
«8D02208 - Археология және этнология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Есен Сырым Ғадылбекұлы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Есен Сырым Ғадылбекұлы «8D02208 – Археология және этнология» мамандығы бойынша ««Сарыарқаның ортағасырлық жерлеу ескерткіштерін пәнаралық байланыстар негізінде зерттеу»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Археология және этнология» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Калменов Мурат Дабылович - философия докторы (PhD)
Тәжекеев Әзілхан Әуезханұлы - философия докторы (PhD), Ұйым
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Қожа Мұхтар Бақадырұлы - ғылым докторы
Ақымбек Ералы Шардарбекұлы - философия докторы (PhD)
Табалдыев Кубатбек Шакиевич
Касенов Марат Сейтжанович - ғылым кандидаты
Ғылыми кеңесшілер:
Жанисов Асет Темирханович – тарих ғылымдарының кандидаты, Ә. Бөкейхан атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі директорының экспериметтік жұмыс бойынша орынбасары (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Белек Кайрат – философия докторы (PhD), «Манас» Қырғыз-Түрік университеті Тарих бөлімінің оқытушысы (Бішкек қ., Қырғызстан Республикасы)
Қорғау 2023 жылғы 1 қараша, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02208 – Археология және этнология» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us02web.zoom.us/j/81896342834?pwd=Qm41VzhETkh0L3VqUTBpNDVKK3RhZz09 ID: 818 9634 2834, код: 360763
Мекен-жайы: А. Пушкин, 11, корпус №2, 324 аудитория
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан аумағының орталық бөлігін алып жатқан ұсақ шоқылы, қыратты, өзен-көлге бай, тіршілікке қолайлы алқап тарихта Сарыарқа деген атаумен қалған. Ортағасырларда бұл өңір Қыпшақ даласы деген атаумен белгілі болды. Шыңғыс хан өзі бағындырған жерлерді төрт ұлына бөліп бергенде, Қыпшақ даласы үлкен ұлы Жошының иелігіне кірді. Жошы Ұлысы қазақ халқының мемлекет құру тарихындағы аса маңызды тарихи кезең. Дәл осы уақытта Еуразияның далалық белдеулерінде саяси, мәдени, рухани және этникалық құрылымдарда қарқынды өзгерістер орын алды. Сондықтан осы кезеңдегі қазақ халқы мен туыстас түрік халықтарының этникалық, ұлттық және мәдени тарихына қатысты кешенді зерттеулер жүргізудің маңызы жоғары. Бұл ретте тарихи-мәдени мұралардың алатын орны ерекше. Оның ішінде жерлеу ескерткіштерін бөлек кешен ретінде алып қарастыруға болады. Мысалы Алаша хан, Жошы хан, Талмас ата, Болған ана, Жұбан ана, Бытығай сынды тарихи тұлғалардың атымен белгілі бірнеше ескерткішке қатысты этнофольклорлық деректер сақталған. Аталмыш деректер тарихшы, этнограф, өнер және әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектері арқылы жеткен. Кейбіріне қатысты ортағасырлық жылнамаларды да кездестіруге болады. Ал XVII ғ. бастау алған саяхатшылар мен түрлі сала мамандарының естеліктері арқылы өлкетанулық сипаттағы мәліметтер қоры шоғырланған. Сондықтан әр тарапты деректерді топтастыра отырып, жерлеу ескерткіштерінің тарихнамасын жүйелеудің өзіндік ерекшелігі бар. Сарыарқа даласының ортағасырлық жерлеу ескерткіштері жайлы сөз қозғағанда кесене, қоршау немесе оба түріндегі жерлеу орындарын бөліп атауға болады. Олардың сыртқы құрылысына, ішкі атрибуттық белгілеріне қарай, салт-саналық, тұрмыстық-әлеуметтік, діни-нанымдық өзгерістер іргелі зерттеулерге жол ашады. Жерлеу нысандарын зерттеуде мәдени-хронологиялық сипаттағы деректер, шежірелік тарихы, этникалық