне түркілермен байланысты көптеген қоныстарды, қорымдарды, ғибадатханалар мен петроглифтерді анықтауға мүмкіндік берді. С.И. Руденко, С.А. Теплоухов, И. Боровка, М.П. Грязнов, Л.Р. Қызласовтың жетекшілігімен өткен экспедициялар, сондай-ақ Қазақстан мен Орта Азия аумағында жұмыс істеген кеңестік және қазақстандық археологтар елеулі үлес қосты. Сонымен қатар, қазіргі заманғы музеология музейлік коммуникация мен визуалдау мәселелерін белсенді түрде қарастыруда. Отандық (Е.К. Балтасов, А. Шулеева) және жетекші шетелдік теоретиктердің (Ш. Макдональд, Т. Беннетт) еңбектерінде мұраны көрсету және интерпретациялау тәсілдеріне баса назар аударыла отырып, мәдениетті репрезентациялау механизмдері мен экспозициялардағы визуалды стратегиялар зерттеледі. Үшінші кезең академиялық білімді музей кеңістігіне көшіру формаларын білдіреді. Алайда, көне түркі мәдени кешенін тікелей экспонаттау, музейлік репрезентациялау және визуалдаумен байланысты мәселелер ең аз зерттелген болып табылады. Бүгінгі таңда түркі кезеңі туралы академиялық білімнің музей кеңістігінде қалай трансформацияланатынына кешенді талдау жасауға арналған еңбектердің айқын тапшылығы байқалады. Динамикалық көшпелі өркениетті стационарлық экспозицияда таныстыру стратегияларын, күрделі әлеуметтік байланыстарды және Түрік қағанатының тұтас бейнесін визуалдау тәсілдерін талдайтын кешенді музеологиялық зерттеулер жоқ. Музейлік тәжірибені ұғынудың үзінділігі (фрагментарлығы) бай археологиялық материалдың көбінесе жекелеген артефактілерді көрсетумен немесе статикалық реконструкциялармен шектеліп, заманауи визуалдау әдістемелерін ескермей экспонатталуына әкеледі. Бұл олқылық Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көне түркі мәдени кешенін қалыптастыру және визуалдау мәселелерін ғылыми талдау қажеттілігін негіздейді. Диссертацияның дереккөздер базасы. Диссертацияның дереккөздер базасының негізін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорлары мен экспозициясындағы түркі дәуірі заттарының музейлік коллекциясы құрайды. Түркі кезеңінің археологиялық заттары (жалпы саны – 142 атау және 466 сақтау бірлігі) музейде ұсынылған көне түркі мәдени кешенінің материалдық құрамдас бөлігін талдауға мүмкіндік береді. Визуалдауды талдау үшін Шығыс, Оңтүстік және Орталық Қазақстаннан табылған VI-XI ғасырлардағы түпнұсқа тас мүсіндер, атаулы қорғандардан (Түйетас, Аян, Қарақаба, Елеке Сазы) табылған қару-жарақ пен ат әбзелдері, сондай-ақ экспозицияның визуалды доминанталарын қалыптастыратын монументалды жазбаша стелалардың (Күлтегін, Тоныкөк және т.б.) көшірмелері негізгі болып табылады. Музейлік-визуалды конструктіні құру процесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік беретін музей құжаттары да маңызды дереккөздер кешені болып табылады: - Ғылыми тұжырымдамалар мен тақырыптық-экспозициялық жоспарлар (ТЭЖ) («Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Ежелгі және ортағасырлық тарих залының ғылыми тұжырымдамасы», 2013; «Түрік қағанаты» бөлімінің ТЭЖ, 2014; «Көне түркі өркениеті залының ғылыми тұжырымдамасы», 2020) – бұл құжаттардың маңызы зор, өйткені олар кураторлардың бастапқы ниетін, заттарды іріктеуді және экспозицияның жоспарланған мағыналық екпіндерін бекітеді. - Музей қызметкерлерінің түсіндірме жазбалары мен жұмыс материалдары – жобалаудың ішкі «асүйін», жекелеген кешендерді интерпретациялау төңірегіндегі пікірталастарды және нақты визуалды шешімдерді таңдауды ашады. - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ресми