нышандары, антропологиялық белгілеріне қатысты мәліметтер алынады. Сонымен қатар жергілікті халықтың өмір мен өлім, бұл дүние мен о дүние жайлы ұғымдары жөнінде, қоғамның әлеуметтік жіктелуі, жыныстық және жас ерекшеліктеріне қарай бөлінісі жайлы ақпараттарға қол жеткізуге болады. Сондықтан археологияның зерттеу әдістерін кеңінен пайдалана отырып ғылыми мәселеге терең үңілудің маңызы туындайды. Жоғарыда аталған жанама деректер мен ғылыми зерттеулерді жаңа көзқарастар тұрғысында қайта бағамдауға және жаратылыстану саласының заманауи әдіснамаларын пайдалана отырып, пәнаралық зерттеулер негізінде тың қорытындылар жасаудың мүмкіндіктері артып отыр. Мәселен органикалық қалдықтар арқылы ескерткіштің нақты жасын анықтау немесе генетикалық талдаулар арқылы шежірелік тарихына бойлау осы зерттеу бағытындағы заманауи үрдістердің бірі деуге болады. Жошы Ұлысы заманына тиесілі ескерткіштерге байланысты ұзақ жылдар бойы атқарылған археологиялық қазба жұмыстары барысында біршама құнды жәдігерлер табылған. Мұндай заттардың бір бөлігі Құлайайғыр, Аюлы сияқты ескерткіш орындарынан кездейсоқ табылған болса, енді бірі Жошы хан, Аяққамыр, Бытығай және басқа да ескерткіштерді қалпына келтіру кезінде немесе апатты жағдайдағы қазбалар кезінде жинақталған. Жәдігерлердің көпшілігі ғылыми мекемелер мен музей қорларында сақтаулы. Олардың қатарында тарихи тұлғаларға қатысты және басқа да жерлеу ескерткіштерінен алынған тұрмыстық заттар, қару-жарақ, салтанатты киім-кешек бөлшектері, ағаш, металл, былғары, мата т.б. бұйымдар мен антропологиялық материалдар бар. Алайда осындай құнды жәдігерлердің көпшілігі әлі де болса ғылыми айналымға енбей, экспозицияға шығарылмаған күйінде шаң басып жатыр. Мәселен, Келінтам, Жансейттам, Хан Ордасы сияқты кесенелерден алынған құрылыс материалдары немесе қабірден шыққан жәдігерлер бойынша ешқандай сурет, сызба, ғылыми анықтамалар жасалмаған. Алаша хан, Жошы хан кесенелерінде қазба жұмыстары жүргенімен табылған археологиялық материалдар қысқаша баяндаумен ғана шектелген. Әулиекөл, Қалбасұн, Нұраталды сияқты нысандарда мақсатты түрде зерттеу жұмыстары жасалғанымен антропологиялық немесе радикөміртектік талдау жұмыстары қалыс қалған. Тіпті осы уақытқа дейін Сарыарқа өңіріндегі зерттелген ескерткіштерге қатысты жануар сүйектері бойынша қандай да бір зерттеу нәтижелерін кездестіре алмадық. Осындай олқылықтардың салдарынан кейбір құнды мұралар уақыт өткен сайын тозып, ескіріп жарамсыз күйге түскен. Аталған жәйіттер жәдігерлерді зерттеумен қатар олардың ғылыми негіздегі жаңғыртпасын жасап, музейлендіру жұмыстарын ұйымдастыруды да қажет етеді. Зерттеудің мақсаты. Сарыарқаның ортағасырлық жерлеу ескерткіштерін (ХІІІ-ХV) археологиялық деректерге сүйене отырып пәнаралық байланыстар негізінде зерттеу. Сонымен қатар, ескерткіштердің зерттелу тарихы, қалыптасуы мен дамуы, хронологиясы, құрылыс ерекшеліктерін талдау. Ғылыми нәтижелері: Сарыарқаның ортағасырлық жерлеу ескерткіштерінің теориялық мәселелеріне қатысты фольклорлық, өлкетанулық деректер жиналып, археологиялық ғылыми зерттеллер негізінде тарихнамасы жазылған. Ескерткіштердің орналасуы, тарихи-топографиялық құрылымы және құрылысы бойынша топтап, құрылыс ерекшеліктеріне қарай жіктелді. Жерлеу ескерткіштерінде жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысып, жаңа археологиялық материалдар алынған. Сол арқылы жерлеу дәстүрі мен мерзімдеу мәселелері бойынша ғылыми негіздегі қорытындылар жасалған. Сарыарқа өңіріндегі ортағасырлық (ХІІІ–ХV ғғ.) жерлеу ескерткіштерінен табылған нумизматикалық деректер топтастырылып, талданған. Археологиялық қазба барысында табылған адамдардың сүйек және органикалық қалдықтары бойынша пәнаралық зерттеулер жасалған. Тарихи құндылығы жоғары археологиялық материалдар негізінде жәдігерлердің ғылыми негіздегі жаңғыртпалары жасалынып, көрмеге қойылған. Зерттеу нысаны. Сарыарқа даласының Жошы Ұлысы дәуіріне жататын ортағасырлық жерлеу ескерткіштері: кесене, қорым, жекелеген оба түріндегі нысандар және аталған ескерткіштерде жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде қол жеткен жәдігерлер кіреді. Зерттеу пәні. Сарыарқаның XIII-XV ғғ. жерлеу ескерткіштерінің материалдық мәдениеті мен дүниетанымдық наным белгілерін археологялық деректер негізінде зерттеу. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы. – ХІІІ-XV ғғ. Сарыарқаның жерлеу ескерткіштеріне қатысты 12 тарихи тұлғаға байланысты 50-ден аса аңыз нұсқалары топтастырылып, фольклорлық дерек көзі ретінде ғылыми негіздемесі жасалды; – жерлеу және культтік-мемориалдық кешендерден тұратын 45 археологиялық нысан мен 150-ге жуық жерлеу орнына қатысты материалдарды талдау және жүйелеу негізінде Жошы Ұлысы дәуіріндегі Сарыарқаның тарихи-мәдени келбетін айқындайтын тұжырымдар ұсынылды; – археологиялық барлау нәтижесінде жаңадан 2 кесене, 1 обалар тобы табылып, ғылыми айналымға енді; – ХІІІ-XV ғғ. Сарыарқаның жерлеу ескерткіштері бойынша кесенелердің аумақтық орналасуы бойынша топтау, құрылыс сипатына қарай жіктелді; – жерлеу ерекшеліктері бойынша әлеуметтік және мәдени сипаттамаларын айқындайтын басым бағыттары анықталды; – Болған ана, Талмас ата, Жәнібек-Шалқар кесенесінің материалдары негізінде ортағасырлық элитарлы жерлеу дәстүрінің белгілері айқындалды; – Сарыарқа өңіріндегі ортағасырлық (ХІІІ-ХV) жерлеу ескерткіштерінен табылған нумизматикалық деректер топтастырылып, талдау жүргізілді; – жекелеген ескерткіштерден алынған органикалық (сүйек, мата) қалдықтары бойынша жаратылыстану ғылымының зерттеу әдістері арқылы нақты өмір сүрген уақыты антропологиялық ерекшеліктері анықталды; – бес нысанда жүргізілген зерттеу барысында генетикалық талдаулар жасалып, генеологиялық шығу тегі анықталып, тарихи салыстырмалы қорытындылар жасалды; – ғылыми реставрациялық жұмыстардың нәтижесінде Жәнібек-Шалқар, Болған ана кесенесінің материалдары бойынша тақырыптық көрменің ғылыми негіздегі тұжырымдамасы жасалып, облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің экспозициясына қойылды. Зерттеу міндеттері: – тақырыптың теориялық мәселелеріне қатысты деректер жинау және фольклорлық, өлкетанулық, ғылыми тұрғыдағы еңбектер негінде зерттелу тарихына шолу жасау; – ескерткіштердің орналасу ерекшеліктері, тарихи-топографиялық құрылымы және құрылысы бойынша сипаттап, топтап, жіктеу; – жерлеу ескерткіштерінде жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысып, жаңа материалдар жинау; – ескерткіштердің жерлеу дәстүрі мен мерзімдеу мәселелері бойынша ғылыми негіздегі қорытындылар жасау; – Сарыарқа өңіріндегі ортағасырлық (ХІІІ-ХV ғғ.) жерлеу ескерткіштерінен табылған нумизматикалық деректерді топтастырып, талдау; – археологиялық қазба барысында табылған адамдардың сүйек қалдықтары бойынша антропологиялық зерттеулер жүргізу; – зерттеу барысында алынған органикалық қалдықтар (сүйек) арқылы зертханалық (палеогенетикалық, радикөміртектік) талдау жұмыстарын ұйымдастырып, нәтижелері бойынша ғылыми қорытындылар жасау; – тарихи құндылығы жоғары археологиялық материалдар негізінде жәдігерлердің ғылыми негіздегі жаңғыртпаларын жасап, көрмеге дайындау. Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі. Зерттеудің хронологиялық мерзімі ХІІІ ғ. ортасы мен XV ғ. бірінші жартысын қамтиды. Бұл Жошы Ұлысы мемлекеттік құрылымының ресми қалыптасқан уақытынан бастап, оның ыдырауына дейінгі тарихи кезеңге сәйкес алынып отыр. Зерттеу әдістері. Зерттеу тақырыбының өзекті мәселелерін шешу және бұлтартпас ғылыми дәлелдерді ұсыну барысында ғылымның археология саласындағы көпшілік қабылдаған салыстырмалы-тарихи талдау және жүйелеу қағидаттары негізге алынды. Бұл әдіснамалық тұрғыдан зерттеу нысанын кешенді құрылым ретінде қарастыра отырып, теориялық сұрақтарға объективті жауап табуға мүмкіндік береді. Оған қоса деректерді жинақтау және зерттеу кезінде нақты әдістерге жүгіндік. Мәселен ауызша дәстүр деректерін талдау барысында нарративті әдіс қолданылды. Бұл ретте тарихи оқиғалар мен қоғамдық құбылыстар, халық пен тарихи тұлғалар, уақыт пен топонимдік сәйкестіктер жүйесінде талданды. Дереккөздерді өңдеу әдістемесі терминдерді анықтау және атрибуттау, салыстыру, ұқсастықтары мен ерекшеліктерін анықтау бойынша жасалды. Ауызша дәстүр деректері арқылы жеткен аңыз мәтіндерін әртүрлі аспектіде, яғни оны коммуникативтік, прагматикалық тұрғыда зерттеу дискурсты сараптама әдісі арқылы жүзеге асырылды. Бұл дегеніміз аңыз деректерін жеткізуші мен жазып алушы арасындағы белгілі бір уақытта, кеңістікте және басқа да контексте болған қарым-қатынастың тарихи шынайылыққа әсерін анықтау, мәтіндегі ойдың астарлы мәнін түсіну арқылы тәпсірлеу. Материалдарды талдау және интерпретациялау кезеңдерінде салыстырмалы-сипаттамалық және хронологиялық сәйкестендіру әдістері басшылыққа алынды. Археологиялық материалдар (қару-жарақ, киім, тұрмыстық заттар т.б.) түріндегі фактологиялық деректерді жыр, аңыздарда кездесетін терминологиялық атаулар бойынша бейнелі реконструкциялау, верификациялау және корреляциялау, фольклорлық дереккөздерді аудару және талдау әдістері қолданылды. Зерттеудің негізгі нысаны тарихи ескерткіштер болғандықтан археологялық барлау және қазба жүршізу әдістері қолданылды. Барлау жұмыстары барысында ескі керуен жолдарының бағыты, өзен, көлдердің жағалауы сияқты тіршілікке оңтайлы аймақтарда іздеу, анықтау, есепке алу және сипаттамасы мен орналасу карталары жасалды. Ескерткіш аумағының аэрофото, панорамалық және жан-жақты фотолары түсірілді. Бақылау-мониторинг, тіркеу және құжаттаудың жалпыға ортақ тәсілдері пайдаланылды. Ескерткіштердің инструменттік топографиялық жобалары түсірілді. Геоақпараттық картографиялау және цифрлық моделдеу жұмыстары жасалады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, фотограмметриялық әдіспен ескерткіш аумағының жер бедерінің цифрлы моделі және 3D кескіндемелері жасалады. Археологиялық зерттеулер кесене, қоршау, оба үлгісіндегі жерлеу орындарында дәстүрлі қазба салу әдістері арқылы орындалды. Қазба барысында алынған материалдар ресми және салыстырмалы талдау әдісімен жүйеленді. Ресми талдау археологиялық материалдарды сипаттау, топтау, жіктеу барысында қолданылса, салыстырмалы талдау ескерткішті мерзімдеу, таралу аумағын белгілеу, тарихи-мәдени атрибуциясын айқындау үшін пайдаланылды. Нәтижесінде кесене немесе қорым аумағын планиграфиялық талдау, идеологияның жерлеу ғұрпынан көрініс табуы, жерленген