құжаттары мен ішкі есептер (жобалауға және экспозицияны қалыптастыру кезеңдеріне қатысты) – музейдің дамуы контексінде түркі мұрасына деген көзқарастардың эволюциясын бақылауға мүмкіндік береді. Дереккөздердің бұл тобын талдау нәтижені ғана емес, сонымен бірге көне түркі әлемінің бейнесін музейлік конструктілеу процесінің өзін ашуға мүмкіндік береді. Диссертациялық жұмыстың әдістері мен әдіснамасы. Диссертацияның әдіснамалық негізі тарих, археология, музеология, мәдениеттану және мәдени мұра теориясының (Heritage Studies) қиылысында орналасқан зерттелетін тақырыптың кешенді, пәнаралық сипатымен анықталады. Зерттеу көне түркі мәдени кешенін тек археологиялық артефактілердің жиынтығы ретінде ғана емес, сонымен бірге музей кеңістігінде белсенді түрде қалыптасатын және репрезентацияланатын мағыналардың динамикалық жүйесі ретінде талдауға бағытталған. Мәдени-тарихи тәсіл көне түркі мұрасын аймақ өркениеттерінің қалыптасуының кең контекстіне орналастыра отырып, Еуразия даласының ұзақ тарихи-мәдени дамуының нәтижесі ретінде қарастыруға мүмкіндік берді. Құрылымдық-семиотикалық тәсіл символдық формаларды, қару-жарақтың ою-өрнек мотивтерін, ат әбзелдері мен киелі заттарды түркі қоғамдарының дүниетанымы мен әлеуметтік иерархияларын көрсететін таңбалық жүйе ретінде интерпретациялау үшін қолданылды. Сultural heritage studies пәнаралық тәсілі көне түркі мұрасын жай ғана артефактілер жиынтығы емес, әлеуметтік және мәдени процесс ретінде, қазіргі уақытта, әсіресе ұлттық бірегейлікті қалыптастыру контексінде және музейдің осы процестің акторы ретіндегі рөлі тұрғысынан белсенді қолданылатын және интерпретацияланатын конструкт ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. «Анналдар» мектебі әдіснамасының элементтері, атап айтқанда, көшпелі қоғамның тұрақты мәдени паттерндерін (дүниетаным ерекшелігі, киелілікке және соғыс мәдениетіне деген көзқарас) ұғыну үшін «менталитеттер» мен «ұзақ мерзімді құрылымдар» тұжырымдамасы (Ф. Бродель, Ж. Ле Гофф) пайдаланылды. Зерттеу үшін тарихи-реконструктивті, типологиялық және музеологиялық әдістер қолданылды. Тарихи-реконструктивті әдіс археологиялық деректер негізінде ат әбзелдері элементтерінің функционалдық және символдық маңызын интерпретациялау үшін; типологиялық әдіс музей заттарын жіктеу үшін пайдаланылды. Музеологиялық әдіс өзіне мыналарды қамтыды: экспозициялық құрылымды талдау – көрме кеңістігін құру қисынын, аймақтарға бөлуді, басымдықтарды қоюды зерттеу; экспонаттар мен экспозициялық шешімдерді визуалды талдау – артефактілерді ұсыну тәсілдерін бағалау (диорамалар, макеттер, интерактивті элементтер); интерпретациялық мәтіндерді контент-талдау – үстемдік ететін нарративтер мен мағыналарды анықтау үшін этикетажды, аннотацияларды, экспликацияларды және аудиогидті зерттеу. Зерттеуде келесі әдіснамалық принциптер іске асырылды: тарихизм принципі: түркі мәдени кешенін тарихи процестердің (VІ–ХІ ғғ.) динамикасында қарастыру. Жүйелілік принципі: қару-жарақ, ат әбзелдері, киелі заттар және т.б. біртұтас мәдени және репрезентативті жүйенің өзара байланысты элементтері ретінде қарастыру. Кешенділік принципі: археологиялық, тарихи және музеологиялық әдістердің үйлесуі. Контекстуалдылық принципі: әрбір музейлік элементті оның археологиялық, мәдени және музеологиялық контексіне қатысты талдау. Зерттеу нысаны – Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің коллекциясында ұсынылған көне түркі мәдени кешені. Зерттеу пәні – музей экспозициясы арқылы көне түркі тарихы мен мәдениетін интерпретациялау стратегиялары мен принциптері, сондай-ақ қалың аудитория үшін артефактілерді визуалдау және таныстыру тәсілдері. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы: · Алғаш рет ұлттық тарихи-мәдени жадтың маңызды элементі ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көне түркі мәдени кешенінің музейлік репрезентациясына жүйелі талдау жасалды. · Көшпелі өркениеттің ерекшеліктерін ескеретін визуалдау тұжырымдамасы ұсынылды. Бұл мәдени дәстүрлердің генетикалық сабақтастығын көрсетуге және Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени бірлігін көрсетуге мүмкіндік береді. · Музейлік коммуникацияның заманауи талаптарын, нарративті сторителлинг принциптерін және әртүрлі аудиториялардың қабылдау ерекшеліктерін ескеретін экспозициялық саясатты жақсарту бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді. · Алғаш рет көне түркі мұрасын көрсету үшін цифрлық технологияларды (AR/VR, ЖИ (жасанды интеллект)) пайдалану негізделді. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар: 1. Көне түркі мәдени кешені – түркі өркениетінің материалдық және символдық формаларын біріктіретін интегралды тарихи-мәдени феномен. 2. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі осы мұраны сақтау және интерпретациялаудың негізгі институты ретінде әрекет етеді. 3. Кешенді тиімді визуалдау музейлік коммуникацияның семиотикалық және цифрлық әдістерін қолдануды талап етеді. 4. Музей кеңістігінде көне түркілерді репрезентациялау мәдени бірегейліктің қалыптасуына ықпал етеді. 5. Әзірленген ұсынымдарды Қазақстанның және түркі әлемі елдерінің музейлік тәжірибелерін жетілдіру үшін пайдалануға болады. Диссертациялық жұмыстың тәжірибелік маңызы. Коллекцияны қалыптастыру процесіне және көне түркі мәдени кешенінің заттарын репрезентациялау шешімдеріне арналған зерттеу ғылымда ғана емес, сонымен қатар музей ісінде, мәдени дипломатияда және халықаралық ынтымақтастықта үлкен маңызға ие. Диссертация материалдары жоғары оқу орындарының «Музей ісі», «Туризм», «Мәдениеттану», «Тарих», «Археология және этнология» мамандықтары бойынша оқу курстарына енгізілуі мүмкін. Зерттеу материалдары негізінде музей каталогтарын, жинақтарды, жаңа экскурсиялық мәтіндерді, білім беру бағдарламаларын жасауға болады. Зерттеу нәтижелері келушілердің тақырыпқа деген эмоционалды және танымдық тұрғыдан тартылуын арттыратын экспозициялық шешімдерді жасауға және жетілдіруге мүмкіндік береді. Диссертация нәтижелерін жариялау және апробациялау. Диссертациялық жұмыстың негізгі қағидалары 9 ғылыми мақалада көрініс тапты, оның ішінде: SCOPUS деректер базасында индекстелетін халықаралық ғылыми журналда – 1, ҚР Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда – 2, «Мәдени мұра» ғылыми журналында (Астана, 2024) – 2, Халықаралық конференциялар мен семинарларда (Алматы, 2023, 2024) – 2. Сонымен қатар, диссертацияның негізгі ережелері Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ (Астана, 2021) және М. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалы (Астана, 2022) ұйымдастырған халықаралық конференцияларда жарияланды. Нәтижелер Алтай мемлекеттік университетінің ІІІ Халықаралық мектебінде (РФ, 2023) және Юнус Эмре институты ұйымдастырған Жазғы мектепте (Түркия, 2025) баяндалды. Диссертацияның құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қысқартулар тізімінен және қосымшадан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/_TA44hKerwU?si=gaxjm42zvgN0XoZw