адамның әлеуметтік мәртебесін анықтау, этно-мәдени сабақтастығын бағамдау сияқты маңызды сұрақтардың шешімін табуға қол жетті. Зерттеу жұмысын жүзеге асырудағы негізгі басым бағыт жаратылыстану ғылымдарының әдістерін археологияға тиімді интеграциялауға ұмтылысы болып табылады. Нақтылап айтқанда антропологиялық, палеогенетикалық, радиокөміртегілік сараптамалар арқлы жүзеге асырылды. Археологиялық қазба барысында табылған сүйек қалдықтары бойынша антропологиялық (дене бітімінің өлшемдері, физикалық шартты дағдылары, патологиялық ерекшеліктері т.с.с.) сипаттамалары жасалды. Палеогенетикалық зерттеу қорытындылары көне ДНҚ бөліп алу жəне талдау, ежелгі патогендік ағзалардың ДНҚ жəне филогенезі негізінде анықталды. ДНҚ-ның ыдырауы мен химиялық модификациясы негізінде ежелгі жəне қазіргі ДНҚ арасындағы айырмашылықтарды анықтаумен қатар палеогеномдарды реконструкциялау бағытында ізденістер жасалды. Яғни зерттеу нысаны ретіндегі индивидтердің генеологиялық модификациясы, шежірелік тарихы, туыстық қатынастарды жөнінде ғылыми негіздері ақпараттар алынды. Органикалық қалдықтар (сүйек) бойынша көміртегілік мерзімдемесі жасалады. Зерттеу нысанынан алынған төрт түлік мал сүйектері археозоологиялық әдістер бойынша зерттеліп, морфологиялық және морфометриялық мәліметтері алынды. Аталған сараптамалар этнографиялық салт-жоралғылармен (ас беру, табақ тарту т.б.) сабақтастыра отырып ғылыми қорытындылар жасауға мүмкіндіктер берді. Тоқыма өнімдерінің сақталған бөлшектеріне микроскопия, химиялық-технологиялық әдістер арқылы зерттеулер жасалды. Бұл бағытта жәдігерлер топтамасының үлгілерін анықтау, сақталу деңгейін сараптау, жасалу немесе орындалу техникасы мен технологиясын зерттеу арқылы ғылыми негіздемесі жасалды. Сол арқылы Жошы Ұлысы дәуіріндегі әйел адамның киім үлгісі мен әлеуметтік, қоғамдық мәртебесі айқындалды. Қыш кірпіш түріндегі құрылыс материалдарының құрамына минералогиялық және техника-технологиялық талдаулар жасалды. Рентген-флуоресценттік-спектрометриялық (XRF) талдау арқылы олардың химиялық (элементтік) және минералдық құрамы анықталды. Нумизматикалық материалдар бойынша тазалау, өлшеу, құрамын анықтау, спектрлі анализ және жазуы мен таңбаларына сараптамалар жасалып, «теңге соғу» техникасын анықтау әдістері арқылы зерттелді. Монеталардың сақталу деңгейіне қарай бетіне түскен таңбалары мен бедерлі өрнектері бойынша салыстырмалы талдаулар жасалды. Соғылған жылы және айналымда болған уақыты анықталады. Соғылған жері, теңге сарайы зерттелді. Зерттеу жасалып, аса құнды деп танылған археологиялық жәдігерлер (қару-жарақ, тұрмыстық заттар, ғұрыптық бұйымдар т.б.) және тоқыма, былғары өнімдерінің қалдықтары бойынша киім үлгісінің ғылыми негіздегі жаңғыртпалары жасалды. Ғұрыптық заттар, тұрмыстық, әшекей бұйымдарды қалпына келтіру үшін: материалдарды жинау, жүйелеу және салыстырмалы-тарихи, семантикалық талдау, синтездеу әдістері арқылы жүзеге асырылды. Жошы Ұлысының материалдық мұраларын шынайы қалпында түйсіну (көзбен көріп, сезіну) үшін ғылыми реконструкциялау мен заманауи өнер саласындағы гипперреалистік мүсіндеу әдістеріне жүгіндік. Болған ана кесенесінде жерленген адамдардың антропологиялық бет келбетінің ғылыми жаңғыртпасы, соңынан гипперреалистік мүсіндеу әдісі арқылы белгілі көшірмесі сомдалды. Сонымен қоса жерленген адамның тұрмыста қолданған немесе дүниеден өткен кезде қасына қойылған ақыреттік заттардың жарамды бөліктері қалпына келтіріліп, ғылыми негіздегі жаңғыртпалары жасалды. Осылайша, қолда бар материалды ғылыми негізде талдау арқылы салтанатты киім үлгілерін тігудің, тұрмыстық заттар жасаудың ежелгі технологияларын қайталай отырып, музейдің бірегей экспозициясы жасақталды. Келесі нәтижелер қорғауға шығарылады: Сарыарқаның ХІІІ-XV ғғ. жерлеу ескерткіштері алғаш рет жеке ғылыми зерттеу тақырыбы ретінде қарастырылып, кешенді түрде зерттелді. Оның негіздемесі аңыз түріндегі фольклорлық деректер, тарихи еңбектер, археологиялық материалдар мен жаратылыстану саласындағы зерттеу нәтижелерін сабақтастыра отырып жасалған тың тұжырымдар. Археологиялық зерттеулер үшін ауыз әдебиеті мен этнографиялық мәліметтер жерлеу ескерткіштерінің құнды дерек көзі ретінде пайдаланылды. Сарыарқаның ортағасырлық жерлеу ескерткіштері алғаш рет құрылысы бойынша жіктеліп, олардың құрылымы, таралу аудандары мен қызметі көрсетілді. Жерлеу орындарының құрылымы, жерлеу салты мен алынған жәдігерлер бойынша дәстүрлі, мұсылмандық және аралас сипатты белгілері айқындалып ғылыми мерзімдемесі жасалды. Сарыарқа өңіріндегі ортағасырлық (ХІІІ-ХV) жерлеу орындарынан табылған нумизматикалық деректер ескерткіштің мерзімін, мәдени атрибуицясын, тарихи ареалын айқындаушы фактор ретінде бағамдалды. Антропологиялық зерттеулер арқылы адамның қаңқа сүйектерінің өлшемдеріне қарай нәсілі, биологиялық жасы, жынысы, дене бітімі, патологиялық белгілері мен жалпы ерекшеліктері анықталды. Зерттеу нәтижелері бүгінгі қазақ халқының морфофизиологиялық ерекшеліктері ХIV-XV ғғ. толығымен қалыптасып болды деген ғылыми тұжырымдардың дұрыстығын қуаттайды. Органикалық заттар (сүйек) бойынша химиялық талдаулар нәтижесінде мерзімдемелері жасалды. Нәтижесінде жекелеген ескерткіштер бойынша жергенген адамның нақты өмір сүрген жасы, генеологиялық құрылымы белгіленіп, қазақ халқының рулық жүйесіндегі шежірелік тарихымен сабақтастығы айқындалды. Тарихи жәдігерлерді қалпына келтіріп, экспозициялаудың ғылыми негіздемесі жасалды. Бұл бағытта Жошы хан кешені, Болған ана, Талмас ата, Жәнібек-Шалқар кесенесінен табылған құнды жәдігерлер: салтанатты шапан, қару, ыдыс, тұрмыстық заттар бойынша ғылыми-жаңғыртпаларын жасау, антропологиялық материалдар арқылы гиперреалистік мүсінін сомдау Қазақстан археологиясында жаңа бастама болып табылады. Археологиялық деректер негізінде Сарыарқа өңірі Жошы Ұлысы заманындағы жерлеу ескерткіштері шоғырланған саяси-экономикалық аумақ қана емес тарихи-мәдени орталықтардың бірі ретінде қарастыруға болатындығы дәлелденді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Сарыарқаның ХІІІ–XV ғғ. жерлеу ескерткіштері алғаш рет жеке ғылыми зерттеу тақырыбы ретінде қарастырылып, кешенді түрде зерттелуі. Оның негіздемесі аңыз түріндегі фольклорлық деректер, тарихи еңбектер, археологиялық материалдар мен жаратылыстану саласындағы зерттеу нәтижелерін сабақтастыра отырып жасалған тың тұжырымдар. Сарыарқаның ортағасырлық жерлеу ескерткіштері алғаш рет құрылысы бойынша жіктеліп, олардың құрылымы, таралу аудандары мен қызметі көрсетілді. Жерлеу орындарының құрылымы, жерлеу салты мен алынған жәдігерлер бойынша дәстүрлі, мұсылмандық және аралас сипатты белгілері айқындалып ғылыми мерзімдемесі жасалды. Сарыарқа өңіріндегі ортағасырлық (ХІІІ–XV ғғ.) жерлеу орындарынан табылған нумизматикалық деректер ескерткіштің мерзімін, мәдени атрибуциясын, тарихи ареалын айқындаушы фактор ретінде бағамдалды. Антропологиялық зерттеулер арқылы адамның қаңқа сүйектерінің өлшемдеріне қарай нәсілі, биологиялық жасы, жынысы, дене бітімі, патологиялық белгілері мен жалпы ерекшеліктері анықталды. Зерттеу нәтижелері бүгінгі қазақ халқының морфофизиологиялық ерекшеліктері ХIV–XV ғғ. толығымен қалыптасып болды деген ғылыми тұжырымдардың дұрыстығын қуаттайды. Органикалық заттар (сүйек) бойынша химиялық талдаулар нәтижесінде мерзімдемелері жасалды. Нәтижесінде жекелеген ескерткіштер бойынша жерленген адамның нақты өмір сүрген жасы, генеалогиялық құрылымы белгіленіп, қазақ халқының рулық жүйесіндегі шежірелік тарихымен сабақтастығы айқындалды. Тарихи жәдігерлерді қалпына келтіріп, экспозициялаудың ғылыми негіздемесі жасалды. Бұл бағытта Жошы хан кешені, Болған ана, Талмас ата, Жәнібек-Шалқар кесенесінен табылған құнды жәдігерлер: салтанатты шапан, қару, ыдыс, тұрмыстық заттар бойынша ғылыми-жаңғыртпаларын жасау, антропологиялық материалдар арқылы гиперреалистік мүсінін сомдау Қазақстан археологиясында жаңа бастама болып табылады. Диссертацияның деректік негізі. Жұмыстың деректік кешенін сипатына, уақыт ағымына қарай жазба және археологиялық материалдар ретінде екі топқа бөліп, оларды өз ішінде жіктеп қарастыруға болады. 1. Жазба деректер. Деректердің бұл санатына ортағасырлық жазба еңбектер, өлкетанулық бағыттағы естеліктер мен жазбалар, фольклорлық деректер кіреді. Жазба деректердің негізгі тобын архив құжаттары толықтырады. Ол қазақстандық археология саласындағы соңғы 80 жылда жинақталған материалдарға негізделген. Нақтылап айтқанда Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қарасты К.А. Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтының, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемелкеттік университеті жанындағы «Сарыарқа археологиялық институтының», «Қазқайтажаңғырту» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының және Қарағанды, Ақмола облыстық ескерткіштерді қорғау мекемелерінің архив құжаттары алынды. Оның ішінде 1931-2022 жылдар аралығындағы Сарыарқаның Ұлытау, Талды, Ертіс, Нұра, Қорғалжың, Әулиекөл өңірлерінде жүргізілген археологиялық экспедициялардың есептері, сызбалары мен фото материалдары жинақталды. Жалпы саны 130 іс қаралып, 54 істің көшірмесі алынды. Аса маңызды деректер қатарында Қ.И. Сәтбаев, Ә.Х. Марғұлан, К.А. Ақышев, М.К. Қабырбаев, Г.Г. Герасимов, Г.И. Пацевич, Ф.Х. Арсланова, М.К. Хабдулина, М. Сенбин, Ж.Е. Смаилов, Т.Н. Смағұлов және басқа да ғалымдардың далалық күнделіктері, сызбалары, ғылыми есептерін атап айтуға болады. 2. Археологиялық деректер. Археологиялық материалдар жұмыстың негізгі деректер тобын құрайды. Оған Сарыарқа аумағында орналасқан кесене, қоршау, оба түріндегі жерлеу ескерткіштеріне қатысты тарихи жәдігерлер кіреді. Олардың қатарында 24 (29) кесене, 8 (34) қоршау үлгісіндегі және 13 (85) оба түріндегі ескерткіш нысаны бар. Сонымен қатар 1946 жылдан бастап осы уақытқа дейін жүргізілген зерттеулер нәтижесінде табылған құрылыс материалдары, ақыреттік заттар (қару, тұрмыстық бұйымдар т.с.с.) сипатындағы археологиялық жәдігерлер жатады. Бұл санаттағы деректердің топтамасын Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Ұлытау облыстарының тарихи-өлкетану музейлері, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және Орталық мемлекеттік музейдің қорларында сақталған және экспозициясында тұрған құнды тарихи мұралар толықтырды. Ол ескерткіштердің құрылысына пайдаланылған тас, кірпіш, сырлы, сырсыз қаптамалар, сондай-ақ қабірден табылған адам, жануар сүйектері, тұрмыстық бұйымдар, металл заттар т.б. археологиялық метериалдарды қамтиды. Осы зерттеу жұмысын орындау барысында диссертанттың өзі қатысып, жинақтаған археологиялық материалдары да зерттеудің жаңа деректер легіне жатады. Атап айтқанда Алаша хан, Жошы хан, Аяққамыр кесенелерінен алынған сүйек сынамалары, Болған ана, Жәнібек-Шалқар, Талмас ата, Сарыадыр, Жошы кешені сияқты ескерткіш нысандарынан табылған киім (салтанатты шапан, бас киім, етік), қару, ыдыс, ағаш немесе металдан жасалған тұрмыстық заттар мен органикалық қалдықтардан құралады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі: Диссертация Сарыарқа өңірінің ортағасырлық тарихы, мәтериалдық мәдениеті жайлы және оның теориялық методологиялық негізін қалыптастыруға үлес қосатын кешенді ғылыми зерттеу жұмысы болып табылады. Зерттеудің нәтижелері Қазақстанның саяси-идеологиялық ұстанымдары мен стратегиялық бағдарламаларын қуаттай түседі. Диссертацияның материалдары мен нәтижелерін Қазақстанның ортағасырлық археологиясы мен Еуразияның далалық өңірінің тарихы жайлы ғылыми еңбектер жазуда, сондай-ақ оқу-әдістемелік кешендер мен дәріс курстарын әзірлеу үшін пайдалануға мүмкіндіктер береді. Зерттеу материалдарды «археология», «тарих», «музей ісі» білім беру бағдарламалары бойынша білім алушы студенттерге арналған базалық және таңдау курстарының мазмұнына енгізуге болады. Қазіргі уақытта Жошы хан, Болған ана, Жәнібек-Шалқар сияқты ескерткіштердің материалдары бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталуда. Зерттеу нәтижесінде табылған құнды жәдігерлер мен ғылыми-жаңғыртпа жұмыстары Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Ақмола және Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің тұрақты экспозицияларынан орын алған. Ізденушінің қосқан жеке үлесі: Жұмысты орындау барысында диссертант Ақмола облысындағы Жәнібек-Шалқар кесенесінде, Ұлытау ауданында орналасқан Алаша хан, Болған ана, Аяққамыр, Талмас ата кесенелері мен Жошы хан кешені және Сарыадыр қорымында археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, жерлеу дәстүрі, табылған жәдігерлер түріндегі деректер алынды. Диссертанттың 2018-2023 жылдар аралығында Сарыарқа өңірінде жүргізілген археологиялық барлау, қазба жұмыстарына қатысу барысында ортағасырлық жерлеу ескерткіштерінің тарихи-топографиялық құрылымы, сәулеті, материалдық мәдениетіне қатысты жинақтаған жаңа деректері мен пәнаралық зерттеу нәтижелері осы докторлық диссертацияны жазуға негіз болды. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеудің басты нәтижелері 8 ғылыми мақала мен 2 кітап түрінде жарық көрді. Оның ішінде 2 мақала Scopus ақпараттық базасына енетін журналдарда, 2 мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Білім және ғылым саласын бақылау комитеті ұсынған басылымдарда, 1 мақала шетелдік, 1 мақала Қазақстанда өткен халықаралық конференциялар жинағында және 1 мақала ғылыми журналда, 1 мақала ғылыми жинқта жарияланды. Сонымен қатар ізденушінің телавторлығымен 2 ғылыми және ғылыми-танымдық еңбек жарық көрді. Диссертацияның құрылымы. Жұмыстың құрылымы жалпыға ортақ қабылданған қағидаларға және диссертациялық жұмыста қойылған негізгі міндеттерді шешуге сәйкес анықталған. Жұмыстың құрылымы екі бөлімнен тұрады. Зерттеудің бірінші бөлімі кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және екінші бөлімі қосымшалардан құралады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=R4B6UlsrKnU
